ГҮЛНӘР САЛЫҚБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ СИМВОЛДЫҚ БЕЙНЕЛЕР
Симбаева Айгүл
Ш.Есенов атындағы КТИУ магистранты
Ғылыми жетекші: Н.С. Қамарова,
Ш.Есенов атындағы КТИУ профессоры, ф.ғ.к., Ақтау, Қазақстан
Символ – ақынның дүниені поэтикалық қабылдау ерекшеліктеріне байланысты
көркемдік танымның маңызды шарттарының бірі. Сезімсіз лирикалық өлең тумайды.
Шынайы поэзиялық туынды – ой мен сезімнің жемісі. Ақынның (немесе лирикалық
кейіпкердің) ішкі жан-күйі бір сөз немесе бір құбылыс арқылы көрінуі мүмкін. Осылайша
ішкі түкпірден жасалып, тереңнен түзілген адам жаны символ арқылы көрініс табады.
Тұтасқан көркемдік әлемнің бөлшегі ретінде символ барлық халықтар әдебиетінде кездеседі.
Мысалы: аққу – таза махаббаттың, адалдықтың, арудың; қарға – қара ниеттің; нан-тұз –
қонақжайлық, достық, дархандықтың; қыран бүркіт – алып күштің, алғырлықтың,
ержүректіліктің; шәңгіш өсімдігі (калина) – сұлу қыздың, лотос өсімдігі – аспан әлемінің,
арыстан – айбарлықтың, гүл – нәзіктіктің, шынайылықтың символы; т. б. Символдардың
белгісі айтпақ ойды астармен білдіру, жеткізбек иедеяны басқа зат-құбылысқа балап, меңзеп
көрсету. Нақтылы бейнемен салыстырғанда символдың мәні әлдеқайда кең де көлемді.
Символдың образдық астарында терең мән жатады, тағдыр, өмір сырлары, құпиялары
жатады. Лирикалық өлең ақын жан дүниесінің тылсымдарына жол салады. Өмірді өзінше
бейнелейді.
Ақын Г.Салықбаева өлеңдеріндегі бояу-реңк символикасына назар салсақ, бір ғана
«Жан» өлеңдер жинағында
әппақ қайғы, әппақ мұң, аппақ тіршілік, айдың ақ қабағы,
арманның аппақ кеңістігі, қаракөк түн, қара қар, қара судың қызылсары қабығы, сұр дала,
сұр қала, сұр мекен, сұрғылттанған көгілдір әлем, сап-сары қала, сарғайған жүрек, сап-сары
бақ, қып-қызыл күн, көгілдір ай, көгілдір кеңістік, сары ғашық, көгілдір күн, қызыл адам,
жасыл адам, жасыл көңіл, жасыл үн; т.б. с
имволдар кездеседі. Г.Салықбаева өзіне дейінгі
поэтикалық дәстүрді дамыта отырып, түр-түске байланысты эпитеттерді шебер қолданады.
Бұл қолданыстардың ішінде абстрактылы құбылыстардың да түстері бар. Бұлардың бәрі
ақынның ішкі түйсіктер дүниесін ашады.
Сені көрдім,
Бәрі де бекер бірақ,
Көре-көре көздерім өтер жылап.
Әппақ қайғым бар еді –
Әппақ түнде
Әппақ мұңға оранып көтерді бақ. [1, 47].
Осы өлеңдегі
әппақ қайғы, әппақ түн, әппақ мұң
бейнелері ақынның белгісіз бір
әлемді аңсауынан, тылсымды іздеуінен туындаған образдар. «Бақ атаулы арман етер жоқ
құсты, Күннің көзі қызыл емес, көп түсті», - дей келіп, жарық дүниені, өмірді түстермен
белгілей отырып, әр түске мағына дарытады.
«Жүдетсе де дүниенің жыртығы, Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі», -дейді ақын.
«Күннің қызыл кірпігімен» нұрланған ақын бұл бейнені жалпы поэзиясының сүйікті образы
еткен. Замандастарымен қатар «алғашқы қадамынан-ақ поэзияда қалыптасқан қасаң,
шаблондық көру жүйесіне, канонға айналған образ-өрнектердің мызғымастығына дау айта
келген» ақынның бірі – Гүлнәр Салықбай [2, 337].
Таң да,
Түс те
Кеш,
Түн де
Таңырқата қоймайды.
117
«Керегім жоқ ешкімге!» – [3, 18], - деп жалғыздық жайлы ойын ерекше білдіреді.
Поэзиясындағы
бейкүнә
шарасыздық
пен
нәзік
сезімдердің
ағымы
ақын
шығармашылығындағы лирикалық тұлғаның рухани жаңа сапасын танытады.
Айналамда
Аңыраған жел,
Есіркеген,
мүсіркеген ел.
Маған дегің келмесе егер:
«Өл!», – кел.
Мені ұшырған
бақыт,
әлде сор,
Тоқтата алмай
ешбір темір тор.
Құлау үшін кетіп барам көр.
Сенен ешкім
сұрай қоймас құн.
Тек бір рет жыла
сонда шын.
Айналамда
Аңыраған жел,
Түн [3, 55].
Гүлнәр өлеңдерінің құрылымдық жағы да аса ерекше. Ол негізінен алғанда ұйқас
қуып, сөз ойнатуға аса ұмтылыс білдірмейді. Мысалға келтірілген өлеңнен байқайтынымыз,
ақын өлең тармақтарын белгілі бунақтардан «сындыру» арқылы композициялық
құрылымның өзгеше түрін жасақтаған. Екінші жаққа белгісіз біреуге қарата айтылатын
ойдан лирикалық кейіпкердің басындағы драматизмді көреміз. Белгісіз образ немесе бейне –
бұл ақын шығармашылығындағы идеал-тұлға сияқты. Оның құтқарушы күш екені айдан
анық. Алайда ол жаратушы тұлғасына жетпейді, адам тұлғасынан биік тұрады. Осындай
идеал-образ (сен, сіз) Г.Салықбаеваның да шығармашылығынан орын алған. Қыз
ақындардың физиологиялық ерекшеліктеріне қарап, бұл ретте оны нақтылы ер адам ретінде
қарау әбестік болар. Алайда олардың нәзік жандары, сезімтал жүректері ер-азаматқа
қарағанда дүниені басқа қырынан қабылдайтыны анық. Әдебиетте ақын үшін өлеңнен артық,
өлең жазудан қиын ештеңе жоқ. Егер өлеңнен артық бірдеңе пайда болса, өлең жазу оңайға
айналса, онда оның ақын деген атына күмәнмен қарай бастасаңыз болады. «Жұмағамдар, бірі
тірі, бірі өлі», «Нең бар, бала, – демей ме екен, – өлеңде?!» деген жолдардан Гүлнәр
Салықбай үшін өлеңнен артық дүние барын көрмейсіз. Ақын көңілінің өлеңге деген
іңкәрлігі, махаббаты, адалдығы оның бүтін шығармашылығында жиі кездеседі. Сірә, бұл
бүкіл ақындарға тән құбылыс болса керек. Өлең туралы өлең жазып, ақын атын қорғайтын
әдеттінемен байланыстыруға болатынын бірден айту қиын. Оның өлең туралы этикалық
пафосы оқырманын таңғалдырмайды. Сендіреді. «Өлеңнен адасып қалатын» ақын: «Өмірдің
өзі – ұйқаспайтұғын, ақыры жұмбақ ақ өлең», – дейді. Өлеңін өмірім деп түсінген ақын
өлеңнің ішіндегі өлеңнен адасып қалатын шығар, бәлкім... Тіршілік қамымен, қызмет
бабымен өлеңнен адасып, алыстап қалатын шақ ақындарда аз болмайды. Көп
ақындарымыздың тіршілік үшін де өлеңнен алыстап кеткенін білеміз. Олар туралы
қатарластары да «Жақсы ақын еді. Жазбай кетті» деп жатады. Ал Гүлнәр болса өлеңнен
адасады. Бірақ оны жоғалтпайды. «... Ең қызығы, осындай қапылып жатқан кезде тұманда
адасып жүрген бір сәуле сияқты болып бір нәрселер келеді. Одан да айырылып қаласың.
Кейде бір жерлерге түртіп қоям, бірақ біраз уақыт өткен соң тура сол күйге қайта түсе
алмайсың, сондықтан жалғаспай, әр жерде шашырап қала береді. Кейде үзілген ойдың
жалғанатын кезі де болады, бірақ өте сирек» деп ағынан жарылған сөзі 200 де бір өлеңді
түсіндіреді. «...Өмірдің өзі – ұйқаспайтұғын, ақыры жұмбақ ақ өлең...» деген ойы өмірді тек
118
өлең деп қана түсінуге болмайды дегенді меңзеп тұрғандай сезіледі. «Ақ өлең» деп ақын
нақтылап тұрғанын ескерсек және тура түсінсек, ақ өлеңде ырғақ пен ішкі ұйқас болғанымен,
оған проза да тән. Демек, өмір күрделі, қатқабат. Прологы мен эпилогы бар, тұтас шығарма.
Сол шығарманы бүтіндей алып қарағаныңда, «ақ өлең» (поэзия) болып елестейді. Ақын үшін
өмірдің өлеңге ұқсауы заңды да. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына
кірер денең» деген Абай өлеңімен әлденедей байланыс іздеп әлек болатының сондықтан
шығар. Қалғып кетсең, ашады қатер есік, Қандайлығын кім білсін түсі бақтың. Емделем деп
өлеңмен, қателесіп, Жазылмайтын дертіне ұшыраппын... [3, 120].
«... Өмір деген – үңгірлерге үңілу,
Содан кейін түңілу!».
Гүлнәр Салықбай осындай тосын теңеулерімен де ерекше көрінеді. Өлеңді өмірге,
өмірді «үңгірлерге үңілу, содан кейін түңілу» деп суреттеген ақын ойына тосырқап та
қарайсың. Өмір жайлы осыған дейінгі жазылған өлеңдердің озығы. «Өмір деген – бір жарқ
еткен найзағай, өмір деген – көк аспанның күркірі» деген ақынның еншісінде деп ойлаймыз.
Ал мына теңеу тым тосын. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ»
принципімен өтіп жатқан тіршілікті, бәлкім, тура осылай айту керек шығар. Іздегеніңнің
бақыр да болмауы мүмкін. Ол жай шартты нәрсе ғой. Әйтеуір алдыңа қойған мақсатыңа жету
үшін, іздегеніңді табу үшін «үңгірлерге үңілесің». Таппайсың. Адасасың. Содан кейін
түңілесің. Үңгірлерге үңілу арқылы басыңды қатерге де тігесің. Өйткені, «қандайлығын кім
білсін түсі бақтың». Содан ақын жалғыз жұбанышы өлеңімен жаныңды емдемек болады. Бұл
оның қателігі екенін сәл кешірек түсінеді. Мүмкін мүлде қателік те емес. Үңгірлерге үңіліп
іздегені тап осы өлең шығар! Ақын содан кейін де «...қара түннің көзінен сорғалап келе
жатқан бір өлеңді» көріп қояды. Іздегенін тапқан соң, одан әрине, безіне де алмайды.
...Суырылып топтарда сөз алмадым,
Өміріме жетер деп өз алғаным.
Түңілгенмен тайғақтау тағдырымнан,
Бірақ, өлең, өзіңнен безе алмадым [3, 91-94].
Жоғарыда Гүлнәр поэзиясының бір ерекшелігі тосын теңеулерінде деп айтқан едік.
Ақын қарапайым өлең жазып отырып, оқыс бұрылыс жасайды. Қиялын тізгіндемей,
тапқырлыққа барады. Бірақ Гүлнәрдың тапқырлығы Қадыр ақынның дидактикасына мүлде
ұқсамайды. Тіпті, кейінгі ақындардың тақпақтап кететін тапқырлықтарына да келмейді. Одан
гөрі әңгімелесіп отырып, оқыс сұрақ қойып, есіңді шығаратын сұхбаттасқа ұқсайды.
Ойландырады. Жүйкеңмен ойнайды. Дегбіріңді қашырады. Осының бәрі ақынның ішкі
қуатынан туады. Мен білмейтін адамдар: көшелерде, үйлерде, жаназада, жарыста, емханада,
билерде. Мен білмейтін адамдар – қуанады, күледі, Мен білмейтін өмірін өздерінше сүреді.
Мен білмейтін адамдар – (мен де соның біреуі), Өзге түгіл өзін де түсіне алмай жүреді... 201
Қаламымен жазылған құдіреттің көктегі, Мен білмейтін адамдар – жұмбақ кітап беттері. Мен
білмейтін адамдар – көрінбейтін ұшқаны, Тас үйлердің ерекше тағдыры бар құстары.
...Тереземді ұратын тамшылардың тырсылы – Мен білмейтін адамдар – жүрегінің дүрсілі...
[2, 47]. Бәйіт үлгісіндегі осы өлеңнің өзегі – жаратылыстың ұлылығы болып табылады. Адам
болмысының мәңгілік шарасыздығы, жұмбақтығы. Лирикалық кейіпкердің кіріптар
психологиясы. Ақын мына жаратылысты мәңгі жұмбақ қалпында таниды. Тек өзіне
жақындатқысы келеді. Ал жақындықтың, туыстықтың ең жақсысы жүрек сөзін есту. Соны
ұғу. Гүлнәр өзі тапқан жұмбақтың шешуін солай іздейді. «... Тереземді ұратын тамшылардың
тырсылы – Мен білмейтін адамдар – жүрегінің дүрсілі...». Бұдан артық жақындау, жақсы
көру мүмкін емес сияқты.
«Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйер» бір қауым болса, олар – ақындар-ау.
Түн.
Терезенің ар жағы – Түтін.
Түн.
Терезенің ар жағы – Құм.
Түн – Сүйікті жатым.
119
Түн – Саған хатым.
Кім еді атың?... [3, 110].
«Кім еді атың?» деп жай аяқтала салған өлеңнен әдеттегі төгіліп тұрған өлеңнің
кейпін көре алмайсыз. Ұйқасы, ырғағы бар, бірақ төгіліп тұрған қара өлеңнің болмысы жоқ
осы жырдың бізді қызықтырғаны ақын түйсігінің дәлдігі, танымының кеңдігі, қиялының
ұшқырлығы. Мұндай формалық ізденістер қазақ поэзиясына жат емес еді. Кейінгі ақындарға
Абай қалдырып кеткен үлгісінің бір жемісі. Формалық жаңалықтарға хакім поэзиясы да бай.
Одан кейінгі ақындардың көбі орыс, Еуропа ақындарының үлгісімен төрт тармақты
өлеңдердің шеңберін бұзып, өлең өрістерін кеңейтті. Бұл өлеңнің алғашқы екі бөлігі
сызықшадан кейін сындырылып жазылғанымен, екі тармақты, он буынды өлең екенін
көреміз. Екі тармақты өлең, жалпы, Шығыс поэзиясына жат емес. Жай оқып тамсану үшін
емес, терең сезініп, елестетуге, ойлануға жазылған өлеңнің фонынан пейзажды көреміз. Бер
жағында лирикалық кейіпкердің жан дүниесі. Ол Гүлнәрдың өзінің пәлсапасы. Егер картина
ретінде көз алдымызға елестетер болсақ, бөлме ішінде хат жазып отырған бикештің
жүзіндегі сағыныш пен мазасыздық күйін аңғаруымызға болады. Менің көз алдыма осы өлең
картина күйінде келеді [4, 110].
Гүлнәр Салықбайдың поэзиясында лирикалық кейіпкер біреу ғана. Оның
өлеңдеріндегі дауыс бір ғана кеудеден шығады. Психологиясы да біреу. Сезінуі, кешіруі де,
айыптауы да, сағынуы, жерінуі де бір. Ал түр, форма жағынан келгенде сан 202 алуан. Кей
өлеңдеріне қарап пәлсапаның ақыны деп түйсең, кейде сезімді ғана жырлайтын ақын шығар
дейсің. Жалпы, өлеңдерін оқырманы күтпеген жерден аяқтау ақын поэзиясының ерекшелігі
деуімізге де болады. Оны қарапайым аяқтағанымен, ойсыз, мақсатсыз да тәмамдай
салмайды. Ойының бар түйінін, өлеңнің бар салмағын және оқырманын ойландыратын ең
ауыр сұрағын, сосын сол сұрақтың ішіндегі еріксіз мойындайтын ең ауыр жауабын да аяғына
қалдырады. Осы өлеңін бір ырғақпен сыдырып оқып шығуымызға да, әрі екі тармағына
үңіліп, асықпай оқып шығуымызға да болады. Екі түрлі оқу да адамға әсер етеді. Бірақ әсері
де екі түрлі болмақ. Негізгі айтпақ ойын, нақты меңзеген нәрсесін символдық сөздерге
жасырған. «...Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше,
көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқан екен. Оқырман
міндеті айтылған дүниені түсінуге жарау болса керек... Мына дүние бәрімізге ортақ. Сол
ортақ дүниені ақындарымыз өздерінше жырлайды [5, 126].
Г.Салықбаеваның шығармашылығындағы көркемдік өрнектер өрісі кең және көркем
кестелі. Лирикалық туындыларының қайсібірін алмайық, ажарын ашып, дәмін келтіретін
келісті тіл өрнегі ақында жеткілікті. Г.Салықбайдың жырларындағы ең айқын көрінетін,
ақын ретінде басқалардан ерекшелендіретін қуат – айрықшалық – психологиялық
драмалардың молдығы мен шынайылығы. Мұндай деңгей шын мәніндегі толысқан, кемеліне
келген дарынға тән. Ендеше, Г.Салықбай жырларының қазақ лирикасындағы ай дидарлы,
айрықша үлесі – қазақ өлеңіне қосылған қымбат қазына.
«Символ – бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір
нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық
айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру. Ең бастысы – символ сөз өнерінде көркем кестеленіп
отырған шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді, шығармаға бір түрлі
сыршыл сипат береді» [6, 219], - дейді академик З.Қабдолов.
Әр ақын ұғым-түсінігі мен сөз байлығына байланысты сан алуан бейнелі образдар
жасайды. Символдық бейнелер ақындардың ойлау шеберлігін көрсетеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Салықбаева Г. Жан. Өлеңдер. – Алматы: Жалын, 1995.
2. Қамшыгер С., Жұмашева Қ. Қазақстан жазушылары. Анықтамалық. – Алматы:
Ан Арыс, 2009. – 480 б.
3. Салықбаева Г. Түс. – Астана: Астана полиграфиясы, 2010. – 240 б.
120
4. Салықбай Г. Аспандағы аңсарым. – Алматы: Жазушы, 2001. – 192 б.
5. Ержанова С. Қазақ поэзиясы тәуелсіздік тұсында. Оқу құралы. – Алматы:
Білім, 2010. – 320 б.
6. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992.
Достарыңызбен бөлісу: |