Байланысты: ҰБТ Қазақстан тарихы 8 сынып Атамұра Алматы
ОҚУЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК Қымбатты достар! Оқулықтың мазмұнымен мұқият танысып шығыңдар. Ол оқулықтың ең соңында берілген. Жеті бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің өзі бірнеше тақырыпқа бөлінген. Оқулықтың мазмұны ондағы бүкіл материалды жүйелі, рет-ретімен қалай оқып үйренуге болатынын көрсетеді.
Оқулықтағы жазбаша және әдеби дерек көздерінен келтірілген үзінділер мен суреттер, карталар, кестелер сендерге Қазақстанның жаңа тарихының басты-басты негізгі оқиғалары туралы неғұрлым тереңірек білулеріңе көмектеседі. Оқулықтағы суреттер сендердің сонау алысқа, өткен замандар қойнауына неғүрлым тереңірек бойлауларыңа, сол бір қызықты да қайталанбас дәуір «тамырының қалай соққанын» сезінулеріңе мүмкіндік туғызады.
Әр тақырыптың соңында сұрақтар мен тапсырмалар берілген. Ол сұрақтарға дұрыс жауап беріп, тапсырмаларды сапалы орындау, сол тақырыптың материалдарын мейлінше мұқият оқып шығу керек. Сұрақтар мен тапсырмалар сендердің жаңа тақырыпты қаншалықты терең меңгергендеріңді тексеріп көрулеріңе көмектеседі.
Тақырыптың мәтінін оқу кезінде қара әріптер немесе курсив әріптермен терілген сөздерді кездестіресіңдер. Сендердің ол сөздерге айрықша назар аударуларың керек. Қара әріптермен терминдердің мазмұнына, тарихи тұлғаларға берілген түсініктерді әр тақырыптың соңынан таба аласыңдар. Сондай-ақ елеулі даталар да қара әріптермен терілген. Мұның өзі сендердің оларды естеріңде жақсы сақтауларың үшін осылай жасалған.
Кейбір тақырыптарға шағын кіріспелер немесе сұрақтар мен тапсырмалар берілген. Олар курсив әріптермен терілген. Сендер мұның бәрін де жаңа тақырыпты оқуға кірісерден бұрын міндетті түрде орындауға тиістісіңдер. Бұл өткен тақырыптарды еске түсіру үшін жасалған.
Кейбір тезистерді неғұрлым терең түсіндіру үшін баса назар аударылуы тиісті сөздерді біріншіден, екіншіден, үшіншіден деген сияқты курсивпен теру арқылы бердік. Әр тақырыптың соңында оқып үйренуге арналған кезеңге қатысты неғұрлым маңызды құжаттардан үзінділер келтірілді. Сондықтан да оларды міндетті түрде оқып шығыңдар. Құжаттың әр үзіндісінен кейін бірқатар сұрақтар берілген. Сендердің ол сұрақтарға да жауап қайтаруларың керек. Мұның бәрі де сол тақырыпты неғұрлым жақсы әрі терең меңгерулерің үшін жасалып отыр. Оқулықтың соңында қайталаулар мен есте сақтау үшін қажетті материалдар бар. Сендердің өткен тақырыптарды тағы бір рет пысықтап шығып, ХVІІІ-ХХ ғасырлардың бас кезіндегі Қазақстан тарихының негізгі даталарын, аса маңызды деректер мен оқиғаларды қайтадан еске түсірулерің қажет.
Оқулық материалдарын терең меңгеруге «Хрестоматия» да көп көмектесе алады.
Біз сендердің жаңа тарихи білімдермен сусындап, неғұрлым тереңірек қаныға түсуде табыстан-табысқа жете берулеріңе тілектестік білдіреміз!