Іс-әрекеттің негізгі түрлері. Адам іс-әрекеті сан алуан. Оның негізгі түрлері:ойын, оқу, еңбек. Іс-әрекеттерге тән ортақ белгі олар белгілі қажеттерге қарай туып отырады. Адам жас кезеңдеріне қарай түрліше көрінеді.
Ойын арқылы бала қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бала ойынында қоғамдық, ұжымдық сипат бар. Кез-келген бала жалғыз ойнамайды, қатар құрбыларымен бірлесіп ойнайды, ойын арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды. «Үлкендер өмірі үшін жұмыс, қызмет істеу қандай орын алатын болса, балалар өмірінде ойын да сондай үлкен маңызды. Бала ойында қалай болса, өскеннен кейін жұмыста көбінесе сондай болады. Сондықтан келешекке адамды тәрбиелеу көбіне ойын арқылы болады»-деді А.С.Макаренко. Бала ойында үлкентердің әрекетін бейнелейді. Сондықтан да ойынның да өзіне тән мотивтері болады. Мысалы, дәрігер ауру адамды емдегенде өзіне жүктелген міндетті сезінеді, осылай істеуді оның мамандығы қажет етеді. Ал, дәрігер болып ойнаған баланы алсақ, ол да айналасындағыларды өзінше «емдейді». Ойынның қозғаушы күші – баланың нақты тілегі мен қызығушылығы. Ересектердің еңбек әрекетінен айырмашылығы, баланың ойынын да қоғамдық пайдалы өнім болмайды, талап етілмейді. Осыған қарап, ойынның ешқандай маңызы жоқ деуге болмайды. Бала ойын арқылы өзінің қандай қабілеті бар екенін байқап көреді.
Баланың жасы өсумен қатар, ойнайтын ойынның мазмұны да өзгеріп отыратыны белгілі. Мысалы, бір жасқа дейінгі балалар ойыны манипуляциялық болса, үш-төрт жаста бала сюжетті ойындарды ойнайды. Балалар өздеріне ересек адамдардың ролін алып, соны өз танымына, ұғымына сай белгілейді. Ойын үстінде баланың қиялы, сөйлеуі дамиды. Әр түрлі ережелермен ойналатын ойындар баланы тәртіптендіріп, адамгершілік ережелерді орындауға үйретеді.Әрдайым бала еңбегіне үлкендер басшылық жасауы қажет. Бала мектепке келгеннен кейін оның ойыны мазмұн жағынан кеңейіп, өзгеріп отырады. Сонымен қатар мектеп жасына жеткен бала үшін ойын екінші кезекке ысырылады. Мектепке дейінгі кезеңде балалар ойыны көбіне тұрмыста бейнелесе, енді қоғамдық саяси мәні бар сюжеттік ойындарды ойнауға ауысады. Бастауыш сынып оқушылары ойындарының ерекшелігі - олардың ұжымдық сипатта болатыны. Ұжымдық ойындарда бала жолдастың не екенін түсіне бастайды. Балалар өздерінің мүмкіншіліктерін аңғарып, әлсіз жақтарын толықтыруға, мүмкіншіліктерінен арылуға тырысады.