Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті.
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең – 1991-1992 жылдар, екінші кезең – 1993-1995 жылдар аралығы, осы мерзімде жүргізілетін іс бағдарламасы Жоғарғы кеңестің сессиясында мақұлданып, президенттің жарлығымен бекітілді. Ал үшінші кезең 1996-1998 жылдарды қамтуы тиіс болды.
Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т.б.
Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жекеменшік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жекеменшік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді.
1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыру, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіру басталды.
Ең басты жұмыс – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді.
Бағаны ырықтандырудан кейінгі, екінші атқарылған іс – жекешелендіру.
Мемлекет меншігінен алу процесі 1992 жылы басталды.
Ол алғашында сауда объектілерін, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету және басқа қызмет көрсету салаларын сату түрінде өтті.
Алғашқы жылы 6200-дей ұсақ мекеме жекешелендірілді.
Ірі кәсіпорындар, әсіресе, өнеркәсіп орындары сол кездегі қолданыстағы заңға орай еңбек ұжымдарына берілді. Бұлар негізінен жеңіл өнеркәсіп мекемелері еді.
Жекешелендірудің басты үш кезеңі белгіленді.
Жалпылай жекешелендіру азаматтардың 97%-на тегін купондарды беріп қана қоймай, купондарды өз қалауынша инвестициялық-жекешелендіру қорларында сақтауға мүмкіндік берді. Инвестициялық-жекешелендіру қорларында емін-еркін ақша айналымы болмағандықтан, олар купондарды дер кезінде ақшалай түрде азаматтарға қайтара алмады.
Шағын жекешелендіру шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал жасады. Оның объектілеріне көтерме және бөлшек сауда нүктелері, қоғамдық тамақтандыру орындары, өндірістік мекемелер және басқа да қызмет түрлері жатты.
Жеке жобаларға байланысты жекешелендіру аса ірі (5000-нан аса жұмысшысы бар) мекемелерді қамтыды. 1994 жылдан бастап мұндай мекемелер шетелдік басқаруға беріле бастады. Олардың қатарында Павлодар алюминий зауыты «Уайтсвен ЛТД», Соколов-Сарыбай тау-кен өндірісі «Айведон», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Джапан Хром Корпорейшн» және т.б. болды.
1993 жылдың 15 қарашасында республиканың өз ұлттық валютасы – теңге айналымға түсті. Бұл елдің өзіндік қаржы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік жасады. Қазақстан осы күннен бастап экономикалық дербестік жолына түсті.
Алайда нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді.
Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық валюта қоры ұсынған «есеңгіретіп емдеу» деп аталатын жолға түсті.
Қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмаған еді.