Балалар бөлініп шыққаннан кейінгі отбасы (кәрілік және қартаю кезеңі). Отбасының өмірлік циклінің соңғы кезеңі ерлі-зайыптылардың (немесе екеуінің біреуінің) онтогенетикалық дамудың ақырғы кезеңіне – қартаю және кәрілік шаққа енуін анықтайды. Бұл кезеңде дамудың жас ерекшелік міндеттері біртұтас отбасылық жүйенің дамуымен ұштасып жатады. Зейнеткерлікке шығу тұлғаның барлық өмірлік ұмтылыстарының түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. В.Д. Шапиро қарт адамдардың құндылық бағдарына сәйкес қажеттіліктер тобын бөліп көрсеткен:
әлеуметтік қажеттіліктер (жақсы материалды және тұрмыстық жағдайда бос уақытты өткізу, демалу);
Қарт адамдар үшін бастысы – балаларының, немерелерінің, жақын адамдарының амандығы мен жетістіктері. Қарт ерлі-зайыптылар өмірінің ерекшелігі әйел мен ерлерде болатын климактериялық бұзылыстарға байланысты сексуалды қатынастардың өзгеруі болып табылады.
Бұл кезеңде жас өзгерістеріне байланысты үлкен отбасындағы қатынастар жүйесі қайта құрылады. Сондықтан мұндағы негізгі міндеттер бұрынғы жеке қызығуларды, белсенділік түрлерін және өзара әрекеттесу түрлерін, сонымен қатар физиологиялық қартаюға және физикалық күштің, мүмкіншіліктердің жоғалуына қарамастан ерлі-зайыптылық қызметтерді сақтау болып табылады; әлеуметтік және отбасылық рөлдерді (әже, ата) орындаудың жаңа мүмкіндіктерін зерттеу; орта буынның басты рөлдеріне қолдау көрсету; ақылман, дана болу, мол тәжірибемен бөлісіп, ақыл-кеңесін беру;жұбайынан, жақын адамдарынан, достарынан, құрдастарынан айрылу; жұбайынан айрылғаннан кейін өмір салтын құру; өмірін «қорытындылау»; өлімнен қашып, құтылмауды сезіну.
Отбасының өмірлік циклінің басқа кезеңдеріне қарағанда рөлдік құрылымды өзгерту қажеттілігіерлі-зайыптылардың қартаю үрдісінің біркелкі болмауымен және бұрынғы мүмкіндіктерді жоғалтуымен анықталады. Сонымен қатар ерлі-зайыптылар арасында «асыраушы» және «үй қожайыны» рөлдерін бөлуге ықпал етуші кәсіби қызметті тоқтату факторының да маңыздылығы зор. Әйелдер зейнеткер жағдайына анағұрлым тез бейімделеді. Әдетте олар отбасындағы «үй қожайыны» – «үй бастығы» мәртебесін, отбасы бюджетіне жауапкершілігін сақтап қалады. Ер адам отбасында тек «асыраушы» рөлімен шектеледі. Еңбек іс-әрекеті тоқтаған кезде ер адам атқарып жүрген рөлін жоғалтып, көп жағдайда өзін отбасына керексіз сезінеді, себебі зейнеткерлікке шығумен байланысты ерлі-зайыптының әрқайсысының отбасылық бюджетке қосатын үлесі теңеседі. Отбасында көбіне «үн-түнсіз төңкеріс» орнайды, ақырында барлық билік әйелге ауысады.Өкінішке қарай, мұндай жағдай ерлі-зайыптылық қатынастарды нашарлатады, қартайған ерлі-зайыптылар арасында кертартпа қатынас орнап, әрқайсысы өз жайымен қалады, әртүрлі телехикаяларды үзбей қарау қарт зайыптылардың толғаныстары мен сезімдерін жеңілдеткендай болып, оларды қиял, мұңға, жалған үмітке жетелейді. Осындай отбасылық жүйеге қарсы мысал – өзін-өзі жүзеге асырудың маңызды әрі қолайлы түрлерін іздестірумен, серіктестің мақсаттарын құрметтеумен, алға қойған мақсаттарға жетуге қол ұшын беріп, қолдау көрсетумен байланысты.
Отбасының рөлдік құрылымының өзгеруінің тағы бір түрі ерлі-зайыптылардың біреуінің денсаулығының күрт нашарлауымен және отбасының барлық күш-жігерін сырқаттанған жұбайының денсаулығын жақсартуға жұмсауымен байланысты.
Отбасының өмірлік циклінің бұл кезеңінде орта буынның маңызы зор, себебі қарт ата-аналар орта буынның эмоциялық қолдауына, көмегіне зәру. Әдетте, қартайған ата-анаға ұлдарға қарағанда қыздар көп көмек көрсетеді [Крайг, 2000]. Азық-түліктер сатып алуға жәрдемдеседі, тамақ дайындайды, сырқаттанғанда қол ұшын береді. Қыздар ауыр халде жатқан туысына қарау үшін жұмыс орнын ауыстыруға да әзір. Оның үстіне әйелдер өмірге бала әкелгеннен кейін де үлкен отбасының жарым жанды мүшелеріне де қамқорлық көрсетеді. Деректер бойынша балалары бар әйелдер алуан түрлі рөлдерді атқарып жүрсе де ауыртпалықтарға төзімді болып келеді. В.А. Альперович қартайған ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастардың үш түрін бөледі: «қатар өмір сүрушілер», «серіктестер», «ғашық достар». Аталған қатынас түрлері серіктестердің эмоциялық жақындығы және өзара түсіністігі, құқықтар мен міндеттерді бөлу, іс-әрекеттің, қызығулар мен құндылықтардың ортақтығы, отбасылық қатынастарға эмоциялық бейімделуі бойынша ерекшеленеді.
Отбасының өмірлік циклінің бір кезеңінен келесі кезеңіне өтуде отбасылық жүйенің дамуының нормативті дағдарыстары болады, олар әрбір отбасының жаңа міндеттер арасындағы қайшылықтарды шешуінен және отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас сипатынан көрінетін дағдарыстар. П. Босс көптеген отбасының атқаратын қызметтері мен құрылымы өзгергенде бастан кешетін қиындықтарды нормативті стрессорлар деп атайды. Өтпелі дағдарыстарды шешу табыстылығы отбасының тиімді қызмет етуін және оның үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді. С. Кратохвил неке өтілімінің дәрежесіне қарай кбасталатын дағдарыстардың «стандартты» уақытын бөліп көрсетеді. Олар: 3-7 және 17-25 жыл өтілімі бар отбасы. 3-7 жас дағдарысы бір жылға жуық созылады. Ол романтикалық көңіл-күйдің жоғалуынан, өзара түсіністіктің төмендеуінен, жанжалдың көбеюінен,эмоциялық күштенулерден, некеге қанағаттанбаушылық сезімінен, ерлі-зайыптылық опасыздықтан (көзге шөп салу) көрінеді. 17-25 жас дағдарыс айқын көрінбегенімен ұзаққа созылады (бірнеше жылға дейін). Оның белгілері – эмоциялық тұрақсыздықтың өршуі, отбасынан ересек баланың кетуіне байланысты жалғыздық сезімінің пайда болуы, уайымшылдық. Егер некеге түскеннен кейін шамамен 3-4 жылдан соңбаланың өмірге келетінін ескерсек, 3-7 жылдық некенің хронологиялық аралығы кішкентай нәрестелік және ерте сәбилік жастағы балалары бар отбасы кезеңімен, яғни отбасылық жүйенің түбегейлі өзгеру кезеңімен (ата-ана жауапкершілігін алу, жас ананың кәсіби немесе оқу іс-әрекетінен шеттеуі, ерлі-зайыптылардың үйренген өмір салтына, қарым-қатынасына, бос уақытқа шектеу қоюы, отбасының материалды жағдайының төмендеуі) байланысып жатыр [Кратохвил]. Сондықтан отбасының қайталанып отыратын дағдарыстары отбасы қызметі мен құрылымының өзгерістеріне байланысты.
Дағдарыстың басталуының екінші «стандартты» уақытша аралығын «жеткіншек балалары» бар отбасы кезеңі және ересек балалардың отбасынан бөліну кезеңі қамтиды. Сондықтан, отбасының өмірлік циклінің аса айқын көріністері ерлі-зайыптылардың ата-ана қызметін бастауымен, балалар тәрбиелеуімен және оны тоқтатуымен байланысты.
Нормативті дағдарыстармен қатар, отбасының ажырасу, ерлі-зайыптының біреуінің көзге шөпсалуы, отбасы құрамының өзгерісі (баланың тууына қатысты емес), бала асырау, түрлі себептерге байланысты ерлі-зайыптылардың бірге тұра алмауы, жасөспірім қыздың жүкті болуы,қаржылық қиындықтар т.б. сияқты жағдайлардан көрінетін нормативті емес дағдарыстары жайында да айтуға болады. отбасының нормативті емес дағдарыстарын тудыратын стрессорларды аса күшті және созылмалы деп екіге бөледі.
Аса күшті стрессорларға жатады:ерлі-зайыптының біреуінің, ата-ананың біреуінің немесе баланың қайтыс болуы;ерлі-зайыптының біреуінің көзге шөп салуы; отбасының дамуының әлеуметтік жағдаятында күрт өзгеріс (әлеуметтік статустың өзгеруі, отбасының материалдық жағдайының өзгеруі); отбасы мүшелерінің біреуінің ауыр созылмалы аурумен сырқаттануы.
Ұзаққа созылатын стрессорлар «тамшы тас теседі» принципі тәрізді әсер етеді және қолайсыз тұрмыстық және материалдық жағдайлар; жоғары эмоциялық күйзеліс және кәсіби іс-әрекетте айтарлықтай созылмалы жүктемелер; тұрмыстық жүктемелер; тұлғааралық коммуникацияның бұзылуы және ерлі-зайыптылық, сонымен қатар бала-ата-аналыққатынастарда жанжалдың ұзаққа созылуы сияқты факторлардан тұрады.
Сонымен қатар отбасылық өмір стереотипінің өзгеруі және қиындықтардың еселене түсуі («соңғы тамшы» эффектісі) де айтарлықтай күшті стрессогенділігімен ерекшеленеді.
Отбасының стрессогенді факторларға қарсы тұра алуынан оның ұйымшылдығы, бірлігі, стресске қарсы әрекет жасайтын ішкі және сыртқы ресурстары көрінеді. Кездейсоқ дағдарыстық оқиғаның пайда болуы отбасы жүйесінің үйлесімділігің бұзылуына әкеледі әрі жаңа жағдайға бейімделуді талап етеді. Дж. Сандлер бойынша мұндай бейімделудің психологиялық механизмі отбасының бұрынғы мінсіз бейнесіне қол жеткізуден бас тартып, оны шындыққа жанасатын жаңа идеалға ауыстыруы. Отбасының индивидуация үрдісі отбасын қалыпты дамыту, кедергілерге төтеп беру арқылы болашаққа ұмтылдыру шарты ретінде әрекет етеді.
Отбасы дамуының өмірлік циклінің жас кезеңдерін бөлу өлшемі басты оқиғалар болып табылады, олар – отбасылық сюжетті құрайтын отбасы мүшелерінің өзара әрекеттесу кезеңдерінен тұрады. Аталған әрбір оқиға өзінің мақсатымен, түрімен және жанжалымен ерекшеленеді. Отбасылық сюжеттің келесі кезеңдері бөлінеді: 1) балалық шақ және қалыптасу кезеңі; 2) ата-ана отбасынан ересек балалардың бөлініп, кетуі; 3) серіктес таңдау, оның көңілін табу; 4) жаңа ерлі-зайыпты жұп құру; 5) ата-ана болу және «әке» және балалар» қатынастарының дамуы; 6) ақырғы кезең, ата-ананың өмірден озуы.