САБЫР АДАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ӨРШІЛ РУХ
Асамадинов Нұржан Елубайұлы
Ш.Есенов атындағы КТИУ магистранты
Ғылыми жетекші: Н.С. Қамарова,
Ш.Есенов атындағы КТИУ профессоры, ф.ғ.к., Ақтау, Қазақстан
Қандай ұлттың болмасын ұлттық қасиеті тілі, діні, ділімен, мәдениетімен дараланады.
Бұл қасиеттерінен айырылған ондаған ұлттардың басқа ұлттарға сіңіп, ұлт ретінде жойылып
кеткені адамзат тарихынан баршаға белгілі трагедиялар екенін ұрпақтар білуі керек.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: руһани жаңғыру» атты мақаласы еліміздегі барлық
ұлттардың руһани дамуының, білім мен мәдениетіміздің, халықаралық экономикалық
бәсекелестігіміздің қуаттылығының шынайы айқын, өміршең бағдарламасы екені сөзсіз.
Мәңгілік Ел идеологиясын өмірінің берік арқауы еткен еліміздің ең көкейкесті мәселесі –
экономикалық бәсекеге қабілетті болу. Ол үшін әуелі ең озық білім мен ғылымды, озық
технологияларды меңгеруіміз ауадай қажет. Бұлар бәсекелестікке төтеп берудің, дамудың
кілті екенін білуге тиіспіз және ондай жетістікке жету үшін халықаралық ғылым және
экономика, қарым-қатынас тілі ағылшын тілін меңгерудің өмірлік маңызы зор. Бірақ, «Өзге
тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп Қ.Мырзалиев айтқандай, ұлттық, мемлекеттік
153
тілді бірінші орынға қою мемлекетіміздің әрбір азаматының қасиеті борышы екенін
ұмытпауымыз керек. Біздің қазақ бақытты ел. Себебі ол мынау ұлы даласын ғасырлар
бойына қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен, зеңбіректің добымен, атом қаруымен емес,
отты жырларымен, жалын сөздерімен қорғап келе жатқан халық. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де,
ақиқат осы. Қазақ сөз өнері кеткен күні жер бетінен жойылып кетуі әбден мүмкін. Әрине,
оның бетін әрмен қылсын! Жаратушы ием, қай уақыт еншісінде болсын, отты жырларымен
халқын қорғайтын, оған рух беретін, намысын қайрайтын алдаспан ақындарын дүниеге
әкеліп отырған. Бұқар жырау, Махамбет, Қашаған… Сабыр Адайымыз осы құрметті сапқа
тұра алатын тұлға десек, қателеспейміз.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың халқын рухани жаңғыруға шақырған ұранды
мақаласындағы айтылған жайларды жандандыратын да, қолдайтын да осы Сабыр Адай
сияқты ақындардың мінезді де отты жырлары. Ислам Жеменей, тарихшы, филология
ғылымдарының докторы «Сабыр Адайдың шығармашылығын тәуелсіздік жылдарымен
байланыстырамын. Сабыр Адай да елдің тәуелсіздігін сағынған сирек кездесетін
ақындардың бірі. Оның жаны ұлттың жанымен, Отанның жанымен үндес. «Әр қазақ — менің
жалғызым» деген сөзді айту үшін үлкен жүрек керек. Оған терең ой керек. Батылдық керек.
Кез келген адам мұндай қанатты сөз айта алмайды. Сабырдың поэзиясы — жол көрсетуші
поэзия. Сабырдың поэзиясында Махамбеттің батырлығы мен Абай Құнанбайұлының терең
философиялық ой мектебі жатыр. Батылдық пен ойшылдықты қоса алып келе жатыр.
Өжеттілік бар. Мінез бар» [1], - деп бағалайды.
Айта кететін тағы бір нәрсе – қазіргі қазақ лирикасындағы ұлттық мінез мәселесі.
Ұлттық мінез – ұлттық менталитетіміздің көрінісі. «Орыс әдебиетінің ұлттық ерекшелігі»
атты еңбегінде зерттеушісі Б.Бурсов ұлттық мінезді әдебиеттанудың маңызды мәселелерінің
қатарына жатқызады [2, 24]. Қазақтың қандай кең, қандай көрікті болса, қазақтың рухани
дүниесі де өз жеріндей бай да сұлу, дала мінез дархан. Сезімдік және рухан ойлау тәсіліміз,
салт – санамыз тек қана өзімізге, қазаққа тән. Біздің менталитетіміз санамызбен тығыз
байланыста. Ақын менталитеті де туған топырағына сәйкес қалыптаса отырып, рухани
дүниені, ойлау жүйесі, мінез – құлқы, жалпы психологиясы ақынның өзіндік болмыс –
бітімімен бірге тұрақталады. Сол тұрақтылық, ұлттық психологиямыз көрнекті ақын Сабыр
Адайдың өлеңдерінен анық байқалады.
«Әр қазақ менің жалғызым» деген өлең жолы. Қандай әдемі айтылған! Бұл ұлттық
тұтасуымызға қызмет ететін сөз» [3], - дейді белгілі ғалым Құлбек Ергөбек.
