Пәнінің оқу-әдістемелік кешені Мамандығы 050801 – Агрономия Қостанай, 2010 Құрастырушы



бет2/6
Дата25.03.2017
өлшемі1,25 Mb.
#12275
1   2   3   4   5   6

Тұқымдардың классификациясы


Мал тұқымдарының түрлі классификациялары болады, дегенмен олардың ішінде көп тарағаны адамдардың тұқымдарды жасау кезінде жұмсаған еңбегінің ауқымына және өнімділік бағытына қарай.

Бірінші классификацияға сәйкес тұқымдарды қарапайым (табиғи), өтпелі кезеңдегі және заводтық деп бөледі.



Қарапайым тұқымдар адамдар еңбегі аз жұмсалып, негізінен табиғи таңдау әсерімен қалыптасады. Бұл тұқымдарды мал шаруашылығы экстенсивті дамыған аудандарда өсіреді және жергілікті мал деп атайды. Бұл малдар, әдетте, ұзақ жетіледі, төмен өнімді және аз салмақты, бірақ солай бола тұра тіршіліктің қатал жағдайына жақсы ыңғайланған, төзімді және қоректендіру мен бағуда жағдай таңдамайды.

Өтпелі кезеңдік және жақсартылған тұқымдар қарапайым мен заводтық тұқымдардың арасында тұрады. Олардың қалыптасуына табиғи таңдаумен қатар адам еңбегінің бір бөлігі жұмсалған. Олардың дене пішіні мен өнімділігі жеткіліксіз. Бұл көрсеткіштер бойынша белгілі бір деңгейге жеткенде бұл тұқымдар заводтық санатқа ауысуы мүмкін.

Заводтық тұқымдар – бұл осы заманғы мал шаруашылығының негізі. Олар, әдетте, жоғары өнімділігімен, тұрақты тұқым қуалаушылығымен, тез жетілуімен, тұқым ішілік типтердің көптігімен, сыртқы пішінінің келістілігімен ерекшеленеді. Оларды жасауда адам еңбегі зор пайдаланылған.

Өндірістік классификация тұқымды өнімділігіне қарай бөледі. Қара мал шаруашылығында бұл тұқымдар сүтті, етті және аралас бағытта; шошқа шаруашылығында – етті (беконды), әмбебап және майлы; қой шаруашылығында – биязы жүнді, жартылай биязы жүнді, жартылай тұрпайы жүнді, тұрпайы жүнді, елтірі, тондық және басқалар; жылқы шаруашылығында – мініс, жекпе мініс, желісті, ауыр жекпе және басқалар; құс шаруашылығында – жұмыртқалық, етті-жұмыртқалық, еттік және тағы басқалар.


Тақырып 2 Ауылшаруашылық малдарының конституциясы және экстерьерi


Мақсаты: Ауылшаруашылық малдарының конституциясы және экстерьерiмен танысу.

Жоспар: 1. Конституция және кондиция туралы түсiнiк

2. Экстерьер және оны бағалау әдiстерi



Конституция және кондиция туралы түсiнiк

Конституция деп ағзаны біртұтас бүтіндей сипаттайтын морфологиялық, физиологиялық және шаруашылықтық қасиеттері мен белгілерінің жиынтығы есебінде қабылдау қажет.

Профессор П.Н. Кулешов конституцияның төрт типін бөлді: тұрпайы, нәзік, жұмсақ, тығыз.



Тұрпайы тип – малдың сүйегі тұрпайы, терісі қалың, басы ауыр. Төзімді, мықты келеді. Оларға жұмысшы қара мал жатады.

Нәзік тип – мал сүйегі жіңішке жеңіл, терісі жұқа, басы жеңіл, зат алмасуы жоғары. Бұған жылқылардың мініс тұқымы, сүтті мал, биязы жүн тұқымды қойлар жатады.

Тығыз (құрғақ) тип – малдың конституциясы мықты, бұлшық еттері тығыз жақсы дамыған, терісі қалың. Бұл типтегі малдар өнімдірек болады. Бұған ірі қара малдың аралас тұқымының көпшілігі, желісті жылқы тұқымы, етті жүнді қойлар т.б.

Жұмсақ тип – мал кеңтұлғалы, жетілген бұлшық еттері мол, терісі қалың, сүйегі қомақты, ас қорыту органдары жақсы жетілген, зат алмасуы баяу. Бұл типке етті ірі қара малдар мен қойлар, майлы шошқалар жатады. Малдар жақсы бордақыланады.

М.Ф. Иванов бөлген мықты конституция, тығыз конституцияға жақын. Малдарда нәзіктік және жұмсақтық белгілері, ерекшеленген белгілері жоқ. Олардың денсаулықтары жақсы, өміршең болады. Конституцияның бұл типі асыл тұқымды малдардың бәрінде де болғаны қолайлы.



Малдардың конституциялық ерекшеліктері тұқым қуалау арақатынастары мен қоршаған орта факторларының әсерімен қалыптасады.

Конституциялық типтер аралас типтерді құрай отырып әртүрлі буданда кездеседі.



Кондиция (кемелдену) - малдың семіздігімен және оны пайдаланумен анықталады, көп жағдайда сыртқы факторлардың әсеріне тәуелді. Кемелдену - заводтық, көрмелік, бордақылық және жұмыс түрлері болып бөлінеді.

Заводтық кемелдену - қоректендіруде тепе-теңдік сақтап, жақсы жағдайда қоректендіріп бағу және малды тиімді пайдалану жолымен қол жеткізетін өте семіз емес күйлілік. Мұндай малдар өнімдірек келеді және жоғары өсімталдық қабілеттеріне ие. Заводтық кемелдену малдардың барлық түрлеріне міндетті.

Көрмелік кемелдену жоғары семізділікпен, сымбаттылығымен, баптылығымен сипатталады. Көрмеде көрсетуге дайындаған малдарды арнай жемдеуге және күтуге қояды, соның нәтижесінде олардың түрі бапты болады да, көрермендерде ұнамды әсер туғызады.

Бордақылық кемелденуге күшті жемдеу арқылы қол жеткізіледі. Малдарда май жиналған тері асты қабаты жақсы дамыған және бұлшық еттері қоңды.

Жұмыс немесе жаттықтырулық кемелдену. Малдардың жақсы дамыған сүйек-бұлшық ет жүйесі болады және қызу жұмысқа қабілетті. Бұл кемелденуге жоғары деңгейлі жемдеу мен жаттықтырулар арқылы қол жеткізіледі.

Экстерьер және оны бағалау әдiстерi

Экстерьер – ол дене тұлғасының сыртқы пішіні және конституцияның сыртқы бейнесі болып табылады. Экстерьер арқылы малдың мықтылығын және денсаулығын бағалайды, ал оның пайдаланатын және асыл малдарды өсіруде үлкен маңызы бар.

Экстерьер бойынша конституция типін, малдың тұқымын (ішкі тұқымын), өнімділік бағытын, темпераменті мен денсаулығын анықтайды, өнімділік деңгейі жөнінде бағам береді.

Экстерьерді зерттеу үшін мал тұлғасының бөлек мүшелерін бағалайды. Әртүрлі өнімді малдар өздерінің сыртқы пішіндерімен ерекшеленеді. Мысалы, сүт бағытындағы малдарға ұзын аяқ, үлкен қарын, жұқа тері, мойнындағы қатпардың көптігі және т.б. тән.

Экстерьердiң кемшiлiктерi. Жон арқа мен белдің ойыстығы, кеуденің қушықтығы мен қуыссыздығы, аяқтардың қисықтығы және басқа да экстерьердің кемшіліктері жеткіліксіз жемдеу мен нашар бағудың әсерінен қалыптасады. Экстерьердің кейбір кемшіліктерін малға жақсы жағдай туғызу арқылы түзеуге болады. Бірақ экстерьерлік кемшіліктердің бәрі бірдей түзетілмейді. Мысалы, ешкі үрпі, аяқ қисықтықтары түзетуге келмейді. Экстерьердің көзге ұрынар кемшіліктері ақау деп есептеледі.

Малдың экстерьерін бағалау түрлі әдістермен жүргізіледі. Ең көп тарағаны көзбен қарап бағалау. Бұл жағдайда жалпы түрі мен дамуын, дене тұлғасының сәйкестілігін, тұқымның ерекшелігінің көзге ұрынуын және де басқа жеке мүшелерді бағалайды. Ол үшін малдың әр түрін бонитирлау нұсқаулығында көрсетілген арнайы шкалаларды қолданады. Экстерьерді бағалаудың объективті және нақты әдісі малды өлшеу болып табылады. Өлшемдер негізінде малдың дене тұлғасы жайлы бағам беріп және оны өзара салыстыруға болады. Өлшем жасау үшін өлшем таяқ, өлшем таспа және өлшем циркулін пайдаланады. Өлшемді мал денесінің белгілі бір нүктелерінен алады. Малды өлшемнен өткізу оның экстерьерін бағалау ғана емес, жас төлдің өсуі мен дамуын да қадағалауға мүмкіндік береді.

Ірі қара малдың экстерьерін бағалаудағы маңызды өлшемдер: шоқтық тұсының биіктігі, құйымшақ тұсының биіктігі, төстің терең орналасуы, жауырын сыртындағы кеуде енділігі, мықын тұстағы артқы енділік, ыңыршық төмпешігі тұстағы артқы енділік, дененің қөлбеу ені, азу ауқымы болып табылады.

Жылқы өлшемін жасағанда көбіне төрт өлшем алады: шоқтық тұсының биіктігі, дененің қөлбеу ені, жауырын сыртындағы кеуде ауқымы және азу ауқымы. Жылқының дене пішімін сипаттау үшін осылар толығымен жеткілікті.

Малдардың экстерьерін салыстыру үшін дене тұлғасының индексін есептеп шығарады. Индекс дегеніміз - бір өлшемнің екінші өлшемге пайызбен келтірілген арақатынасы. Индексті есептеуге алынған өлшемдер өзара анатомиялық байланысты болуы қажет.

Өлшемдерді кейбір өлшемдер бойынша малдың стандарттан ауытқуын көрсететін экстерьерлік профилін құрастыруға да қолданады. Экстерьерлік профильді малдың бір тұқымға жататын кейбір топтары мен типтерінің дене тұлға ерекшеліктерін сипаттауға пайдаланады.

Экстерьерді бағалауда тәуліктің жарық кезінде, арнайы алаңда, малды дұрыс қойып суретке түсіруді де қолданады.

Малды бағалауда интерьерге үлкен маңыз беріледі. Интерьер деп малдың конституциясы мен өнімдік бағытына байланысты ағзаның физиологиялық, гистологиялық және биохимиялық ішкі қасиеттерінің жиынтығын атайды. Интерьерді зерттеу нысандары қан құрамы, дене талшығының (терінің, үрпінің және т.б.) гистоқұрылымы, демалу жиілігі, жүрек соғысы және т.б. болып табылады.

Тірі шошқа мен құс еттерінің сапасын бағалауды жүргізуге мүмкіншілік беретін ультрадыбыстық “Дон-6” құралы жасалып, тәжірибеде кеңінен қолданылады.

Бақылау сұрақтары:

1. Конституция дегенiмiз не? 2. П.Н. Кулешов бойынша конституция типтерi?

3. Қандай кондиция түрлерi бар? 4. Экстерьер дегенiмiз не? 5. Дене мүшелерiнiң индексi дегенiмiз не? 6. Интерьер дегенiмiз не?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет