М.В. Ломоносов философиясында этика, мораль, адамгершілік сұрақтарына мән берілген. Орыс философиясындағы жүйелі материалистік позицияны жалғастырған А.Н.Радищев болды. Радищев Александр Николаевич(1749-1802) - орыс жазушысы, Ресейдегі революциялық ой - пікірдің негізін қалаушы материалист. Негізгі еңбектері: "Тобылдағы досқа хат" (1782); "Еркіндік" (1783) одасы; "Петербургтан Москваға саяхат" (1790); "Адам, оның өлімі мен мәңгілігі" (1792). "Петербургтан Москваға саяхат" атты басты шығармасын бастырып шығарғаны үшін өлім жазасына кесілді, одан соң Сібірге (1797 жылға дейін) айдауға алмастырылды. Айдауда жүргенде келесі әйгілі философиялық трактатын ("Адам, оның өлімі мен мәңгілігі") жазды. Болмыстың материалистік бастауларын негіздеумен қатар Радищев саяси -әлеуметтік философияға көп мән берді. Оның ұстанымы (кредосы) - самодержавиеге қарсы күрес, халық билігі, құқықтық және рухани бостандық! Мемлекет тарапынан тоқтатылмаған бақылау, қудалаудан моральдық түрде шаршаған Радищев жан азабына шыдамай, "Келер ұрпақ мен үшін кек алады!" деген қоштасу хатын жазып, у ішіп дүниеден өтеді.