Мақсаты: сабақ және қазіргі сабаққа қойылатын талаптарды анықтау, мұғалімнің оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқаруы, сабақтың дәстүрлә және дәстүрлі емес формаларына сипаттама беру.
Негізгі ұғымдар: сабақ, оқытудың топтық, дербес, фронталды формалары, сабаққа талдау жасау және өзіндік талдау.
Сабақ дегеніміз - оқушылардың топқа ұйымдасқан класс деп аталатын тұрақты тобымен, мұғалімнің басшылығымен жүретін оқу жұмысы. Сабақтың оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы болатын себебі - ол алдымен мұғалімге оқытатын пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сабақ оқушының оқу әрекетінің кластан тыс және үйдегі түрлеріне бағыт-бағдар беріп, жетекшілік роль атқарады.
Қазіргі мектептегі сабаққа мынадай талаптар қойылады:
Әр сабақтың айқын мақсаты, мазмұны, жоспары болуы керек.
Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы керек.
Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай түсінікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.
Сабақтың мазмұны оқытылатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.
Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығушылықтарын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, ойындарды тиімді қолдануы керек.
Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.
Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы қажет.
Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, оларды өздігінен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйрету міндет.
Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу, дамыту қызметін біртұтастық принципіне сай жүргізілуі керек.
Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет.
Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалім сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды (оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының болуы, тұрғылықты жердің табиғаты, т.с.с.) ескеріп отыруы шарт.
Мұғалім сабақты бекіту, қайталау кезінде оқушылардың белсенділігін оятуы тиіс. Ол үшін оқушылардың жеке, топпен, ұжыммен бірлесіп орындайтын түрлі жұмыстарын ұйымдастырады. Жеке дара жұмыс оқушыны өз бетімен білім алуға ынталандырады. Топтық жұмыс оқушыларды міндетті ақылдасып шешуге үйретеді. Ұжымдық жұмыс әрбір оқушыға алдына қойылған міндетті түсінуге көмектеседі.
Дәстүрлі емес сабақ түрлерімен және оларды жоспарлау мен өткізу ерекшеліктерімен таныстыру. Тақырыптық және күнделікті сабақ жоспарларын құруға үйрету, мұғалімнің сабаққа дайындығының маңызын түсіндіру
Сабақтың типтері мен құрылымы маңызды проблемалардың бірі. Әсіресе сабақтың жіктелуі жайлы әр түрлі көзқарастар бар. Мысалы:
И.Н.Казанцев - оқу материалының мазмұны мен дидактикалық мақсатына қарай 10 түрге бөледі:
Алғашқы сабақ
Кіріспе сабақ
Жаңа сабақ
Пысықтау сабағы
Жаттығу сабағы
Тәжірибелі сабақ
Қайталау-қорыту сабағы
Тексеру сбағы
Бағалау сабағы
Қорытынды сабақ
С.В.Иванов - оқыту процесінің ерекшеліктеріне қарай 7 түрге бөледі:
Кіріспе сабақ
Оқу материалымен алғаш танысу сабағы
Жаңа сабақ
Меңгерген білімді тәжірибеде қолдану сабағы
Дағдылану сабағы
Қайталау, пысықтау, қорыту сабағы
Бақылау сабағы
Данилов пен Есипов - сабақтың негізгі дидактикалық мақсатына қарай 6 түрге бөледі:
Аралас сабақ
Жаңа сабақ
Пысықтау сабағы
Қайталап жинақтау, қорыту сабағы
Жаттықтыру сабағы
Білімді сынау сабағы
Шет елдердің арасында Чехословакиядағы сабақтың жіктелуі бізге ұқсас:
Жаңа сабақ
Жаттығу сабағы
Қорыту сабағы
Қайталау, білім сынау сабағы
Аралас сабақ
Сабақтың құрылымы деп сабақтың барысында оның құрамдас бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады. Сабақ құрылымын белгілеу оқу жұмысын неғұрлым айқын және дұрыс ұйымдастыру үшін керек.