21 Оқыту процесі, оның ерекшеліктері Оқыту процесінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Оқыту процесі тәрбие процесіне қарағанда неғұрлым оңай басқарылатын, жылдам іске асырылатын, нәтижесі жылдам тексерілетін процесс. Сыныптағы оқыту процесіне, мұғалім мен шәкірттердің іс-әрекеттеріне сыртқы факторлар әсер етпейді. Ал тәрбие процесінде ойлаған мақсаттарды, белгіленген тәрбие шараларын жылдам іске асыру, тексеру және нәтижесін анықтау мүмкін емес. Сонымен бірге тәрбие жұмысын өткізуге сыртқы факторлар зиянды әсер етеді. Оқыту мен тәрбие процесінің диалектикасы оның өзара байланысында, үздіксіз дамуында, жылжымалылығы мен қарама-қайшылығында ашылады. Оқыту процесі терең, берік және дәл білім алу таным жолындағы оқушылардың қимылына байланысты. Оқыту процесі – бұл мұғалім мен оқушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің барысында шәкірттерге білім беру міндеттерін шешу. Оқыту процесі – тұтас педагогикалық процестің бір бөлігі Сабақ беру процесінде мұғалім оқушыларды білім алу әдістері мен тәсілдеріне үйретеді. Оқушылар сабақта түрлі іс-әрекеттерінің барысында дамиды, олардың ғылыми көзқарастары қалыптасады. Бұл оқу процесі. Оқу – бұл оқушылардың іс-әрекеттерінінң, яғни объективтік әлемді танудың ерекше формасы. Оқу – оқыту процесіндегі оқушылардың іс-әрекеті.Оқыту процесінің компоненттері: оқытудың мақсаты, мазмұны, формалары, әдістері, нәтижесі. Оқыту процесінің нәтижелі болуы оның ішкі қозғаушы күштеріне байланысты.
22. Оқытудың заңдылықтары мен принциптері Оқыту процесінің заңдылықтары:
- Оқытудың қоғамның мұқтаждығына және жағдайына байланысты заңдылығы. Бұл заңдылықты іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты. Қоғамның экономикалық мүмкіндігі жоғары болса, мектептің оқу-материалдық жағдайы жақсарады.
- Оқытудың, білім берудің және дамудың өзара байланыс заңдылығы. Оқыту процесі білім беру, тәрбие және даму процестерімен байланысты. Сондықтан оқыту жеке адамның жан-жақты дамуына көмектесе отырып, білім беру, тәрбие және даму функцияларының бірлікте іске асуына мүмкіндік туғызады.
- Оқыту процесінде оқушылардың жас, дербес ерекшеліктерін есепке алу. Оқу-әдістемелік кешендерді жасағанда, оқу-тәрбие процесінде, организмді дене және психикалық дамыту жағдайында оқушылардың жас ерекшеліктерін, ал темперамент пен қабілетті, яғни дербес ерекшеліктерін есепке алады.
Білім беру жеке адамның жас және дербес ерекшеліктеріне қарай сәйкестендіріліп ұйымдастырылады.
- Оқыту процесінің міндеттерінің, мазмұнының, формаларының және әдістерінің өзара байланыс заңдылықтары. Оқыту процесінің барлық элементтерінің мақсаттары мен міндеттерін, мұғалімнің және тәрбиеленушілердің жұмыстарының мазмұнын, формаларын және әдістерін анықтайды.
Оқыту принциптері.
Әрбір сабаққа дайындалу үшін ең алдымен оның мақсатын анықтайды. Мақсатсыз сабақ жақсы нәтиже бермейді. Өйткені оқыту әдістері олардың мақсаттарына байланысты.
Оқытудың ғылымилық принципі
Бұл принцип табиғат, қоғам, мәдениет, ойлау дамуының заңдылықтарын білуді талап етеді. Ғылымилық принцип оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жасағанда есепке алынып, оқыту процесінде жүзеге асырылады.
Оқытудың түсініктілік принципі
Түсініктілік принципі оқытуды оқушылардың дайындық деңгейіне сай ұйымдастыруды талап етеді. Түсініктілік принципінен оқыту ережелері туады.
Жеңілден қиынға көшу
Оқушыларды таным іс-әрекетіне бірте-бірте үйрету, яғни нақты фактілерден жалпы қорытындыға көшу ұғымынан туады.
Қарапайымдылықтан күрделілікке көшу
Оқу материалын түсіндіргенде бірден күрделіні емес, алдымен қарапайымнан бастайды.
Белгіліден белгісізге көшу
Оқушылардың өткен сабақтан алған біліміне сәйкес жаңа сабақ материалдарын меңгеруін, яғни өткен сабақ үстінде алған білімді терең түсініп, игеруі.
Оқыту процесінде оқу бағдарламалары мен тақырыптық жоспарда көрсетілген тақырыптар бойынша теориялық және практикалық мәселелер бірізділікпен белгіленеді.
Оқытудың саналылық пен белсенділік принципі
Саналылық пен белсенділік дегеніміз білімді саналылықпен белсене қабылдап, оның өмір және практикамен байланысын тереңдету, оқылатын фактілер мен құбылыстардың мәніне түсіну болады.
Оқытудың көрнекілік принципі
Көрнекілік принципін алғаш зерттеп, оған мәнді үлес қосқан Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский.
Оқыту процесінде сөз бен іс, теория мен практика өзара байланысты болады. Әртүрлі көрнекіліктерді қолданудың нәтижесінде сабақ әрі түсінікті, әрі қызықты болып өтеді.
Көрнекіліктің түрлері:
Табиғи көрнекілікке коллекциядағы кептірілген өсімдіктер, хайуандар мен құстардың тұлыбы, минералдар және т.б. жатады.
Заттар және бейнелеу көрнекілігі: муляж, геометриялық фигура, макет, портреттер, сәулет, кескіндеме және мүсін үлгілері, жер бетінің бедері, т.б.
Символдық көрнекілікке карталар, картограммалар, схемалар, диаграммалар, кестелер жатады.
Экранды-динамикалық көрнекілік шындық дүниені бейнелейді. Олар: диапозитивтер, диафильмдер, эпипроекциялар, оқу киносы, оқу теледидары.
Дыбысты техникалық көрнекілікке грампластинкалар, магнитофондар, радиоқабылдағыштар, бейнемагнитофондар, диктофондар, т.б.
Көрнекі құралдар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте сақтау және жеңіл түсіну үшін қолданылады.
Педагогикалық процестің бағыттылық принципі
Бұл принцип жеке адамның әр жақты дамуына, оқыту мен тәрбие үйлесімдігіне ықпал жасайды.
Теория мен тәжірибенің байланысы
Бұл принцип классикалық философияның өмір, тәжірибе таным көзі деген ережесіне сүйенеді. Оқытудың өмірмен, теорияның тәжірибемен байланысының жақсы болуы білім мазмұнына, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға, оқыту нысандары мен әдістеріне, еңбекке және политехникалық әзірлікке берілген уақытқа, оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты.
Оқушылар білімінің беріктігі принципі
Бұл принциптің заңдылығы: білім мазмұны және оқушылардың танымдық күштерін дамыту оқыту процесіндегі бір-бірімен өзара байланысты бөліктер; оқу материалын түсініп есте сақтау оның мазмұнына, оқушының материалмен жұмыс істеуіне, оқытуға, мұғалімге байланысты; білімнің беріктігіне оқытуды ұйымдастыру, оқыту түрлері мен әдістерінің алуан түрлерін қолдану, оқытатын уақыт әсер етеді.
Оқытудың ынталандыру принципі
Оқуға, білімге, мұғалімнің жеке басына деген, оқу жұмысының барлық әдістеріне, түрлері мен нысандарына оқушыларда ынта-ықылас болса, олардың оқу-таным әрекеті сенімді, ерікті, қуанышты болады.
Оқытудың ізгілендіру принципі
Бұл оқушыға деген ерекше сүйіспеншілікті, құрметті талап етеді. Балаға сенім артып, оның жеке басының қасиеттерін ескеріп, оқу-таным әрекетінің жемісті болуына қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау керек.
Оқытудың мәселелік принципі
Бұл принцип оқу процесінің мазмұны, әдістері, ұйымдастыру нысандары мәселелі сипатта болуын талап етеді. Білімді дайын бермей, оқушылардан ізденуді, дербестікті, шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталған.
Оқытудың интеграциялау принципі
Интеграция – әртүрлі пәндердегі негізгі принциптер мен заңдылықтарды өзара тығыз диалектикалық бірлікте қарастыруды көздейді. Мазмұны жағынан бір-біріне жақын пәндердің өзара және жеке пәннің ішіндегі материалдардың арасындағы байланыстарын анықтап, оқушылардың білімін тереңдетуге болады.