Зерттелетін тақырыптың өзектілігі. Саяси партияларды құқықтық реттеудің теориялық және практикалық мәселелері, әдетте, отандық және шетелдік саяси және заң ғылымдарының басым бағыттарына кіреді. Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңінде аталған мәселелер ерекше өзектілікке ие болуда, себебі елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер уақытында, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын саяси партиялардың тиімділігі тиісті деңгейде болмай отыр. Мұндай өзгерістер кезеңінде саяси партиялар өздерінің жақтастары болып табылатын қоғамның бір бөлігінің мүдделерін мемлекет алдында мүмкіндігінше дәл білдіре алулары тиіс, сондай-ақ өз жақтастарына жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсіндірулері тиіс.
Осы ғылыми мәселе, сонымен бірге саяси партиялардың орнын құқықтық реттеуді жүзеге асыру тұрғысынан алғанда ерекше маңызға ие болады. Аталған құқықтық реттеу тек партиялық жүйенің дамуын ғана шешіп қоймай қоғамдық бірлестік болып табылатын саяси партия мәртебесінің ерекшеліктерін де есепке алуы тиіс.
Саяси партиялардың құқықтық мәртебесі мәселесі Қазақстанның заң ғылымындағы аз зерттелген салаға жатады. Саяси партиялар тақырыбын зерттеп, өз үлестерін қосқан мамандар қатарында негізінен саясаттанушылар мен тарихшыларды атай аламыз. Алайда, партияның құқықтық құбылыс ретінде Конституциялық құқық тұрғысынан зерттелуі әлі төмен деңгейде және әлі толық емес. Бұған партиялардың құқықтық мәртебесін құқықтық реттеудің біраз кешеуілдеуі де өзінің кері әсерін тигізді. Мысалы, қазақстандық саяси партиялар 90-жылдардың басында қалыптаса бастаса да, олардың арнайы заңдық тұрғыдан реттелуі тек 1996 жылдан, яғни «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған кезден бастап қана жүзеге асты. Ал 2002 жылы қабылданған жаңа заң бұл құқықтық реттеуді одан әрі жүргізе бастады.
Бірақ Қазақстан Республикасындағы саяси партияларды құқықтық реттеудегі осы айтарлықтай өзгерістерге қарамастан, әлі де болса саяси партияны құқықтық құбылыс ретінде, конституциялық құқықтың институты ретінде жан-жақты зерттеуді өзіне мақсат тұтқан ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Республикамызда саяси партияларды құқықтық тұрғыдан зерттеуге өз үлестерін қосқан ғалымдар ретінде мыналарды айтуға болады: Алияров Е. К., Аяганов Б., Баймаханов М. Т., Нысанбаев А. Н., Қопабаев Ө. Қ., Зиманов С. З., Сапарғалиев Ғ. С., Кенжелиева З, Ибраева С, Сартаев С. С., Сман А., Топорина Т. В., Чеботарев А. және т. б.
Ресей Федерациясында саяси партиялардың құқықтық мәртебесі тақырыбына зерттелген ғылыми еңбек ретінде В.В. Лапаеваның «Право и многопартийность в современной Россий» және Ю.Ю. Юдиннің «Политические партии и право в современном государстве» атты еңбектерін атай аламыз. Бірақ Ресейде «Саяси партиялар туралы» Федералды заңның 2001 жылы қабылданғанын ескерсек, аталған ғылыми еңбектер біраз ескірек болып шығады. Ал 2001 жылдан бергі кезеңде Н. Н. Неровнаяның «Конституционно-правовые основы участия российских политических партий в выборах» және Т. К. Байкованың «Конституционно-правовой статус политических партий в РФ» атты ғылыми еңбектерін келтіре аламыз.
Саяси партияларды зерттеген ғылыми еңбектердің көбі, саясаттану және тарих бағыттарын ұстанады не біраз ертеректе жарияланғандықтан өзінің өзектілігін жоғалтып үлгерген.
Қазақстандық партиялардық құқықтық реттелу мәселесінің өткірлігі, бізден оны құқықтық ғылым тұрғысынан терең ғылыми зерттеуді талап етеді. Аталған талап осы ғылыми жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап берген, негізгі сұрақтарға алып келді:
Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы ғылымының тұрғысынан алғанда саяси партиялардың құқықтық мәртебесі дегеніміз не?
Саяси партиялардың орнын реттейтін нормалар тобы Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы жүйесінде қандай орын алады?
Осы және осыған шекаралас сұрақтарға осы зерттеу жұмысында жауап беріп көруге тырыстық.
Достарыңызбен бөлісу: |