Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алты үлкен жоба аталды. Сол жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Мен бұны арнайы айтып жатқан себебім, бұл бастама ауызекі тілде «100 жаңа оқулық» деп аталып жүр. Бірақ бұл жобаның мақсаты 100 кітап аударып шығарудан әлдеқайда кең. Сөзсіз, тамаша оқулықтар аударылады, басылып тарайды. Бірақ мұның барлығы түпкі, үлкен мақсатқа жол салатын құрал. Ол қандай мақсат? Жаңа оқулықтар арқылы біз қазақ аудиторияларындағы талқының мазмұны мен деңгейін көтереміз. Сол арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығуы тиіс. Өйткені әлемдік гуманитарлық ғылым қазақ тіліне мұндай көлемде ешқашан аударылған емес. Қазақы интеллектуалды, гуманитарлық ғылыми орта, оқытушылар мен студенттер, оқушылар бұл жобаға өздерінің күнделікті өміріне, ертеңіне тікелей қатысы бар мүмкіндік деп қарауы керек. ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері аудармамен көптеп айналысты. Бірақ ол кезде қазіргідей мүмкіндік болған жоқ. Қазір мүлде басқа уақыт, басқа мүмкіндік. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан бұған атсалыса алатын орта жұмылуы қажет.