«Әр қазақ менің жалғызым» деген бір сөзімен-ақ жыр сүйер қауымның ғана емес,
тұтас ұлттың жүрегіндегі дүниені дөп басқан Сабыр Адай қазақ поэзиясында пайымды
орынға ие ақын. "Таңғы нөсер", "Кетемін көкке жұлдыз боп", «Серттесу» сынды бірқатар
өлеңдер жинағының авторы. Сабыр Шеркешбайұлының шығармашылығы оқырман жүрегіне
шынайылығымен жол тапқан туындылардан тұрады. Ақынның соңғы жарық көрген
«Алтынзер» жинағы да – ұлттық поэзияға қорына қосылған қарымды дүние.
Алла, Алла,
Сен жаратқан, сенің ғана құлыңмын!
Тамшысымын нұрыңның,
Тағдырыңмын Мен
Өзің оған мөр басқан.
Жүрекпін Мен,
лүпілдеген ғұмырмын! [4, 201],
«Әр қазақ менің жалғызым» деген бір өлең жолы Алаштың ұранына айналған Сабыр
Адай Бүкілодақтың ІІ Халық шаруашылығы фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты,
ЮНЕСКО аясында өткен халықаралық Махамбет сыйлығының иегері. Әр жылдары Қашаған
ақынның, Есет батырдың, Әбубәкір Кердерінің, Асау-Барактың, Сырым батырдың, үш бидің,
Абылай ханның тойларында және Орталық Азия — Қазақстан ақындарының айтыстарында
154
Сабыр Адай топ жарды. Ұлттық рухты жаңғыртуда талмай, тайсалмай еңбек етіп келе
жатқан Сабыр Адай ақынның өлеңдері – ұрпағымыз үшін нағыз рухани азық.
Оның тепсеңнің топырағындай құнарлы тілі мен шұрайлы орамдары көпшілікті тәнті
еткені сөзсіз. Әсіресе заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев Сабыр қаламынан
туған «Әр қазақ – менің жалғызым» деген жолдарды тақырып етіп, ол туралы көлемді мақала
жазғаннан кейін, оның есімі бүкіл елге кеңінен танымал болды. Ол сөз – жұрттың бәрі сүйіп
айтар, сүйсініп қайталар сөзге айналды. Бәріміз де қазаққа ынта-ықыласпен құштарлыққа
толы құшағын айқара ашып тастаған, әр қазақты маңдайындағы жалғызындай көрген
ақынның мейірімге толы жүрегі мен көл-көсір пейіліне әбден риза болып едік. Көңілі қай
қазақты да алалаудан ада мұндай іргелі ұлы сөзді қазақтың мұңы мен шерін бойына барынша
сіңіріп алған ақын ғана айта алса керек. Мұндай ірі сөзді қарындас, құрсақтас қазақтың іргесі
қаншама рет ханталапайға түсіп қалт-құлт етіп қайта түзелген тағдырын жан-тәнімен ұғатын
тағдырлы ақын ғана жаза алмақ. Сондықтан да оның жаны әлі күнге дейін жұбана алмастай
өксікке толы.
Шаттықтың мұңлы шұғыласын
Шарайна көзім ұрласын.
Маңдайым жібіп сәуледен
Таңдайым жырдан құрғасын.
Көр төгіп, қалқам, жырыңды,
Кеудеме өксік тығылды.
Сен болып сорлы найзағай,
Сорғалап келіп жығылды.
Түсінбес мұңсыз мұңымды,
Бұлдайсың кімге құныңды, –
Танауы талқан тағдыр мен
Тұлымы қан-қан ғұмырды! [5,495].
Өткеніңді ойласаң, ғұмыр бойы басылмайтын өксік сияқты. Өмір – арпалыс. Өмір –
жанталас! Егер сен еліңді ойламайтын ет жүректі ез болмасаң, жан-жағыңа қара! Етек-
жеңіңді де, есіңді де жи! Кең даланы еркін жайлаған қазағыңның жан-жағынан сұқ көзін
қадап, сұғанақ қолын созып тұрғандар бар. Егер сен өзіңмен-өзің абаласып, өзіңмен-өзің
жағаласып жатсаң, біреуі таптап кеткісі, екіншісі қаптап кіргісі кеп тұр. Өзіңе өзің берік
болмасаң, қапыда соғып қанқақсатып кетуі мүмкін. Мұндайда ешкімнің де етегіне оратылып
елпілдеудің де, шалғайыңның шаңын қағып желпілдеудің де қажеті жоқ. Бірақ қанша қажеті
жоқ десең де отаршылықтан қалған мінезбен ананың көңілін тапқысы, мынаның көңілінен
шыққысы келіп жарамсақтанып, бірде басымызды иіп, бірде тіземізді бүгіп жатқанымыз
өтірік емес. Егер сен біреуіне жарамсақтанып, екіншісіне жалтақтап бақтың ба, онда олар
сені сахнадағы жіпке байлаулы қуыршаққа айналдырады. Қалай бұрса – солай бұрыласың.
Билетем десе – билетеді. Ән салдырамын десе – ән салдырады. Бір сөзбен айтқанда терезеңді
тең ұстамасаң, күнің қараң. Ондай елдің бостандығымен бірге болашағы да болмайды.
Осылардың бәрін көкірегінен өткізіп, ойына түйіп келе жатқан Сабыр ақын:
Өз елінде, өз жерінде күлмеген
Теңеседі терезесі кімменен.
Иіндерін илеп басқан заманы
Қоғамына сай болады адамы.
* * *
Енді біздің шыға қалмас үніміз
Жанда – ұлт жоқ,
қалды тоз-тоз түріміз!
Міне, солай, қоламтада күл қалды
155
Көктей солып бара жатыр гүл мәңгі.
Таң атты ма, күн батты ма керексіз,
Ер мұңаймас, ел жыламас себепсіз!..
* * *
Өз жеріңде, өз еліңде жетімсің,
Жетім көңіл енді қалай жетілсін?..
Алашымның жан-жүрегі шаршады…
Бұл да, міне, –
біздің Ұлттың Зар шағы.
Шаршады!
Шаршады! [4, 147], –
деп, айдалада қалып құлазығандай болып құмыға қамығады. Енді қайтсін? Жинала-
жинала жүрегін езген мұңын кімге айтсын, көкірегіне шемен боп қатқан шерін кімге
тарқатсын? Әрине, мұңын айтқан, шерін тарқатпақ болған. Бірақ естуге құлақ табылмады,
пиғыл да болмады.
Анау елге де, мынау елге де жерін де, жерінің байлығын да алтын табаққа салып
беруге бейіл билігіңіз, өз еліне келгенде тоң-теріс. Оның шері мен мұңын құлаққа ілгісі
келмейді, жүре тыңдайды. Кесірлік пен кесапаттық көрсетіп кергіп сөйлейді. Шетінен паң,
шетінен тәкаппар. Өз халқын өздері, бөтен пиғылды адамдармен бірге, қараңғы, надан
көреді. Содан да олар сол надан халықтың көзін ашып, көкірегін оятқысы кеп әр нәрсені бір
әкеп таңады. Қазақ қоғамы, соның салдарынан беталды кеткен жүйесіздікке ұрынып, былық
пен шылыққа батты. Енді олардың одан шығар түрі жоқ. Ең сұмдығы, олардың шылбырына
жармасып, тізгінінен тартып «қой» дейтін қожа, «әй» дейтін ажа болмай тұр. Айта алатын
азаматтардың оларға аяғы да, қолы да жетпейді. Айналасына қару-жарақты адамнан жеті
қабат қорған салып қойған. Оны жарып өту мүмкін емес.
Міне, осындай адамды әбден қажытып, шаршатып-шалдықтыратын тіршіліктерді
көре-көре Сабыр ақынның бәрі- бір салы суға кетпейді. Қанша күйінсе де, күйреп
күйзелмейді. Айбарын шақырып, намысын жаниды. Тек бізді намысты рух қана алып
шығады деп шешеді.
Ай мүйізін асқар шыңға жаныған,
Сардар жігіт, сапқа тұр да сал ұран.
Намыс үшін,
Арың үшін от күре.
Ер Алаштың амандығын көп тіле.
Көк байрағы көрік алған аспаннан
Көк бөрім-ау, бәрі сенен басталған.
Намыс үшін,
Арың үшін от күре,
Ер Алаштың амандығын көп тіле.
Көтер басты!
Кеудеңізден күн шықсын, –
Көлеңкеңде көк аттылар тұншықсын.
Намыс үшін,
Арың үшін от күре.
Ер Алаштың амандығын көп тіле.
Маңдай термен атар алда көп таң бар,
Адам ба екен ар-ұятын сатқандар?!
Ойлан, Қазақ!
156
Арлан, Қазақ!
Өр Қазақ!
Арсыз болсаң –
Тірлік те азап, көр де азап! [5, 269].
«Әр қазақ – менің жалғызым» деп сөйлей алатын ақынның басқаша сөйлеуі мүмкін
болмаса керек.
Сабыр ақынның рухты жырлары оқырман жүрегіне әлі талай нұр сыйлары анық.
Ұлттық рух барда ақын жырлары мәңгі жасамақ.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Ислам Жеменей.
Отанды сүйсең, елді сүйсең, Сабырша сүй! 29.05.2017
https://www.elana.kz/2664559884455-2/
2. Бурсов Б. Национальное своеобразие русской литературы. – М-Л.: Сов.писатель,
1964. – 395 с.
3. Ергөбек Қ. Сабыр Адайдың кітабынан бес-алты өлеңі ғана ұнады.
https://qazaqtimes.com/article/1176
4. Адай С. Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың. – Алматы, 2010. – 272 б.
5. Адай С. Алтынзер. – Алматы: Арыс, 2016. – 776 б.
Достарыңызбен бөлісу: |