«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет11/13
Дата25.12.2016
өлшемі3,2 Mb.
#4856
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Есентемір Бөкен би елінде



  1. Асқа шақыру

2012 жылы қыркүйек айының орта шенінде Кіші жүздің алты алашқа танылған тұлғасы – Есентемір Бөкен биге ас берілетіні туралы хабар жетті. Оны жеткізген осы мұнайлы өңірдің біртуар азаматы, есімі елімізге мәшһүр кәсіпкер Төкен Танаұлы еді.

Ол туралы заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев былай деп жазды: «Ол мақсатына тез жетті. Көп ұзамай-ақ ол Қазақстанның ең таңдаулы іскер азаматтарының қатарына қосылып, батыс, шығыс, шетелдік бизнеске сенімді серіктес ретінде мойындалды. Сан-салалы ірі бизнестік бағдарламаларды жүзеге асырды. Ең бастысы өзгелерге ұқсап, өзін-өзі қызықтап, ербеңдеген өз көлеңкесіне мәз болып кетпей жерлестерін нарық жағдайындағы адал еңбекке баулыды. Жүздеген, мыңдаған адамдарға жаңа жұмыс орындарын жасады. Оның жасампаздық еңбегі өзі туған Атырау, Маңғыстау аймақтарымен шектелмей, өзге өңірлерге де қанат жайды.

Туған Қазақстанның намысы ол үшін бәрінен де биік. Елбасынан бастап, ұлт намысы мен мүддесінің жолында жан салып жүрген еш бір адамның меселін жықпау – Төкеннің бұлжымас ұстанымы.

Атымтай жомарт Төкеннің бас сұққан ауруханасы мен мектебі, мұражайлары мен мәдениет үйлері бәсіресіз қалған емес.

Орал мен Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау топырағындағы қай жиында да ағынан жарылып, мәз-мәйрам болып жүрген Төкенді көресің. Төкен тіккен ақ боз үйлі ауылға, Төкен салған самаладай ғимаратқа кіресің. Бәйгеден озған Төкеңнің сәйгүлігіне, палуанына, өнерпазына қол соғасың...»

Бұл азаматымызға қазақтың талай арқалы ақындары жыр арнапты. Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, Дүйсенбек Қанатбаев... осылай кете береді. Олардың бәрі халқы сыйлап, алақанға салған ұлдарын ұлықтайды. Қостанайдан белгілі айтыс ақыны марқұм Шаймағанбет Торышевтың да Төкең туралы жыр төккені есімізде.

Ал сол Төкен Жұмағұлов болса «Мен Төкен Танаұлымын» атты өмірбаяндық екі томдық кітап жазып, оны Түркияның ең бір беделді баспасынан 10 мың данамен шығарып, еліне таратты. Бізге де осы құнды дүниені ерекше бір құрметпен сыйлады.

Осы Төкен Танаұлын Қостанай жұрты да жақсы біледі. Облыстық «Қостанай таңы» газетінде қызмет істеген Қалиасқар мен Ғайнижамал Бердалиновтардың құдасы. Төкеннің Сақинат атты қызы олардың Берік атты ұлына тұрмысқа шыққан. Жақында солардың Серік атты ұлы, яғни Төкен мен Динаның жиен немересі үйленгенде Қостанайды той-думанға бөлеп кеткені бар. Және дәл сол кезде құдағиы, қайраткер тұлға Ғайнижамалдың 70 жасқа толуына байланысты шығармашылық кешіне қатысып, өмір мен өнер туралы ағынан ақтарылғанының да көпшілік куәсі болды.

Төкен Танаұлының бәйгеге қосар сәйгүліктері ішінде Заречныйдағы «Қазақ тұлпары» заводынан әдейі алып, баптаған жүйріктері де желмен жарысып, бәйгеде ешкімге бәс бермей жүр.

Сол Төкен бауырымыз Астанада жүрген мені телефон арқылы тауып алып, Өтей батырдың ұрпағы ретінде қостанайлық азаматтарды ұйымдастырып, осы асқа қатысуға шақырды. Және ана-мынаны сылтау етіп, бас тартуға жол қалдырмаған сөз айтты.

– Біздің бабамыз Бөкен би Өтей батырды ерекше бағалаған жан. Құдай жазып, екеуі бір қорымда мәңгілікке тыныстады, бидің өсиеті бойынша оны ұрпағы сол Өтей батыр қасына жерлеген, – деді.

Бұрын-соңды көріп, білмеген, танымайтын азаматтың мені тауып алуы да қызық. Лисаков қаласында тұратын Мүбәрак Шаяхметов осы Төкен Танаұлымен құда болып, оның немере қызын келін қылып түсіреді. Англияда оқып жүріп танысқан екі жас бүгіндер Астанада қызметте. Ал Мүбәрактың зайыбы Дина біздің аталас қарындасымыз. Олар жаңа құдаларға Өтей батыр туралы түсірілген бейнефильмді сыйға тартса керек. Онда мен бабамыз туралы әңгіме өрбітіп, өзімнің поэмамнан үзінді оқыған едім. Ол поэмада мынандай жолдар болатын:

Бабамызды құрметтеген Кіші жүздің халқына,

Өтей батыр ұрпақтары бас иеміз жалпыңа!

Граниттен құлпытасың орнатылды басыңа,

Есентемір Бөкен би де тыныстапты қасыңда!

Сол дискіні көрген Төкен бауырымыз мені іздейді, танысқысы келеді. Сөйтіп, үлкен асқа шақыру жолдайды.
2. Бөкен бидің асында

Атыраудан қайта-қайта телефон соғып, мән-жайды түсіндірген азаматтар қанша адам болса да, келіңіздер, қарсы аламыз, шығарып саламыз, қолымыздан келгеннің бәрін де жасаймыз десті. Алдын ала айта кетейін, расында да, құрақ ұшып қарсы алды, алақанға салды. Мұнайлы өлкенің ең бір еңселі қонақүйі – «Каспийге» орналастырды. Біз өзіміз жетеу едік: белгілі кәсіпкерлер Аманкелді Нұрғалиев, Бөкенбай Кәрісов, профессор Кәрбоз Жапаров, Лисаковтан жоғарыда айтқан Мүбәрак ініміз бен Дина қарындасымыз және Мүбәрактың қайынағасы. Әрқайсымызды жеке-жеке бөлмелерге орналастырып, ас-суымызды күніне неше мезгіл әртүрлі мейрамханаларда ұйымдастырды. Онысы елді көрсін, қаламен таныссын дегендері еді. Бірде италияндықтар ресторанында дәм татып отырып, Аманкелді бауырымыздың ортаға шығып баяғы аты-шулы Робертино Лоретти айтатын бір әнді шырқамасы бар ма? Ән аяқталған сәтте залдағылар да қол шапалақтады. Ал егде тартқан бір италияндық егіл-тегіл жыласын келіп. Біздің азаматымызды құшағына қысып, алғысын жаудырсын. Шамасы сырт жерде жүрген оны еліне деген сағыныш шыдатпаса керек. Жалпы бұл өңірде халықтың 30 пайызы шетелдіктер екен ғой...

Ал енді кездесулерде профессор Кәрбоз Жапаров өміршең әңгімелер тізгінін ағытса, бата беруге келгенде Бөкенбай ағамызға жетер жан жоқ екен және бір берген батасын екінші рет қайталамайды-ау сабазың. Батаға ұйып, деміңді ішке тартып, ерекше бір күйге енесің.

Ас бабалар зиратының жанында, Атыраудан 150 шақырым жердегі Қараой жазығында берілді. Қостанайдан барған қонақтарды Төкен Танаұлының өзі бастап, төрт джип машинасымен жеткізді. Алғашқы құран біздің бабамыз – Өтей батырға бағышталды.

Жиналған қара-құрым халық осындай пәтуалы істі ұйымдастырған ел азаматтарына шынайы алғыс айтып, тарасты. Біз өзімізбен бірге ала барған Қостанай қаласының Гербі бейнеленген медальды, жазушы-журналистер Қайсар Әлім мен Сәлім Меңдібай жазған Өтей батыр туралы кітаптың он данасы мен Аманкелді Меңдібаев түсірген бейнефильмді сыйға тарттық, ақсақалдар иығына шапан жаптық.

