Білім беру мазмұны – оқушыларды жан – жақты дамыту, ақыл–ойын, танымдық қызығушылығын қалыптастыру, еңбекке дайындау үшін белгілі типтегі мектепте оқытылатын білім мен біліктер жүйесі.
Білім беру мазмұны дидактикалық категория ретінде “нені оқыту керек” сұрағына жауап береді. Оқушыларды жан–жақты дамыту үшін оларға адамзат жинақтаған білімдер, біліктер мен дағдылардың жүйесін меңгерту керек. Білім беру мазмұны қоғамның мектеп алдына қоятын ағымдағы және болашақ мақсаттары арқылы айқындайды. Сонымен, бірге, оқу мазмұны жеке адамдардың да мақсаттарын ескереді. Айта кететін жайт, оқу мазмұны әрқашан саяси, идеологиялық күрес сахнасы. Саяси күштер мектеп арқылы барша қоғамға өз ықпалын таратуға тырысады.
Оқу мазмұны қоғамның әлеуметтік – экономикалық және ғылыми – техникалық қажеттіліктеріне сай қалыптасады. Еліміздің тәуелсіздігі, Республикамыздағы әлеуметтік – экономикалық және саяси өзгерістер мектеп түлектері жаңа қоғам құруға, мәдени және рухани өрлеуге дайын болуын талап етеді.
Білім мазмұнына әлеуметтік және ғылыми жетістіктер деңгейі де өз әсерін тигізеді. Соңғы кезде ғылыми жаңалықтың пайда болуы мен оның мектепте оқытылуы арасындағы уақыт қысқырып бара жатыр. Мысалы, радио шыққанына 40 жыл өткенде ғана мектеп бағдарламасына енгізілсе, заманауи компьютерлік бағдарламалар шыққан жылы оқытылуда.
Оқу мазмұнына кіретін мәліметтер жас мүмкіндіктеріне де байланысты. Баланың есте сақтау қабілеті жоғары болғанымен, білімді игеру, мәнін түсіну үшін өмірлік тәжірибе керек.
Ұлттық және жалпы адамзаттық мәдениетке байланысты да оқу мазмұнында ерекшеліктер болады. Қазіргі заманда дүниежүзі бойынша оқу мазмұны адамдандыру, компьютерлендіру, кіріктіру, тұлғалық даму ережелеріне негізделеді.
Оқу мазмұны дидактикалық талаптар негізінде қай сыныпта, қандай көлемде қандай пәндер оқытылуы керектігін белгілейді. Бастауыш сыныптарда барлық пәндерден алғашқы элементарлық ақпарат берілсе, орта сыныптарда жүйелі білім беріледі.
Білім берудің мазмұны оқу жоспарларында, жеке пәндердің оқу бағдарламаларында және оқулықтарда, электрондық оқу құралдарында нақтыланады.