Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы


Саяси партияның түсінігі және функциялары



бет10/23
Дата02.01.2022
өлшемі489 Kb.
#107822
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23
Байланысты:
Дип.-Саяси-партиялардың-құқықты

1.3.1. Саяси партияның түсінігі және функциялары
Дамыған демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекеттің міндетті атрибуты ретінде идеологиялық және саяси әралуандылықтың конституциялық деңгейде танылуы, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ұйымдардың, қозғалыстардың және саяси партиялардың жедел дамуына жағдай туғызды. Оның ішінде, тек саяси партиялар ғана халықтың көңіл-күйін анықтаудың сенімді «құралы» болып табылады[30].

Қазіргі уақытта демократиялық мемлекеттердегі саяси партиялар, мемлекеттік билік органдарының қалыптасуына және олардың жұмыс жасауына шешуші ықпал жасайды. Ұлттық саясатты жасау, оны жүзеге асыру үшін тиісті ресурстарды табу, тиісті шешімдер қабылдау бүгінгі таңда саяси партияларсыз еш мүмкін емес. Тіпті демократия немесе халық билігі дегеніміздің өзі қоғамдық ұйымдардың дәл осы түрінің белсенді қызметі, яғни, олардың сайлаушылардың даусы үшін, саяси және әлеуметтік басымдықтар үшін күрестегі ашық бәсекелестігі, олар ұсынып отырған саяси бағыттар мен бағдарламалардың плюрализмі, олардың бірін-бірі сынауы және т.б. [4. 150 бет].

Елбасы Н. Ә. Назарбаев бұл мәселеде былай деген: «Күллі әлемде билік, саяси процестердің катализаторы ретінде жаңа саяси бастамаларды ұсынатын және оларды қолдаумен қамтамсыз ететін бұқаралық саяси партияларға арқа сүйейді» [31].

Осыған орай, партияларды мемлекеттік-саяси жүйенің элементі ретінде зерттеу Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы ғылымы үшін өзекті мәселе болып табылады. Оның үстіне, маңызды және үнемі зерттелетін мәселелердің бірі ретінде саяси партиялардың түсінігін және мәнін айтуға болады.

Сонымен бірге, конституциялық құқық ғылымында саяси партиялардың мәнін және рөлін анықтау кезінде де бірегей пікір жоқ. Заңгерлер мен саясаттанушылардың көзқарастары қоғамның экономикалық және саяси жағдайының өзгеруімен бірге өзгерді. «Партия» терминінің (латынның «pars»- бөлік сөзінен) қазіргі күнгі ұғымының мазмұны адамзат қоғамының дамуымен бірге, үлкен эволюциялық жолды жүріп өтті.

Саяси партиялардың түп-тегі көне замандарға кетеді деп есептесек, қателеспеген болар едік.

Аристократиялық саяси ұйымдар мен клубтар ретінде олар сонау Ежелгі Грецияның өзінде өмір сүрді және билік үшін немесе билікке ықпал жасау үшін бір-бірімен бәсекелес болды.

Партиялар (шартты түрде осылай атайық) әр түрлі құлиеленуші таптардың мүддесін білдірді және өзінің тұрақсыздығымен ѕәм әлсіз ұйымдасумен ерекшеленді.

Көне грек пәлсапашысы Платон полистің тұрақтылығын сақтау үшін, барлық азаматтардың қоғамдық жұмысқа сәл де болса араласу қажеттілігін түсінген. Екінші бір антикалық ойшыл Аристотель негізгі көңілді қоғамның тұрақтылығының шешуші факторы ретінде сословиелер мен топтардың саяси биліктік өзара қатынастарына (билік үшін күрес және оған қатынасу) бөлген.

Платон да, Аристотель де және Ежелгі Грецияның өзге де ойшылдары, әр түрлі сословиелер мен олардың мүдделері қоғамды үлкен өзгерістерге алып келетінін мойындаған, сондықтан да олар ұсынылған тәртіпті қабылдап, әркім өз ісімен айналысатын «идеалды мемлекет» жобаларын жасады.

Орта ғасырдағы саяси құқық концепциялар бірегей ғаламдық мемлекет туралы теологиялық идеяның маңайына топтасты және ұлттық, мемлекеттік немес басқалай бөлуші факторларға мұнда орын болмады. Мәңгі бірлік және татулық туралы догмалардың негізін құраған теологиялық концепцияның өкілдері ретінде Қасиетті Августин (354-430 ж.ж.) мен Фома Аквинскийдің (1225-1274 ж.ж.) атауға болады.

«Партия» сөзінің қазіргі мағынада пайда болуын, XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы Еуропадағы буржуазиялық революциялар мен демократияның қалыптасу кезеңіне жатқызуға болады. Жаңа кезеңде олар бұрынғы аристократиялық ұйымдардан өзінің әлеуметтік жағдайымен ғана емес, сонымен бірге, идеологиялық байланыстардың тұрақтылығымен, мықты ұйымдасуымен, қоғамдық жұмысының әлдеқайда кең көлемімен ерекшеленді.

XVІІ ғасырдың ортасындағы Англиядағы буржуазиялық революцияның жеңісі, жаңа экономикалық және саяси қатынастардың дамуына жағдай туғызды және осының нәтижесінде әлдеқайда прогрессивті тап-буржуазия дүниеге келді. Дәл сол буржуазия британ парламентінде өзгелерден бұрын протопартиялардың («тори» және «виги») қалыптасуына жағдай жасады. Бұл кезеңде партияның теориясы мен концепциясын жасауға Ф. Бэкон, Т. Гоббс, Д. Юм сияқты ағылшын пәлсапашылары көп үлес қосты.

Англияда протопартиялардың қалыптасу сатысында, сол кезеңнің прагматиктері партияларды қоғамның тұрақсыздығының қайнар көзі деп есептеді.

Ф. Бэкон (1561-1626 ж.ж.) партияларды әр түрлі саяси күштердің билік үшін жүргізген күресінің жемісі деп есептелген. Алайда, ол партияларды толық мойындады және қолдады деп айтсақ, қателескен болар едік. Ф. Бэконның пайымдауынша: «Көтерілістерге себеп және сылтау болып, ... партиялардың наразылықты оятуы, халықты ортақ іске ұйымдастыруы және жұмылдыруы табылады» [32]. Бірақ сонда да, оны саяси партияларға деген төзімділігі ерекшелендіреді. Ол партияларға шынайы қатынасты қалыптастыруды және олармен санасуды ұсынды.

Жалпы алғанда, Англияның құқықтық доктринасында буржуазиялық қоғамның саяси өміріндегі партияның рөлі мен маңызын мойындау ағымы байқалады.

Саяси партиялардың мәнін анықтауға Ш. Монтескье және Ж.Ж. Руссо сияқты француз ағартушылары үлкен үлес қосты.

Буржуазия идеологы Ш. Монтескьенің ілімлерінде қоғамның стратификациялануының нәтижесі ретінде партияның пайда болу заңдылықтарын мойындағаны айтылады. Оның үстіне, Монтескьенің пікірі бойынша партия құрылымдарының қызметі қоғамдағы демократия деңгейін көрсетеді. Бұрынғы пікірлерге қарағанда, оның концепциясы өзінің жаңашылдығымен сипатталады және партияны еркін саяси режим мен демократиялық мемлекеттің атрибуты деп есептей отырып, «партия» ұғымына прогрессивті-позитивті мазмұн бергенін көреміз. Ш. Монтескьенің айтуынша: «Біз әркез өзін республика деп атайтын мемлекетте әр түрлі саяси қағидалар мен топтардың күресі жоқ екендігін байқасақ, онда ол мемлекетте еркіндіктің жоқ екендігіне сенімді болуға болады» [33]. Сонымен бірге, ол, тым шексіз еркіндік, оның ішінде партиялардың еркіндігі де еркіндіктің өзін жоққа шығаруға алып келеді. Сондықтан да партия аралық күресті құқықтық реттеу тиімді болар еді деп пайымдайды.

Екінші бір француз ойшылы Ж. Ж. Руссо біршама өзгелеу позицияны ұстанды. Партияның мемлекет өміріндегі мәнін және қызметін анықтаудағы оның жаңашылдығы, оларды қоғамдық пікірді алып жүруші, қоғамның әр түрлі бөлігінің мүдделерін мемлекеттік деңгейде білдіруші ретінде қарастыруы еді.

Ж.Ж. Руссо партиялар, қоғамдағы мүдделер мен қайшылықтарды реттейді, ал партиялардың күресі – ол әр түрлі мүдделердің шартты түрде демократиялық ерік-жігерін білдіру үшін қажетті жағдай деп есептелген. Сонымен бірге «жеке мүдделер» жалпы мүддеден үстем болып кетпеуі тиіс. Партиялардың пайда болу заңдылығын мойындай отырып, ол мемлекеттегі олардың пайдалылығын және әкелуі мүмкін оң өзгерісін танудан алшақтау болған. Бірақ, плюралистік көзқарастың ұстанушысы ретінде мемлекеттегі жалғыз ортақ ассоциацияның болуына қарсы шыққан [34].

Сөйтіп, француз ойшылдары партияның рөліне әлдеқайда позитивті тұрғыдан баға берді және өз мемлекетіндегі партиялық жүйенің жұмыс жасау тәжірибесін теориялық тұрғыдан негіздей алды.

Солтүстік Америкада да саяси партияларға құқықтық көзқарастың қалыптасуы өзінше жүрді. Тәуелсіздік үшін болған соғыстың алдында, АҚШ қоғамында әр түрлі фракциялардың құрылуы саяси өмірдегі қалыпты құбылыс ретінде қаралды. Сонымен бірге саяси партиялар америкалық теорияда сыни көзқарасты қалыптастырды, себебі олар алғашында эгоистік топтардың мүдделерін білдірген еді. Осыған орай америка қоғамының бір-бірімен жауласқан әлеуметтік-саяси фракцияларға бөліну заңдылығын сезіне отырып, Д. Мэдисон партия аралық мүдделерді мемлекеттік реттеу қажет деп есептеді. Сонымен қатар, ол партиялардың мемлекеттік органдардағы ықпалын да мойындаған. Келесі бір америкалық демократ Б. Франклин партияларды жалғыз, ортақ мақсатты – «қоғамдағы жақсы өмірді көздеушілер» және олар «оған жетудің әр түрлі тәсілдеріне» байланысты ажыратылады деп есептеді. [35].

Сөйтіп, антика дәуірінен басталып, алғашқы буржуазиялық мемлекеттердің классикалық ілімдерімен аяқталған саяси партиялар теориясының эволюциясы қоғамның саяси құрылымындағы партияның рөлі мен мәніне әр түрлі және қарама-қайшы қатынасты көрсетті. Алайда, XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында либералды-демократиялық концепциялардың дамуына байланысты партия феноменін қоғамды дағдарысқа алып баратын институт ретінде негативті қабылдау толығымен жойылды. Енді ғалымдар партияларды саяси жұмыстағы ортақ көзқарастар мен ұмтылыстарды біріктіретін қоғамдық топ ретінде елестетті. Мысалы, Г. Кельзен партияны жекелеген тұлғалардың идеяларын және пікірлерін қорғау және таратудың мемлекеттік органдары мен қоғамға ықпал жүргізуге күресу және оны иеленудің құралы ретінде қарастырды. М. Вебер саяси партияларды «азаматтарды өз қатарына ерікті түрде қабылдауға сүйенетін, өзінің жетекшілерін билікке жеткізуді және белсенді мүшелеріне белгілі бір пайда немесе артықшылықтар беретін тиісті жағдай туғызуды мақсат етіп қоятын қоғамдық ұйым».

В. Хасбахтың пікірі бойынша, партия дегеніміз бірыңғай саяси көзқарастары және мақсаттары бар, жеке мүдделерін жүзеге асыру үшін саяси билікті басып алуға ұмтылатын адамдар одағы [36]. Сөйтіп, саясаттанушылар мен заңгерлердің партияға деген көзқарастарының өзгеруі, партиялардың қоғамымыздың саяси жүйесіндегі маңызды институтқа айналғандығын көрсетеді.

Саяси партиялардың қазіргі күні де көптеген анықтамалары бар.

Әдетте, саяси-құқықтық ғылымда «саяси партия» түсінігін анықтаудан қашқақтап, оның қызметінің тек бір жағына ғана көңіл бөледі.

Кейбір мемлекеттанушылар мен саясаттанушылар саяси партиялардың қызметіндегі негізгі фактор болып, олардың «сайлау» функциялары, яғни, сайлауды өткізу және осы кезеңде мемлекеттік билікке жету үшін сайлаушылардың таңдауына әсер ету табылады деп пайымдайды (Дж. Джеймс, Т. Лауи, П. Меркл, Дж. Сартори, Ф. Херменс). Бұл жерде саяси партиялар үкіметке бақылау жүргізу үшін, сайлау кезінде жеңіске жетуге тырысатын саяси топтар ретінде сипатталады.

Алайда, саяси партияларды бұлай сипаттау олардың мәнін ашпайды және партия қызметінің өзге тұстары есептелмейді. Оның үстіне партияның тек «сайлау функциясына» көңіл аударып, партия қызметіндегі құрылымдық-ұйымдастырушылық сәттерді, оларды әлеуметтік топтардың саяси және идеологиялық ұйымдары ретінде сипатын ескермеу ғылыми негізделмеген болып табылады.

Саяси партиялардың сипатын тануға ұмтылатын екінші бір топ, оның қызметінің құрылымдық, ұйымдастырушылық жағына көңіл бөледі (М. Дюверже, Дж. Лапалабара, М. Виннер). Бұл концепцияға сәйкес партия дегеніміз мемлекеттің барлық аумағын қамтитын ерекше құрылымға ие, өз жақтастарының қамын күйттейтін, ұзақ уақытқа құрылған азаматтардың бірлестігі. Бұл позицияны жақтаушылардың бірі белгілі француз саясаттанушысы М. Дюверже. Оның пікірі бойынша, партия ол ерекше құрылымға ие, ерекше ұйым.

Бұл концепцияның кемшілігі, партияны өзге қоғамдық ұйымдардан ерекшелендіретін оның саяси механизмдегі қызметі ашып көрсетілмеген.

Саяси партияларды зерттеудегі үшінші концепция ол партияны таптық ұйым деген ұстанымды жақтаушылар (К. Маркс, Ф. Энгельс, В. Ленин). Яғни, партия дегеніміз белгілі бір таптың немесе әлеуметтік топтың саяси және идеологиялық ұйымы.

Алайда, бұл концепцияда субъективті фактор есептелмейді, яғни, тұлғаның белгілі бір тапқа жатуы, оның партяны таңдауына үнемі сәйкес келе бермейді.

Саяси-құқықтық ғылымда партияның мәні мен түсінігін зерттейтін өзге де салалар бар: тарихи, бихевиористік, әлеуметтік және т.б. Алайда, конституциялық құқық ғылымы үшін саяси партиялардың құқықтық анықтамасы маңызды болып табылады.

Конституциялық құқықтың Кіші энциклопедиясының авторлары саяси партияларды «елдің саяси өміріне сайлау арқылы қатысып, мемлекеттік билікке ықпал етуді көздейтін және сол арқылы өз мақсаттарына жетуге ұмтылатын, өздерінің саяси көзқарастары мен мүдделері бойынша ұйымдасқан азаматтардың бірлестігі», - деп анықтаған [37].

Қазақстандық зерттеуші Т. Топорина саяси партия ұғымына жан-жақты талқылау жүргізуге тырысқан. Оның пікірі бойынша, партия дегеніміз «мемлекетте құқықтық мәртебеге ие, ерекше қоғамдық ұйым болып табылатын, әдетте, бағдарламалық құжаттарында формальды түрде көрініс табатын саяси көзқарастарының ұқсастығы бойынша біріккен адамдар тобы. Олар белгілі бір идеологияға сүйеніп және белгілі бір мүдделерді білдіру арқылы мемлекеттік және қоғамдық-саяси өмірде белсенді болуға ұмтылатын, мемлекеттік билікке жету және оны жүргізу мақсаты бар, сол арқылы тиісті қоғамдық топ, әлеуметтік бөліктің мүддесін жүзеге асырады» [38]. Бұл анықтамаға тым артық мұқияттылық және ауқымдылық тән.

Саяси партияның қысқаша құқықтық анықтамасын конституционалист Юдин Ю. жасаған болатын. Ол саяси партия деп «мемлекеттік билікке конституциялық жолдармен жету және оны жүргізу мақсатымен саяси процеске қатысу үшін құрылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және саяси бағдарламасы бар қоғамдық бірлестікті» түсінеді [17. 50 бет]. Тек қана ғылымда ғана емес, сонымен бірге қазіргі күнгі заңнамада да «саяси партияның» бірегей анықтамасы жоқ. Бұл партияның өзінің шығу тегі, қызметінің сферасы, функционалды міндеті бойынша мемлекеттік құқықтық категориядан гөрі, қоғамдық-саяси категория болуына байланысты.