Ас үстінде көңілге түйген ойымыз да болды. Оны да ортаға сала кеткеннің артықшылығы болмас деймін.

Жалпы біздің бабамыз, ел қорғаны, ру басы Өтей батыр туралы жазушы Нәбиден Әбуталиевтың «Шоқ жұлдыздар» атты кітабынан егжей-тегжейлі білдік. Сол кісі былай деп жазады: «Бөкен би бұ дүниеден өтер алдында елдің жақсылары мен жайсаңдарын шақырып алып: «Біздің Қосалдың қорымы Сәдір ғой, бірақ Сәдірде Қосалдың месқарын пеш көмей жалмауыздары жатыр. Оларға тіріде де жақындаған жоқ едім, өлгенде де жолағым келмейді. Өтейге жерленген жетім-жесірлер мен жоқ жітіктер көп, бірі болмаса бірінің шапағаты тиер, мені Өтейге қойыңдар, – деп өсиет етіпті».

Бүгіндер Бөкен би басына Ақтаудың ақ мәрмәрінен ерекше сәулетті күмбез орнатылған. Ал ол қадір тұтып, құрметтеген Өтей батыр басы жүдеп тұрғандай. Тек бұдан үш-төрт жыл бұрын ұрпақтары баба басына Меркенің қызыл мәрмәр тасынан белгі қойды. Бірақ бидің жанындағы баба басына кесене салу кезек күттірмейтін міндет екенін біз осы сапардан көңілге түйіп оралдық. Ағайын-туған әу дессе, Атыраудағы Төкен Танаұлы бастаған азаматтар құрылыс материалдары, техника, адам күші жағынан көмек беруге дайын отыр. Көп болып қолға алсақ, тәуелсіз еліміздің тарихында ерекше із қалдырған баба алдындағы бір парызымыз өтелер еді.


3. Бөкен би мен Ақбидаш

Ел ішінде Бөкен би туралы пәтуалы әңгімелер мен аңыздар өте көп. Бірде орыстың бір дөкей генералы Адайдың бір қызын еркінен тыс Арғынның бір жігітіне күштеп қосып, өзінің ішкі бір жымысқы жоспарын орындатады. Ал сол жігіт болса ару қызды аялаудың орнына, күндіз-түні қойдың соңына салып, күң ретінде жұмсайды.

Бір күні жол-жөнекей тыныстауға адайдың бір жігіті келіп, қойшы қосына тізе бүгеді. Мұңға батқан қойшы қыз әлгі жігітке кетер алдында бір түйіншек ұстатып, сол кезде есімі енді шыға бастаған Сырым батырға беруін өтінеді.

Батыр бейтаныс қыз жолдаған түйіншекті ашса, екі қиық мата екен. Сырым аң-таң, төңірегіндегілер де бір-біріне қарасады.

– Бұл түйінді тек Бөкен би шешеді, – дейді біреуі. Сөйтіп би алдына келген Сырымға Бөкең былай дейді:

– Мына екі қиық матаның бірі орамалдың қиығы, ол менің басым байлаулы, күнім күн емес дегені, екіншісі көйлектің қиығы, үстіңе киген көйлектей мен сенің жақының, бауырың, қарындасыңмын дегені. Қыздың халі тым нашар. Сырым батыр, жолға шық, құтқар қарындасыңды, бірақ онда Бұқар атты шешен бар, соны сөзден жеңе алсаң ғана бейкүнә қызды құтқарасың, – дейді.

Сырым жолға шығып, құса болған қарындасын құтқарып, өзінің теңіне қосады.

Бөкен би атағы алысқа кеткен атақты би болса да, өмірде тым қарапайым екен. «Бөкен би өмір бойы өгізге мініп жүрген екен, – деп жазады Нәбиден Әбутәлиев, – талай дауды шешкенде оған арғымақ ат мінгізіп, тарту тартса да оны алмай елге, кедейлерге, жарлы-жақыбайларға таратып берген. Сөйтіп, ол өгізге мініп жүріп те атқа, арғымаққа мінген, үзеңгі бауы алты қарыс билердің шеше алмаған дауын шешкен, қандай дауда болсын жүйелі, аталы сөзін айтқан».

Ағайын-туған даңқты бидің өгізбен жүргеніне намыстанып, небір тұлпарларды алдына тартқанмен, одан бас тартады. «Атқа мінген адамның көңілінің желі болады, ал ондай жан кейде Құдайын ұмытады» деген өнегелі сөз де осы Бөкен биден қалған. Шіркін, осы даналыққа біздің де кейбір атқамінерлеріміз құлақ асса ғой.

Би жасы 65-ке келгенде ел ішіндегі ақылды да қас сұлу Ақбидашқа үйленеді. 15 жасында биге қосылған Ақбидаш онымен 28 жыл өмір сүріп, дәурен кешеді. Сол Ақбидаштан қалған нақылға бергісіз асыл сөздерді бүгіндер Атырау, Ақтаудағы екінің бірі біледі. Ақбидаштың айтқандары:

– Жұпар жұпар емес, әйел – жұпар. Жұпар тәніңді құлпыртады, әйел жаныңды құлпыртады;

– От от емес, әйел – от. От қыздырады, әйел балқытады;

– Әйел – қайрақ, еркек – пышақ. Қайрақ жақсы болса, пышағы бабында болады.

Байқап отырсақ, биге серік болған ақылды әйелдің бұл нақылдары Бөкен бидің бір сұраққа берген жауабымен сабақтасып жатқандай. Бірде тұстастары биден:

– Бөке, олжа нешеу? – деп сұрайды.

– Үш олжа болады, – дейді Бөкен би. – бірінші, тоқтыдан туған қозы олжа, екінші – егіздің сыңары олжа, үшінші – көңілдестен туған бала олжа...

...Ал біздің олжамыз қасиетті Бекет ата, Бөкен би елінде болып, қазыналы өңірдің жайсаң жандары, өркенді елімен емін-еркін танысу, тәуелсіздігіміздің көрінісіндей түбектің қайта түлеуін көру еді. Бізге осындай мүмкіндік жасаған азаматтарға айтар алғысымыз да шексіз.

Сөз соңында айтар тағы бір түйін бар. Руыңды білу, жеті атаңды қастерлеу, жалпы тарихты түгендеу – ол азаматтық парыз. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында жазған мына бір сөздері санамда жаңғырады да тұрады. «Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік-қауымдастық біртұтас ғажайып бітімі, ғасырлар бойы бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған. Міне, европалық канондар бойынша бір бірінен шалғай жатқан үш жүздік бөліктердің бастары бірікпеуге тиіс болғанымен, халық санасының біртұтастығын осындай қасиеттер қалыптастырған. Мұндай біртұтастық тек қана рулық жүйе арқылы жүзеге асқан».

Аталы сөз.
Қостанай-Атырау-Қараой-Қостанай.

Сәлім МЕҢДІБАЙ


Бұлақтай таза, теңіздей терең, аспандай асқақ
Ілияс Омаров және оның өркен жайған әулеті туралы әңгіме
1. Текті жердің түлегі
Ілияс Омаров кім еді? Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтсақ, "Ілияс Омаров жиырма жасынан бастап қоғамдық істерге араласып кетті. Есейе келе екі рет министр, екі рет облыстық, бір рет өлкелік (Орталық) партия комитетінің секретары болды. Бірақ ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Қайда да жауапкер, қайда да іскер, қайда да заманының үлкен қайраткері, қадірлі азамат қалпынан өзгермей танылатын. Орын оны көркейтпейтін, орынды ол көркейтетін. Ілияс бір орыннан екінші орынға ауысқанда істес болған адамдары құшақтасып қоштасатын да, баратын жерінің адамдары құшағын жайып қарсы алатын. Еш уақытта, ешбір қызметте Ілиястың артынан өсек-аяң, жәбір-жапа, сықақ-келемеж ере жүрмейтін еді".

Ілияс Омаров 1912 жылы 1 қазанда Сарыкөл ауданы Қараоба ауылында дүниеге келді. Оның төртінші атасы Жазы – қазақ тарихындағы белгілі тұлға. Шоқанның әкесі Шыңғыстың тұсында би болып, алты рулы елді аузына қаратқан, орысша сауатты, ел ішінде сыйлы жан екен. Ол кезінде Орынбор, Омбы губернияларындағы қазақ жерлерінің шекарасын белгілейтін комиссия құрамында жұмыс істеп, Ресей мен Қазақстан шекарасын межелеген. Кеңес үкіметі кезінде Ахмет Байтұрсынов бастаған топ қазіргі Қазақстан шекарасын анықтап, көршілес Ресей губернияларына заңсыз қарап кеткен қазақ жерлерін қайтып аларда, сөйтіп болашақ тәуелсіз Қазақстан жерінің аумақтық тұтастығын сақтап қалуда сол "Жазы би сызығының" ерекше маңызы болған.

Ал Ілиястың алтыншы атасы Қарабалуан Алдиярұлы атақты Шақшақ Жәнібектің үзеңгілес серігі, тарханның қанды көйлек сарбазы болған. Сол Қарабалуанның әкесі Ілиястің жетінші атасы Алдияр мен Міржақып Дулатовтың жетінші атасы Мадияр екеуі бір туысқан бауырлар. Жақаңның көп шығармаларын Мадияр деген бүркеншек атпен жариялау сыры да сонда жатыр. Ілекеңнің әкесі де, шешесі де әйгілі Төле биге жиен болып келеді.

Біздің жерлес ағамыз, жазушы-ғалым Жұмағали Ысмағұлов айтқандай, "Ілияс Омаров қазақ халқының белгілі азаматы, қайраткер ұлы болып қалыптасқанда, бәлкім, оның ата-тегіндегі ұлылардың да шарапаты тиген болар".

Расында да, Ілекең текті жерден шыққан ұл еді және сол ұлы бабаларына сай үлан бола білген ұрпақ еді. Өз тұстастары ішінде оның бедел-бітімі ерекше жоғары болатын. Терең білімді, мінезге бай, ғылым мен мәдениеттің әртүрлі саласынан хабардар жан қолға алған істі бірден үйіріп әкететін. "Үлкендер ішінде кіші емес, кішілер ішінде үлкен емес, бір ғажап жан" болатын.

Ілияс Омаров жан-жақты білімді, ұйымдастыру қабілеті жоғары адам болды. Ол Сауда министрі бола жүріп те әдебиет және мәдениет қайраткер-лерінің үлкен досы болды. Жоспарлау комитетінде жүргенде де оны жазушылар мен артистер, суретшілер мен сазгерлер өз адамы санады. Ал Мәдениет министрі кезінде Ілекеңді сол өнер адамдары ерекше пір тұтты.

Ілияс Омаров өз заманының өр тұлғасы болды. Өз тұстастары сияқты ол партия саясатына кәміл сенді. Сол партия саясатынан талай таяқ жеді де. Ең алдымен отызыншы жылдар ортасында бай татар көпесінің қызына үйленгені үшін партиядан қуылды. 1952 жылы "Қазақ ССР тарихы" кітабының жаңа редакциясын басқарған Ілияс Омаровқа "буржуазияшыл ұлтшылдардың Кенесары ханды мақтауына жол берді" деген айып тағылды. Тарихшы Е. Бекмахановпен бірге итжеккенге айдалып кету қаупі туды. Ал москвалық тарихшы, академик Анна Панкратованың 1949 жылы 27 қазанда Ілекеңе жазған хаты бар еді. Онда әлемге әйгілі оқымысты былай депті: "Бірқатар тарихшылар арасында тарихи ақиқатқа қарамастан, қазақ халқының тарихын сүмірейтіп көрсетуге тырысушылық бар. Осыған ұқсас тарихи жағдайда бой көрсеткен грузин патшасы немесе өзбек ханы неліктен озық ойлы қайраткер саналып, ал қазақтар Абылайды не Кенесары Қасымовты қаралауға тиістігін мен мүлде түсінбеймін. Мен қазақ тарихының осы аса көрнекті тұлғаларына баға беруде ешқандай жағдайда да тарихи шындыққа кереғар жолға түсе алмаймын". Егер Ілекеңдер қара басы мен мансабын күйттеген жан болса, осы құжатты көлденең тартып, Панкратова сияқты ғұламаның беделіне сүйеніп, жөнсіз жазадан құтылып та кетер еді. Ал Ілекең болса, тірі жанға тіс жармады, тек ауру меңдеп, жарық дүниемен қоштасар сәтте ғана былай деп ашылыпты: "Тарих мәселелерін өзімнен көп білетін әрі "Қазақ ССР тарихына" басты шығарушы болған көрнекті орыс тарихшыларын мен ыңғайсыз жағдайға қалдырмадым... Өйткені қателікті мен өз мойныма алдым ғой. Демек, аман қалу үшін домалақ арыз жазып, ақталудың оңай жолын іздеген емеспін...".

Міне, осынау деректің өзі Ғабит ағамыз айтқандай, "тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, азамат адамгершіліктен ғана жаралғандай, әділетке, достыққа кір жұқтырмай өткен" адамның бейнесін көз алдыңа әкеледі.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ілияс Омаров кезінде былай деп жазыпты: "Партия ұйымдарының билеп-төстеуші кадрлары турашылдықтан жалтарып, жарамсақтануға, бүкпесіз сеніммен бүгежектемеу орнына, құрдай жорғалауға, қолдан жасалған жергілікті көсемсымақтардың құлқына қарай өз ойын жасырып қалуға мәжбүр, мұны ұйымның азғындау жолына түскені дей беріңіз! Қазақ партия ұйымы тап осы дертпен ауырады. Қынжыларлық жай, көбісі соны көрмегенсиді".

Иә. Ілекеңдер айтудайын айтқан. Осы орайда мынандай бір оқиға да ойға оралады. Мәдениет министрі кезінде қабылдау бөлмесіне Темірбек Жүргеновтың суретін ілгізеді. Оны көрген Қанабек Бәйсейітов: "Ілеке, мұны қалай түсінуге болады?" деген екен. Сонда жарықтық Ілекең "Е, Қанеке! Менің министр, Сіздің халық әртісі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Темірбек Жүргеновтен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы", – деп бір-ақ кесіпті. Ілияс Омаров әдебиет пен өнер адамдарының үлкен досы, қамқоршысы болумен қатар өзі де әдебиет ауылының адамы болатын. Үлкен сыншы еді. Ұлы Әуезовтің: "Пәлі, Ілияс, осы Госплан сенің қолың емес. Сен жалпы біздің жақтың адамысың. Әдебиетім, мәдениетім деп соғады сенің жүрегің!" – деуі тегіннен тегін емес. Сол Мұқаңның "Абай жолын" "дәуірлік эпопея", Сәбит Мұқановтың "Өмір мектептерін" "тұңғыш мемуарлық, биографиялық шығарманың беташары", Зейнолла Қабдоловтың "Өмір ұшқынын" "мынау ұшқын емес, жалын ғой" деп бағалаған да сол Ілекең. Ұйғыр композиторы Құдыс Қожамияровты "кез келген халықтың маңдайына біткен ырыс" деп бағалауы, тоқсан алты жасында жайлы баспаханаға жарымаған мүсінші И.Иткинді ауруханаға іздеп барып, құшағына қысып, пәтер, атақ бергізуі, жас жазушылар мен өнерпаздарға қамқорлығы – ерекше өнеге, үлкен азаматтық.


2. Махаббат пен мансап таразыға тартылғанда
Ілекең жеңгеміз Гүлшат Сәкиқызымен Қызылордада сауда техникумының директоры және қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда танысады. Осындағы санитарлық-бактериологиялық зертханада лаборант болып істеп жүрген ерекше сұлу да тәрбиелі бойжеткенге жас жігіттің ықыласы ауады. Гүлшат та тегін жердің қызғалдағы емес-ті. Оның әкесі Мұхамет-Сәки Мырзабаев бірінші гильдиялы көпес, Орынборда бүтіндей бір кварталды алып жатқан ең бір мәртебелі дүкендердің иесі, бірнеше мешіт пен медресе салып, аты шыққан татардың айтулы байларының бірі болатын. Сол кездің өзінде ол Москваны, Петербургты, Парижды, Прага мен Варшаваны өз үйіндей аралаған жан.

Гүлшаттың анасы Сарбижамал отбасының ұйтқысы, отағасының қасы мен қабағына қараған, балаларына жақсы тәрбие берген, елге сыйлы бәйбіше екен.

Жас та жігерлі, білімді де білікті Ілияс оларға да қатты ұнайды.

Бірақ екі жастаң үйленуіне тосқауыл болар ерекше жағдай бар еді. Мұхамет-Сәки бай ретінде айыпталып, 1919 жылы оның бар мүлкі тәркіленеді. Сондай "халық жауының" қызына үйленгелі жүрген жас коммунист, техникум директорын қалалық партия комитетіне шақырып, ескерту жасайды.

– Бұл райыңнан қайт, әйтпесе партия билеті мен револьверді үстелге қой, – дейді хатшы.

Махаббат пен мансап тайталасқа түскен осынау шақта Ілекең шұғыл шешім жасайды. Партия билеті мен қаруын хатшының алдына лақтырып тастап, шығып жүре береді. Содан жұмыстан қуылады, партиядан шығарылады, бір-ақ күнде сенімсіз, саяси соқыр адам болып шыға келеді.

Құдай қарасқанда, НКВД-да істейтін Рахымжан Мусин, Ғабит Мүсірепов, Бөлебай Исабеков сынды достарының арқасында итжеккеннен аман қалады.
3. Ұлыға сай ұландар
Ілекеңнің тұңғышы Энгельсина 1936 жылы дүниеге келеді. Бұл кез Омаров Ф.Энгельстің экономика тақырыбына жазған еңбектеріне ерекше ден қойып жүрген сәт еді. Соның әсері болса керек, қызына бұрын-соңды кездеспеген осындай әуезді есім береді.

Энгельсина бүгіндер Алматыда тұрады, зейнеткер, ұзақ жылдар бойы Қазақстан Ғылым академиясының биология институтында ғылыми қызметкер болған, ғылым кандидаты. Одан туған алғашқы жиен немересі Еркені Ілекең ерекше еркелеткен екен. Отбасында ата мен немеренің шуақты шақтарын бейнелейтін талай суреттер сақталған. Сол Ерке ерекше талантты спортшы болды, найзаласудан талай жарыстарға қатысып, ел мерейін өсірді.

Ал Энгельсина болса, әкесі қатты ауырып, Москвада Кунцево ауруханасында күрделі операция жасатқанда да, Алматыда төсек тартып жатқанында да қасынан бір елі шықпай, ерекше қамқорлық жасап, қабырғасы қайысқан перзент еді. Ғылым академиясындағы басшылары Шахмардан Есенов, Темірбай Дарханбаев, Фатима Полымбетова сияқты академиктер Энгельсинаны жұмыстан шығармай, еңбекақысын сақтай отырып, қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы, өз әкесінің үнемі басы-қасында болуға мүмкіндік туғызған екен. Қазір ойлап отырсақ, бұл да Ілекеңнің үлкен жүректі адам, бедел иесі және сол академиктердің зор парасатының көрінісі болса керек, күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, бүгіндер мұндай мәрттік, азаматтық әрекет екінің бірінің қолынан келе бермейді. "Ол әркімнің өз мұңы, өз қайғысы" деп сырт айналады.

Энгельсина әкесінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге ден қойған жан. Оның құрастыруымен Ілекеңнің "Таңдамалылары" шықты. 1992 жылы асыл ағаның 80 жылдық мерейтойын атап өткенде Қостанайға келіп, әкесі туралы тебіреніспен сөз сөйлегені, әдемі естеліктер айтқаны есімізде.

Альмира – 1938 жылы туған. Москва тамақ өнеркәсібі институтын бітіргеннен кейін республика Азық-түлік министрлігінде қызмет істеді. Москвада бірге оқыған студент күнгі жолдасы Ғайрат Қағаров есімді жігітке тұрмысқа шыққан. Ғайрат та сол министрлікте жауапты қызмет атқарды, басқарма бастығы болды. Олардың ұлы Арман республикаға танымал бизнес өкілдерінің бірі.

Ұлдың үлкені Диасты республика, қала берді бұрынғы Одақ көлемінде жақсы біледі. Ол – спорт журналисі. Журналистика академиясының академигі. Кезінде футбол, хоккей ойындарынан тікелей радио және телерепортаждар жүргізген саусақпен санарлықтай ғана шебер саңлақтардың бірі. Спорт тақырыбына жазылған көптеген сценарийлер авторы.

Өткен жылы Қостанайдың "Тобыл" футбол командасының жауапты бір ойынын "Хабар" телеарнасынан көрсеткенде әкесінің туған жері төсінде өтіп жатқан дүбірлі додадан репортажды сол Диас жүргізіп жатты.

Диастың қызы Гүлшат – белгілі режиссер, атасы туралы талай тамаша деректі фильмдер түсірген, болашағы зор шебер.

Ілекеңнің балалары ішінде атамекенге жиі келіп, осындағы ағайын-туғандармен етене араласып жүргені – Темірлан. Ол Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің доценті, техника ғылымының кандидаты. Халықаралық талай беделді ғылыми конференцияларда мазмұнды баяндамалар жасаған, талай халықаралық конгрестерге қатысқан кісі. Көптеген ғылыми жұмыстардың авторы.

Алматының "Санат" баспасынан ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған "Ілияс Омаров" атты кітапты дайындау үстінде талай кездесіп, пікірлестік. Темекең әкесінің жазған өлеңдерін тауып, қолымызға ұстатқанда асыл аға тіріліп келгендей қуанғанымыз бар. Сол өлеңдерді аталмыш кітапқа енгізіп, халқымен қауыштырғанымызды Ілекең сияқты ұлы тұлғаның алдындағы бір борыштың өтелгені деп бағаласа да болар.

Темірланның ұлының аты да – Ілияс. Атасының құрметіне қойылған. Сол бауырымыз өзінің екінші бір әкесі, Ілекеңнің туысы, әрі жерлесі, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Мәлік Фазылов ағасының жолын қуып, сыртқы саясат саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Ілекеңнің өркен жайған өрісі туралы сөз қозғағанда оның Күнше атты жалғыз апасынан туған жиені Мұхамед-Халел Сүлейменов туралы да айта кеткен жөн деп білемін. Ол да ғалым, техника ғылымының кандидаты. Бірақ қалың көпшілік Мұхаңды тарихшы, публицист, Ілиястанушы ретінде жақсы біледі. Оның Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы жазған, былтыр ғана баспадан шыққан кітабын оқырман жылы қабылдады. Зерттеушінің Шоқай әулие, Барақ батыр, Жазы би, Қарабалуан Алдиярұлы сияқты тарихи тұлғалар жөніндегі еңбегі құнды дүниелер. Оның қазақтың билері туралы зерттеуі де тарих ғылымына қосылған үлкен үлес. Өзінің нағашысы туралы орыс тілінде жазған "Ильяс Омаров. Жизнь и философия" атты кітабының да айтары мол еңбек.

Орнында бар оңалар деген осы. Бұл жалғанда бар болғаны 58 жыл ғұмыр кешкен Ілекеңнің бүгіндер тоғыз немере, 10 шөбересі бар. Артында қалған мол мұрасы, өнегесі бар.

Бұлақтай таза, теңіздей терең, аспандай асқақ аға өмірі осылайша жалғасын тауып келеді.

Тоқсаннан асқан Гүлшат жеңгеміз сол ұрпағының тілеуін тілеп, солардың ортасында Алматыда дүниеден өтті.
Сәлім МЕҢДІБАЙ



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет