Экономиканы соғыс мүддесiне бейiмдеу және оның нәтижелерi
.
ҰлыОтан соғысындағы жеңiстiң негiзi әрине майданның сұранысын
уақытында және қажеттiлiгiн өтеп отырған тылға, соның iшiнде Қазақстан
сияқты аграрлы-индустриалды аймаққа ауыр салмақ салды. Соғыстың бiрiншi
күнiнен бастап елiмiздiң экономикасын соғыс мүддесiне бейiмдеп қайта құру
мiндетi ашық және анық қойылды. Берiк тыл жасау және бүкiл республиканың
экономикасын соғыс қажетiне ыңғайлап қайта құру ең маңызды мiндет болды.
КСРО-ның еуропалық бөлiгiндегi өнеркәсiп кәсiпорындарын жаппай шығыс
аудандарға көшiруге байланысты 1941 жылдан бастап елiмiздегi ауыр және
жеңiл өнеркәсiптiң, ауыл шаруашылығындағы ұжымдардың маңызы шексiз
өстi. Соғыс жылдарында түстi металл өндіруші, көмiр және мұнай өнеркәсiп
саласының, сирек кездесетiн металдар шығаратын зауыттардың өнiм шығару
мүмкiндiктерiн арттыруға тура келдi. Ол үшiн қысқа мерзiм iшiнде аталған
салалардың жұмысы соғысқа бейiмделiп қайта құрылды.
1941 жылғы 16 тамызда БОКП (б) Орталық Комитетi мен КСРО Халық
Комиссарлары Кеңесi Поволжье, Орал, Батыс Сiбiр, Қазақстан және Орта Азия
аудандары үшiн 1941 жылдың IV тоқсанына және 1942 жылға арналған әскери-
шаруашылық жоспарын бекiтiп, жүзеге асыру туралы директивалық мiндеттер
қойды. Оқ-дәрiлер, түрлi соғыс техникасын және әскери жабдықтар өндiрудi
тез ұлғайтумен бiрге жаңа әскери-шаруашылық жоспары металлургия, көмiр
және ауыр индустрияның басқа да шешушi салаларының көлемiн ұлғайту,
стратегиялық шикiзат өндiрiсiн ерекше дамыту мiндетiн қойды.
Қысқа мерзiм iшiнде елiмiздiң экономика салаларының барлық
буындарын соғысқа бейiмдеп қайта құру бағытында билеушi партия
басшылығы мен үкiмет орындары нақтылы саяси-ұйымдастырушылық шаралар
қабылдады. Барлық жерлерде, экономика және әлеуметтік салада
қызметкерлердiң еңбек демалыстары тоқтатылып, жұмыс күндерiнiң уақыты
ұзартылды. Халықты азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларымен мөлшерлеп
қамту тәртiбi енгiзiлдi. Танктер, ұшақтар, артиллерия қондырғыларын және
басқа қару-жарақ түрлерiн шығарудың ұлғайтылуы, түстi және сирек металдар
өндірісін арттыруды мейлiнше талап еттi. Балқаш мырыш, Шымкент қорғасын
зауыттары, кендi Алтайдың өнеркәсiп торабы, қорғаныс өнеркәсiбiнiң
мұқтажына арнап түстi металдар өндiру қарқынын арттырды. Республикада
соғыс техникасы және сапалы болат шығару үшiн аса қажеттi молибден,
марганец, вольфрам, никель және басқа металдар өндiру сыры игерiлдi. 1941
жылдың қарашасының бас кезiнде елiмiзде алғашқы Балқаш аймағында
молибден шығарылды.
Соғыстың қиын-қыстау жылдарында шикiзаттың, отынның, мемлекеттiк
қаржылардың барлық қорлары қатаң есепке алынды. Тауар түрлерiн халықтың
түрлi топтары бойынша бiр орталықтан жабдықтау және бөлу жүйесi енгiзiлдi.
Азық-түлiк қорларын халыққа толық және үнемдеп беру мақсатымен айрықша
қажеттiлiгiне байланысты бақылау-есеп және карточка бюролары құрылды,
өнеркәсiп тауарларына да карточкалар енгiзiлдi.
Елiмiздiң ауыл шаруашылығы да соғысқа бейiмделiп қайта құрылды.
Әркiм жан аямай жұмыс iстеуге мiндеттi болды. Соғыстың бастапқы кезеңiнде
60 жастан асқан бiр қолхозшыға бейбiт 1940 жылдың кезеңiндегi орта есеппен
бiр айдағы тиесiлi 5,5 жұмыс күнiнiң орнына 10 жұмыс күнi, ал бiр жас
жеткiншекке 9,4 жұмыс күнi келдi. Ауыл шаруашылығына арнап әйелдердiң
механизатор кадрларын даярлайтын қысқа мерзiмдi курстар мен мектептер
желiсiнде 1941 жылдың қыркүйегiнде 53,3 мың адам оқыды.
1941 жылдың орта шенiнде Қазақстанға эвакуацияланған (батыстан
көшiрiлген) халықтың алғашқы легi үстi-үстiне келе бастады, ал осы жылдың
аяғында олардың жалпы саны 386,5 мың адамға жеттi, олардың үштен бiрi
балалар едi. Орасан көп және жедел қарқынмен халықтың көшiп келуi оларды
орналастыруға байланысты белгiлi қиыншылықтар туғызды. Жергiлiктi
билеушi партия және Кеңес орындары эвакуацияланған халықты Қазақстанның
облыстары мен аудандары бойынша қоныстандырды, оларды азық-түлiк
өнiмдерiмен және ең қажеттi бұйымдармен жабдықтауға бақылау орнатты.
Республикаға жүздеген мың адамның эвакуация тәртібімен келуi
экономика салаларындағы еңбек қорының жетiспеушiлiгiн бiршама толтырды.
Егер 1943 жылы жұмысшылар мен қызметшiлер саны 1940 жылмен
салыстырғанда елiмiз бойынша тұтас алғанда 38 пайызға төмендеген болса,
Қазақ КСР-iнде эвакуация есебiмен келгендер есебiнен ол 7 пайызға артты.
КСРО Ғылым Академиясының салалық институттары, Украин КСР-iнiң
бiрқатар ғылыми мекемелерi және Кеңестер елiнiң бiрқатар оқу орындары да
Қазақстанға
орналастырылды.
1941-1944
жылдары
академиктер
В.И.Вернадский, Н.Д.Зелинский, С.Г.Струмилин т.б. Қазақстанда еңбек еттi.
Олар қорғаныстық маңызы бар мәселерді зерттеудi бiр сәт тоқтатпай, өздерiнiң
зерттеушілік ізденістері арқылы жауды ауыздықтау iсiне көмектесу үшiн
барлық интеллектуалдық күшiн аямай жұмсады.
Республикаға майдан шебiнен 1941-1942 жылдары 142 кәсiпорын
көшiрiлiп әкелiндi. Алматының бiр өзiнде ғана 34 зауыттың, фабрика мен
цехтың жабдықтары орналастырылды. Олардың iшiнде Луганск паровоз жасау
зауытының бiр бөлегi (АЗТМ), Карачар механикалық зауыты, Харьков вагон
жөндеу зауыты және басқа кәсiпорындар бар едi. Воронеж машина жасау
зауытының жабдықтары Шымкентке, ферросплав зауытының жабдықтары
Запорожьеден Ақтөбеге, Луганск машина жасау мен Подольск цемент
зауыттарының жабдықтары Қарағандыға және т.б. жерлерге орналастырылды.
Қазақстанға 26 жеңiл және 14 тоқыма өнеркәсiп ұжымдарының жабдықтары
келдi. Қостанайға Херсон аяқкиiм фабрикасы, Петропавл қаласына Харьков,
Семейге Осташков былғары зауыттары орналастырылды. Бiрқатар жеңiл
өнеркәсiп орындары басқа қалаларға тұрақтады. Эвакуцияланған үш фабрика
негiзiнде (Киев, Азов және Артем) Семей аяқкиiм фабрикасы құрылды.
Cоғыс отына түскен аймақ халықтарын, өнеркәсіп орындарын
эвакуациялаумен қатар, бүлгiншiлiкке ұшыраған аудандардың ауыл
шаруашылығының материалдық ресурстарын да өзге аймақтарға дереу алып
кетуге мәжбүр еттi. Кеңес Армиясының бөлiмдерi амалсыздан кейiн шегiнген
кезде ауыл шаруашылық жабдықтарын, малды елдiң iшiне қарай жылжытты.
Малдың басым көпшiлiгi Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарына қарай
айдалды. 1941 жылы республиканың Батыс облыстарына Украинаның
Запорожье, Полтава, Кировоград, Одесса, Николаев және басқа өңiрлерінен
елiмiздiң Батыс аймақтарына 76,6 мың iрi қара, 50,6 қой және 5902 жылқы
айдап әкелiндi. 1942 жылдың аяғына дейiн Қазақстанға барлық түлiктен 552,7
мың бас мал эвакуацияланды.
Cоғыс жағдайы ғылым мен мәдениеттiң дамуына елеулi кедергілер
келтірсе де Қазақстан үшiн бұл жылдардың өзiне тән ерекшелiгi болды. Тiптi
олардың кейбiр салалары мен бағыттары жедел қарқынмен дамыды. Билеушi
партия мен үкiмет тарапынан ғылыми мекемелер құруға, сондай-ақ оларға
кадрлар қатарын толықтыруға үнемi көңiл бөлiнiп отырды.
Елге түскен соғыс ауыртпалығын түсiну, жинақылық, қатал тәртiп пен
зор ұйымдастыру-саяси шаралар арқасында Қазақстан соғыс тірегінің сенімді
өңiрiне айналды. Қарағанды отын өндірушілері төрт жыл iшiнде 34 млн. тонна
көмiр шығарды. Бұл көмір бассейннiң бүкiл тарихында шығарғанынан 3 млн.
тонна артық едi. Орал-Жем мұнайлы ауданының кәсiпорындары сұйық отын
шығаруды 39 пайызға арттырды, электр қуатын өндiру екi есе өстi. Республика
мыс (35%), қорғасын (85%) өндiрудегi жетекшi орынын сақтап қалды. Осымен
бiрге іске қосылған кенiштердiң қоры негiзiнде металдар шығару, байыту,
балқыту кәсiпорындары - Шығыс Қоңырат молибден, Жездi марганец, Дөң
хромит
кенiштерi,
Ақшатау
молибден-вльфрам,Текелi
полиметалл
комбинаттары және т.б. бой көтерді. Республика молибденнiң одақтық
көлемiнiң 60%, висмут металының 65%, полиметалл шикiзаттарының 79%
өндіретін болған. Бұл нәтижеге жетуге жұмысшылар мен республикада білікті
мамандар Б.Аймуханов, Б.Cмағұлов, В.Дементюк, А.Казаков, Д.А.Косых,
Д.А.Қонаев, М.А.Лукьянов, А.Сафин, А.М.Сиразутдинова, Г.Хайдин және
олардың шәкiрттерi үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында барлығы 460
зауыт, фабрика, кенiш, шахта және жеке өндiрiстер салынды. Жалпы алғанда
республикада өнеркәсiп өндiрiсi соғыс жылдарында 37% өстi, бұл соғыс
алдындағы төрт жылдағы өсiмнен 2% жоғары еді.
Республиканың ауыл шаруашылығы соғыстың жеңiспен аяқталуына
қомақты үлес қосты, бұл салада жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек
еттi. Әскер қатарына шақырылған ерлердiң орнын негiзiнен әйелдер мен
жеткiншектер басты. Олар соғыстың аяғына қарай көптеген қолхоздарда жұмыс
iстеп жүргендердiң 70-80 пайызын құраған.
Тiптi құрғақшылық болған 1943 жылдың өзiнде Ақтөбе облысы Ойыл
ауданының дақыл өндіруші жетекшiсi Ш.Берсиев ақ тарының гектарынан 202
ц. өнiм алып, дүниежүзiлiк рекорд жасады. Қызылорда облысы “Авангард”
колхозының звено жетекшiсi Ы.Жақаев күрiштiң гектарынан 172 ц. өнiм алып,
дәл сондай табысқа жеттi. Қаскелең ауданы III интернационал колхозының
звено жетекшiсi М.Мухамедиева қызылшаның бір гектарынан 600 ц. өнiм алды,
ал Атырау облысы Қызылқоға ауданының “Ақ киiз” қолхозының бөгет
құрылысшысы Абзал Сарбасова күнделiктi тапсырмасын үш-төрт есе асырып
орындаған.
Соғыс жағдайында қажеттi ең аз күш пен қаржы жұмсау арқылы
денсаулық сақтау, халыққа бiлiм беру және мәдениет пен ғылым мекемелерiнiң
жүйесi сақталынып дамыды. Жаралылар мен сырқаттарды дер кезінде қатарға
қосумен қатар, сүзек және басқа жұқпалы аурулардың таралуына барынша
тосқауыл қоюға шаралар белгіленді.
Бiлiм саласының жағдайы да тұрақты бақылауда және нақтылы
қамқорлықта болды. Мектептер жүйесi аса көп өзгерген жоқ, ал оқушылар саны
тек қана ауылдық жерлерде азайды, орта буындағы арнайы кәсіби білім беру
саласында 118 техникумнан 92-сi сақталды, бiрақ оқушылар саны 389 адамға
артты. Cоғысқа дейiнгi 20 жоғары оқу орнына жаңадан 4-i қосылды, оларда
оқитындардың жалпы саны бiр жарым есе өстi. Мәдениет мекемелерiнiң 75%-
ке жуығы сақталып қалды, ал қалғандарында өндiрiстiк орындар мен емдеу
госпиталдарға берiлдi. Кiтапханалар саны екi есе қысқарып, ондағы кiтап қоры
үштiң бiрiндей мөлшерде азайды.
Республикада театрлардың саны бұрынғы күйiнде қалды, олардың
жұмысында, сол сияқты жоғары оқу орындарының қызметiнде жергiлiктi
шығармашылық күштер мен эвакуацияланған Ресей және Украина өнер
қайраткерлерiнiң ынтмақтастығы арқасында тамаша жетiстiктерге қол
жеткiзiлдi. Әсiресе кино өнерiнде елеулi жаңалықтар болды. Алматыға Мәскеу
және Ленинград киностудияларының көшірілуiне байланысты Алматыда
деректi фильмдер студиясы қайта құрылды. Майдан мен тылдың батырлары
туралы Ж.Жабаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Д.Снегин, И.Шухов сияқты көрнектi
жазушылармен бiрге Б.Бұлқышев, Қ.Жармағамбетов, Ж.Молдағалиев,
С.Мәуленов, С.Сейiтов т.б. жас шығармашылық өкiлдерiнiң еңбектерi жаріық
көрдi.
Осы жылдары Қазақстанның ғылымы ерекше дамып, болашақ
жетiстiктерге даңғыл жол ашылды. Соғыстың екiншi жылында ғалымдар халық
шаруашылығына маңызды 150 тақырып бойынша ұсыныстар мен тұжырымдар
бердi. Әсiресе геология саласында ауқымды жаңалықтар болды. Пайдалы
қазбалардың 500-дей кенiшi ашылып, 150 кенiш зерттелiп, олардың бiразы
өндiрiске қосылды. Соғыс жылдарында республикада 12 ғылыми институт және
олардың филиалдары ашылып, ғылыми қызметкерлердiң саны шамамен алты
есе өстi. Мұның бәрi КСРО ҒА қазақ филиалын Қазақ КСР ҒА-сы етiп қайта
құру үшiн алғышарт жасады, ол 1946 жылдың маусымында аяқталды. Оның
тұңғыш президентi белгiлi геолог, академик Қ.И.Сатпаев болды. Ол
Жезқазғанның қойнауын зерттеп сол арқылы пайдалы кендердi iздеудегi алдын-
ала болжаудың концепциясын құрған болатын.
Ғылымның дамуында кеңестік республикалардың ынымақтастығы елеулi
рөл атқарды. Қазақстанда Мәскеудiң, Ленинградтың, Киевтiң және КСРО-ның
басқа қалаларының 20-дан астам ғылыми мекемелерiнiң ұжымдары мен
академиктер И.П.Вернадский, В.А.Обручев, А.М.Панкратова, А.А. Скочинский
және басқа зерттеулерi дүние жүзiне мәлiм ғалымдар жұмыс iстедi.
Жапонияның тiзе бүгуiмен Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы және екiншi
дүниежүзiлiк соғыс аяқталды. Сөйтiп, адамзат фашистiк-милитаристiк
диктатураның дүние жүзiне үстемдiк жүргiзу қаупiнен аман қалды.
Ел тарихында 1946-1950 жж. КСРО халықтарының бейбiт құрылысқа
көшiп халық шаруашылық салаларын қалпына келтiру кезеңi болып жазылған.
Экономиканы бейбiтiшiлiк жағдайға бейiмдеп қайта құру, еңбекшiлердiң
қоғамдық-саяси белсендiлiгi жағдайында жүргiзiлдi. 1945 жылдың қазанында
Алматыда республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғарғы
Кеңесiнiң мерекелiк сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу
мен Ленинградтың делегациялары, еңбек озаттары, ғылым мен мәдениет
қайраткерлерi қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам түрлi мемлекеттiк
құрметтi белгiлермен марапатталды.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртiншi бесжылдыққа арналған
жоспар бойынша соғыстан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтiру,
өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығын соғыстан бұрынғы бағыты бойынша iске
қосу, өнiм өндiру қарқыны мен көлемiн ұлғайтып едәуiр асып түсу мiндетi
белгiлендi. Осы құжат бойынша Қазақстан экономикасын одан әрi дамытуға
ерекше стратегиялық мән берiлдi. Мысалы, жоспарда халық шаруашылығын
соғыстан кейiн құруды 1946 жылдың аяғына қарай аяқтау қажет деп көрсетiлдi.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендiру
жұмыстары басталды. Сөйтiп, төртiншi бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317
МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталығы электрлендi. Селолық
электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе артты.
Республикада төртiншi бесжылдық кезеңiнде егiс көлемi бiр миллион гектардан
асып, дәнді дақылдардың өнімі артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсiмi 1940
жылғы көрсеткiштен 89 пайызға асып түстi. Iрi қара малдың, қой мен
жылқының жаңа тұқымдары өстi. Малдың саны, соның ішінде iрi қара 27
пайыз, қой мен ешкi 70 пайыз, жылқы 71 пайызға көбейдi.
Халық шаруашылығын қалпына келтiру жылдарында елде жарық көрген
шығармалардың басым көпшiлiгi Ұлы Отан соғысы оқиғаларын сипаттады.
Ғ.Мүсiреповтың “Қазақ солдаты”, Ә.Нұрпейiсовтың “Курляндиясы” сияқты
шығармаларда қазақстандық жауынгерлердiң жоғары адамгершiлiк қасиетi,
жеңiс жолындағы күресте көрсеткен ерлiгi бейнелендi. Осы жылдарда
М.Әуезовтың “Абай жолы”, С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” сияқты құнды
шығармалары жарық көрдi. “Абай” қойылымы үшiн Қазақ академиялық драма
театрының ұжымы КСРО Мемлекеттiк сыйлығын алды.
Музыка мәдениетi өрлеу жолында болды. М. Төлебаевтың “Бiржан-Сара”,
А.Жұбанов пен Л.Хамидидiң “Абай”, Е.Брусиловскийдiң “Дударай”,
Қ.Қожамияровтың ұйғыр тiлiндегi “Назгум” опералары сол жылдарда алғаш
рет қойылды. “Бiржан-Сара” операсына КСРО Мемлекеттiк сыйлығы берiлдi.
1946 жылы республикада ғылым академиясы құрылып, оның президентi
болып көрнектi ғалым, академик Қ.И.Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда
Қарағанды және Семей медицина, Өскемен педгогикалық, Семей мал
дәрiгерлiк-зоотехникалық, Қарағанды кен институттары ашылды. Cонымен
бiрге Гурьев (Атырау), Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент мұғалiмдер
институттары педагогикалық жоғары оқу орны болып қайта құрылды.
Жалпыға бiрдей жетiжылдық бiлiм беру туралы Заң одан әрi жетiлдiрiлдi.
ХХ ғ. 50-шы жылдары басында Қазақстанда жалпы бiлiм беретiн 9 мыңдай
мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орындарында 1,5 млн. жастар оқыды.
Осы жылдары оқу орындарының үлгілі ғимараттын салу, олардың оқу-
материалдық базасын толықтыру, мәдениет мекемелерiнің жұмыстарын
жетілдіру iсiне көп көңiл бөлiндi.
1945 жылы КСРО Қарулы Күштерiн демобилизациялау нәтижесiнде
республика өндiрiс салаларын 188,2 мың. адам толықтырып, олар еңбекке
кiрiстi. Өнеркәсiпте сегiз сағаттық жұмыс күнi қайта енгiзiлдi. Соғыс кезiнде
енгiзiлген тәртiп бойынша жұмыс уақытынан тыс мезгiлде еңбек етуге тиым
салынды. Жұмысшы, қызметкерлерге ақылы демалыс берiлетiн болды.
Өнеркәсiп саласын дамытудың соғыстан кейiнгi бағдарламасына сәйкес
болат прокатын, цемент, қара және түстi металлургия, тау-кен өнеркәсiбi үшiн
құрал-жабдық шығару шаралары белгiлендi. Қара және түстi металлургия
дамып, мұнайлы кәсiпорындар iске қосылды. Мұнай шығару соғысқа дейiнгi
деңгейден 52 пайызға, электр энергиясын өндiру 2,3 есе өстi. Құрылыс
материалдарын өндiру артты, цемент өндiрiсi пайда болды. Темiржолда
тепловоздар енгiзiле бастады, автомобиль тас жолдарының жүйесi ұзарды, әуе,
өзен-су қатынастары дамыды.
1946-1950 жылдарда Қазақстанның әлеуметтiк құрамында елеулi
өзгерiстер болды. Тұңғыш рет қоғамдағы жұмысшы кадрлар саны 634 мыңға
жетiп, саны және өндiргiш салада алатын орны бойынша алға шықты.
Өнеркәсiп жұмысшыларының елеулi бөлiгi машина жасау, металл өңдеу, отын,
тамақ және жеңiл өнеркәсiбiнде, Қарағанды мен Өскемен iрi кәсiпорындарында,
темiр жол және Гурьев-Орск-Азербайжан мұнай құбырларында қызмет iстедi.
Елдегi жұмысшылардың құрамында көп ұлттық құрамы өсіп ол өскелең сипат
алды.
Соғыстан
кейiнгi
бесжылдықтың
тапсырмалары
бiрталай
көрсеткiштерден мерзiмiнен бұрын орындалды. Еңбек ұжымдары мен
еңбекшілердің өндіріс пен қоғамдық шаралардағы белсенділігі өсіп ондаған
еңбек жарысы пайда болды.
Мемлекеттiк әлеуметтiк-мәдени шараларға жұмсалатын қаржы жылдан-
жылға өсiп отырды. Республиканың мемлекеттiк бюджетi бойынша осы
мақсаттарға бөлінген қаржы соғыс жылдарынан екі еседен астам өстi. 1947
жылы желтоқсанда ақша реформасының жүргiзiлуi мен карточка жүйесiнiң,
азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларын тұтынуды шектеудің жойылуы
халықтың тұрмыс дәрежесiнiң артуында маңызды рөл атқарды.
Осы кезде нанның, астық өнімдерінің бағасы 10-12 пайызға
арзандатылды. Азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларына комерциялық баға
жойылып, неғұрлым халық өмір сүруіне тиімді бiрыңғай мемлекеттiк баға
енгiзiлдi. Әсiресе 1950 жылы бағаның төмендетiлуi айтарлықтай болды: астық
өнiмдерi мен ұнның бағасы 21-30 пайызға дейiн, етке және ет өнiмдерiне 20-25
пайызға дейiн төмендетiлдi. Еңбекшiлердiң жалақысы өсiп олардың тұрмыс
жағдайлары бiршама жақсарды. Мемлекеттiк және кооперативтiк кәсiпорындар
мен ұйымдардың тұрғын үй салуға күрделi қаржы жұмсауы 1946-1950
жылдарда 4,1 есе өстi. Дей-тұрғанмен бұл орайда қолға алынған түрлi
шараларға қарамастан тұрғын үй мәселесi және басқа халықтың күнделiктi
өмiрiмен тығыз байланысты проблемалар Кеңес мемлекетiнiң бүкiл тарихында
шешiлмей қала бердi.
Бесжылдықта республикада тұрақты емдеу орындары (аурухана), емхана
және санаторий-профилакторий мекемелерiнiң жүйесi едәуiр кеңейiп, оларда
жылына 1,4 млн. адам емделiп-сауығынуына мүмкiндiк алды. Дәрiгерлер саны
1950 жылы 6,4 мыңға жеттi. 1940 жылы әрбiр он мың адамға 4,3 дәрiгерден
келсе, 1950 жылы 9,5 дәрiгерден келдi. Балалар мекемелерi, бала бақшалары
мен бүлдіршіндер жоспар бойынша тұрғызыла бастады.
Cонымен, Кеңес халқымен бiрге қазақстандықтардың қаhармандық еңбегi
негiзiнде халықтың материалдық жағдайы төртiншi бесжылдықтың аяғына
қарай соғысқа дейiнгi жылдар көрсеткішімен салыстырып қарағанда әлдеқайда
биiкке көтерiлдi, халықтың әл-ауқаты артып, мәдениеті байып, білімі өсті.
Достарыңызбен бөлісу: |