Әрине, мемлекеттерде саяси партиялардың мәні, олардың қоғамдық саяси өмірдегі рөлі туралы ой-пікірлер әрқилы. Бұған себеп болып, саяси режимнің ерекшеліктері, құқықтық доктринаның даму ережесі және т. б. табылады.

Қазақстан заңнамасында «саяси партия» терминіне анықтама берілген кезде де, қазіргі конституциялық-құқықтық даму жағдайы ескерілген. Яғни: «Азаматтардың, әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін мемлекеттік биліктің өкілді және атқарушы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында білдіру және оларды қалыптастыру ісіне қатысу мақсатында олардың саяси еркін білдіретін Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігі саяси партия деп танылады». Партияның құқықтық анықтамасының мәнін және мазмұнын толығырақ ашу үшін және оны қоғамдық бірлестіктердің өзге нысандарынан ажыратып алу үшін, ерекше конституциялық-құқықтық институт ретінде партияға ғана тән белгілерді қарастырсақ.

Саяси партия – мақсаты мемлекеттік билікті жүргізуге қатысу болып табылатын, азаматтардың қоғамдық бірлестігі.

Бұл партиялардың мәнін ашатын және оны қоғамның өзге институттарынан ажырататын ең маңызды белгі болып табылады. Партияның басты мақсаты - өзінің бағдарламалық міндеттерін орындау үшін биліктің тұтқаларына тікелей, ашық бақылау орнату арқылы мемлекеттік механизмді пайдалану.

Ал, кәсіпкерліктің, кәсіби одақтардың, лоббистік топтардың алға қойған міндеттері – ол, өз мүшелерінің жеке спецификалық мүдделерін қанағаттандыру және қорғау болып табылады.

Бұл басты белгі, 2002 жылы 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында көрініс тапқан [39]. Алайда, егер бұрынғы заңда саяси партия деп «мемлекеттік билікті жүзеге асыру үшін олардың саяси еркін білдіруге көмектесетін азаматтардың бірлестігі» танылса [40], жаңа заңда саяси партия деп «азаматтардың, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін мемлекеттік биліктің өкілді және атқарушы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында білдіру және оларды қалыптастыру ісіне қатысу мақсатында олардың саяси еркін білдіретін Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігін» түсініледі.

Жоғарыда келтірілген екі анықтама да партияның мәнін, олардың негізгі қызметін өзгертпейді. Себебі, мемлекеттік органдарды қалыптастыру және олардың жұмысына қатысу арқылы партиялар әлеуметтік топтардың саяси еркін білдіреді.

Саяси партия – бұл азаматтарды саяси көзқарастары мен мүдделерінің ортақтығы негізінде біріктіретін ұйым. Ол көзқарастар мен мүдделер партияның бағдарламасында көрініс табады және мемлекет қызметінің басым бағыттарын айқындайды.

Саяси партияның маңызды белгілерінің бірі оның барлық әрекеттері мен бастамаларын айқындайтын, негізгі құжат – партия бағдарламасы болып табылады. Өзге қоғамдық ұйымдардың партиядан ерекшеліктері, олардың саяси бағдарламасының болуы міндетті емес.

Бағдарламада әдетте, партияның негізгі стратегиялық мақсаттары және оған жету тәсілдері көрініс табады: партияның күрес тактикасы, болуы мүмкін одақтастармен қатынас, маңызды болып табылатын саяси, экономикалық, әлеуметтік, халықаралық бағыттар және партия мемлекеттік билік басына келген жағдайдағы жасалынатын нақты жағдайлар көрсетіледі. Қысқаша айтқанда, бағдарлама дегеніміз ол партияның «бет-жүзі».

Атап өту қажет, қазақстандық қоғамдық бірлестіктер партия болып тіркелу үшін бағдарламаның болуы міндетті шарт болып табылады.

Саяси партия- бұл тұрақты негізде жұмыс істейтін және ерекше ұйымдық құрылымға ие бірлестік.

Аталған белгі «Саяси партияның» анықтамасына кірмесе де, оған үлкен маңыз беріледі.

Саяси партиялар ұйымдасуы жағынан саяси қозғалыстардан біршама ерекшеленеді. Соңғылары республика аумағы бойынша жақсы ұйымдастырылған аумақтық бөлімшелерге ие емес. Оның үстіне, бұл жерде мүшелік кейде ұжымдық негізде де құрылып жатады. Тіркеуге алынатын мүшелік бұл жерде жоқ [41]. Бірақ Қазақстанда заңдық тұрғыдан саяси қозғалыстардың құқықтық мәртебесі реттелмегендіктен, оларды партиялардан құқықтық шектеудің мағынасы жоқ. Сонымен бірге, мұндай қозғалыстардың саяси партияға айналу сәтіне дейін немесе елдің саяси сахнасынан жойылу сәтіне дейін өмір сүре беретінін мойындауымыз керек.

Тұрақты ұйым белгісі партияны сайлау өткізу кезеңінде ғана саяси өмірде уақытша жұмыс істейтін сайлаушылар бірлестігінен ерекшелендіреді. «Тұрақтылық» белгісі саяси партияларға ұйымның белгілі бір мүшелерінен тұрақты негізде жұмыс істейтін қызметкерлердің болуын талап етеді. Себебі, онсыз тұрақты ұйымның болуы мүмкін емес.

Саяси партиялардың жоғарыда келтірілген белгілері олардың мәнін суреттейді, сонымен бірге партияларды өзге қоғамдық бірлестіктерден бөлектеп, олардың мемлекеттегі ерекше құқықтық мәртебесін орнатады. Партиялардың бұл белгілерін нормативтік тұрғыдан бекіту арқылы, қазақстандық заң шығарушы оларды спецификалық конституциялық-құқықтық институт ретінде анықтайды.

Жоғарыдағы тұжырымдарды қорыта келгенде, саяси партия дегеніміз демократиялық жолмен, мемлекеттік деңгейде саяси билікке жетуге және оны жүзеге асыруға ұмтылатын немесе соған қатынасатын, халықтың белгілі бір бөлігінің саяси еркін білдіретін, қоғамдық мемлекеттік процестерге ықпал етуді көздейтін пікірлестердің идеологиялық негізде құрылған, ерікті, тәуелсіз, қоғамдық бірлестігі.

Саяси партиялардың қоғам мен мемлекеттегі жалпы рөлі мен маңызы туралы толық көріністі олардың функцияларын талдау арқылы алуға болады.

Мысалы, Ф. Соренауф былай деп жазады: «Саяси партиялардың толық портретін жасау үшін, тек қана оны қоршаған ұйымдардың барлық ерекшеліктерін және саяси партиялардың мүшелік құрамын зерттеу ғана емес, сонымен бірге партиялардың қоғамның саяси жүйесінде орындайтын функциялары туралы да білу қажет» [42].

Қазіргі күні саяси партиялардың функцияларының анықтамасына байланысты бірыңғай пікір жоқ. Саяси-құқықтық ғылымда аталған мәселе бойынша өте көп және қарама-қайшы пікірлер бар. Мысалы, Бандурин А., Власов В. партиялардың функцияларын былай деп бөледі:

оның таппен, әлеуметтік топпен, қоғаммен байланысын сипаттайтын функциялар;

қоғамның саяси жүйесіне және оның жекелеген институттарына қатысты функциялар;

ішкі тәртіп функциясы, яғни, партияның өзінің жеке проблемаларына қатысты функциялар [43].

Баглай М. В. партиялардың – он бір [4. 159-163 бб.], Булатова

А. және Исмагамбетова З. – сегіз [44], Нысанбаев Ә. – үш [45] функциясы бар деген пікір білдіреді.

Осы мәселеде қазақстандық зерттеуші Мусин Қ. Қ. саяси партиялардың қызметінің екі бағытына байланысты, олардың функциясын да негізгі екі топқа бөледі.

Функцияларының бірінші тобы олардың қоғамдық ұйым ретіндегі мәнін білдіреді. Саяси партиялар бұл кезде келесі функцияларды атқарады:

Жеке тұлғаның саяси өзін-өзі идентификациялану, олардың өзінің саяси еркін партияларға бірігуі арқылы жүзеге асыру мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, яғни саяси көзқарастар мен идеялардың ұқсастығы негізінде, азаматтар әр түрлі саяси партияларға бірігіп жатады. Сөйтіп, азаматтар өздерінің идеясы үшін күресте сенімді құралға ие болады.

Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатындағы неғұрлым басым бағыттарды анықтауға көмектесетін саяси процестерді ұйымдастырады. Партиялар арасындағы бәсекелестікте, яғни, әртүрлі саяси идеялар мен концепциялардың күресінде, дәл сол уақытқа қайсысы керек екендігі анықталады. Осы саяси концепциялар сайлауда жеңген партия құратын үкіметтің қызметінің негізінде алынады. Халықтың көпшілігінің еркіне сәйкес мемлекетті басқаруға жағдай осылай туындайды.

Дағдарысты жағдайдан шығудың баламалы нысаны мен тәсілдерін қамтамасыз етеді. Партиялар арасындағы күрес саяси процестің қатысушыларының бірде біреуіне, тіпті билікте отырғанына да босаңдауға мүмкіндік бермейді және оларды үнемі өзінің бағытын ѕәм оған жету тәсілдерін жетілдіруге итермелеп отырады. Егер саяси және әлеуметтік қайшылықтардың күрделенуіне байланысты, биліктегі партия өзінің маңызын жоғалтса, онда партиялық жүйе бірінші рөлге, кешегі оппозицияны әкеп қояды. Жақсы жолға қойылған партиялық жүйенің ең маңызды міндеті – ол биліктің вакуумына жол бермеу.

Қоғамда үлкен қолдауға ие, болашағы бар жетекшілерді билікке жылжыту арқылы, мемлекеттің басқару құрылымдарына кадрлық потенциал дайындау. Бұқаралық қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік құрылымдармен өзара бірігіп жұмыс істеу арқылы, саяси партиялар өз адамдарын барлық бағыттар бойынша алға жылжытады. Басқаша айтқанда, олар билік элитасы қалыптасатын кадрларды дайындайды.

Саяси партиялардың функцияларының екінші тобы мемлекеттік биліктің әртүрлі институттарының қызметімен тығыз байланысты. Бұл жерде партия мемлекеттік механизмнің органикалық бөлігі ретінде сипатталады. Саяси партиялар көпфункционалды сипатқа ие болса да, олардың басты міндеттерінің бірі болып мемлекеттік билікке жету, өздері қорғайтын әлеуметтік мүдделер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін билік аппаратына иелік ету табылады. Бұл жерде келесі функцияларды атап өтуге болады:

Мемлекеттің өкілді органдарына сайлауды ұйымдастыру және өткізуді қамтамасыз етеді. Яғни, саяси партиялар кең көлемдегі насихат жұмыстарын ұйымдастырады, сайлау алдындағы шығындардың бір бөлігін қаржыландырады, сайлау комиссияларын қалыптастыруға қатысады, дауыс беру процесін қадағалайды, өзінің кандидаттарын «жарнамалайды».

Партияның фракцияларды ұйымдастыру және олардың қызметі арқылы парламенттің тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Палаталардың жетекші органдарын және парламенттік комиссияларды құрған кезде депутаттардың қай партияға жататындығы есептеледі. Заң шығару процесінің негізгі қозғаушы күші – ол, партиялық фракциялар. Дауыс беру кезінде партиялық тәртіпті ескере отырып, саяси партиялар шын мәнінде заңның әлеуметтік-саяси мазмұнын анықтайды.

Мемлекет басшысы қызметіне кандидаттарды ұсынған кезде саяси партиялар маңызды рөл ойнайды. Президент өзінің қызметінің мерзімі кезінде саяси бейтарап тұлға болып танылатын болса да, оның бұл қызметке партия қолдауының нәтижесінде келгенін ұмытпау керек.

Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару органдарының қызметіне ықпал жасайды. Саяси партиялардың аймақтық бөлімшелері шын мәнінде, жергілікті сайлау кезінде жергілікті атқарушы биліктің басшысын, жергілікті өкілді органдардың құрамын, жергілікті жерлердің өзге де лауазымдық тұлғаларын анықтайды. Сондай-ақ, саяси партиялар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінің нақты мазмұнын және әлеуметтік бағытын анықтайды [46].

Саяси партиялардың жоғарыда аталған функциялары табиғи болып табылады және оларды қоғамдық бірлестіктердің ерекше түрі ретінде сипаттайды. Және бұл жерде, дамыған елдердің саяси жүйесінде саяси партиялар маңызды орын алады деген тұжырыммен келіспеуге болмайды [47].





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет