Отан отбасынан басталады: егеменді Қазақстанның үлгілі жанұясымен сұхбат



Дата15.09.2017
өлшемі161,91 Kb.
#32507
Отан отбасынан басталады: егеменді Қазақстанның үлгілі жанұясымен сұхбат



Халқымыз қазақ салтында «Отбасы» тәлімі ерекше дәстүр. Отбасындағы көріністің бәрі бала өміріне әсер етеді. Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Ал ана болса- отбасы беріктігін сақтаушы, бала тәрбиелеуші, ерлерін сыйлап, рухани қолдау көрсететін тұлғалар. Біздің қазақ «Әкеге қарап- ұл өсер, анаға қарап-қыз өсер» , «Баланың жақсысы- әке мен шешенің ары» дейді.

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесінде жеті түрлі мәселені қамтыған: Ең алдымен әдептілікке үйреткен, «Әдепті бол» деп міндеттеген; Екінші, мейірімді, иманды болуға; Үшіншіден тілалғыш, елгезек болуға үйреткен; Төртінші, өнегесі көп қариялар сөзін бойына сіңірген; Бесінші, ата-ананы сыйлауды, құрметтеуді үйреткен; Алтыншы, біреуге орынсыз тиіспеуге, аманатқа қиянат жасамауға үйреткен; Жетінші, ел қорғаған батыр бол, халық алдында адал қызмет етуге үйреткен.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы, міне, ширек ғасыр болып қалды. Жан жағымызға барлап қарап отырсақ, осы ширек ғасырдың ішінде қоғамда келеңсіз жағдайлармен қатар, рухани жаңару, даму жағынан да жетістіктеріміз аз емес секілді. Осы тәуелсіз жылдардың бізге берген ең асыл жетістігі деп – жастарымыздың ұлттық санасының ояна бастауын, кеңес жүйесінде ұмыт қалған ұлттық дәстүрлерге көңіл бөле бастауын сүйсіне айтуға болады.

Менің сұхбатшыларым Ержан мен Мәдина. Қазақтың қарапайым қызы мен ұлы. Ержан Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасында мұғалім қызметін атқарса, Мәдина да осы шығыстану факультетінде жапон тілінен сабақ береді.

Көп адамдардың санасында зиялы қауым отбасында бір-екі баламен шектеледі деген пікір қалыптасқан. Ал бізге тілге тиек етіп отырған Ержан мен Мәдинаның жанұясында бес бала тәрбиелені келеді! Отан әр отбасынан басталады, ал әр жанұяның қатықтай ұйып отыруы - әке-шешенің бір- біріне деген ыстық ықыласы мен құрметіне тікелей байланысты. Осы екі жастың өнегелі өміріне, отбасы тәрбиесіне барлап қарап отырсақ қазағымыздың «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақал сөзі еске түспей қоймайды. Ержан мен Мәдинаның отбасын егеменді Қазақстанның жетістігі, үлгісі десек еш артық емес. Сондықтан, оқырман қауымның бұл сұхбаттан алар жағы, үйренері аз болмас деп сенемін.

1. Ержан, Мәдина, сіздердің балаларыңыз Ержан сізді “әке” деп ал Мәдина сізді “мама” деп атайды екен. Біздің буын Кеңес Одағында өмір сүргендіктен орыс мәдениетінің ықпалымен әке шешемізді “мама”, “папа” деп атап үйреніп кеткенбіз. Менің бір байқағаным қазіргі жастардың балалары сіздердің жанұяларыңыздың үрдісінде ата-анасын «ана”, “анашым”, “әке” , «әкетай” деп атайды. Осы құбылыс туралы айтып кетсеңіздер?



Ержан: Біз, яғни менің отбасымда әке-шешемізді «көке», «апа» деп өстік. Үлкен ұлымның тілі «мама», «папа» деп шыққан. Бірақ ол бес жасында бір танысымыздың балаларының өз әкелерін «әке» деп айтқандарын естіп, өзі мен енді сізді бұдан былай «әке» деп айтамын деді. Мен қарсы болмадым. Ұлтымыз егемендікке жеткен осы таңда балаларымызды ана тілін құрметтеуіне көңіл бөлгеніміз дұрыс секілді. Ал тілді құрметтеу жанұядан басталатынын өзіңіз де білесіз. Менің де байқағаным, қазір біз қатарлы жастар, бізден де жас отбасылар балаларын ұлттық тәрбие үрдісінде тәрбиелеп жатыр. Бұл өте құптарлық құбылыс.

Мәдина: Біз өзіміз, үйдегі тоғыз бала, анамызды «апа» деп өскенбіз. Ал әкемізді кемпір-шалдың баласы деп есептелген ең үлкен ағамыз «тәте» деп атаған соң, басқамыз да солай атап кетіппіз. Сыр елінде ер адамдарды «тәте» деп айтатыны бар ғой. Ал балаларымның өз әкелерін «әке» деп атағанын өз басым құп көрдім. Ал «көке» деп қазір әкелерінің бауырларын атап жүр, сондықтан әкелерін о бастан «көке» деп айтқызғым келмеген. «Көке» деген көп, ал «әке» жалғыз болу керек сияқты. Өзімді «апа» деп ататқым келмегені де осы себептен. Апа көп, ал «мама» тек біреу ғана. Көп адамдар «мама» сөзін орыс тілінен енген дейді. Шындығында, бұл сөз көп тілдерге латын тілінен енген. " Мamme "- латын тілінен аударғанда әйелдің сүт безі. Тағы бір айтатын жәйт, қай елдің баласы болсын, алғаш тілі шыққанда «ма-м-м» деп былдырлайды. Мен бұл сөздің қазақ тіліне қалай кіру этимологиясын зерттеген жоқпын, бірақ менің бала кезімде оқыған батырлар жырында «мәмесін емді» деген сөздердің болғаны есімде анық қалған. «Мама» бізге еш жат сөз емес дейтінім сондықтан.

2. Сіздердің ата-аналарыңыз сіздердің отбасы өміріне, кейбір мәселелерді шешуге және сіздердің баларыңыздың тәрбиесіне қаншалықты қатысады? Сіздердің жанұяларыңызда ене мен келін , күйеу бала- ене арасындағы қарым-қатынас қалай?

Ержан: Біз үйленгелі жылына қысқа ғана мерзімге ауылға барып қайтқанымыз болмаса, әке-шешемізбен бірге тұрған емеспіз. Сондықтан ол кісілердің біздің балаларымыздың тәрбиесіне араласуға аса мүмкіндігі жоқ. Бірақ, жазда, оқудан демалған кездерінде балаларымыздың он-он бес күн, кейде жарты ай-бір ай ауылда ата-анамызбен болған кездері болды. «Балаларың сондай тәртіпті» деп өздері біздің отбасындағы бала тәрбиесіне көңілдері толатынын білдіріп отырады. Сұрақтың екінші бөлігіне, яғни ене мен келін, күйеу бала мен ене мәселесіне қатысты да тура осы жауапты айтуға болады. Бірге тұрмағаннан кейін, арада белгілі бір арақашықтық болғандықтан шығар, сыйластығымыз жақсы. Өзімнің енем, Мадинаның апасы күйеу балаларын қыздарынан кем жақсы көрмейді. Біз де қолымыздан келгенше ол кісілерді ренжітпеуге тырысамыз. Осы жерде қытайлықтардың «人离得远了, 心离得近了;人离得近了,心就离得远了 [rén lí de yuǎn lexīn lí de jìn lerén lí de jìn lexīn jiù lí de yuǎn le] дегенмәтел сөзі еске түседі. Бұны тура аударсақ: «адамдар алыс тұрса, жүректері жақын тұрады, ал енді жақын тұрса, жүректері алыстап кетеді».

Мәдина: Ерекең екеуміздің әкелеріміз өмірден озып кеткен, ал аналарымыздың, Құдайға шүкір, көздері тірі. Бірге тұрмайтынымыз болмаса, біз оларға барып, олар бізге келіп тұрады. Балаларымыз әжелерін қатты жақсы көреді. Ол кісілердің қазақы болмысы, киген қамзолы мен басына тартқан ақ жаулығы, намаз оқып, дастарқан басында бата бергені, «айналайын» деп еміреніп, бастарынан сипап, маңдайларынан иіскегені, т. б., міне, осылардың бәрі балаларымыз үшін үлкен тәрбие емес пе! Ал отбасылық кейбір мәселелерде ол кісілерден ақыл-кеңес сұрайтын кездеріміз, әрине, болып тұрады. Өздері киіп-жарып еш ісімізге араласқан емес. Өз басым енемді құрмет тұтамын, сыйлаймын. Сол үлкен кісілерді ренжітпесек екен, батасын алуға лайық болсақ екен деп тырысып бағамыз.



3. Ержан, Мәдина, байқағаным, сіздердің қыздарыңыз би ансамбліне қатысады, үлкен ұлдарыңыз өлең айтады, ал бір ұлдарыңыз дзюдоға барады екен. Сіздер олардың өзіндік табиғи дарынын дамытып жатырсыздар ма әлде бұл да бір тәрбиенің түрі ме?

Ержан: Әрине, балаларымыздың спортқа, өнерге жақын болғанын, жан-жақты дамығанын қалайтынымыз рас. Бірақ, икемі келсін-келмесін, түрлі үйірмелерге тықпалай беруге қарсымын. Алдымен баланың талабын, ықыласын оятқан дұрыс деп ойлаймын. Үлкен ұлымның музыкаға ыңғайы барын байқап, домбыра тартуды үйренсе деп едік, бірақ ықыласы ән айтуға ауды. Қызымыз би билегенді жақсы көреді, ебі де бар. Біздің тарапымыздан қолдау көрсету ғана қалды. Өзім спортқа жақын болғаннан кейін, балаларымды спортқа қызықтыру қиын болған жоқ. Үлкен ұлымыз бен ортаншы ұлымыз дзюдомен айналысады. Керемет жетістіктерге жетіп, кәсіпқой спортшы болуы міндетті емес. Жалпы ер адамға керек өнер деп қана бердім. Ал кіші ұлымыз әлі жастау. Өсе келе қандай өнерге бүйірі бұрса, Мәдина екеуміз сол жағынан дамуына жағдай жасауға тырысамыз.

Мәдина: Үлкен ұлымыз бастауыш сыныптардан бері өз қалауына қарай, уақытының ыңғайына қарай, шахмат, тоғызқұмалақ, мәнерлеп өлең оқу, жеке вокал, хор деген сияқты біраз үйірмелерге қатысып келеді. Ал қазірге дейін ұзақ уақыт тұрақты қатысып жүргені – дзюдо үйірмесі. Бұл үйірмелердің қай-қайсысынан да ол біраз нәрсе үйренді, өзіне керегін алды деп ойлаймын. Қаншама жарыстарға барды, қаншама шараға қатысты, қаншама адаммен араласты, бұлардың бәрі оның адам болып қалыптасуына үлкен ықпал ететіні анық. Ал одан кейінгі қызымыз, 3 жылдай болды, мектептің би үйірмесіне барып жүр, осы жақыннан бері домбыра үйірмесіне де жазылды. Мен, бұл орайда, Ержан екеуміздің бұл үйірмелерге балаларымызды зорлап қатыстырмағанымызды, балаларымыздың икемі мен ықыласын ескергенімізді баса айтқым келеді.

4. Мына үстелдеріңіздің үстінде жатқан “Эпостан әлдиге дейін” деген кітап та сіздердің шаңырақтарыңыздағы бала тәрбиесіне қатысады ма? Осы кітап туралы айта аласыз ба?

Ержан: «Әлдиден эпосқа дейін» кітабы үйімізде пайда болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Жаңадан шыққан кітап. Тәрбиелік мәні өте зор. Қазақ халқы - руханиятқа өте бай халық. Бірақ, біздің шылқыған байлықтың үстінде отырып, кереметті шеттен іздейтініміз бар. Бұл кітапта баланың дәстүрлі қазақи дүниетанымын қалыптастыратын түрлі ертегі, аңыз, әпсәналармен қатар баланың тілін дамытатын тақпақтар, жаңылтпаштар өте жүйелі берілген. Кітап өзінің шынайы бағасын әлі алады деген үміттемін.

5. Мәдина, сіз жапонтанушысыз, Жапонияда оқыдыңыз. Ал Ержан сіз қытайтанушысыз. Менің байқағаным, адам бір шет тілін білсе сол тілдің мәдениетін де жақсы біледі, тіпті белгілі бір дәрежеде сол мәдениетті таратушы да болып есептеледі. Айтыңыздаршы, осы ерекше мәдени жағдайдың сіздердің жанұяларыңыздағы бала тәрбиесіне қаншалықты ықпалы бар?

Ержан: Қытай мәдениетінің адамзаттың өркениетіне өзіндік өте үлкен үлес қосқан мәдениет екені даусыз. Бірақ бүгінгі таңда Қытай қоғамында да орасан зор өзгерістер болып жатыр. Осындай жағдайда қытайлықтардың дәстүрлі бала тәрбиесі өзгеріссіз, толықтай сақталуы да қиын мәселе. Сол қоғамда өмір сүрмегеннен кейін, қытайлықтармен қоян-қолтық жақын араласпағаннан кейін, олардың мына замандағы бала тәрбиесімен тек кітап бетінде ғана таныспын. Ал енді 70 жылдардың аяғына таман басталған баланы шектеу саясатынан кейін туылған қытай балаларының «сяу хуаңди» - «кішкентай император» болып еркетотай, бетімен кеткен, өмір сүруге икемсіз, «дайын асқа тік қасық», өзін ғана ойлайтын эгоист болады деген болжамдардың барын білемін. Бірақ өзімкездесірген, қызметтес болған қытайлық қыз-жігіттерден ондай келеңсіз әдеттерді байқай қойған жоқпын. Мен қытайлықтардың дәстүрлі бала тәрбиесінде осы күнге дейін қолданылып келген «男孩要穷养,女孩要富养» (ұл баланы қатты ұстап тәрбиеле, қыз баланы еркелетіп ұста )деген дана сөзі көңіліме өте қонады. Қазағымыз да қызды жат жұрттық деп еркелетіп, еркін ұстаған емес пе? Осы тұрғыда бір айта кетейін дегенім, мен кейде көшеде қаракөз қарындастарымыздың басына орамал салып, қап-қара киініп халқымызда жоқ, дәстүрлі тәрбиемізде жоқ нәрселеріне көңілім толмайды. Имандылықты теріске шығарып тұрғаным есес, бірақ біздің ата-баба салтымызда бұл секілді құбылыстардың болмағанына тарихи деректер де куә бола алады.

Мәдина: Әр ұлттың бала тәрбиесіне деген көзқарас-пайымы сол ұлттың дүниетанымы мен ұлттық құндылықтарының негізінде өрілген, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның ерекшеліктеріне орай қалыптасқан. Сондықтан, бір ұлттікі екіншісінікінен артық не кем деген түсінік болмау керек деп ойлаймын. Мысалы, жапон қоғамында адам топпен ғана, белгілі бір топтың ішінде ғана өмір сүреді, одан шеттетілсе, басқа бір топқа кіріп-сіңіп кете алуы өте қиын. Сондықтан, олар өзі мүше болған топтың қарым-қатынас тәртібін, қалыптасқан үрдісін барынша сақтауға тырысады. Баланы да осыған бейімдеп өсіреді. Жапондықтардың тәртіпке қатты бағынатын халық саналуының негізінде де осы қоғамдық ерекшелік жатыр.

6. Осы тақырыпты сәл өрбітсек, Ержан, Мәдина, сіздер қалай ойлайсыздар, осы қытай және жапон мәдениетінің, ұлттық болмысының біз үйренетін жақтары бар ма? Атап айтсаңыздар?



Ержан: Әрине, бар. Қытайлықтардың еңбекқорлығы, іскерлігі, кез-келген жағдайға барынша тез икемделе білуі, жанкештілігі бізде жетіспей жатады. Сосын өзім байқаған қытайлықтардың достыққа адалдығы, айтқан сөзінде тұратындығы, кез-келген адамға риясыз көмек көрсетуге дайын екендігі маған ұнайды. Тек мен араласқан қытайлықтар ғана сондай болмаса керек.

Мәдина: Маған жапондықтардың өз ісіне деген жауапкершілігі, өзіне жүктелген міндетті тыңғылықты тындыратын қасиеті ұнайды. Сосын, не іс істесе де, не шара өткізсе де, ұсақ-түйегіне дейін алдын-ала жіті қарастырып, жіті ойластырып алатындары, дәл осы жағы ойсырап тұратын біздің қазақтарға үлгі етуге тұратын сияқты. Тағы бір үлгі етуге болатын нәрсе бар - жапондықтар біздегідей келгісі келмесе, келмей, қатысқысы келмесе, қатыспай, барғысы келмесе, бармай, үндемей-түндемей қалмайды. Қазіргі не тапшы-уақыт тапшы заманда жора-жолдастарымыздың кейде қонаққа келем деп алып түн ортасына дейін ләм-мим демей күттіріп қоятыны кейде қарын аштырады. Меніңше, бұлай жасау-әр адамның бірінші өзін, онан қалды өзгені де сыйламауы. Ал жапондықтар болса, әр жағдайға байланысты, келетін-келмейтінін, қатысатын-қатыспайтынын міндетті түрде алдын-ала ескертіп айтып қояды.

7. Менің байқағаным, қазіргі қазақ жастары ішімдік ішуге, темекі шегуге әуес емес. Бұл құбылыс қоғамымызда салауатты өмір салты ерекше дәріптелетенінен бе әлде әр адамның жанұяда алған тәрбиесіне байланысты ма?

Ержан: Бұл құбылыс салауатты өмір салтының ерекше дәріптелгенінен деп айта алмаймын. Өйткені еліміздегі бұқаралық спорттың дамуы кеңес үкіметі кезіндегіден кемшін түсіп отыр. Бүгінгі жастар өздеріне тиімді, болашақта жақсы өмір сүруге септігі тиетін әдеттерге жақындау болуға тырысуда. Сосын олардың жан-жақты дамуына, көптеген қызықты да, пайдалы өнерді үйренуге мүмкіндіктері бар. Кеңес кезіндегі «үкімет өлтірмейді» деген қате түсінікті «сенің дұрыс өмір сүруің өз қолыңда» деген түсінік жеңіп келе жатыр. Әрине, бұл жерде отбасында берілген тәрбиені де жоққа шығаруға болмайды. Мақтанғаным емес, осы Мәдина екеуміз үй болып, отау құрғалы үйімізге ішімдік кіргізбеппіз. Халқымыз ішімдікті «шайтансу» деп бекер айтпаған, көп балалы жанұямызда, көзіміздің қарашығы, періштедей пәк ұл-қыздарымыз тұрған жерде осы «шайтан суға» еш орын жоқ.

8. Мәдина, өзіңіз Жапонияда оқыдыңыз. Отанымызға оралып қасиетті қара шаңырақ-Қазақ Ұлттық университетінде жапон тілінен сабақ бердіңіз, кафедра меңгерушісі қызметін атқардыңыз. Менің білуімше, кезінде тіпті жапондар сізді жапон тілін ең үздік білетін шет ел азаматы деп атаған. Қызметіңіз шарықтап келе жатқанда сіз бірнеше жыл жұмыстан қол үзіп, жанұяңыздағы бала тәрбиесіне көп көңіл бөліпсіз. Осы туралы айтсаңыз.

Мәдина: Иә, соңғы үш баламмен жеті жарым жыл бала күтіміне байланысты демалыста болып, тиісті мерзімім біткен соң, осы жақында ғана бұрынғы жұмысыма қайта оралдым. Ұзақ уақыт балалармен үйде отырып қалғаныма еш өкінбеймін, өйткені, балаға ең керек кезде анасы баласының қасында болуы тиіс деп есептеймін. Тұңғыш баламды үш айлық кезінде жеңгеме табыстап, жұмысымды үзбей жалғастырып әкеткенмін. Бір жасында оны елде қалдырып, Жапонияға бір жылдық оқуға барып келдім. Материалдық жағынан, басқа жағынан жақсы болған да шығар, бірақ кейін ойлап қарасам, балама қатты обал жасаппын. Ал екінші баламды босанғанда бір жыл ғана үйде отырып, келер жылы бір жыл бала күтуші жалдап, қайта жұмыс істедім де, үшіншімнің демалысына кеттім. Мен ең алдымен анамын, және ана үшін ең басты нәрсе қызмет, мансап қуу емес, аналық борышты дұрыс атқару деп есептеймін. Біршама үзілістен соң қызметіме қайтта оралдым, еш өкінбеймін.

9. Үлкен қыздарыңыз өлең шығарады екен. Сіздер перзенттеріңіздің табиғи дарынын дамытқанның нәтижесі ме әлде оған ата-анадан берілген қасиет пе не болмаса Қудайдың берген дарыны ма?



Ержан: Үлкен ұлымыз мен қызымыздың өлең деп бірнәрсе шимақтайтыны рас. Оларды дарынды деп, болашақта ақын болады деп айта алмаймын. Бірақ, аталарымыздың «Өнер алды - қызыл тіл» деген өсиетін ескере отырып, олардың сөз қадірін білгендерін қалаймын. Және де өлең құрастыру олардың тілін дамытуға, ойларын сауатты һәм еркін жеткізуге көмектеседі деп ойлаймын. Сондықтан балаларымыздың мұндай әрекеттерін мамасы екеуміз қолдап, көмектесіп отырамыз. Бұл тірлікпен көбіне Мадина айналысады.

10. Біздің қазақтың қазірге дейін сақталып келе жатқан дәстүрлі әдет- ғұрыптары көп. Мысалы сәби дүниеге келгеннен бастап үйленгенге дейін бірнеше дәстүр, үйленгенде жасалатын ырым-жырымдар, дүниеден өткенде жасалатын дәстүрлі әдет-ғұрыптар өте көп. Сіздер осыған қалай қарайсыздар? Сіздердің жанұяларыңызда осы ұлттық дәстүрлерге қаншалықты көңіл бөлінеді?

Мәдина: Жоғарыда тізбеленген қазақтың салт-дәстүрлерінің бәрі отбасымызда балаларымыздың жасына орай ретімен орындалып келе жатыр. Үлкендері кішкентай бауырларын қалай қырқынан шығарғанымызды, қалай тұсауын кестіргенімізді көздерімен көрді. Үш ұлымызды да бес жасында сүндетке отырғыздық. Үйлену, құда түсу жағына жете қоймасақ та, бауырларымыз, туыс-туғандарымыздың той-томалағынан-ақ балаларымыз шет-жағасын көріп-біліп жүр. Тіпті, кейбір салт-жоралғыларға өздері тікелей қатысып та көрген. Мысалы, екі ұлымның, бірі немере ағасының, бірі нағашы ағасының беташар тойында келіншектің беті жабылған орамалды түйген таяқты ұстау құрметіне ие болып, міндеттерін ойдағыдай атқарып, соған орай сый-сияпат алғаны бар.

Ал жалпы балаларымызға мейлінше қазақы тәрбие беруге, ұлттық салт-дәстүрімізді саналарына жақсылап сіңдіруге тырысып жүреміз. Өйткені, «салтың - санаң, дәстүрің - дәулетің, ғұрпың - ғұмырың» ғой. Дастарқаннан бата қайырмай тұрмаймыз, балалардың өздері де бата қайырады, жаттап алған өлең баталары да бар. Жеті шелпек пісіреміз, әкелері әруақтарға бағыштап Құран оқиды. Қазақы әуен құлақтарына сіңісті болсын деп,қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін жиі қойып қоямыз. Үйде тек қазақша ғана сөйлейміз. Одан қалды, жазда балаларымызды ауылға, туысқандарға қыдыртамыз. Балаларымыз мектепте қандай да бір жетістік көрсетсе, жарыстарда жүлде алса, не үйде жақсы бір іс тындырып, жақсы нәрсе істесе, оны міндетті түрде дастарқан басында атап айтып, құттықтап, мақтау айтып, соған орай тілек білдіріп отырамыз. Кейде тәтті-дәмдімен сый жасаймыз, кейде бір жерлерге арнайы қыдыртып, атап өтеміз.



11. Сіздер қандай мерекелерге ерекше көңіл бөліп қарайсыздар және әдетте мерекені жанұяларыңызбен қалай қарсы аласыздар

Ержан: Мен өскен отбасында туған күнге аса мән бере бермейтін. Ал, Мадинаның отбасында, яғни қайын жұртымда керісінше туған күнге көп мән береді екен. Мейрамдарға келсек, шын жүректен тойланатын барлық мерекелер атап өтіледі. Кейінгі бір-екі жылда отбасымызда Тәуелсіздік күні дастарқан басында тәуелсіздіктің құны туралы балаларға әңгіме айтып, артынан осы жолда құрбан болғандардың аруағына бағыштап құран оқитын дәстүр пайда болды. Жыл сайын Жаңа жылда «Аяз ата балаларға сыйлық әкеліп, есіктің алдына қойып кететін». Биыл балаларға «Мен үлгере алмай жатырмын, Наурызда өзің апарарсың деп, сыйлық тапсыруды Аяз ата Қыдыр атаға тапсырыпты» дедік. Сонымен сыйлық беру Наурыз мерекесінің еншісіне қалдырылды. Балалар бұл жаңалықты түсіністікпен қабылдады.

Мәдина: Наурыз мерекесінде жылда наурызкөже пісіреміз. Балаларды қорғау күнін міндетті түрде атап өтеміз. Жаңа жылды отбасымызбен ғана үйде қарсы алып жүрміз. Әйелдер-қыздар мерекесінде екі қызымыз бен маған отбасымыздың еркектері тарапынан ерекше құрмет көрсетіледі, ал жігіттер мерекесінде біз оларды әспеттейміз.

12. Сіздер көп балалы жанұясыздар. Күнделікті істелетін жұмыстар өте көп. Айтыңыздаршы, тұрмыстағы осы бітпейтін күйбең тірлікті сіздер өзара бөліп аласыздар ма? Бұған сіздердің балаларыңыз қатыса ма? Сіздер оларды еңбекке қалай баулисыздар?

Ержан: Үйдің шаруасы көп екені рас. Мен қолымнан келгенше Мадинаға көмектесуге тырысамын. Көп адамдар еркек адамның қазан-ошаққа араласқанын жақтырмайды. Ал, мен өзім тамақ дайындағанды ұнатамын. Хобби есебінде деп айтуға болады. Жоғарыда айтып өткен «Әлдиден эпосқа дейін» кітабында Алла тағала тамақ пісіруді алдымен Адам-атаға үйреткен екен, кейін келе Адам-ата Хауа-анаға үйретіпті, содан еркек адамның жасаған тамағы дәмді болады деген сарында әпсана бар екен. Мен бала күннен кетпен шауып, егін өсіріп, мал қарап, шаруаның түр-түрін істеп өскен адаммын. Өзіме ішінде барлық жағдайы бар қала үйінде өскен балаларымды еңбекке баулу кемшін түсіп жатқандай болып көрінеді.

Мәдина: Мен бұл жағынан жұбайыма ерекше қарыздармын. Өзім шаруаға онша пысық та емеспін, балаларымыз да әлі жас, сондықтан Ерекеңнің көмегінсіз мен ешнәрсеге үлгіре алмас едім. Құдай менің бағыма, кейбір ер кісілер сияқты емес, үй шаруасының қайсысы болсын арланбай істей беретін еркекті жұп етіпті. Қазір күйеуі де, әйелі де жұмыс істейтін отбасылар көп, ал қалалы жерде көпқабатты үйде тұратындар үшін малдың астын тазалап, шөбін дайындау, отын-су, бау-бақшаның шаруасы сияқты ер адамдардың еншісіне бөлінген жұмыстар жоқтың қасы. Ал әйел адамның шаруасы саналатын үй ішінің тірлігі ешқашан бітпейді. Сондықтан да ер кісілердің өз әйелдеріне барынша көмек көрсеткенін дұрыс көремін.

Ал балаларымызды еңбекке баулуды өз ойыншықтарын жинату, өз киімдерін жинатудан бастап жүрміз. Қазір үлкендері өздері төсек салып, төсек жинайды. Ыдыс-аяқ жуып, шаң сүртіп, еден жууға да жарап қалды. Енді үлкен қызыма жеңіл-желпі кірлерді жудырта бастай беру керек-ау деп жүрмін. Жалпы, қыздарым асүйдің қыр-сырын ерте жастан меңгерсе деймін. Ал, ауыл емес, қалада, жер үй емес, көпқабатты үйде тұратын ер балалар үшін шаруа деген, жоғарыда да айтқанымдай, шектеулі ғой.



13. Сіздерді бақытты жанұя деп атауға болады және жаңа Қазақстанның бір ерекше үлгілі отбасы деп айтсақ болады. Ержан, Мәдина сіз екеулеріңіз, тіл көзден аман болыңыздар деп айтайын, ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерін бойларыңызға сіңірген адамсыздар. Сіздер қарапайым әрі кішіпейіл болғандықтан бұл соңғы сұрағым сәл ыңғайсыз естілетін шығар. Сіздерден сұрайтыным, айтыңыздаршы, сіздер басқаларға қандай өсиет айтар едіңіздер?

Ержан: Шынымды айтсам, біреуге өсиет айтатындай шамам жоқ сияқты. Әлі өзімнің бойымда арыла алмай жүрген жаман әдеттерім жетеді. Абай атамыз айтпақшы, «Аршып алып тастайтын апандағы саз емес». Біз әке-шешеміздің берген тәрбиесінен бөлек, көптеген жақсы қасиеттерді кітаптан алдық деп ойлаймын. Бақытымызға орай, кітап көп оқитын заманда, кітап көп оқитын ортада өстік. Қазіргі балалардың кітап көп оқымайтыны мені де алаңдатады. Балаларға да осы әдетті сіңдіруге тырысамыз. Бірақ қазір дамыған технологияның, интернеттің заманы екенін де естен шығармау керек. Балаларымызды одан шектеуден аулақпыз. Белгілі деңгейде бақылау ғана бар. Өзінің кемшілігін басқадан іздейтін пиғылдан да аулақ қылуға үйретеміз. Балаларымның орыс тілін үйренуіне де күш салдым. Өйткені қазіргі біздің қоғамдағы жағдай тағы бір шет тілін қиналмай меңгеріп алуға ыңғайлы. Одан зиян көрмейтіні анық. Дәстүрлі ұлттық тәрбие беру осы екен деп балаға кішкентайынан құран жаттатып, намаз үйретуге қарсымын. Болашақта уақыты келгенде ислам дінін шын ниетімен, шын жүрегімен қабылдайтын алғышарттар ғана жасап отырғанды дұрыс көремін. Ең бастысы, балаларымызды мәдениетті, оқыған-тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат, адамгершілігі мол жақсы адам қылып өсіруге күш салғанымыз дұрыс сияқты.

Мәдина: Жылы лебізіңізге көптен-көп рақмет! Тағдырдың алдымыздан не дайындап тұрғанын кім білсін, дәл қазір бақытты отбасы екенімізге дау жоқ. Құдайға шүкір, басымыз аман, балаларымыз жайқалып өсіп келеді, ырыс-берекеміз кем емес. Ал «жаңа Қазақстанның бір ерекше үлгілі отбасы» деген бағаңызға лайықпыз ба, жоқ па, білмеймін. Өз ұямыздан көргенімізді, өмірден түйгенімізді шама-шарқымызша отбасы деп аталатын «кішкентай мемлекетіміздің» гүлденіп-дамуына жұмсап жатырмыз. Некеге адал болып, отбасы дейтін киелі ұғымның қадірін бағалап, ерлі-зайыптылық, ата-аналық міндеттерімізді адал атқара алсақ деген пейіл-ниетіміз түзу, әйтеуір. Барымыз сол ғана. Шыны керек, біреуге өсиет айтатындай дәрежеде емеспіз. Ең болмағанда өзіміз жақсы болуға тырысайық, өзімізді түзетуге тырысайық деген мақсат қана біздікі.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет