Баспасөздегі эссе. Газет-журнал беттерінде жиі жарық көретін тағы бір жанр түрі – эссе. Эссе туралы айтылған ойлар мен тұжырымдар аз емес. Алайда оны әдебиет сынының жанрына жатқызуды жөн көрген Д.Ысқақұлының пікірінше: «Эссе – көркем жанр. Солай бола тұрса да оның сыншылық сипаты айқын. Эсседе ғылыми талдаулардан гөрі автордың өзіндік әсерлері, шығармашылық тәжірибелеріне негізделген ойлары басым, шағын көлемді, еркін құрылымды келіп, көркем әдеби стильде жазылады» [91, 231-б],-дейді. Ал, әдебиеттану терминологиялық сөздігінде эссеге сын жанры деп қана емес: «Эссе тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философиялық, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры...» [92, 378],- деп анықтама береді.
Байқауымызша, эссені жазушылар мен публицистер түрлі бағытта жазады. Біреулер объектінің көркем бейнесін жасау, ашу болса, енді біреулер тек ой – толғанысын жеткізе жазады. Ал тағы біреулері өз ой-толғамын жеткізе отырып, объектінің көркем бейнесін ашуды қатар жүргізеді. Демек, эссені жазу жазушының жазу стилі мен ойлау қабілетіне байланысты болады және эссеист жанрдың өзіне тән қасиеттерін жіті білуі қажет.
1993 жылғы 24 желтоқсандағы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «Шашырап түскен тіркестер» атты А.Сүлейменовтің эссесі жарық көрген. Оның өзіндік ойы мен терең толғанысы эссенің жанрлық деңгейін жоғалтпағандай. Соңғы кездері жарыққа шығып жүрген «Әдебиет айдыны» газеті де эссе жанрына көп орын беріліп жүрген басылымдардың бірі. Газеттің 2006 жылғы 23 ақпанындағы санында жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Менің пірім» атты эссесі басылды. Эссе жыр алыбы Жамбылға арналған. Автор өз өмірінен алған естеліктерді толғана отырып, Ж.Жабаевтың өміріне, отбасына шолу жасаған. Өзінің түсінде Ж.Жабаевтан алған батасын жақсыға жорып үлкен түйіндер жасайды: «Ғажайып ұлы адамдардың кие, пірі болады. Абылайхандікі – қызыл түлкі, Райымбек бабада – ақ түйе, Кемпірбай ақында – көкала үйрек. Ал, Жамбыл атамыздың киесі – қызыл шұбар жолбарыс».
Қазақ әдеби сынындағы эссе жанрына қалам тербеген атақты қаламгерлердің баспасөз беттеріне жазған эсселерін саралап айту оңай шаруа емес. Алайда, кейбіріне тоқталып кетуге болады. Мысалы, Ақселеу Сейдімбектің «Парасат» журналына шыққан «Ой толғағының» ауқымы кең, мәдени-тарихи өмірдің ең қызықты мәселелерін қозғай отырып, әдебиет, мәдениет, өнер туралы түрлі ойлар айтады. Б.Кенжебаев, Ғ.Мүсірепов, А.Сүлейменов, С.Әшімбаев, С.Шаймерденовтер эсселік мақалаларын жиі жарияланып тұрған. Эсседе көбінесе, автордың өзіндік ой-толғаныстары, әсерлері көрініс тауып, ғылыми талдау ысырыла береді. Қазақ басылымдары эссе жанрын оның жанрлық қасиеттерін сақтай отырып өз беттерінен түсірмей келеді. Басылымдардың тарихына көз жүгіртсек, тәуелсіздік алғанға дейін де, тәуелсіздік алғаннан кейін де эссе жанрына айрықша орын беріп келгенін байқау қиын емес.
Эссе туралы ғалым Д.Ысқақұлы: «Сонымен сын жанрларының ішіндегі эссе жанры - әдебиет жайлы не бір құнарлы ойлардың бір бұлағы, әдебиетіміз, қаламгерлеріміз хақында жүректі жарып шыққан ақжолтай пікірлерді оқырмандарға жан жылуымен, әсем әсерімен, бейнелі бояуымен сол күйінде жеткізудің бірден бір арнасы. Көркем әдебиет пен оның сынының арасында жүріп, екеуіне бірдей қызмет ететін өміршең жанр. Қазақ эссеистикасы әлі жас. Оның болашағы алда. Қазақ әдебиеті мен сынында эссенің эссеистикасы аталатын үлкен өркенді салаға айналатындығына сеніміміз мол» [91, 237-б], деген пікір айтады.
Қазақ баспасөзіндегі ерекше жанрларының бірі ретінде атап кеткен эссе жанры да өз ішіндегі портреттік-эссе деп аталатын түріне «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 12 желтоқсанындағы санында «Академик Қозыбаев» атты портреттік-эссе жарық көрді. Бұл эссе М.Қозыбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған. Авторы - сол кездегі КСРО Журналистер одағының мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Материал портреттік-эссе болғандықтан мұндағы ой мен мақсат бір ғана адамның өмірі мен 60 жасқа дейінгі жасаған ерліктерін көрсету екені белгілі. Жоғарыда айтылғандай, эссені жазу жазушының стилі мен ойлау қабілетіне байланысты. Эсседе автордың өзіндік көркем ойлары айқын аңғарылады. Бұл эссенің басы өзінің көркемдік тұрғыдағы мынадай сөйлеммен ашылады: «Қазақ халқының тарихына, ең қайғылы, қаралы кезең болып енген, Атыраудан Алтайға дейінгі ұлан-байтақ өлкені бұрын-соңды болмаған аштық жайлаған сол бір зұлматқа толы жылдың қарашасында Қозыбай ақсақалдың ортаншы ұлы Қабаштың шаңырағында сәби дүниеге келді». Портреттік-эссенің жазылу стилі қарапайым көрінгенмен, академиктің өмірлік портретін ашу, жетістігін жеткізуде мақала авторының бар шеберлігін салғаны көрінеді. Жалпы, осы аталған эссе көбінесе жазылу түріне қарай сын жанрларының шығармашылық портрет түріне көбірек келеді. Себебі, шығармашылық портрет, зерттеушілеріміздің пікірінше «жазушы туралы құжатты очерк» [93, 895-б] ,-деп аталған болатын. Бұл жанрдың ерекшелігі – негізгі объект тұлға және кез-келген жайды сөз еткенде автордың қатысынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан, эссе жанры шығармашылық портретке, әдеби портретке де жанасады.
Телеэссе. Эссе французша «essai» сөзі «тәжірибе» деген мағына береді екен. Бұл философиялық, әдеби-сыни, эстетикалық публицистика авторының жеке көзқарасын еркін кейде, парадоксалды, ауызекі сөйлеуге бағытталып берілуін қамтитын жанр. Жанрдың негізін қалаушы ХҮІ ғасырда өзінің әйгілі «Тәжірибелер» атты кітабын жазған француз философы, гуманисі Мишель Монтень саналады. Орыс әдебиетінде эссеистиканың тамаша үлгілерін Ф.М.Достоевскийдің «Жазушының күнделігі» атты шығармасынан табамыз.
Ресей журналистикасында эссе жанрының пионері болып «Көрермен» («Зритель») журналы саналады. Ол ХҮШ ғасырда авторлардың басынан кешкен түрлі оқиғаларды, жеке хаттарды жариялауға кірісті. Бастапқыда эссе жанрында тақырыптық шектеулер болмаған. Эссе ауыл шаруашылығы, театр қойылымда-рының тұсаукесерлері, саясатты, мәдениет пен әдебиетті қамтыды. Алайда, біздің ғасырымыздың басында эссе жанрында тек әдебиет және өнерге қатысты тақырыптар жазыла бастады, эссе кейінен өзіндік рецензия өлеңдер немесе пьесса, вернисаж, не фильм пішініне айналды.
Теледидардың пайда болып, дамуымен эссе жаңа сипатқа ие болды. Теледидар коммуникациясының тұлғалық, лирикалық сипаты эссе жанрындағы көркем публицистикалық хабарлама дайындауға бейім. Бұл жанр құрылымы автормен, тұлғамен тікелей қарым-қатынасты талап етеді. Эссе терең тұлғаландырылған журналистика жанры.
Алайда, теледидардағы эссе жолында үлкен бір кедергі бар. Бұл жанрдағы туындылар аудиторияға, яғни көрермендерге тек авторы атақты, шеберлігімен көрермендерге танымал және олардың құрметіне бөленген жағдайда ғана қабылданады. Орыс телеэссеис-тикасының шебері И. Андроников – актер, жазушы, ғалым теледидарда бірнеше телеэссенің классикалық үлгісін жасауымен тарихта қалды. Оның «Үлкен зал жайлы естеліктер», «Невский проспект» және тағы басқа эсселері рессейлік телехабарламалардың алтын қорына енді. Бұл жерде Г.Шергованың «Дошкова жайлы аңыз бен ақиқат» және «Дәл сол Таня ма?», А.Габриловичтің «Біздің балалықтың футболы», «Біздің балалықтың циркі», «Біздің балалықтың киносы» эсселерін атап өтуге болады.
Эссе жанры авторларға үлкен тақырыптық, мағыналық, пішіндік, көркемдік, бейнелік, сонымен қатар, теледидардың табиғи талаптарына сай келетін мүмкіндіктер береді. Бүгінгі теледидар тәжірбиесі жанрдың барлығы емес эссеистиканың – өзіндік стилі, мәнері, тілдік ерекшеліктері жайлы сөз қозғауға мүмкіндік береді.