V. Материалдық техникалық жабдықталуы:
а) техникалық құралдар: компьютер, мультимедиялық құрылғы.
ә) көрнекі және дидактикалық құралдар: өзіндік жұмыстарға арналған кеспелер, тест тапсырмалары, т.б.
б) оқыту орны: дәріс аудиториясы
VІ. Әдебиеттер:
Негізгі әдебиет
1.Асфендияров С. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1993.
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. – Алматы, 1994.
3.Қазақстан тарихы (ежелгі дүниеден бүгінгі күнге дейін) 5 томдық, І Т. – Алматы, 1996.
4.Қазақстан тарихы ежелгі дүниеден бастап бүгінгі күнге дейін, Оқу құралы. – Алматы, 1993.
5.Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы, 2003.
Қосымша әдебиет
1.Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы, оқулық хрестоматия. – Астана, 2000.
2.Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1997.
3.Рыспаев К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 1999.
4.Сарыбаев С. Қазақстан тарихы. –Алматы, 1997.
VІІ. Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі 5 мин. ( 6%)
а)Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру
ә) Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру
б) Сабақтың мақсаты мен міндеті
VІІ. Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру. 15 мин (16%)
Үй тапсырмасы: ХVІ- ХVІІ ғғ. қазақ хандығының саяси жағдайы мен әлеуметтік- экономикалық дамуы.
VІІІ. Жаңа сабақтытүсіндіру: 40 мин (44% )
мақсаты:жаңа тақырып бойынша түсінік беру.
1.1. Дәріс түсіндірме түрінде жүргізіледі.
1.2. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
1.3. Оқулықпен жұмыс жасау.
1.4. Қорытынды.
Ақпаратты – дидактикалық бөлім.
Қазақ-жоңғар қатынастарының шиеленісуі.
XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың басында Қазақстан саяси жағынан бытыраңқы елге айналды. Оның ең басты себебі қазақ жүздері арасында тұрақты экономикалық және саяси байланыстар нашар болды. Әсіресе, Ұлы Жүздің Кіші Жүзбен және Орта Жүзбен байланысы бұл кезде әлі дұрыс қалыптаспаған еді. Басқа елдермен сауда-экономикалық байланыстардың нашар болуы, натуралды шаруашылықтың үстемдігі, ішкі рыноктың дұрыс жолға қойылмауы, оңтүстіктегі қалалардың құлдырауы осының бәрі қазақ жерлерін бір орталыққа бағынатын мемлекетке біріктіруге және елдің бытыраңқылығын жоюға мүмкіндік бермеді. Сыртқы жағдайдың ауыр болуы да елдің бытыраңқылығын күшейте түсті. Жекелеген ірі сұлтандар іс жүзінде хан билігінен тәуелсіз болды, олардың өзара қырқысуы мен бақталасы елді барған сайын кеулеп ыдырата түсті. Түрлі әулетті топтар өзара бақталас болып билік үшін, жақсы жайылымдарды басып алу үшін және өздерінің билігін нығайту үшін өзара күресті. Олардың өзара тартысы мен қырқысуларын бұқар және жоңғар билеушілері де үнемі ушықтырып отырды.
XVII ғасырдың аяғындағы қазақ-жоңғар қатынастарының шиеленісуі екі ел арасындағы соғыс жанжалдарының жаңа кезеңін бастап қазақ хандығына елеулі қатер төндірді. Тәуке ханның өзара тартыстарды тыйып, жүздер арасындағы тыныштықты қалпына келтіруі ұзаққа созылмады. Бір жерден екінші жерге үнемі көшіп-қонып жүру жекелеген тайпалар мен рулардың арасындағы тұрақты байланыстардың дамуын тежеді. Көшпелі өмір салты және патриархаттық-рулық тұрмыс елдің саяси жағынан бытыраңқы болуын тездетті, қазақ қоғамы өз алдына оқшауланған және бытыраңқы рулар тобына ыдырады, бұлардың басшылары басқалардың үстемдігін мойындағысы келмеді. Олардың өзара тартысы мен алауыздығын сыртқы жаулар одан әрі өршітіп, өздерінің тонаушылық шапқыншылық әрекеттерін жүзеге асыруда тиімді пайдалана білді. Осылардың салдарынан елдің бірігу мүмкіндігі шектеле түсті.
Жоңғарлардың батысқа, қазақ жеріне қарай жасаған жорықтарының басты себептерінің бірі жайылымдар үшін тартыс еді. Экстенсивті мал шаруашылығымен айналысатын көшпелілер мал өсіру өндірісі үшін қажет аумақты үнемі кеңейтіп отыруға мәжбүр болды. Жоңғар билеушілерін қазақ елінің ұлан-байтақ құнарлы жерлерімен бірге оңтүстік Қазақстандағы сауда, қолөнер орталықтары да қызықтырды. Бұл аймақты жоңғар қоңтайшылары сауда-қолөнер орталықтары ғана емес, сонымен бірге маңызды стратегиялық аймақ Қазақстанды Ресеймен және Шығыс елдерімен қосатын сауда жолдары өтетін аумақ ретінде де қарастырады.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қазақ хандықтары мен жоңғар қоңтайшылары арасындағы қақтығыс бірте-бірте шиеленіскен және қантөгісті күреске айналды. Қазақтар жиі-жиі жеңіліске үшырап, жоңғар әскерлерінің тонауына душар болды. Адамдары мен мал-мүлкін айдап әкеткен жоңғарлар кейде түгелдей бір рулар мен ауылдарды қырып кетіп отырды. Қазақтардың осы кездегі ауыр жағдайын Ш.Уәлиханов былай деп сипаттады: «XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өміріндегі сұмдық уақыт болды. Жоңғарлар, Волга қалмақтары, Жайық қазақтары мен башқұрттар жан-жақтан олардың ұлыстарын талқандап, малын айдап әкетіп, тұтас үйлерін тұтқынға әкетіп отырды».
Жоңғарлардың қазақ жеріне бағытталған ірі жорықтарының бірі 1710— 1711 жылдары жасалды. Осы кезде 1710 жылы Тәуке хан Қарақұмда бүкіл қазақ жүздері өкілдерінің жиналысын шақырды. Үш жүздің басы қосылған бірі жиында елді біріктіру, жоңғарларға қарсы батыл тойтарыс беру мәселесі қаралды. Жиынға қатысушылар қасық қаны қалганша бірін-бірі қорғауда күш біріктіруге ұйғарды. Ант беріскеннен кейін «жұрттың бәрі дұға оқып, құрбандыққа шалынған ақбоз аттың етін жеп өз одақтарының бұзылмайтындығына сендірді». Жиында қазақ жасақтарының қолбасшылығына Бөгенбай батыр сайланды.
Қарақұм жиынында бас қосып, күш біріктірген қазақ әскерлері біршама уақыт табысқа жетеді. Ата қоныстарын қайтарған қазақ жасақшылары жоңғар жеріне де басып кіріп, көптеген олжа тауып, тұтқын айдап әкеледі. Бірақ бұл табыстар ұзаққа созылмайды, 1713 жылдың өзінде-ақ жоңғарлар жаңа шапқыншылық әрекеттер жасай бастайды. 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болады. Өзара келісімге келе алмаған сұлтандар Тәуке ханның інісі Қайып сұлтанды хан көтереді. Хандықтан бірден-бір үміткер Әбілқайыр қазақ сұлтандарының кіші бұтағынан тарайды деген желеумен хандыққа сайланбай қалады. Осы хан сайлауынан бастап Әбілқайыр өзін тәуелсіз санап, хан билігін мойындағысы келмейді. Оның бұл дербес әрекеті 1717 жылы Аягөз маңында болған жоңғар-қазақ әскерлерінің шайқасында айқын көрінеді. Шешуші сәтте Қайып ханмен өзара ымыраға келе алмай, ұрыс даласын тастап шығады. Қазақтар ауыр жеңіліске ұшырайды.
1718 жылы жоңғарлар жаңа жорық жасап, қазақ әскерлерін Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойында тағы да жеңіп, бүкіл Оңтүстік өңірді тонайды. Осы жылы Қайып хан да дүние салады. Хан сайлауында ірі сұлтандар және жүздер арасында ірі алауыздықтың бар екендігі айқын аңғарылады. Әбілқайырдың хан билігіне келуін жақтырмаған ірі сұлтандар тобы Тәуке ханның ел билеуге қабілеті жоқ дарынсыз ұлы Болатты хан тағына көтереді. Елдегі ауыр жағдайды бағалай білмеген Болатхан елді біріктіре алмайды. Ташкентте Жолбарыс ақ киізге отырып хан тағына келсе, Кіші Жүзде Әбілқайыр, Орта Жүзде Сәмеке хан болып сайланып, елдің бытыраңқылығы одан әрі күшейе түседі.
XVIII ғ. 30ж. ортасында жоңғарлар қайтадан қазақтарға, әсіресе орта жүзге қысым көрсете бастады. Орта жүз ешкімгі тәуелді болмай, өз еркімен өмір сүрді. Сәмеке хан өлгеннен соң да (1822ж. Сібір қазақтарының жарғысына дейін) Орта жүз тәуелсіз болып қала берді.
Абылай хан (1771-1781ж.) қазақтың мемлекеттігін сақтап, берік ұстау үшін данышпандық саясат жүргізді. 1740ж.- 1750ж. Орынборда Ресеймен жақсы көршілес болу жөніндегі және оны сақтай отырып, Әбілмәмбет ханмен бірге Қытаймен бейбіт қатынаста болу жөнінде келісімдерге қол қойды. 1733-1734ж. Ұлы жүздің бірнеше сыйлы адамдары Ресей бодандығына көшуге ниет білдіреді. 1734ж. 10 маусымдағы императрицаның грамотасына Ұлы жүздің ірі-ру басшыларының орыс бодандығын қабылдағанын жариялады. Бірақ Ұлы жүз жерінің Ресейден алыс орналасуы, халық-аралық және ішкі жағдайлардың жиынтығына байланысты Ұлы жүз шын мәнінде Ресейге кейінірек қосылды.
XVIII ғ. ортасында 1745ж. Галдан Цереннің өлімінен соң, жоңғар державасының құлдырауына әкелді. Галдан Цереннің кезінде Жоңғария күшті империяға айналды, оған дәлел, осы кезеңде Жоңғарияның Қытай империясымен бірнеше рет соғыс жүргізуі. 1734ж. Ұлы жүз, ал 1742ж. Орта жүз билеушілері аманатқа өздерінің балаларын беруге мәжбүр болды. 1730ж. орта басында, Орта жүздің саяси өмірінде, одан соң барлық қазақ одағында Абылай сұлтан үлкен рөл атқарды. 30ж. аяғында Абылай сұлтан бір шайқаста атақты Шарыш деген жоңғар батырын өлтіреді. Ал Шарыш Галдан Цереннің жақын туысы еді. Шарышты өлтіргені үшін жоңғарлар қазақтарға қарсы үлкен шайқасқа дайындалады. 1741ж. Орта жүздің қазақ көшпелілері 3 жағынан қалмақ әскерлерінің қоршауында қалады. Қазақ шежіресінде бұл оқиға, және Абылай сұлтанның тұтқындалуы аңыздарда «Сүзектің қолы» деген атаумен кездеседі. Жалыбы Абылайды Ұлытау тауында қолға түсіреді.
Абылайдың артынан қазақтар жоңғар ордасына Қаз Дауысты Қазыбек би мен Малайсары батырдың басшылығымен 90 би, батырларды жібереді. Келіссөздер нәтижесінде қазақтар мен қалмақтар бірнеше келісімдерге келеді. Абылайды босатуда және Жоңғариямен бейбіт келісімдер жасауда 30-60ж. Қазақ ханы Әбілмәмбет те маңызды рөл атқарды. 1740 ж. Ор бекінісінде Әбілмәмбет хан Ресейге адал болатынын айтып ант береді. Әбілмәмбет пен Абылай В.Урусовпен келімімге қол қойғанда Галдан Церенге қарсы шайқаста орыстар көмек көрсетеді деген үміт те болды. XVIII ғ. 40ж басында Орта жүзге жоңғарлар тағы да шабуыл жасайды, бірақ орыстар тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді. 1742ж. ол өзінің ұлы Әбілфейзді Галдан Церенге аманатқа береді. Осының арқасында Абылай сұлтан босатылады. Ақылды, дипломат Әбілмәмбет Түркістандағы қалалардың билігін өз қолына алады. Галданның үш ұлы болды. Галдан өлгеннен соң билікке талас басталады. 1755ж. Қытай Жоңғарияны жаулап алып, толық жойып жібереді.
Достарыңызбен бөлісу: |