«Педагогикалық мамандыққа кіріспе» пәнінің ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар


Білім беру иәтиже ретінде: сауаттылық - білімділік – кәсіби құзіреттілік - мәдениет - діл (менталитет)



бет2/11
Дата06.07.2018
өлшемі0,8 Mb.
#47997
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Білім беру иәтиже ретінде: сауаттылық - білімділік – кәсіби құзіреттілік - мәдениет - діл (менталитет). Білім берудің сапалық жағынан қарайтын болсақ ол тек құндылық, тек жүйе, тек процесс емес. Білім беруді нәтиже ретінде де қарастыруға болады. Оқу-танымдык процесс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады.

Педагогикалық терминологиялық сөздікте «сауаттылық» ұғымы - ана тілінің грамматикалық нормаларына сай адамның оқу, жазу дагдысын меңгеру дәрежесі ретінде анықталады. Қоғам дамуындағы тарихи кезеңдерге банланысты бұл ұғымның мағынасы қарапайым оқу, жазу, есептеу дағдыларынан бастап, қоғамдық қажетті білімдер мен дағдыларды меңгеру деңгейіне дейін өзгеріп отыр. Мысалы, кампъютерлік сауаттылық, зкономикалық сауаттылық т.б.

Сауатты адам - өзінің білімдік әлеуетін ары қарай дамытуға, байытуға дайын адам. Сауатты болу адамды білім беру саласында көп бастапқы мүмкіншіліктермен қамтамасыз етеді. Сауаттылықтың негізгі педагогикалық сипаты - оған барлық адамдардың қол жеткізе алуларында. Бірақ қазіргі заманда тек сауатты адам ғана болып қалу жеткіліксіз.

Сауаттылық және білімділік ұқсас ұғымдар болғанымен екеуі тең мағыналы ұғымдар емес. Бұл екі сапа адамның алған білім, білік, дағдыларының көлемі, кеңдігі, тереңдігі жағынан, шығармашылық іс-әрекет тәсілдерімен ажыратылады. Адамдардың белгілі білім беру мекемелерінде алған, меңгерген білімдерінің деңгейіне қарай бастауыш білімі бар адам, орта білімді адам, жоғары білімді адам деп атайтынын көп естиміз. Білімділік - қоғам үшін және тұлға үшін кажетті максимумға дейін жеткізілген сауаттылық. Білімділік ұғымы қоғам мен адам өмірінің түрлі сұрақтары бойынша дүниетанымның кеңдігі. Ол тұлғаның білім алу саласындағы жетістіктерімен сипатталады.

Кәсіби құзыреттілік. Қазіргі таңда әрбір адам өзінің қызығушылықтарына,қабілеіттілігіне байланысты бір мамандықты немесе кәсіпті тандауын анықтауы кажет. Бір мамандықты игеру үшін адам арнайы жоғары оқу орындарына түсіп өзін-өзі іске асыруға тырысады. Мамандықты терең меңгеруге байланысты кәсіби құзыреттік ұғымы орын алады.

Қазіргі білім берудегі негізгі нормативті құжаттардың басым көпшілігінде «кұзіреттілік» ұғымы негізгі түйін сөздер қатарында карастырылып келеді. Алдымен «құзіреттілік» ұғымының этимологиясына тоқталатын болсақ, ол латын тілінің «соmpetе» деген сөзінен аударғанда «білу», «істей алу», «қол жеткізу» деген мағынаны білдіреді.

Педагогикалық тсрминологиялық сөздікте құзіреттілік ұғымы екі тұрғыдан сипатталған:

1) нақты білімдері мен дағдылары арқылы кейбір міндеттерді шешуге ат салыса алатын немесе мәселені өз бетінше шеше алатын жеке тұлға мүмкіншіліктері;

2) танымдық және тәжірибелік іс-әрекеттердің теориялық тәсілдерін меңгеру дәрежесімен анықталған жеке тұлғаның білімділік деңгейі

Тек білімді болу адам үшін жеткіліксіз, адам бір мамандықтың иесі болып, құзырлы маман болуға тырысуы керек және сол өзі меңгерген мамандығы арқылы өзінің тұлғалық әлеуетін жан-жақты іске асыра алады.

Әрине, кейбір адамдар өздерінің қабілеттерін бірнеше салада (ғылымда, мәдениетте, өнерде) көрсете алулары мүмкін. Бұндай жағдайда кәсіби құзіреттілікпен қатар жеке тұлғаның түрлі салаларда табысты іс-әрекет жасай алатын дарындылығы байқалады.

«Кәсіби құзіреттілік» ұғымы ең бірінші жеке тұлғаның кәсіби білімінің деңгейімен, жеке қабілеттерімен, өзін-өзі жетілдіру және үздіксіз іскерлігімен, өз ісіне деген шығармашылығымен, жауапкершілігімен, теориялық білімдерін практикада тиімді қолдана алуымен анықталады.

Мамандардың біліктіліктері, кәсіби құзіреттіліктері адамның жалпы мәдениетке қатынасын аньқтайтын қажетті компонент болып табылады. Мәдениет өте кең мағыналы ұғым. Мәдениет ұғымы латын тілінен аударғанда өндеу, баптау деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғымның мәні әр тарихи-экономикалық формацияларда әртүрлі өзгеріп дамып отырған.

Педагогикалық сөздікте мәдениет - қоғамның даму тарихының жеткен сатысын сипаттайтын және адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесі процесінде калыптасатын материалдық және рухани кұндылықтар жиынтығы ретінде анықталған.

Мәдениеттің маңызды ерекшеліктері болып жеке тұлғаның өткен ғасырлар мұрасына терең, саналы түрде қастерлі қатынаста болуы, шығармашылықпен қабылдау іскерлігі, кез келген іс-әрекеттер немесе қарым-қатынастар саласындағы шынайылықты түсінуі және өзгертуі жатады. Мәдениет - адам білімділігі мен кәсіби құзіреттілігінің жоғарғы көрінісі. Адам жанын да, қоғамды да, табиғи ортаны да ізгілікке бөлейтін пәрменді ерекше кұрал - мадениет. Сондықтан мұғалім шәкірттерді тәрбиелеудегі жетекші тұлға, мәдениеттің қайнар көзі, әдебиет пен өнер шығармаларының жаршысы болуы керек.

Білім берудің ең жоғарғы құндылығы және жоғарғы мақсаты - жеке тұлғаның және социумның ділін қалыптастыру. Діл ұғымы адамның мінез-құлқының дүниетанымының, дүниені қабылдауының терең негіздерін қамтиды.



Діл (менталитет) - тұлғаның, адамдар тобының немесе белгілі бір социум дүниетанымның, дүниеге деген көзкарастарының және мінез-құлықтарының терең жатқан негіздері болып табылатын мәдениеттің мазмұны.

Мәдениеттану және философиялық әдебиеттерде діл белгілі бір кезеңдегі, географиялық аймақтағы және әлеуметтік ортадағы адамдар қауымы көзқарастарының, сезімдерінің жиынтығы, тарихи және әлеуметтік үрдістерге ықпал ететін қоғамның ерекше психологиялық салты ретінде түсіндіріледі. Діл - рухани кұбылыс.

Діл қай халықтың болмасын мәдениетінен, дінінен, өмірлік тұрмысынан, философиялық идеяларынан және білім беру жүйесінен туындап қалыптасады. Адамдардың қоғамдағы түрлі кұбылыстарға қатынасы, нақты бір іс-әрекеттері олардың ділдеріне байланысты.

Сонымен білім берудің нәтижелілігін мынандай тізбек ретінде қарастыруға болады: сауаттылық - білімділік – кәсіби құзіреттілік - мәдениет - діл. Білім берудің нәтижелілік тізбегінде діл ең жоғарғы сатысында тұрады, және ол тізбектегі басқа бөліктердің мазмұнын анықтайды. Барлық сауатты адамдар білімді бола бермейді. Барлық білімді адамдар кәсіби қузіретгі болабермейді. Барлык кәсіби кұзіретті адамдар мәдениетті бола бермейді. Іштеріндегі таңдаулы адамдар ғана осы сапаларға ие бола алады. Осы ойларды қорытындылай келе мынандай проблемалық сұрақтарға жауап беріп көрейік:

- Кез келген адамды сауатты адам деп айтуға бола ма?

- Кез келген сауатты адамды білімді адам деп айта аламыз ба?

- Кез келген жоғары білімді адамды кәсіби құзіретті адам деу дұрыс па?

- Кез келген кәсіби құзіретті адамды мәдениетті деуге бола ма?

- Білімді адам мен мәдениетті адамның қандай айырмашылығы бар?

Мінеки, осындай сұрақтарға жауаптар іздестіру барысынла әр болашақ мұғалім өз білімінің қандай дәрежеде екенін, кандай нәтижелерге кол жеткізе алатынын жақсы түсіне бастайды. Сондықтан әрбір болашақ маман жоғарғы оқу орнында кәсіби даярлықтан өту барысында өз тұлгасын шығармашылық тұрғыдан дамытып, қоршаған әлеуметтік ортамен жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде үйлесімділік тауып, өзін-өзі кұзіретті маман ретінде жетілдіруге ұмтылуы тиіс.



Студентгің өзін өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Қазіргі кездегі білім берудің мәні қандай?

2. Білім беру философиясы жайлы түсінік

3. Педагогикалык парадигма дегеніміз не?

4. Білім беру философиясының пәніне, нысанасына нені жатқызуға болады?

5. Білім беру құндылык екендігін қалай негіздеуге болады?

6. Білім беру жүйе екенін негіздеңіз,

7. Білім беру неліктен процесс, іс-әрекет ретінде карастырылады?

8. Білім берудің нәтижелілігін қалай түсінесіз?

9. Мәдениет пен ділдің айырмашылығы неде?

10. Кәсіби кұзіретгілік дегеніміз не?

Әдебиеттер:

1. ҚР «Білім туралы» заңы. Астана. - 2007.

2. Гсршунский Б.С. Философия образования для XXI века. - М. 1998.

3.Педагогика: Қазақша және орысша түсіндірме терминологиялық сөздік //Ғыл.жетекш. жасаған және жалпы ред. Басқарған проф. Ш.К.Беркімбаева, проф А.Қ.Құсаинов. - Алматы; 2007. - 248 бет.

4. Бордовская Н.В., Реан А.А. Педагогика: учебное пособие. -СПб., 2007. - 304 с.
Тақырып 2.Қазіргі білім беру парадигмасындағы негізгі бағыттар.

Мақсаты: студенттерге білім беру саласындағы дағдарыстардың негізгі белгілерін ашып көрсету және білім берудің дамуындағы негізгі бағыттарды айқындау.

Жоспар:

1.Білім берудегі дүниежүзілік дағдарыстың негізгі белгілері. Кәсіптік білім беру саласында болашақ мамандарды даярлаудағы кездесетін проблемалар.

2.Философия мен педагогиканың байланысы - XXI ғасырдағы білім беруді дамытудың басты бағыты ретінде.

З.Болашақ мамандарды даярлау барысындағы тұлғалық-бағдарлық,іс-әрекеттік, аксилогиялық, құзіреттілік түрғыдан карау бағыттары.



Негізгі ұғымдар: әдіснама, білім берудегі дағдарыс, әлеуметтік фрустрация, гуманистік бағыт, философия мен педагогика байланысы.

Білім берудегі дүниежүзілік дағдарыстың негізгі белгілері. Кәсіптік білім беру саласында болашақ мамандарды даярлаудағы кездесетін проблемалар.

Өзгермелі де ауыспалы әлеуметтік құбылыстар жағдайларында коғамдық өмірді жан-жақты түрлендіру барысында жалпы адамзаттық кұндылықтарды қайта қарастыру өзекті мәселеге айыалып отыр. Әсіресе жастар арасында гуманистік қатынастардың жеткіліксіздігі, жастардың жалпы адамзаттық құндылықтардан, моральдық нормалардан, адамгершілік қағидаларынан алшақтауы, білім алуға деген құлшыныс пен қоғамдағы білім беру мәртебесінің төмендеуі жағдайында жеке тұлғаның рөлі мен орнын анықтау - білім беру саласындағы көкейкесті мәселелер. Білім берудегі осындай байқалып отырған жалпы дағдарыс оның мазмұнын қайта қарастыруды, түбегейлі өзгертуді қажет етеді.

Қоғамның дамуындағы өзгерістермен білім беру жүйелері арасында өткен ғасырдың ортасынан бастап шытынау байқалғаны белгілі. Жылдан-жылға ол қайшылық өсе түсуде. ЮНЕСКО-ның бағдарламалық құжаттарында белгіленгендей қазір білім беру жүйесіне толығымен қанағаттанып отырған мемлекет, ел, педагогикалық кауымдастық жоқ. Яғни, бұл тек бір мемлекет ішіндегі күрделі мәселе емес. Білім беру саласындағы дағдарыс туралы көптеген мемлекеттер дабыл қағуда.Және де әр мемлекеттердегі дағдарыстық қиыншылықтар бір-бірінен көп ерекшеленбейді. Мысалы, білім алуға деген кызығушылықтың бәсендеуі, үлгерім көрсеткіштерінің төмендеуі, функционалдық сауатсыздықтың артуы, мұғалімдердің біліктіліктерінің төмен дәрежелігі т.б. көптеген елдердің білім беру жүйелеріндегі кездесетін өзекті мәселелер. Осы мәселелер негізінде адамзаттың болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілігінің төмендеуі, тәрбие мәселелеріне немқұрайлы қарауы жиі көрініс табуда.

XXI ғасырға адамзат үлкен ғылыми-техникалық жетістіктермен жетіп отырғаны баршамызға мәлім. Жоғарғы дамыған электрондық техника, өндірістік технологиялар, медициналық ғылымдардың жетістіктері, генндік инженериядағы ашылып жатқан жаналықтар, физиқа, космос жетістіктері тағы сол сиякты басқа жетістіктер адамзат қоғамының өркендеуіне, адамның жұмыс істеуіне көп жеңілдік жасауда. Бірақ осындай жетістіктерге қарамастан неліктен қоғамда жағымсыз кұбылыстар жиілеп, барады? Жұмыссыздык, тастанды балалардың көбеюі, қылмыскерлер санының артуы,зорлық-зомбылық, ланкестілік т.б. Бұлардын себебі неде? Неге қоғам өркендеген сайын мұндай жагымсыз әлеуметтік құбылыстар сирек байқалмайды? Бұл қарама-қайшылыктардың себептері неде? Мұндай себептердің тамыры тереңге созылып бүкіл дүниежүзі бойынша байқалған білім беру саласындағы дағдарыстық жағдайлармен байланысып жатыр.

Қазіргі әлеуметтік-философиялық, психологиялық, педагогикалық салалардағы зерттеушілер бұл дағдарыстан шығу жолдарын жан-жақты іздестіруде. Дағдарыс дегеніміз не? Жалпы дагдарыс деген ұғым - кез келген құбылыстардағы терең жатқан ішкі қарама-кайшылыктарының күшейген жағдайы.Ғалымдардын пайымдауынша, егер осындай қарама-кайшылықтар дер кезінде зерттелмесе, олардың пайда болу себептері мен шешімдері іздестірілмесе, онда бұл үрдіс үлкен дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Керісінше, егер дағдарыстың шынайы себептері анықталып, оны шешу жолдары айқындалып, сол бағытта нақты шаралар қолданылса, дағдарыс үлкен бір жетістіктерге жеткізуі де ықтимал.

Дүниежүзілік дағдарыс көріністері ретінде үлкен жастағы адамдар мен тіпті жас өспірімдеріміздің арасында ішімдікке, нашақорлыққа, токсикоманияга салынып кеткен адамдардың көбеюін, экологиялық ситуацияның нашарлауын, әлеуметтік фрустрацияның байкалуын атап өтуге болады. Осылардың нәтижесінде адамдардың интеллектілерінің төмендеуі, балалардыд жүйке ауыруларының көбейюі, туа біткен ауырулар (ақыл-есінің есту қабілеттерінің, көру, сөйлеу қабілеттерінде кемістіктері бар балалар санының көбеюі), жұқпалы ауырулар жиі байқалуда.

Осындай кездесіп отырған құбылыстар негізінде адамдардың тұлға аралық қатынастар мәдениетінің нашарлауы жиі орын алады.

Көптеген жағдайларда адамгершілік қағидаларының сақталмауы, жетіспеушілігі, жас өрендердің гуманизм принциптерінен алшақтауы, жалпы адами әдеп негіздерінің жетіспеушілігі, кызбалык, ашуланшақтық, қатыгездік, кек сақтаушылык, өркөкіректік т.б. жағымсыз қасиеттер жас өспірімдер, ересек адамдар арасындағы түсініспеушіліктердің, шиеленістердің туындауының негізгі себептері болып табылады.

Осындай әлеуметік қолайсыз жағдайларға кездескенде адамдардың көпшілігін болашақтың қандай болатындығы алаңдатады. Осы мәселелерді зерттеуде психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде әлеуметтік фрустрация деген ұғым көп қолданылады. Әлеуметтік фрустарация-адамдардың болашақтың белгісіздігі не алаңдаушылығы, мақсатқа жете алмауындағы торығып күйзелуі, жеке тұлғаның өзін дәрменсіз, ешкімге қажетсіз сезінуі, балалар мен ересектердің әлеуметтік қорғаныссыздығынан абыржуы, уайымға салыну сияқты психологиялық жағдайы.

Адамдардың рухани және дене тәрбиесі жағынан даму барысындағы қайшылықтарды шешуде білім беру саласының мүмкіндіктерінің аймағы кең. Білім беру арқылы адамдар жаңа құндылықтарды игереді және жан-жақты тәрбие мен терең білім арқылы жоғарғы адамгершілік нормаларды қалыптастырып, өмірлік даму бағыттарын жетілдіреді.

Жоғарыда көрсетілген жалпы дағдарыстық жағдай кәсіптік білім беру саласына да әсерін тигізуде. Мамандарды даярлау саласындағы шоғырланып қалған күрделі проблемалар қандай? Қазакстан Республикасының үздіксіз педагогикалык білім беру тұжырымдамасында көрсетілген проблемалардың негізгілерін атап өтетін болсақ:

-педагогтардың әлеуметтік мәртебесінің төмендеуі, қоғамдағы мұғалім мамандығының тиісті деңгейде бағаланбауы, соған байланысты жас кадрлардың білім алған саласы бойынша жұмысқа орналаспауы, олардың төлемақысы неғұрлым жоғарырақ экономикалық салаларға бет бұрулары;

- болашақ псдагогтардың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көпмәдени, экологиялық тәрбиелер деңгейінің төмендеуі;

- педагогикалық білім беру жүйесіндегі ақпараттық орта мен мәдениеттің нашар дамуы;

- білім беру мекемелерін басқару жүйесі және оның құрылымындағы олқылықтар;

- педагогикалық білім берудегі бір-бірімен сабақтасқан стандарттар мен бағдарламаларды кұрастырудағы ғылыми негізделген турғыдан қараудың жеткіліксіздігі;

- педагогикалык білім беру сапасын диагностикалаудың ғылыми-әдістемелік негіздердін жеткілікті дәрежеде кұрастырылмағандығы:

-педагогикалык мамандықтардың стандарттарында психологиялық-педагогикалық пәндерді және псдагогикалық практика келсмінің минимумға дейін азайтылуы;

- арнайы пәндер мен психологиялық-педагогикалық пәндердің арасындағы байланыстың нашарлауы;

- жаңа педагогикалық технологияларды тәжірибеге енгізудің жеткіліксіздігі;

- болашақ мамандарды даярлау практикасында аймақтық ерекшеліктердің толық ескерілмеуі;

-болашақ мұғалімдерді кәсіптік даярлаудың қамтамасыз ететін ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалык, ақпараттық базаның жетіспеушілігі т.с.с.

Осындай күрделі мәселелерді шешуде қазіргі жоғары оқу орындарына үлкен міндеттер жүктелген. Бір жағынан кәсіптік білім берудің сапасы қоғамның мәдени, әлеуметтік, экономикалық, саяси дамуының маңызды компоненті болып қарастырылса, екінші жағынан - адамдардың құндылыктық бағдарларындағы қайшылықтарды шешудегі, рухани және адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың компоненті ретінде маңызды роль атқарады.

Мұндай ауқымы кен мәселелерді шешуде барлық ғылымдардың байланыстары күшейтіліп, мүмкіншіліктері жұмылдырылып, нақты гуманистік бағыттарда жүйелі іс-шаралар жүргізіліп тиімді нәтижеге қол жеткізуге болады.



Философия мен педагогиканың байланысы - XXI ғасырдағы білім беруді дамытудың басты бағыты ретінде.

Жоғарыда атап көрсетілген білім беру саласындағы дағдарыстық жағдайлардан шығу жолдарының бірі - білім беруді жалпы әлеуметік мәселе ретінде қарастырып, барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың мүмкіншіліктерін біріктіріп, оны дамытудың жаңа бағыттарын іздестіріп іске асыру болып табылады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - дегендей әр түрлі ғылымдардың зерттеу пәндері әртүрлі болғанымен, кейбір мәселелерді шешуде олардың өзара ынтымақтастығы мен ықпалдастығы қажет.

Педагогика көптеген ғылымдармен тығыз байланыста болыл келеді. Оның өзі философия ғылымы негізінде дамыған, себебі философия ең ежелгі ғылымдардың бірі болып, кейіннен оның тармақтары көбейіп, әр қайсысы өз алдына жеке ғылым негізі болып қаланған. Сондықтан, педагогика ғылымы мен философия ғылымының жанасатын,түйісетін, тоғысатын жерлері жиі кездеседі.

Ежелгі философтардың еңбектерінде философиялық ойлар мен педагогикалық мәселелердің тығыз өріліп жатуы да осы себептен. Шығыстын атақты философы, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ұланғайыр еңбектері, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ибн Сина, Әбу-райхан әл-Бируни, Фирдауси, Низами, Қожа Ахмет Яссауи сынды көрнекті ойшылдарымыздың тәлімдік тағылымдары мен даналық ой-пікірлерінде философиялық, әлеуметтік, тәлім-тәрбиелік, психологиялық-педагогикалық идеялардың барлығы үйлесімді ұштасқан.

Философия ғылымы адам мен табиғат арасындағы қатынасты, адамның дүниетанымын зерттейтін болса, педагогика ғылымы адамның тәрбие арқылы қоршаған ортаға бейімделуін зерттейді. Философия зандары, философиялық ілімдер, идеялар көптеген білім беру мәселелерін зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде қолданылады.

Педагогика ғылымының философиямеи байланысы ең ұзақ мерзімді және ең нәтижелі байланыс деуге болады, себебі көптеген жағдайларда философиялық идеялардың өздері педагогикалық теориялар мен тұжырымдардың пайда болуына әсер етіп, педагогикалық ізденістердің даму бағыттарын анықтайды.

Педагогика және философия ғылымдарының тығыз байланыстылығы олардың гуманистік бағыттылығында. Гуманизм деген сөз латын тілінен аударғанда «адамгершілік», «ізгілік» деген мағынаны білдіреді. Педагогикалық сөздікте гуманизм - адам тұлғасын ең жоғарғы құндылық ретінде қабылдауға негізделген көзқарастар жиынтығы; тұлғаның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған және тұлғаның жан-жакты дамуын қарастыратын ілім ретінде түсіндіріледі.

Гуманизм - адамның өмірлік ұстанымы, оның қағидалары адамның адами қасиеттерін сақтап, оны тек жағымды, жақсы ізгі істерге бағыттайды. Қазіргі жаһандану заманында білім беру саласының да жетекші идеясы, жоғарғы гуманистік мәні - әр бала тұлғасын ең жоғары құндылык ретінде қарастыруында. Сондыктан оқыту-тәрбиелеу процесін ізгілендіру мәселесіне басты назар аударылуы қажет. Бұл идея адамзат қоғамының даму тарихында қасиетті діни кітаптарынан басталып күні бүгінге дейін өзектілігін үздіксіз жоғалтпай келеді. Осы гуманистік идеяның маңыздылыған:



«Өмір - теңіз, жүзем онда демеңіз; “Ізгіліктен жасапмаса кемеңіз» - деген Рудаки сөздерімен негіздей кетуге болады.

Гуманизация - қазіргі коғам дамуының ең маңызды бағыты. Гуманизация ұғымы ғылымаралық ұғым. Білім берудегі гуманизм әр жеке тұлғаның мәдениет әлемінде өзін-өзі таныта алуына, еркін түрде өз орнын анықтай алуына, жақсылық пен жамандықты, дұрыс пен бұрысты, өмІрдегі мәнді және мәнсіз нәрселерді саналы түрде ажыратып таңдай алуларына жағымды ықпал жасап септігін тигізуге бағытталған.

Осындай өзгертулердің негізгі жолдарының бірі ретінде білім беруді гуманизациялау және гуманитарландыру жатады. Білім беру мазмұнын гуманизациялау және гуманитарландыру принциптері барлық нормативтік, заңдык құжаттарда ең жетекші принциптерінің бірі болып табылады. Бірақ көп жағдайларда олар жай ғана жалаң идея түрінде, ұран ретіыде, сөз жүзінде ғана қалып қоймай, оны пракгика жүзінде іске асыру үшін көптеген өзгерістер енгізу қажет екені анық.

Білім берудің гуманитарлық сипаты тек білім беруде ғана емес, сонымен қатар адамның объективті шынайылыққа деген дұрыс көзқарастарын, қатынастарын өзгертуде байқалады.Гуманитарлық білімдер адам тұлғасын қалыптастырып оның бойында философиялык, адамгершілік, мәдени негіздерді дамытады. Солар арқылы адам түрлі қоғамдық қатынастарға араласып мәдени құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді, азаматтық нормаларды тасымалдаушы және келер ұрпакқа жеткізуші болып табылады.Яғни,философиялық-педагогикалық ғылымдардағы гуманистік бағыттың маңыздылығы оның жалпы адамзаттық құндылықтардың сақталуына, жеке тұлғаның дүниетанымының дұрыс қалыптасуына, оның өмірде өзінің өзектілігін сезіне алуына жауапты екендігінде.

Ғасырлар тоғысында гуманитарлық білімдердің қажеттілігіне байланысты, жаратылыстану ғылымдары мен гуманитарлық ғылымдардың өзара әрекеттестігі, өзара жақындауы білім беру саласының стратегиялық міндеттерінің бірі болып анықталуда. Адамның жаратылыстану ғылымдары негізінде алған білімі адамзат игілігіне жұмсалып әлеуметтік сұранысқа жауап бере алуы керек.

Бүгінгі таңда гуманист болу әр адамның белсенді өмірлік ұстанымына айналуы шарт. Ал бұндай ұстаным ұстаздық мамандықты тандаған болашақ педагогтар тұлғасының аса қажетті сапаларының бір кьіры, өйткені нағыз мұғалімдердің барлық істері тек ізгілікке, адамзат игілігіне бағытталгандығы кімге болсын белгілі.

Сонымен, гуманистік бағытты дамытып сол жолда өз мүмкіншіліктерін біріктірген әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқыту қажеттілігі мамандардың әлеуметтік-гуманитарлык даярлығына саяды.Болашақ мамандардың жоғары деңгейдегі әлеуметтік-гуманитарлық даярлығы - олардың табысты кәсіптік іс-әрекет ете алуларының негізгі факторы деуге болады.

Философия мен педагогикадағы гуманистік идея қазіргі ұлттык кәсіптік білім беру моделі негізінде іске асырылуы керек. Және олар болашақ маманның әлеуметтенуіне,гуманистік қатынаста өздерін іс жүзінде көрсете алуларына септігін тигізіп төменгі сұрақтарға жауап іздестірулері маңызды:

- Болашақ мұғалімнің табысты кэсіби іс-эрекет жасай алуы үшін гуманистік идеялардың қажеттілігі қаншалықты?

- Әрбір болашақ мұғалімнің жеке тұлғасын қалыптастыруда гуманистік идеялардың ролі, орны, үлесі қандай?



- Гуманистік идеяларды практикаға ендірудің қандай жолдары бар?

Осындай сұрақтарға жауап іздестіретін болсақ, жоғары оқу орнын бітіретін жас маман тұлғасының қандай болуы керек екендігі аңғарылады. Ол тек кана білім беру стандарттарымен белгілеген нақты бір көлемдегі теориялық білімдерді меңгеріп, оларды оқушыларға тасымалдаушы емес, ерекше гуманистік бағдары қалыптасқан, өз шәкірттерін адамзат игілігіне кызмет етуге бағыттай алатын, түрлі әлеуметтік қатынастарға үйлесімді араласа алатын шығармашыл, құзіретті тұлға болады. Бұлай дейтініміз, егер болашақ мамандықтың теориялық негіздерін меңгеріп, бірак кәсіби іс-әрекетті сол білімдер негізінде ұйымдастыра алмаса, онда жас маман өзінің жұмысына өзі қанағаттанбайды, мұндай жұмыстың нәтижесі оның өзін де, өзгелерді де қуантпайды.

Жас маманның жоғарғы білім туралы дипломы онын шыгармашылығының, шеберлігінің, құзіреттілігінің толық көрсеткіші бола алмайды, ол тек кана оның жоғарғы оқу орнында білім алып шыққанын растайтын кұжат. Яғни, жоғары оқу орнын бітірген студенттердің көпшілігінің дипломдары бірдей болғанымен, олардың педагогикалық шеберліктері, кәсіби құзіреттіліктерінің деңгейлері бірдей емес. Осы жағдайдың өзі маманның кәсіби құзіреттіліктерін дамыту мәселесінің өзектілігін айқындайды.

Педагогика ғылымында адам тұлғасының қалыптасуына ең әсерлі факторлардың бірі - онын қоршаған ортасы болып табылады. Сондықтан болашақ мамандардын гуманистік бағдарларын қалыптастыру үшін кәсіби білім беру барысында жаңа технологиялар қолданылып студенттерге қолайлы психологиялық-педагогикалық жағдайлар жасалуы керек. Студенттерді қоршаған орта да, жоғары оқу орнының оқыту-тәрбиелеу үрдісі де біртұтас әлеуметтік-гуманитарлық кеңістікке айналуы қажет.

Болашақ мамандарды даярлау барысындағы тұлғалық-бағдарлық, іс-әрекеттік, аксиологиялық, құзіреттілік тұрғыдан қарау бағыттары.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында көрсетілгендей білім беру саласы бірнеше деңгейлерге бөлінеді: мектепке дейінгі, орта бпіім беру,орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беру, жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру деңгейлері. Аталған деңгейлердің барлығы өзіндік мақсаттарымен, құрылымымен, басқару формасымен, мазмұнымен, қоғамда алатын орнының маңыздылығымен ерекшеленеді. Бірак осы деңгейлердің барлығы біртұтас білім беру кеңістігін құрастырып

тұрғандықтан, оларға ортақ өзекті мәселелер де бар. Солардың ішінде айырықша атап өтетін мәселелерге білім беру сапасын жоғарлату, адами факторды дамыту, білім берудің нәтижелілігі, қай деңгейде болмасын жұмыс істейтін мамандардың даярлықтарын күшейту әр деңгейге ортақ өзекті мәселелер қатарында.

Ал болашақ мамандар даярлығының сапасы ертеңгі күнде қоғамның, экономиканың дамуына, жас ұрпақты оқыту-тәрбиелеу іс-тәжірибесінің нәтижелілігіне тікелей әсерін тигізетіні сөзсіз. Кәсіптік білім беру саласындағы әлемдік тенденцияларды қарастыра отырып, әсіресе кәсіби-педагогикалық білім беру саласында педагогикалық кәсіпкерлік пен мұғалімнің тұлғалық қасиеттеріне қойылатын талаптардың күшеюі байқалады.

Қазіргі білім беру парадигмасында ерекше талқыланып жатқан бірнеше маңызды бағыттар бар. Олардың ішінде тұлғалық-бағдарлық, іс-әрекеттік, аксиологиялық, құзыреттілік тұрғыда қарау бағыттары аса терең зерттеліп іске асырылуда. Бұл бағыттардағы зерттеулердің барлығы жеке-жеке педагогикалық теорияларға айналуда. Осы теорияларға қысқаша тоқталып өтейік.

1) Білім берудегі тұлғалык-бағдарлык тұрғысынан қарау бағыты жеке тұлғаны ең жоғарғы құндылык ретінде қабылдауды көздейді. Педагогикалық сөздіктерде тәрбие барысындағы тұлғалық-багдарлық тұргыдан қарауды педагогтардьщ баланы жеке тұлға ретінде және тәрбиелік ықпалдың саналы, жауапты субъектісі ретінде қабылдайтын бірізді қатынасын атайды. Педагогикада бұл теория тәрбиенің субъект-субъектілі процесс ретінде анықталуына байланысты XX ғасырдың 80 жылдарынан бастап қалыптаса бастады. Оның әр түрлі философиялық, психологиялық-педагогикалық аспектілерін Б.Г.Ананьев, А.Г.Асмолов, МС.Каган, В.В. Сериков, И.СЯкиманская т.б. көптеген ғалымдар зерттеген.

Бұл теория бойынша педагог әрбір балаға тек объект ретінде емес, керісінше, оны белсенді позицияға қойып оқушы тұлғасын субъект ретінде қабылдауы қажет. Яғни әрбір баланың жеке дара тұлға екені ескеріліп, оның құндылығын басты мәселе ретінде қарастырған абзал. Бұл идеяның басты мақсаты - балаға құрмет көрсете отырып оның өзін-өзі жеке тұлға ретінде сезінуіне жағдай жасау, өзіндік санасын, өзін-өзі іске асыра алу, өз күшіне деген сенімділікті артгыру сияқты мүмкіншіліктерін дамыту.

Әрине,тәрбие үнемі ұжымдық сипатта болатыны белгілі.Сол ұжым ішінде гуманистік қарым-қатынастар арқылы шәкірттер өздерінің тұлға екенін сезініп, басқа тұлғаларды құрметтеуге үйренеді. Дәл осы ұжым ішінде жеке тұлға өзінің мүмкіншіліктерін бағалап сынай алады, қандай қабілеттіліктерін жетілдіру, қай бағытта өздерін дамыту керек екендігін анықтайды.

Тұлғаны тұлға ғана қалыптастыра алатыны анық. Сондықтан болашақ мұғалімдер де бала тұлғасына дұрыс тәрбиелік ықпал беру үшін өз тріғаларьш жан-жақты дамытуға тырысулары керек, өзінің ішкі «Мен»-тұжырымдамасымен жұмыс істеулері маңызды. Егер болашақ ұстаз өзінің жеке «Мендігін» жағымды етіп қалыптастырса, ол балалар тұлғасына да жағымды ықпал бере алады.Ал өзін-өзі төмен бағалайтын мұғалім басқаларға да жағымсыз көзқарас танытады. Мұғалім мен бала арасындағы қарым-қатынасты анықтайтын негізгі бағдар - бала тұлғасының ерекшеліктері, әрбір баланың шығармашылык әлеуетін дамыту.

Әр баланың ішкі қабілеттіліктері, мүмкіншіліктері, жас және дербес ерекшеліктері, жеке бір қайталанбас әлем ретінде қабылданады. Тәрбиелеу және оқыту барысында әр баланың тұлғасын дамытуға арналған қолайлы жағдайлар, оқушының өзін-өзі іске асыра алуына көмектесетін әдіс-тәсілдер қолданылуы кажет. Ал әрбір тұлға тек өзінің белсенді іс-әрекеті арқылы ғана дами алады. Мысалы, адамды жүзуге үйрету үшін оған сөз жүзінде айтылған кеңестер, нұсқаулар жеткіліксіз, себебі адам өзі суға түсіп, жүзуге қажетті іс-к,имылдарды орындап көрмейінше ол ешқандай табысты нәтижеге жете алмайды. Сондықтан тәрбиеде іс-әрекеттік тұрғыдан қарау деген маңызды бағытқа тоқталған жөн.

2) Білім берудегі іс-әрекеттік тұрғыдан қарау теориясын қарастырудан бұрын іс-әрекет ұғымын анықтап алайық. Іс-әрекет—бір мақсатқа бағытталған, тұлғалық және қоғамдық маңызы бар нәтиже беретін белсенділік. Оның кұрылымында мынандай компоненттері бар: мақсат, мотив, әрекет немесе іс-қимыл, құрал, нәтиже, бағалау. Егер осы компоненттердің біреуі орындалмай қалса онда тұлғаның толыққанды іс-әрекеті де бола алмайды.

Іс-әрекет




Мақсат


Мотив

Құрал

Іс-қимылдар, операциялар

Нәтиже

Бақылау

Сурет 1. Іс-әрекет құрылымы.


Педагогикалық-психологиялық ғылымдар саласыңда іс-әрекет теориясының дамуына С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, П.Я.Гальперин т.с.с. психологтардың зерттеулері негіз болған. Суретте (сурет 1) көрсетілген іс-әрекет компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста болып біртұтас жүйені кұрайды. Бұл жүйедегі компоненттер өзара бірі-біріне тәуелді, олардың кез келген компонентін алып тастасақ толыкқанды атқарылтан іс-әрекет болуы мүмкін емес. Әрбір көрсетіліп отырған компонент өзіндік маңызды рөль атқарады.

А.Н.Леонтьевтің пікірінше мақсат кез келген іс-әрекеттің жүйе құрастырушы компоненті болып табылады. Шынымен, максатсыз іс әрекет болуы екі талай. Әр адамның алдына қойған жакын және алыс мақсаттары болады. Мотив деген компоненттің ішіне адам үшін маңызды рухани, материалдык, әлеуметтік, табиғи-биологиялық қажеттіліктер кіреді.

Іс-қимылдар, операциялар - іс-әрекеттің негізгі компоненттерінің бірі. Кез келген іс-әрекет жүйелі түрде орындалатын түрлі іс-қимылдар тізбегінен қүралады. Мысалы, тұру, жүру, отыру, көтеру, әкелу, ашу, жабу, жугіру сиякты қимылдар мен қатар қарау, тыңдау, есту, оқу, талдау, тұжырымдау т.с.с. ойлау операциялары да бар.

Іс-әрекет мақсатына байланысты құралдар таңдалады. Құралдардың өзіндік ерекше орын алатыны белгілі. Олардың өзі іс-әрекет мақсатына байланысты таңдалып еңбек құралдары, ойын құралдары, тіл құралдары, оқыту құралдары т.с.с. бөлінеді.

Іс-әрекет нәтижесі деген компонент тұлға үшін маңызды компоненттердің бірі. Жоғарыда аталып келе жатқан компоненттердің барлығы осы нәтижеге қол жеткізуге бағытталған.

Бағалау компоненті - іс-әрекет мақсатына жетудің өлшемі. ұлға орындаган іс-әрекетінің табысты немесе табыссыз аяқталғанына баға береді.

Білім беру саласындағы іс-әрекеттік тұрғыдан қарау теориясы сана мен іс-әрекеттң бірлігі деген психологиялық теорияға негізделеді.Бұл теорияны түбегейлі меңгеру болашақ; мұғалімдер үшін өте маңызды. Неліктен? Оны негіздеу үшін мынандай мысалды қарастырайық. Кез келген дәстүрлі сабақты көз алдымызға елестетейік. Сол сабаққа қызыға белсенді қатысып отыратын және керісінше, оқу-танымдык іс-әрекетке мүлде қатыспай, сабақтың тез аяқталуын асыға күтіп жұмыссыз отыратын балалар да кездесетіні белгілі. Оқушылардың барлығына мұғалім жаңа тақырыпты бірдей түсіндіреді, бірақ олардың сабақтағы қызығушылықтары мен тақырыпты меңгеру нәтижелері әр-түрлі болып келеді. Мұның себебі неде? Мұғалім сабақ мақсатын ойластырғанда, балалардың оқу-танымдық іс-әрекеттерін жоспарлағанда нені ескермеді?

Кез келген іс-әрекеттің нәтижесі оның мақсатының қалайша анықталғанына байланысты. Мұғалім сабақ мақсатын өз тұрғысынан анықтайды, балалардың танымдық іс-әрекеттерін, іс-қимылдарын ұйымдастыруды жоспарлайды, бірақ ол мақсаттар балалар санасына сәйкес емес, түсініксіз, немесе оқушылар үшін кызықсыз болуы да мүмкін. Сондықтан оқушылардың барлығы бірдей оқу-танымдык іс-әрекетке қатыса бермеуінің негізгі себептерінің бірі-сабақ максатының бала санасына толық сәйкестендірілмеуі. Сонда мұғалімнің сабаққа дайындығы бекер болғаны ма, еңбегі нәтижесіз далаға кеткені ме? Бұл мысалда іс-әрекет мақсатының ұғынықты, қызықтырарлықтай болуы кажет екендігі меңзеледі.

Ал жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттің басқа да компоненттері қаншама. Міне, осындай педагогика және психология жағынан терең ойластырылмаған, әдістемелік жағынан дұрыс ұйымдастырылмаған оқу-тәрбиелеу үрдісінде балалар да сабақка немқұрайлы қарайды. Ал сабақ үстінде кейбір оқушылар уақытының бостан-бос мағынасыз өтіп жатуының, олардың жұмыссыздыққа бейімделуінің қауіптілігі туралы,және осы жағымсыз құбылыстардың бала жанына әсері туралы В.А.Сухомлинскийдін мынандай ойына тоқталып өткен орынды болар. «Партадагы жұмыссыздық, күн сайынғы жұмыссыздың, айлар мен жылдарға ұласқан жұмыссыздық - міне бұл аса қатерлі қауіп. Ол адамды аздырады, моральдық тұргыдан мугедек етеді; ең маңызды саладагы, адам еңбекқор болуга тиісті ой-сан асаласындағы олқылықтың орнын ештеңе де - мектеп бригадасы да, мектеп учаскесі де, шеберхана да толтыра апмайды» - деген ұлы педагогтың сөздері күні бүгінге дейін өзекті.

Сонымен, білім берудегі іс-әрекеттік тұрғыдан қарау теориясы бойынша әр бала мектеп жасынан оқу-танымдық іс-әрекетке саналы, белсенді қатысуы аркылы өзін-өзі іске асыруы, табысқа жетуі мүмкін.

Кәсіби білім беру барысында да осы іс-әрекеттік бағытқа көп көңіл бөлініп, қазіргі кезде «табысты іс-әрекет», «іс-әрекет табыстылығы», «табысты кәсіби іс-әрекет» ұғымдары терең зерттелуде. Себебі кез келген іс-әрекет нәтижесі табысты да, табыссыз да болуы мүмкін. Білім алушылардың табысты кәсіби іс-әрекетке даярлықтарын қалыптастыру - бүгінгі кәсіби педагогиканың өзекті мәселелерінің бірі.

Егер адам үнемі біреудің айтқанымен ғана жүріп, біреудің айтқанын ғана орындайтын болса, онда ол толықканды дамыған, өзін еркін сезіне алатын тұлға бола алмайды. Педагогтар да әр бала тұлғасы үшін не маңызды, не құнды екенін ескерулері қажет. Сондықтан құндылықтық тұрғыдан тәрбиелеу және оқыту бағытын қарастырайық.

3) Білім берудегі аксиологиялық (құндылықтық) бағытта жас ұрпаққа ұлттық, жалпы адамзаттық құнылықтарды меңгерту, адамгершілік құндылықтар негізінде адам тұлғасын жетілдіру, оның әлеуметтік қатынастарға икемделу мәселелері маңызды болып табылады.

Аксиология (грек тілінің «ахіа» - кұндылық және «logos» - ілім) – құндылықтардың табиғаты жайлы және дүниедегі құндылықтар жүйесі туралы философиялық ілім. .

Құндылық ұғымы философияда, әлеуметтануда, психологияда кеңінеи қарастырылған. Философияда «құндылық» ұғымы - тұлға үшін маңызды, пайдалы, өзін жетілдіруге және адамзат қоғамының дамуына септігі бар адамның шынайылыққа деген қатынасының мәні

Психологияда құндылықтар қоғамдағы моральдық қатынастардың формасы ретінде қарастырылады. Біріншіден, құндылық - жеке тұлғаның (нвмесе әлеуметік топтың, ұжымның) адамгершілік мәні, абыройы жэне қоғамдык институттардың (отбасы, мектеп, бала бақша, қогамдық ұйымдар, университеттер т.с.с.) адамгерішлік сипатгары болып қарастырылса, екіншіден, моральдық санаға қатысты көзқарастар: моральдык нормалар, принциптер, жақсылық пен жамандық, адалдық, бақыт туралы түсініктер.

Көптеген зертгеушілер құндылықтың мынандай белгілерін атап көрсетеді; маңыздылығы, пайдалылығы, жагымдылығы, абыройлығы, әлеуметтік мәні.

Педагогикалык құндылықтар жалпы адамзаттық құндылықтармен тыгыз байланысып, өріліп жатыр деуге болады. Әлеуметгік өзгерістерге байланысты қоғамның да, тұлғаның да, мектептің де құндылық бағдары өзгеріп отырады. Бірақ тамырлары тереңде жатқан, көп ғасырлар бойы адамзаттың дамуына бағдар беріп келе жатқан гуманизм, адалдык, адами борыш, табиғатты аялау, сұлулық сезімдері сиякты мәңгілік құндылықтар педагог мәдениетінің негізін қалайтын іргетасы. Ал педагогикалық аксиологияның мәні педагогикалық іс-әрекеттід өзгешелігімен, тұлғаны қалыптастырушылық және әлеуметтік мәнімен анықталады.

Педагог іс-әрекетіне байланысты құндылықтарды В.А.Сластенин төмендегідей жұйелейді:

- тұлғаның әлеуметтік және кәсіби ортадағы өзінің рөлін анықтауымен байланысты құндылықтар {педагог еңбегінің әлвуметтік мәні, педагогикалық іс-әрекеттің жоғары багалануы, т.б.);

-қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыратын құндылықтар және оның шеңберінің кеңейе түсуі (балалармен сүйіспеншілік қарым-қатынас, әріптестерімен, ұжыммен үйлесімді қарым-қатынастары, рухани құндылықтармен алмасу т.б.);



- дербес шығармашылықты дамытуға бағыттайтын құндылықтар (кәсіби-шығармашылық іскерліктерді дамыту мүмкіншілігі, әлемдік мәдениетке қызығуы, өзін үнемі жетілдіруі т.б.);

- өзін-өзі іске асыра алуға мүмкіндік беретін құндылықтар (педагог еңбегінің көп қырлылыгы, әлеуметтік жағдайы нашар балаларга көмек көрсете алуы, т.б);

- жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға мұмкіндік беретін құндылықтар {қызметіне қарай мемлекет тарапынан еңбек ақысын алуы, жазгы демалыс .узақтылыгы, қызмет бойынша өсуі т.б.).

4) Қазіргі білім беру саласындағы құзіреттілік бағыт бойынша тұлғаның меңгерген теориялык білім, білік, дағдылары аркылы кез келген мәселені өз бетінше шешіп, табысты нәтиже көрсете алу қабілеттерін дамыту көзделеді. Бұл бағытгың өзектілігі әлеуметтік ортада көрініс тауып отырған теория мен практиканың алшактауы мәселесінен туындайды. Білім беру саласының қай деңгейіндегі болмасын білім алушылардын териялық білімдерін практикамен тығыз ұштастыра алмайтындығы білім берудің мақсатынан бастап нәтижелеріне дейін қайта қарастыруды талап етеді.


Болашақ мамандардың кәсіби кұзіреттілігін дамытудың теориялық негіздері мен түрлі аспектілері Н.Хомский, Р.Уайт, Дж.Равен, Е.В.Бондаревская, Н.В.Кузьмина, Л.М.Митина, В.А.Сластенин, Н.Ф.Талызина, А.К. Маркова, И.А.Зимняя, Н.Д.Хмель, Ш.Т.Таубаева, У.Б. Жексенбаева, М.Х.Балтабаев, Б.Т.Кенжебеков, Г.Ж.Менлибекова тагы баска көптеген шет елдік және отандық ғалымдардың еңбектеріңде зерттеледі. Көптеген мемлекеттерде білім берудегі құзіреттілік бағыт ұлттық білім беру стандарттары аркылы іске асырылуда.

Қоғамдағы күрделі өзгерістер адам факторының дамуына жыл сайын жаңа талаптар қойып отырғаны айкын, сондықтан әр бір адам әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделгіш, білімдерін шығармашылықпен іске асыра алатын, өзін-өзі дамытуға дайын тұлға бола алуы маңызды. Осы идеяға байланысты казіргі білім беру саласының ерекше сипаттарының бірі - оның нақты нәтижелерге багытталғандыгы.

Білім беру саласының мақсаттары мен мазмұнының күрделенуі, жаңа білім беру нәтижелерін анықтау, ондағы бағалау жүйесіне де қазіргі дүниежүзілік білім беру стандарттарымен сәйкестендіріп өзгертуді қажет етеді. Бұл бағыттың дамуындағы негізгі мәселелер ретінде оқушылардың оқу іс-әрекеттерінің барлық түрлерінің нәтижелілігі, олардың алған білімдерінің тәжірибеде пайдаланылуы, оқу-танымдык, тәрбиелік жұмыстар аркылы өзіндік тұлгалык қасиеттерін аша алу іскерліктері қарастырылады.

Жоғары оқу орындарында кәсіби білім берудегі құзіреттік багытта студенттердің білімдерінің теория жүзінде ғана қалып қоймай оларды іс жүзінде табысты нәтижеге жете алатындай қолдана алулары көзделеді. Мысалы, педагогикалық жоғары оқу орнының

студенті барлық сабақтарды теория жүзінде жаксы меңгерген болсын, бірақ педагогикалық практикада ол өзінің білімін қолдана алмады дейік. Бұл жерде оның кәсіби кұзіреттілік деңгейінің төмендігі көрініс байқалатынын аңгарамыз. Тек жаттанды білімді есте сақтау, оны оқытушы сұрағанда қайта жаңғыртып айтып беру әлі нақты білім болып есептелмейді. Нағыз білім практикада қолданысын тауып, тиімді нәтиже көрсететін білім ғана. Педагогика ғылымында «педагогтың кәсіби кұзіреттілігі» деген ұғым педагогтын кәсіби іс-әрекетін жүргізуге теориялык және практикалық даярлыктарының бірлігімен анықталады. Яғии біз қарастырып отырған құзіреттілік багытта білім берудің соңғы нәтижесі қандай болатындығы өзекті. Бұл бағытта мынандай сұрақтарға жауап іздестіріледі:

- Кәсіби білім алу барысында студент қандай нәтижеге жетуді кездеуі керек?

- Студенттің қол жеткізген нәтижесі табысты ма, әлде табыссыз ба?

- Неше жыл бойы алған теориялық білімін ол кәсіби іс-әрекетте қолдана ала ма?

- Егер студент жоғарғы оку орнында алған теориялық білімдерін кәсіби іс-әрекетте табысты қолдана алмаса ондай білімнің құндылығы қандай?

Сондықтан қазіргі таңда білім беру саласындағы құзіреттілік бағытты іске асыру, кәсіби құзіреттілікті дамыту мәселссі көптеген педагог-ғалымдардың зерттеу пәніне айналып отыр. (Педагогикалық құзіреттілік мәселелері 7 тақырыпта толығырақ қарастырылады).

Жоғарыда карастырылып отырған өзекті бағыттар мен қатар қазіргі таңда әр бір жеке тұлғаның әлеуметтенуіне жағымды жағдай жасалу қажетгілігіне байланысты білім берудегі әлеуметтік-гуманитарлық бағыт көкейкесті мәселелердің біріне айналуда.

Әлеуметтендіру ұғымы қазіргі педагогика ғылымының маңызды категорияларының бірі болып қарастырылады. Әрбір адам әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен ол сол ортаға бейімделіп, үйлесімді қарым-қатынаста болуы маңызды. Ұлы ақын Абай:Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан- дегендей әр адам жас кезінен бастап өзіне лайықты орнын тауып, мәнді, мағыналы өмір сүруге тырысуы абзал.

Тұлғаның әлеуметтенуі және оның қоршаған ортамен еркін, сенімді, үйлесімді қарым-қатынас орната алуы үшін оған қолайлы әлеуметтік-гуманитарлық орта, жағымды да тиімді жағдай жасалуы керек. Ал ондай жағдай тұлға аралық қарым-қатынастарды жақсартуды, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы іс-шаралардың ұйымдастырылуын жетілдіруді қажет етеді.

Сондай психологиялық-педагогикалық жағымды жағдайда адам өзіне ұнайтын іспен шұғылданып, өз қабілетгерін дамыту барысында ғана шынайы әлеуметтенуі мүмкін. Сол істері аркылы адам жетістіктер байқатса, өзін-өзі басқаларға таныта алады, оның өзіне деген қурмет сезімі күшейе түседі. Мысалы, түрлі үйірмелер, олимпиадалар, спорттық жарыстарға қатысып жетістіктерге қол жеткізген студенттер, оқушылар одан әрі сол бағытта жұмыс істеп ізденуге ынталанады, сол аркылы өздерінің ішкі әлеуеттерін ашып табысты іс-әрекеттерге құлшыныстары арта түседі.

Бұл жерде педагогтың атқартын рөлі ерекше. Шәкірт бойында бір нәрсеге деген ынтаны оята алу, сол нәрсеге деген бейімділігін анықтау, оның өмірлік ұстанымдарының, көзқарастарынын, дүниетанымының қалыптасуына дұрыс ықпал ету үшін мұғалім жан-жақты психологиялық-педагогикалық білімдермен қарулануы кажет.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет