Әліпби (алфавит) – жазуда қолданылатын әріптердің белгіленген тәртіп бойынша орналасқан ретін білдіретін жиынтығы. Жазудың әліпбилік үлгісін, яғни таңбаның бір ғана дыбысқа (фонемаға) сәйкес келуін б.з.д. ІІІ мыңыншы жылдардың ортасында семит халықтары сына жазудағы таңбаларды пайдалана отырып, дауыссыз дыбыстарды дауыстылармен тіркесуіне қарай үш түрлі таңбамен берген, (мысалы: т дауыссызын та, те, ти), өйткені семит тілдерінде үш-ақ дауысты дыбыс бар. Ал б.з.д. ІІ мыңыншы жылдың алғашқы жартысында консонтаттық буын жазуының жаңа түрі пайда болып, кез келген дауыстымен тіркескен дауыссыз жоғарыда айтылған сына жазудағыдай әр түрлі таңбамен берілетін болған. Б.з.д. ҮІ-ІҮ ғасырларда Кіші Азиядан Үндістанға дейінгі билік құрған Ахемен әулеті билеген парсы мемлекетінде қолданылған парсы-арамей жазуы (парфян, соғды, хорезм жазуларына негіз болған), еврейлердің шаршы жазуы, сирия-арамей жазуы (манихей, несториан, яковит жазуларына негіз болған), жол асты, жол үсті дәйекшелерімен толықтырылған араб жазуы, т.б. арамей жазуының жергілікті тармақтарына жатады. Түзу сызықты финикий әліпбиі бастапқы түрінде Кіші Азия, Грекия, Италия т.б. елдерде қолданылады. Ал көне грек әліпбиі бірнеше тілдердің жазу-сызуына негіз болады. Бұлар жазу-сызу тарихында батыс әліпбилері деп аталады. Классикалық грек жазуы, Византия жазуы, копт (христиан мысырлықтар), гот, славян жазулары көне грек әліпбиінің Шығыс тармақтарына жатады. Ал италий, этрус, көне герман сына жазу т.б. батыс грек әліпбиінің тармақтары болып саналады. Этрус әліпбиі латын әліпбиіне негіз болған.
Жазу пайда болған орта ғасырларда қазақ халқы көне түркі тілін қолданды. Кейін 10-20 ғасыр аралығында ислам дінінің таралуына байланысты араб әліпбиі қолданыста болды.
1912 жылы қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне бейімдеп, жаңа әліпби жасады. Ол халық арасында «төте жазу» деген атпен кең тарады. Реформаналған араб әліпбиі қазақ-орыс мектептерінде, медреселерде оқытылды. Байтұрсынұлы өзі редактор болған «Қазақ» газеті араб графикасында жарыққа шығатын.
1920 жылдардың басында Кеңес өкіметі орыс тілді емес елдерде тіл реформасын бастады. Реформа жергілікті әліпбилерді латын қарпіне көшіру жайлы болды. Кей тарихшылар реформаның мақсаты – мұсылман елдерді ислам дінінен алыстатып, құндылықтарын ұмыттыру болғанын айтады.
Латын әліпбиіне көшу идеясы қазақ зиялыларын екіге бөлді. Мәселен, тіл маманы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған кейбір қазақ зиялылары араб жазуының жақтаушылары болды. Олар латын жазуының казақ фонетикасын жеткізуде мүмкіндігі аз екенін алға тартты.
«Араб әліппесі қазақ арасына дінмен бірге жайылған. Дінмен байланысқан әліппені тастап, қазаққа басқа әліппе алдыру қиын жұмыс. Бұлай болған соң, араб харіп-терін қазақ дыбыстарына жеткізу амалын табу керек», – деді Байтұрсынұлы. Өз кезегінде, латыншылар араб әліпбиінің бас қатыралық қосымша белгілері көптігін, солдан оңға қарай жазылуын, дыбыстарды дәл жеткізбейтінін сынға алды. Дау ұзыққа созылды (бірденені еске түсіреді, солай емес пе?). Ақырында, латыншылар жеңіп шықты
1929 жылы қазақ жазуының араб әліпбиінен латын графикасына түпкілікті көшкенін хабарлайтын «Жаңа алфавит туралы қаулы» шықты.
Алайда латын әліпбиінің тағдыры ұзаққа бара қоймады. Ол 1929 жылдан 1940 жылға дейін пайдаланылды. Сол жылы «Латындандырылған қазақ әліпбиін орыс графикасына негізделген жаңа әліпбиге ауыстыру жайлы» заңнама қабылданды. Яғни, қазақтар енді кирилицамен жазатын болды. Содан бері Қазақстанда кириллица біржола тұрақтап қалды.