Оқулық баспа Философия тарихы Болмыс ілімі (Онтология) Эпистемология(Таным мәселелері) Әлеуметтік философия



бет204/231
Дата23.12.2022
өлшемі5,05 Mb.
#164080
түріОқулық
1   ...   200   201   202   203   204   205   206   207   ...   231
Байланысты:
философия Серик Мырзалы

Рефераттар тақырыптары:
Философиядағы таным ілімі;
Танымның практикалық табиғаты;
Танымдағы ақиқат мәселесі;
Сезімдік танымның ерекшеліктері;
Рационалдық танымның құрылымы;
Қазіргі ғылымның ерекшеліктері;
Танымның жалпы әдістері;
Диалектика және метафизика;
Абстрактіліктен нақтылыққа өрлеу таным жолы;
Синергетика ілімінің методологиялық мүмкіндіктері;
Өз бетінше дайындыққа арналған сұрақтар:
Сезімдік танымның формаларын келтіріңіз.
Интуиция (ішкі көкей көз) дегеніміз не?
Ақиқат дегеніміз не?
Ақиқатқа жетудегі жаңылу мен жалғанның айырмашылығын көрсетіңіз.
Танымдағы әдістердің қызметі қандай?
Теория дегеніміз не?
Экспериментті кейбір кезде неге «табиғатты тергеу» дейді?
Категориалдық синтез дегеніміз не?
Дедукция кеңінен қай ғылымдарда қолданылады?
Қазіргі ғылымдағы моральдық құндылықтар маңызы өсуінің себебі неде?
XV тарау. Әлеуметтік философия. Қоғам болмысы
§ 1. Қоғам ұғымы
Болмыс категорияларын талдай келе, енді бүгінгі таңдағы ғылымға мәлім ең күрделі дәрежеде ұйымдаскан қоғам болмысына келіп тірелдік. Өйткені біз білетін Ғарыштағы Жер бетінде өмір сүріп жатқан саналы пенде - адамдар - бір-бірімен бірігіп, сан-қилы қарым-қатынастарға түсіп қоғамды құрайды.
Қоғам ұғымының орнына көп жағдайда оған мән-мағынасы жағынан жақын категориялар колданылады. Сондықтан ең алдымен біз оларды бір-бірінен айыра білуіміз қажет. «Ел» және «қоғам» категорияларын салыстырсақ, біріншінің географиялық жағы басым. Мысалы, Қазақ елі Азия құрылығының ортасында, мұхиттардан алыс орналасқан ел. «Қауым» және «коғам» категорияларына келер болсақ, біріншіге отбасы, ру, тайпа, халық, ұлт секілді әлеуметтік ұйымдасу формалары жатады. Ал «мемлекет» пен «қоғамды» салыстырсақ, ол мүхиттағы айсберг сияқты: судың бетіндегі көрінетін алып мұздың кішкентай ғана бөлігі - ол мемлекет болатын болса, су астындағысы - қоғам. Қоғам өміріндегі сан алуан карым-қатынастардың ең негізгілерін ғана мемлекет заң арқылы ретке келтіре алады, қалғандары әдет-ғүрып, моральдық, эстетикалық, т.б. әлеуметтік нормалардың негізінде қалыпқа келеді. Кең түрде алғанда, қоғам деп адамдардың арасында қалыптасатын сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың жиынтығын айтамыз. Бұл арада мына нәрсеге көңіл аудару қажет: ол байланыстар мен қарым-қатынастар сол қоғамның өзіндік өмір сүруіне жеткілікті болуы керек. Алайда «өз-өзіне жеткілікті» деген ұғымның өзін нақтылай түсу қажет. Өйткен себебі, бүгінгі таңда бірде-бір мемлекет, қанша алып болса да, барлық қазіргі өмірге керекті заттарды шығара алмайды. Сондықтан баска елдермен экономикалык, саяси-құқтық, мәдени-рухани байланыстарға түседі. Олай болса, «өз-өзіне жеткілікті» деген ұғымды қалай түсінуге болады? Белгілі нактылы-тарихи коғам өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан руханияты, дүниесезімі, өмір салтын сактай отырып, негізгі өмірге қажетті нәрселерді өзі өндіруі кажет. Мысалы, бүгінгі өтпелі қоғамда жер көлемі бойынша 10-шы орында болсақ та, ет, көгөністерді басқа елдерден алатын болсақ, онда біз өз-өзімізге жеткіліксіз боламыз. Әрине, Қазақстан Бразилия емес, сондықтан тропикалық аймақтарда өсетін апельсин, мандарин, банан сияқты жемістерді, кофе, шай сияқты тағамдарды шетелдерден алмаса болмайды. Сондай-ақ жеңіл мәшине, неше түрлі компьютерлер, радио-теле аппаратураларды да алуға болады. Сонымен қатар жер бетіндегі үлкен астық өсіретін ел болғандықтан, ауыл шаруашылығына керек механизмдерді өзіміз шығармай, көсегеміз көгермейді. Күнбе-күн өмірге керек заттардың көбін де өзіміз дүниежүзілік талаптарға сай етіп шығара білуіміз қажет. Сонда ғана біз өз-өзімізге жеткілікті коғам боламыз. Бұл мәселелер қазіргі саясаттану ғылымында «ұлттық қауіпсіздік» категориясы арқылы талданады. Оқырманның байқағанындай, бүгінгі таңда біз көп өмірге керек тауарларды шығара алмай, сырттан әкелуге мәжбүр болып отырмыз.
Екінші үлкен сұрақ: қоғам өміріндегі сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың ішіндегі негізгі, оның іргетасын құрайтындар қандай болмақ?
Сонау көне заманнан бері созылып келе жатқан үрдіс — қоғамдағы рухани, саналы байланыстарды негізгі деп есептеу. Өйткені бір қарағандағы қоғамның жануар тобырынан айырмашылығы - ондағы рухтың пайда болып, сол қоғамға тигізетін зор әсерінде болса керек. Қоғам өмірінде өмір сүріп жатқан нақтылы тірі адам басқалармен саналы қарым-қатынасқа түседі. Ол өз алдына неше түрлі мақсат-мұраттар қойып, оларды іске асыруға тырысады. Яғни идея әрқашанда алда, соңынан ол іске айналады. Олай болса, қоғам өмірін анықтайтын - билік басындағы ұлы тұлғалардың саналы іс-әрекеті. Мұндай көзқарасты сонау Көне заманнан бастап Жаңа дәуірде өмір сүрген ағартушылардың еңбектерінен байқауға болады.
«Халық - шөп, ел билеуші - жел. Жел қай жаққа үрлесе, шөп сол жаққа майысады» - дейді көне Қытай философиясы.
Орта ғасырдың ұлы ойшылы Әл-Фарабиге келер болсақ, ол қоғамның ахуалын Халифтің адалдығы, әділеттілігі, көрегендігімен байланыстырады. Сол замандағы Еуропа ойшылдары А.Августин, Ф.Аквинский қоғамның дамуын алдын ала болжанған Қүдайдың әмірімен ұштастырады. Жаңа дәуірде өмір сүрген француз ағартушысы Ш.Л. де Монтескье коғамның өрлеуін «ағарған монархтың» іс-әрекетімен байланыстыра отырып, коғам өміріндегі заңдарды жетілдіруді бірден-бір шешуші фактор ретінде қарайды (мұны «қүқтық көзқарас» деп әдебиетте атап кеткен болатын). Бүгінгі таңда да мұндай көзқарастар кеңінен таралған. Әрине, қоғам өміріндегі заңдар сапасының биік болғаны оның дамуын тездететіні сөзсіз. Сонымен қатар заңның өзі -- адамдардың (кәсіби заңгерлердің) рухани туындысы емес пе?
XX ғ. ұлы ойшылы К.Ясперс те тарихтағы рухани төңкер0істерді қоғамның дамуының негізіне жатқызады. Оның ойынша, «адами ахуал - әрқашанда рухани ахуал». Мұндай көзқарастарды қорыта келе, қоғамды талдаудағы идеалистік жол десек те болады.
Сонымен қатар XIV ғ. өмір сүрген араб ойшылы Ибн-Халдун қоғамды талдауға жаңа үлгі енгізеді. Оның ойынша, әртүрлі қоғамдардың бір-бірінен айырмашылықтары, негізінен алғанда, материалдық игіліктерді қалай өндіру, бөлу, тұтынуына байланысты. Алайда ұлы ойшылдың көзқарастары соңынан ұмытылып, тек қана 5 ғасырдан кейін К.Маркстің еңбектерінде жаңадан негізделеді.
К.Маркс қоғамтану саласына, негізінен алғанда, екі жаңалық енгізеді. Оның бірі - қосымша құн теориясы, ал екіншісі - тарихты материалистік тұрғыдан түсіну қағидасы. Ең алдымен бұл екі жаңалықтың да дүниеге келуі капиталистік қоғамның қалыптасып, дамуына байланысты болғанын атап өту қажет. Егер К.Маркс дүниеге келмегеннің өзінде, басқа ғалымдар ертелі-кеш оларды ашатыны сөзсіз еді. Өйткені мыңдаған жылдар бойы бұрынғы қоғамдарда әртүрлі сословиелік-заңдық қатынастармен бүркемеле-ніп келген экономикалық қатынастар Жаңа дәуірде ашылып, ғалымдардың назарын аудара бастайды.
Енді К.Маркстің бірінші ашқан жаңалығына келер болсақ, капиталдың өндіріс айналымында өсуі оның ерекше бір ғажап қасиетінен туындамайды. Бұл үрдіс тарих сахнасында ерекше тауардың пайда болуымен байланысты. Ол - жұмысшы және оның еңбекке деген күш-қабілеті. Оның тек өзіне ғана тән қасиеті өз бағасынан да жоғары қосымша құн тудыруында жатыр. Мысалы, капиталист жұмысқа қабылдаған адамға 500 доллар жалақы төлейді. Ол оның отбасын асырауға, өзінің күнбе-күнгі жұмысқа деген күш-қуаты мен қабілетін толықтырып отыруға жетеді. Бірақ ол шынында 1000, я болмаса 1500 долларға жуық материалдық игілік-терді жасауы мүмкін. Ол - капиталистің байлығын өсіретін қосымша құн. Оны, халықтың жалпақ тілімен айтсақ, қанау дейміз. Әрине, К.Маркстің ашқан бұл теориясының уақытында коғамның саяси саласы мен жұмысшы қозғалысына тигізген үлкен әсерін айтпай кетуге болмайды. Өйткені ол бұл құбылысты жекеменшікке негізделген шаруашылыққа ғана тән деген тұжырымға келеді.
Алайда адамды адамның қанауы (эксплуатация) мемлекеттік (яғни қоғамдық) меншікке негізделген қоғамда да болуы мүмкіндігін өткен Кеңес қоғамының тарихы айкын көрсетті. Бұл қоғамда әсіресе ауылдағы механизаторлар, сауыншылар, кен өндірісіндегі шахтерлер, металлургтар т.с.с. топтардың қаналғаны қазір баршаға мәлім. Екінші жағынан алып қарағанда, бүгінгі дамыған капиталистік елдерде капиталдың өсуі, негізінен алғанда, жұмысшыларды қанаудан емес, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ұтымды пайдалану аркылы іске асып жатқанын айтып өту керек.
Негізінен алғанда, қанаудың негізгі анықтамасы — адамның мерзімсіз азып-тозуы, оның өмірінің қысқаруы болып табылады. Ал бүгінгі таңдағы дамыған елдерде адам өмірінің ұзақтығы өте биік дәрежеде болғандықтан, «қосымша құн» теориясы өзекті мәселе деп айта алмаймыз.
Ал К.Маркстің ашқан екінші - тарихты материалистік тұрғыдан түсіну қағидасына келер болсақ, коғамтану саласында оған парапар тұжырымдама әлі жасалған жоқ деп айтуға болатын сияқты.
Сан алуан қоғам өміріндегі байланыстар мен құбылыстардың ішінен К.Маркс материалдық қарым-қатынастарды басымдық түрінде бөліп алып, олардың іргелілігін көрсетеді. Оның себебі адамдардың қарапайым да табиғи күнбе-күнгі өмір сүру қажеттіліктерін өтеу керектігінде жатыр. Расында да, адамдарға күнбе-күн тамақ ішу, киім кию, баспана, т.с.с. материалдық мұқтаждықтарын өтеу керек. Оларсыз өмір жоқ. Ол үшін материалдық игіліктерді өндіру қажет. Оны өндіру барысында адамдардың санасы мен еркіне тәуелсіз өндірістік қатынастар пайда болады. Соңғы қоғамның іргетасын кұрайтын шынайы базис болып есептеледі. Ол адамдардың санасы мен еріктеріне тәуелсіз қалыптасады да, оның үстінде қондырма ретінде оған тәуелді мемлекет, саяси, құқтык, моральдық, эстетикалық, діни т.с.с. құбылыстар орналасады. К.Маркстің ашқан бұл ұлы жаңалығын жете түсінудегі негізгі қиындық өндірістік қатынастардың адамның сана-сезіміне тәуелсіз қалыптасуы. Адам әркашанда саналы пенде ретінде өмір сүреді. Адам өзінің отбасында, күнбе-күнгі жүріс-тұрысында баска адамдармен саналы қарым-қатынасқа түсіп, өндірістік катынастарға келген кезде «санасын үйде қалдырып кететінін» көзге елестету тіпті мүмкін емес. Олай болса, К.Маркстің негізгі кағидасын қалайша түсінуге болады?
К.Маркстің ойынша, әрбір дүниеге келген жаңа ұрпақ бұрынғы бабалардан қалған коғамның материалдық өмірімен кез болады. Ол өндіргіш күштерді (машиналар, неше түрлі жабдықтар, байланыс жүйелері т.с.с.) жаңа ұрпақ өз еркімен ысырып тастап, өмірді «таза беттен» әрі қарай жалғастыра алмайды. Ол сол материалдық игіліктерді игеруге және өз өмір шеңберінде оны әрі карай дамытуға мәжбүр болады. Сол өндірістік катынастарды игеруде жаңа ұрпақ өз сана-сезімін соған сәйкес қалыптастырады. Яғни қоғамдық болмыс қоғамдык сана-сезімнің қалыптасуына шешуші ықпал жасайды.
Сонымен қоғамдық қатынастар деп адамдардың арасында қалыптасатын тұракты да қайталанатын байланыстарды айтуымызға болады. Мысалы, екі бір-бірімен таныс емес адам кездейсоқ кездесіп, біреуі: «Абылай хан көшесі қай жақта?» - десе, екіншісі: «Сіз қайдан келдіңіз?» - деп сұрауы мүмкін. Әрине, олар байланысқа түсіп, ақпарат алмасты. Бірақ бұл кездейсоқ байланысты «қоғамдық қатынас» деп айту асырасілтеушілік болар. Егерде біз профессордың күнбе-күнгі студенттермен кездесіп, білім беруін алсақ, оларды қоғамдық қатынастарға әбден жатқызуға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   200   201   202   203   204   205   206   207   ...   231




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет