Ошанов Н. З. Каргту біздің Азеке. Бақиға кеттің мәңгілік



Дата20.06.2018
өлшемі25,44 Kb.
#43634
Ошанов Н.З. КарГТУ

Біздің Азеке.



Бақиға кеттің мәңгілік,

Аламыз еске құрметпен.

Сапада тұрсын жаңғырып,

Өшпейсің мәңгі жүректен.

Ә. Көшім.
Азирхан Жумасултанович – көп адамға жақсылық жасап, жолын ашқан тұлға. Менің де бүгінгі күндегі өмір жолымның осындай болуына әсереткен Азекем болатын. Студент кезімде дәріс алып, кейін диплом жетекшісі ретінде ғылымға бет алуға көп көмек көрсетті. Әзекені «қазақтың Ленины» деп айтуға болады, сол кісіге ұқсастығына таң қалушы едім, бойы, түрі, тіпті кепка киіп, жымиғанына дейін аумайтын. Диплом жұмысын қорғаған уақыт – желтоқсан оқиғаларынан кейін, Тіл туралы Заң енді қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болған кезең еді. Азекең сол кездің өзінде қазақ тіліне деген құрметін «Ана тілім – құн жетпес, сенен артық мұрам жоқ» деп бағалайды. Диплом жұмысымның кейбір жерлерінде қазақша архивтік мәліметтерді пайдаланып, өзгеріссіз қалдырғам, нәтижесінде «жақсы» деген баға қойылды, сонда Әзекең трибунаға шығып, «бұларың қалай, неге «өте жақсы» деген баға қоймадыңыздар, бұл қостілдік – заманның талабы», – деп мені жақтағаны есімде. Біз оқыған кезде қазақ топтары жоқ, ешкім қазақ тілінде диплом жазбайтын. ҚарМУ-ді бітіріп, №20-шы училищеде жұмыс істеп жүргенмін. Сәтті күн болды, Әзекеге жолығып қалдым. Жағдайымды сұраған соң, «сен политехке кел, маған қазақша-орысша сабақ жүргізетін адам керек», – деді. Мені осы жұмысқа лайық деген ғой. Сөйтіп, ҚарМТУ-де қызмет етіп жүргеніме биыл 26 жыл болады. Кафедрада Хамидулла Хасенович, Петр Андреевич, Макен Хамитовна,Омарбай Әсетович, Абай Хамитович, Машакар Жүнісовна, Сауле Дүйсетаевна атты оқытушылардан тәрбие алып, тәжірибе жинадым, әрқайсысы жеке тұлға еді. Кафедрамыз шағын, бірақ ұйымшыл болды. Әзекемен бірге Алматы қаласына барып, бірге оқыған достары КазГУ-де кафедра меңгерушісі профессор А.Ержановпен, соғыс ардагері, Ғылым Академиясының президенті М.Қозыбаевпен т.б. белгілі ағаларымызбен танысып дәмдес болдым. Әзеке ешқашан дүниеге қызықпайтын, адал, мейрімді болған еді.

«Бақ, атақ күншілдікке тосын жанмын,

Жылмаңдаған жылпосқа қасаң жанмын,

Қитықсыз сырлас болған дос жаранға,

Ақ үрпек балапандай босаң жанмын», – деген Ә.Көшімнің өлең жолдарынан Әзекемнің рухы, ойы айтылып тұрғандай.

Ұстаз ізденуші жастарға ақыл ойын өз еңбектерінде мәңгілікке қалдырған жоқ па?! Осы күнде оның шәкірттері үлкен дәрежеге жетіп, әр түрлі жұмыста қызмет етіп жатыр. Кездесіп қалғанда Әзекені ұмытпағанын айтып, мың алғысын білдіріп жатады. «Өмірден өтті» деп айту өте қиын, себебі көптеген тарихи еңбектер жазып, мыңдаған студенттерге тәрбие, білім берді.

Ұстаз деген ұлы тұлға қашанда,

Оларсыз мен асулардан асам ба.

Білімімен сусындатқан шәкіртін,

Ұстаздарға алғысым көп қашанда.

Оқытып ұстаздарым жетеледі,

Әрқашан еңбектерің өтеледі.

Білім берген шәкірттерің өздеріңді,

Мақтан етіп, биіктерге көтереді, – деген жолдарды Азирхан Жумасултановичке арнауға болады.

Қазақ топтары ашылып, «Қазақстан тарихы» жеке пән болып енгізілгенде ерекше қуанып, төбесі көкке жеткендей болды. Партия тарихы, кейін саяси тарих жоққа шықты. Бұл көкірегі ашық қазақ азаматтарына үлкен той емес пе! Үмітімізге, арманымызға жеттік. «Сырқаттансаң, емделіп жазылам деп үміт үзбейсің, үлгермеген шаруаңды кейін де болса үлгерем деп үміттенесің, тек кәрілік үмітсіз, жасарам деп үміттенбейсің», – деп Әзекеңнің айтқаны есімде.Үлкенге де, кішіге де сыйлы болды, ешкімді ренжітпеуге тырысатын, айқай-шуды ұнатпайтын, мейірімді жан болатын. Дауыс көтеріп ұрысқанын естімеппін. Ақкөңіл, кеңпейілді еді. «Кең болсаң, кем болмайсың» дегенді өз бойына толық сіңірген ақылшым. Дініміз бен тіліміздің болашағына көп көңіл аударып, оның даму жолдарын көрсетуге ой салған. Адал, ары таза, рухы биік, тектілік пен имандылық бойынан жарқырап тұратын. Жарқын бейнесі елес, сағым боп қалды.

Әзеке тарихқа байланысты көп еңбектер жазды. Тәуелсіздік алған жылдары «Қазақстан – болашағың», «Өзекті мәселелер» еңбегінде өзіндік көзқарасын білдірген. Оның ішінде өнеркәсіп, ғылым мен білім, жеңіл автомобильді шығару енді қолға алынып жатқанда, ағамыз оларды азаттықтың алғашқы жылдарында айтып кеткен. Ғылым мен білім, біріншіден, қазақ ұлтының дамуына керектігін айтады. Қазақ елінің тарихында жеке орын алатын ұлтжанды ағаларымызды «Өмір жолы» еңбегінен толық байқай аламыз. Соғыс жылдарындағы ақын Қ.Аманжолов әскери корреспондент болып Брянск қаласында орысша жазған өлеңін мұражайдан тауып халыққа таңыстырды. Өлеңнен үзінді:

– Промчится буря Разойдутся тучи,

Спешит на Запад гневный ураган.

Шумит, ликует снова Брянск кипучий.

Звенят девичий смех и птичий гам.

Прими, Брянск вольный, скромный дар поэта,

Певца победы бури и огня,

Идет к тебе с подарками, приветом,

Казахская республика моя.

Ерекше ілтипатпен, тарихшы-ғалым болуына себепкер болған, диссертация жетекшісі, Төре тұқымынан тараған, еліміздің жанашыры, аты аңызға айналған, алғашқы қазақ тарих профессоры Е.Бекмаханов туралы жазылған.

«Өткенінді ұмытсаң, Өшкенінің белгісі,

Өткеніңді еске алсаң, Өскеніннің белгісі».

«Рухани репрессия кезінде мәдениетімізді, тілімізді жойып, тарихи есімімізді бұрмалау, азаттық күресті жоққа шығару, ұлтшылдар» деген айдар тағылып зардабын шеккеннің бірі Ерекен дейді. «Бекмахановтың құйыршығы» деп өзінің айыпталғанын жазып: «Әр уақытта қайырымды болыңдар, өмірде жақсылық жасай біліңдер, жамандық әркімнің қолынан келеді» деген Ерекеннің өсиетін бізге жеткізді.

Әлімхан Ермеков – алашордашылардың бір тұлғасы, Ленинмен бірге большевиктер партиясын құрысқан, тұңғыш математика профессоры. Политехникалық институтында кейін әріптес болған ағасы «Шындықтың түбіне жете алмай кетті, өйткені ол «халық жауы» деген атақтан басқа «Алашорда» партиясында қызмет еткені үшін айыпталғанын, мәселе, коммунистік принципке де байланысты еді деп тұжырымдайды.

Ұлы Абай мен Мағжанды әдебиетші бола тұра, олар қазақ тарихына үлкен үлес қосты деп бағалайды. Албырт шақ күнінен кездесіп, өле-өлгенше достық сезім мен сыйластығын кұрметтеп өткен адамы – Ұлттық Академия Президенті болған академик М.Қозыбаев. Манаш жас кездің өзінде алғырлығымен, өлең жазып, сөзге шеберлігімен көзге түсетін, журналист болуды армандайтын. 1948 жылы ҚазМУ-дың алдында келісім бойынша кездесіп, Манаш юрфак пен журфак-та конкурс өте көп, екеуміз де тарих факультетіне түсейік деп, жол көрсеткенін жазған. Кейін бітіріп басқа қалаларда қызмет етсе де, достықтарына адал болып өмір бақи сақтап өткен. Әзекеңде жаңа жерде жаңа достары болғанымен, ескі досын әрдайым есінде алып жүрген.Төл тарихымыздың тарланы, туған елі мен халқына аянбай еңбегін сіңірген кемеңгерлер тобында Қабашұлы Манаштың өз орны бар, – деп атап өткен. Манаш ағамыздың достық туралы ойын келтірейік: «Дос – адам баласы қатынасының ішіндегі ең бір шынайы қатынас. Шынайы дос болу үшін, ең алдымен, адамдық керек, тұрақтылық керек, бір-бірінің жан сырын айтпай, емеуірінінен танитын дәрежедегі сезімталдық керек. Дос адамдар бір-бірінің басынан мін іздемейді, үздік сыр күтеді, көңіл кірін тазартады, жүректерін әрқашан да пәк ұстайды». Қандай әдемі, мазмұнды айтылған! Біздің Әзеке қандай десеңіздер, мен жан досы Манаш Қозыбаевтың «Жұлдызым менің» атты мақаласынан үзінді келтірейін. «Әзекең Орталық Қазақстанға қанымен, жанымен сіңді. Оның ұстазы, жол бастар ағасы – ел ағасы, ғылым сардары Әбілқас Сағынов. Шүкіршілік, Қарағанды топырағында әрқашан қасынан табылатын әріптес ағасы, ұстазы прфессор Дүйсетай Шаймұханов, профессор Шағатай Кәшіковтер сияқты ел азаматтары барлығы қандай ғанибет десейші»! Жоғарыда аталған ағаларымызға досын тапсырғандай болып көрінеді, ә? Кішіпейіл, кеңпейіл Әзекең жан баласына жамандық жасауды ойлаған пенде емес. Міне, Әзекемнің ұзақ сапар жолына аттанғанына бір жыл болып қалды. Әріптес болған Хамидулла Хасенов, Шағатай Кашиков, Дүйсетай Шаймуханов, Омарбай Медеубаев – бәрі Соқыр Қабырстанында жатыр, біреуі ертерек, біреуі кеш мәңгілік тұрағын тапты. Жатқан жерлеріңіз мамық, қабірлеріңіз Алланың нұрына толсын!

Кім біледі кімнің қанша жасарын,

Кімнен кімнің бағы қанша асарын.

Албырт жанға керек екен ескерту,

Тіршілікте тағдыр толмай тосарын, – деген бабам Ә.Көшімнің сөзімен Азекеңнің адамгершілік қасиеті, білімділігі, ғалымдығы, досқа беріктігі, адамдарға сыйлылығы жайындағы естелігімді тебіреніспен аяқтағым келеді.

Пайдаланған әдебиеттер
1МурсалимоваМ.Талапты ерге нұр жауар.«Орталық Қазақстан» 12 шілде, 1983ж.

2.Алпысұлы С. Тарих теңізінің тамшысы. «Орталық Қазақстан» 21 қантар,1995ж.



3.М. Қозыбаев «Жұлдызым менің» Алматы,2001ж.154-157б.б.

Ә. Жұмасұлтанұлы «Өмір жолы».Қарағанды: Гласир,2007.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет