«Қазақмыс корпорациясының политехникалық колледжі» ММ
Ата-аналарға арналған тренинг:
Өткізген: педагог-психолог Садуакасова Ж.С.
2019-2020 оқу жылы
Күні: 30.10.2019ж.
Группа: СВ-19-9
Өткізген: педагог-психолог Садуакасова Жанар Саятовна
Тақырыбы: Ата-аналардың бала тәрбиесінде сенімділік білдіруі, қолдау көрсетуі.
Мақсаты: ата-ананың бала тәрбиесіндегі қарым-қатынасы (сенімділік білдіруі, қолдауы, үміт артуы) туралы түсініктер беру арқылы ата-аналардың білімін көтеруге көмектесу.
Қажетті нәрселер: ақ қағаздар, (А4) фломастерлер, карточкалар, гүл шоғы.
Қолданылған әдістер: дәріс, тренинг, тест.
І. Ата-аналарды тіркеу. Бағдарламамен танысу.
Тренинг мақсатын түсіндіру. Тренердің кіріспе сөзі
- Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар! Мен сіздерді көргеніме қуаныштымын. Өзімді таныстырып өтейін осы колледждің педагог-психологы Садуакасова Жанар Саятовна.
Бүгінгі тренинг тақырыбы: "Ата-аналардың бала тәрбиесінде сенімділік білдіруі, қолдау көрсетуі".
Қазіргі кезде ата-ананың бірінші мақсаты қаражат табу, балаларын еш нәрседен мұқтаж етпеу болып қалды. Көпшілік ата-анада тұрақты жұмыс жоқ. Бала - шағаның қамымен жүрген ата-ана олардың тәрбиесіне де көңіл бөле алмай қалды. Осыдан келіп баламен арада кейбір түсініспеушілік те болып қалады. Баланы тек қана киіндіріп, ішіндірумен ғана шектеліп қоймай, олардың тәрбиесіне де аса мән берулеріңіз қажет. Біздің мақсатымыз - балаларыңызбен қарым-қатынастарыңызды бұрынғыдан да жақсартып, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлудің маңыздылығын дәлелдеу.
"Бала тәрбиесі - мемлекеттің маңызды міндеті"деген сөзді ежелгі грек философы Платонның өзі де бекер айтпаған болар. Қазіргі таңдағы әлеуметтік жағдай да оңай болып отырған жоқ.
Жас жеткіншектеріміздің тәрбиесінің негізі отбасында қалыптасады. Демек,баланың келешекте қандай адам болуы ең алдымен өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесіне, ондағы қарым-қатынасқа байланысты екені күмәнсіз.
Ата-аналар тәрбиеде шыдамдылықты талап ететіндігін мойындайды. Алайда оған арнайы білім қажеттігін жұрттың бәрі біле бермейді. Бүгінгі жиналысымызда ата-ана мен бала арасындағы психологиялық қарым-қатынасы жайлы әңгімелеп, оны жаттығулар арқылы көрсетеміз.
Бала әрдайым ата-ананың аялы алақанын қажетсініп тұрады. Қиындықтар туған сәтте ата-анасының тарапынан қолдау тауып, үлкен сенім артылған баланың ісі оңға басады.
Әрине, әр ата-ана баласына деген сезімін түрліше жеткізеді. Қандай жағдай болмасын. Баланың өзіне деген сенім тудырып, қолдап отыру керек. Бала бір істен қателескен жағдайда оған шыдамдылық көрсету керек. Мұндай сәтте өзге отбасыларымен салыстыруға әуестенбеу керек. Рас, кейде өзге біреудің балалары бойындағы қабілеті айрықша сияқты көрінеді. Бірақ, ол басқа бала. Сондықтан әр баланың өзінің жеке басының ерекшелігін, ешкімге ұқсамайтын кейбір қасиеттерін сезіну керек. Кейде бала бір сәтсіздіктерге ұрынады. Ата-ана қатты уайымдап, баланың еш нәрсеге икемі жоқ, қабілетсіз деген асығыс қорытындыға келеді. Осыдан баланың өзіне деген сенімі күрт жойылады, қолын қусырып, кездескен қиыншылықтарды жоюға дәрменсіз болады. Мұндай жағдайда ата-ана баласының жай ғана талпынысының өзін қолдап түсіне білуі керек. Ең бастысы, бала біздің оны қалай бағалайтынымызды және одан не күтетінімізді сезінуі және түсінуі тиіс.
ІІ. Есімдер аллитерациясы.
Мақсаты: Ата-аналарды бір-бірімен таныстыру.
Шарты: Әр ата-ана өзінің баласының есіміне әдемі теңеу сөзді қосып айтады. Мысалы: мейірімді Мейірлан, әдемі Айдана. Әр отбасының сөзінен кейін қалғандары үш рет қол соғып қошеметтеп қояды.
Сіздің есіміңізді, жақсы қасиетіңізді айтып жатқанда қандай сезімде болдыңыз?
Өзіңіз қазіргі кезде қандай көңіл-күйде отырсыз?
ІІІ. Тапсырма 1.
Қатысушыларға ата-аналардың баламен қарым-қатынасында баланың үмітіне балта шабатын, кінәлайтын сөздер беріледі. Осы сөздерді олардың өз күшіне сенім тудыратындай, жақсы қолдау көрсете алатындай сөздермен алмастыру керек.
Сенен ешқандай жақсылық шықпайды, нөлсің.
Неге сен басқа балалардай емессің?
Неменеге ұсқынсыз болып кеткенсің, шашың дудыраған, үстің кір-кір.
Тағы осылай істесең, менен таяқ жейтін боласың.
Сенің кесіріңнен өмірі жолымыз болмады.
Ата-аналар осы сөздерді былай алмастыруына болады:
«Сенің де қолын өмірде бір нәрсеге жететініне сенгім келеді. Сен өжетсің, сенің қолыңнан келеді,» - деп, үміт артуы керек.
«Сенің де басқалардан өзгеше болуына құқын бар, сенің де қолыңнан келеді» - деп, сенім артуы керек.
«Үстіңді ретке келтір, шашыңды тара, киіміңді ауыстыр » - деп, баланың өзін жақсы сезінуіне көмектесу керек.
«Біз саған қиыншылықты жеңуге көмектесеміз, екіншілей жаман қылық жасама».
«Үлкендердің өмір жолында болып жатқан ыңғайсыз жағдайларға сен кінәлі емессің. Сенің болашағың алда, үлкен ғалым боласың, жақсы дәрігер, білімді ұстаз болуды арманда » және ата-анасын сыйлау керек екенін айтып отыру керек.
Міне, осындай біз көңіл аудара бермейтін қарапайым нәрсенің өзі немесе ойланбай айтылған ұрыс сөзі де баланың жанын ауыртуы мүмкін, өмір сүру ағынын өзгертуі де ғажап емес.
Осы сөздерді олардың өз күшіне сенім тудыратындай, жақсы қолдау көрсете алатындай сөздермен алмастыру керек.
1. Сенен ешқандай жақсылық шықпайды, нөлсің.
2. Неге сен басқа балалардай емессің?
3. Неменеге ұсқынсыз болып кеткенсің, шашың дудыраған, үстің кір-кір.
4. Тағы осылай істесең, менен таяқ жейтін боласың.
5. Сенің кесіріңнен өмірі жолымыз болмады.
ІV. «Аяқталмаған сөйлем» әдісі.
Егер баланызды үнемі сынап отырса, ... (оның ештенеге құлқы болмайды).
Егер балаға үнемі күлсе, ... (ол бұйығы болып кетеді).
Егер баланы үнемі мақтап отырса, ... (ол өз қадірі үшін әрекет жасайды).
Егер бала төзімділікте өссе, ... (ол басқаларды түсінуге тырысады).
Егер бала адалдықта өссе, ... (ол адал болып жетеді).
Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, ... (ол адамдарға сеніммен қарайды).
Егер бала кекшілдікте өссе, ... (ол қатыгез болып өседі)
Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, ... (ол әлемнен махаббат табуды үйренеді).
V. Тест «Сіз қандай ата-анасыз?»
1. Кез келген істі тастай салып баламен айналысасыз ба?
2. Балаңыздың жасына қарамай, онымен ақылдаса аласыз ба?
3. Балаңызбен қарым-қатынас барысында жасаған қателіктеріңізді мойындайсыз ба?
4. Өзіңіздің қателігіңіз үшін кешірім сұрайсыз ба?
5. Балаңыз жасаған ісі ашуландырған кезде өзіңізді ұстап, ашуды жеңе аласыз ба?
6. Балаңыздың орнына өзіңізді қоя аласыз ба?
7. Бір сәтте сізге мейірімді адам деп сенуге бола ма?
8. Өзіңіздің балаңыздан өткен балалық шағыңыздан ескерілетін жағдайды айтасыз ба?
9. Балаңыздың жүрегін жарақаттайтын сөздерді, сөйлем тіркестерін атамауға тырысасыз ба?
10. Балаңызға уәде беріп, жақсы мінез-құлқын ескере отырып, уәдеңізді орындайсыз ба?
11. Балаға қалаған ісін жасауға, өзін ұстауға кедергі жасамай, бір күн еркіндік бересіз бе?
12. Басқа бала сіздің балаңызға дөрекілік көрсетсе, себепсіз ренжітсе, көңіл аудармайсыз ба?
13. Балаңыздың көз жасы, дөрекі сөйлеуі, еркелеуі уақытша екенін білесіз, соған қарсы тұра аласыз ба?
Жауабы:
1. Әрқашан жасаймын, келісемін – 3 балл.
2. Кейде ғана келісемін – 2 балл.
3. Келіспеймін – 1 балл.
Жалпы балл: ___________
Сауалнаманы бағалау:
0-16 балл. Бала тәрбиесі – сіз үшін үлкен проблема. Бала тұлғасын дұрыс қалыптастыру үшін педагог немесе психолог мамандардың көмегіне сүйеніңіз.
16-30 балл. Балаға қамқорлық жасау - бірінші кезектегі маңызды іс.
Сіздің бойыңызда тәрбиешілік қабілет бар, бірақ тәжірибеде әрқашан бір қалыпты бағыттағы мақсатпен әрекет етесіз. Кейде қатал, кейде мүлдем жұмсақсыз. Сізге жауапкершілікпен ойлану керек.
30-39 балл. Бала сіздің өміріңіз үшін ең құнды болғаны. Сіз балаңызды тек түсініп қана қоймай, әрі ойын тануға сыйлы көзбен қарауға тырысасыз.
VІ. «Өтінемін» ойыны.
Мақсаты: Ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, бір-біріне көңіл бөлу, бір-бірін тыңдай білуге үйрету.
Қатысушылар ортаға жартылай шеңбер жасап тұрады.
-Құрметті ата-аналар, балалар! Сіздер қандай «сиқырлы» күші бар сөздерді білесіздер?
-Рахмет, өтінемін, т,б
-Мен әр түрлі өтініштер жасаймын, егер мен «өтінемін» деген сөзді айтсам сіздер оны орындауларыңыз қажет. «Өтінемін» деген сөзді айтпасам, сіздер ол өтінішті орындамайсыздар.
- секіріңіздер
- оң аяқтарыңызды көтеріңіздер
- өтінемін, алақанмен қол шапалақтаңыздар
- оң қолдарыңызбен сол құлақтарыңызды уқалаңыздар
- өтінемін, бір-біріңізді құшақтаңыздар.
VІІ. «Гүл шоғы».
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.
-Құрметті ата-аналар, балалар. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Қазір «Гүл шоғы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге осы гүл шоғын бере отырып бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.
Қорытынды. Бүгінгі жиналыста сіздер бала тәрбиесінін онша оңай емес екенін байқап отырған боларсыздар. Тәрбиенің сан, қырлы әдіс-тәсілдері жөнінде хабардар болдыңыздыр. Бала тәрбиесінде шыдамды болып, өз балаларыңызға жылуыңызды бере біліңіздер! Сіздің өсірген балаларыңыз сіздерді ылғида қуантып, қуанышқа бөлей берсін! – дей отырып, сіздермен қоштасамыз.
Шығу парағы:
Тренинг сізге қызықты болды ма , әлде жок па? (Неге?)
________________________________________________________________________________________________________________________
Тренинг барысындағы өзінің жұмысынды бағала_____________________________________________________
Жүргізушіге ұсыныстарыңыз,тілектеріңіз_____________________________________________________________________________________________
Достарыңызбен бөлісу: |