22. Беткейлер, беткейлік процестер және беткей бедері. "Беткей" туралы ұғым.
Жер беті беткейлерден және жазық бағыттағы кеңістіктердің үйлесуінен тұрады. Ал, беткей дегеніміз көтеріңкі және ойпауыт бедер пішіндерін бір-бірінен оқшаулайтын еңіс жазықтықтар. Беткейлер дамыған аймақтарда ауырлық күш әсерінен топырақтың төмен қарай сыркып ауысуы үлкең роль атқарады. Жалпы құрлық бетінің 80%-ін беткейлер алып жатыр. Сондықтан беткейлер алыптасуының және олардың ауқымында өтіп жатқан табиғи процестердің маңызы өте зор (О.Леонтьев, Г.Рычагов, 1988).
Беткей етегіне қарай бағытталған үгілген материалдың ауырлық күш әрекетіне борпылдақ таужыныс бөлшектерінің өзара тұтасу күші және олардың астында жатқан түпкі таужыныстардың ілініс күші кері әсер етеді. Осы үгілген материалдың ауырлық күші мен тұтасу күштері арасындағы ара қатынас беткейлер үстіндегі процестердің бағытын және қарқындылығын белгілейді. Бұл процестер көптеген факторларға байланысты болып, олардың әрі қарай дамуына себепші болады. Беткейлердің үстінде болып жатқан процестер үгілген материалдың шайылып жойылуына, тасымалдануына немесе олардың жиналып шоғырлануына әкеп соғады. Соның нәтижесінде өнделген (выработанный) және аккумуляциялық бедер пішіндері пайда болады. Беткейлік денудация (склоновая денудация) бұл бедер пішіндерін қалыптастыратын негізгі экзогендік факторлардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, беткейлік денудация аллювийлік, мұздық, теңіздік және басқа шөгінділер түрлерінің (генетикалық түрлерінің) көзі болып табылады.
Таужыныстарының үгілуі мен беткейлік процестер өзара тығыз байланысты, демек беткейлерден борпылдақ таужыныстардың шайылып кетуі түпкі таужыныстардың жер бетіне шығуына мүмкіндік береді де, оның тез үгілуіне әкеліп соқтырады. Керісінше, беткейлердің баяу шайылуы үгінділердің жиналуына әкеледі, соның себебінен тұпкі таужыныстардың одан әрі үгілуіне кедергі жасалады. Сөйтіп, беткейлік процестердің қаркындылығы аырында денудация жылдамдығын тездетеді.
Беткейлерді және беткейлік процестерді зерттеудің ғылыми мағынасы – бедер пішіндерінің жаратылу тегін және даму тарихын анықтау, сонымен қатар, беткейлердің өте зор практикалык маңызын көрсету. Себебі эрозиялық процестерге қарсы күрес жүргізуде, гидротехникалық және тұрғын ұй құрылыстарын салуда, қазба байлықтарды іздестіру жолында беткейлердің қалыптасуы, олардың геологиялық құрылымы және беткей үстіндегі өтіп жатқан процестер едәуір мәліметтер береді.
Беткейлердің морфологиясы, яғни сыртқы бейнесі әр түрлі. Олар еңістелу дәрежесіне қарай: тік құламалы (35°), құламалы (15-35°), орташа еңісті (8-15°), жайпақ (4-8°), өте жайпақ (2-4°) беткейлер болып бірнеше түрге бөлінеді. Беткейлердің бұлай бөлінуінің кейбір генетикалық мәні бар, олар халық шаруашылығына қажетті, мысалы, инженерлік-геоморфологиялық зерттеулерді жүргізу кезінде қолданылады.
¡зындығына қарай беткейлер ұзын беткей (-500 м), орташа ұзын беткей (50-500 м) және қысқа беткей (50 м) болып жіктеледі.
Беткейлер қима пішініне қарай тік беткей, дөңестене иілген және ойыңқы иілген беткей және кертпешті беткей болуы ықтимал. Неміс ғалымы В.Пенктің айтуынша, беткейлердің бойлық имасы эндогендік және экзогендік күштердің өзара қарым-қатынасы әрекеттерінің сипатын білдіреді. Мысалы, жер қыртысының көтерілуі сыртқы күштердің әсеріне, яғни денудация процесіне теңбе-тең болса, онда тік беткейлер қалыптасады. Бірақ, табиғатта көбінесе дөңестене иілген және ойыңқы иілген беткейлер жиі кездеседі.
Жоғарыда айтылғандай, беткейлер негізінен экзогендік және эндогендік күштер әсерінен пайда болады. Осыған сәйкес жер бетіндегі барлық беткейлер жаратылу тегі (генезисі) жағынан эндогендік және экзогендік беткейлерге жіктеледі. Мысалы, эндогендік беткейлер жер қыртысының тектоникалық қозғалыстары, магматизм және жерсілкіну әрекетінен қалыптасуы мүмкін. Тектоникалық беткейлер жер қыртысының тік бағыттағы озғалыстарынан, қатпарлы және тектоникалық үзілмелі әрекетінен түзілуі ықтимал.
Экзогендік беткейлердің ішінде экзогендік агенттер әсерінен қалыптасқан, яғни ағынды сулар әрекеттен түзілген флювийлік беткейлерді және көлдер, мұхиттар, мұздықтар, жел, жерасты сулары әрекетінен қалыптасқан беткейлерді атап айтуға болады. Мұндай беткейлерге адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде пайда болған беткейлер де жатады.
Беткейлер морфологиялық өзгешелігіне, үстінде жатан борпылдақ шөгінділерінің қалыңдығы мен құрамына және нақты физикалы-географиялық жағдайларына байланысты алуан түрлерге ерекшеленеді. А.И.Спиридонов беткей процестерінің ерекшеліктеріне қарай келесі түрлерді даралаған.
1. Нақты гравитациялық беткейлер (склоны собственно гравитационные) еңістігі 30-40°-тан жоғары, үгілу процестерінің нәтижесінде түзілген борпылдақ таужыныстардың ауырлық күші әсерінен беткейлердің табанына қарай домалап құлауы нәтижесінде қалыптасады. Бұларға опырылмалар, қорымдар және қар көшкінді беткейлер жатады.
2. Блоктар қозғалыстарының беткейлері (склоны блоковых движений) әр көлемді таужыныстары блоктарының беткей бойымен төмен ауысып сырғуынан пайда болады. Блоктардың ауысуына жерасты суларының әсері маңызды роль атқарады. Мұндай беткейлердің еңістігі 20-40° арасында. Бұларға жылжымалар (оползни) және қалқымалы - жылжымалар жатады.
3. Борпылда жамылғысының жаппай төмен жылжу беткейлері (склоны массового смещения чехла рыхлого материала). Топырақтың төмен жылжу сипаты оның консистенциясына және оның ылғалдылық мөлшеріне тікелей байланысты. Борпылдақ материалдың жаппай жылжуы беткейлердің әр түрлі еңістіктерінде (40°-тан 2-3° дейін) өтеді. Беткейлердің осындай қатарына солифлюкциялық және дефлюкциялық баурайлар тән.
4. Делювийлік (жазықтык шаю) беткейлер. Ерітінді сулар мен жаңбыр суларының борпылдақ материалды шайып кетуінен және олардың беткейдің жайпақтау келген төмен бөлігінде, немесе етегінде үйілуінен қалыптасқан беткейлер. Олар едәуір еңкіш және өте жайпақ келген (2-3°) беткейлерде де байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |