Дәстүрлі авторитарлы отбасы авторитарлы типтегі ердің жеке билігімен және ер мен әйелдің рөлдерін нақты жіктеу арқылы отбасылық рөлдерді дәстүрлі бөлумен ерекшеленеді. Авторитарлы отбасы патриархалды (ер адам билік етеді) және матриархалды (отбасын әйел билейді) болуы мүмкін.
Эгалитарлы отбасы (тең құқылы, эквивалентті) – отбасында билік, рөлдер мен міндеттерді нақты бөлу болмайды, рөлдік құрылым бекітілмейді. Әдетте, эгалитарлы отбасы – бұл баласыз жас ерлі-зайыптылар. Баланың дүниеге келуі ерлі-зайыптылардан ұстанымдар мен рөлдерді бөлуді талап етеді, сондықтан эгалитарлы тип дәстүрлі немесе демократиялық типке ауысады.
Демократиялық (серіктес) отбасы ерлі-зайыптылардың тең құқылығымен, бірлесе билік етуімен, қызметтерді бірге бөлумен, отбасы рөлдері мен міндеттерінің икемділігімен және әрбір серіктестің, біртұтас отбасының мүдделерін ескере отырып, рөлдік құрылымды өзгертуге дайындығымен ерекшеленеді.
Ерлі-зайыптылардың кәсіби жұмысбастылығы мен мансабы (карьера) өлшемдері бойынша толық жұмысбасты отбасын (қоғамдық өндірісте ерлі-зайыптының екеуі де жұмысбасты) және жартылай жұмысбасты отбасын (ерлі-зайыптының біреуі жұмысбасты), зейнеткерлер отбасын (ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істемейді, екі мансапты отбасын (мансап пен кәсіби жүзеге асу құндылығы ерлі-зайыптының екеуі үшін маңызды және өзі үшін әрі жұбайы үшін тең дәрежеде басым болып танылады)бөледі. Мұндай отбасы жас отбасына тән, ол өндірісте және әлеуметтік-саяси өмірде әйел орнының өзгеру үрдістерімен байланысты. Әрине тек мансаптық мотивациялық бағыттылық екі мансапты отбасының өмір сүру мүмкіндіктеріне кепіл бола алмайды, оған қосымша шарттар қажет:
отбасында эмоциялық жағымды қатынастардың,махаббаттың болуы,ерлі-зайыптылар арасындағы құрмет, тең құқылық;
ерлі-зайыптылар құндылықтарының, соның ішінде кәсіби және мансаптық өсу құндылықтарының ортақ болуы;
мамандықтың айрықша түрі, ең алдымен бір жағынан тұлғаның анағұрлым толық жүзеге асуын, екінші жағынан қатаң бекітілген уақыт аралықтарымен қыспақтамайтын кәсіби іс-әрекетті (жұмыста қолайлы кестенің, демалыс күндерін, жұмысты, үй жұмыстарын орындау мүмкіндіктері) қамтамасыз етуге мүмкіншілік беретін шығармашылық мамандық (ғылым және өнер);
ерлі-зайыптылардың кәсіби білімін аяқтап, алғашқы мансаптық жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік алу үшін өзара келесім бойынша ата-ана болуды кейінге қалдыру;
қызмет атқару ресурстарының және отбасы қолдауының (бала тәрбиелеуде ата-әжелер көмегі, жақсы денсаулық,шамадан тыс күш жұмсауға төзімділік).
Әлеуметтік біртектілікке, яғни ерлі-зайыптылардың бір әлеуметтік топқа жатуына, білім және мәдени шектелім (ценз) ортақтығына, интеллектуалды, аффективті, әлеуметтік «жұмысбастылық» бойынша мамандықтардың жақындығына қарай әлеуметтік гомогенді (біртекті) және гетерогенді (әртекті) отбасыларды бөледі. Әлеуметтік гетерогенді отбасылар тұрақтылығы әлсіз, ерлі-зайыптылық қатынастар үстемдік ету-бағыну принципі бойынша құрылады, өзара түсіністік бұзылып, жанжалдасу жиілейді.
Отбасының құндылық бағыттылығының өлшемдері отбасының келесі типтерін бөлуге мүмкіндік береді: детоцентрлік және тұлғалық-орталықтанған отбасы, «тұтыну», психотерапевтік отбасы («көңіл жұбатушы отбасы» А.Н. Обозова бойынша), «салауатты өмір салтын ұстанатын отбасы», «атаққұмар» отбасы, спорттық-жорықтық, «интеллектуалды» отбасы. Балаларды, балалардың жеке басын тәрбиелеу, оларға қамқорлық жасау детоцентрлік отбасы қызметінің басымдық құндылығын құрайды. Тұлғалық-орталықтанған отбасы – отбасы тағдырын оның әрбір мүшесінің тұлғалық өсуіне және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасаудан көреді. Мұндай отбасында ерлі-зайыптылық автономды тұлғалардың еркін, рухани одағы ретінде қарастырылады. «Тұтыну» отбасы «иелену» модусын жүзеге асырады (Э. Фромм), мұндай отбасы қорлануға және прагматикалық қажеттіліктерді анағұрлым толық қанағаттандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл отбасындағы ерлі-зайыптылық – өзара пайда алуға негізделген серіктестік, отбасының әрбір мүшесі «отбасының нанын» басқалардың есебінен болса да табуға тырысады.Психотерапиялық отбасы өзара түсіністікті, эмоциялық қолдауды, махаббатқа қажеттілікті қанағаттандыруды, өз мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ең жоғары құндылық деп санайды. Отбасының әрбір мүшесі өздерін тыңдайтынына, түсінетініне және қабылдайтынына сенімді. «Салауатты өмір салтын» ұстанатын отбасы денсаулыққа, дұрыс күн тәртібіне, дұрыс тамақтануға, демалуға, тазалыққа, тәртіпке және отбасы тұрмысын қолайлы етіп ұйымдастыруға баса мән береді. «Атаққұмар» отбасы әлеуметтік мәртебе, бедел үшін күреседі. «Ең жақсы атану», жоғары ортада болу – атаққұмар отбасының басты мақсаты. Егер отбасы мүшелерінің біреуі бекітілген табыс стандартынасай келмей жатса, одан аяусыз құтылады.
Отбасылық өмірдің айрықша шарттары студенттік отбасын (мамандық алуды аяқтай алмау және ата-анаға материалды тәуелділік) және дистантты отбасын құруға әкеледі. Дистантты отбасылар – олардың тыныс-тіршілігінде отбасының аса маңызды шарты – бірге тұру ұзақ уақыт болмайды. Дистантты отбасылардың құрылуы мамандықтың айрықша түрімен және еңбек етудің «вахталық» әдісіне байланысты. Дистантты отбасылардың қызметі толық болмайды, сондықтан да тәуекелдік тобын құрайды. Сексуалды қатынастар сипатына қарай әлеуметтік-мәдени стандарт шегінен шыққан екі түрлі отбасын бөледі: ашық және гомосексуалды.