Файлдарды ұйымдастыру. Оқушыларға баяндалатын негізгі түсініктер: файлдың атауы, файлдың типі, файлдық құрылымы, логикалық диск, каталог, файлға баратын жол, каталогтар ағашы.
Файл атауы – файл атынан және нүктемен бөлініп жазылған файл кеңейтімінен тұрады. Мысалы: sys.com, io.sys, norton.exe.
Файлдың кеңейтімі (типі, заты) – сақталған ақпараттың затын, яғни қай программада құрылғанын және қандай файл (орындалушы, архивтік, т.б.) екенін көрсетеді.
Дискінің файлдық құрылымы — ол дискідегі файлдар жиынтығы және олардың өзара байланыстары.
Логикалық диск — ол меншік атауы берілген нақтылы диск немесе нақтылы дискінің бөлігі. Логикалық дискілердің атаулары қос нүкте жалғасқан латын алфавитінің бірінші әріптерімен беріледі. Әдетте қатты диск бірнеше логикалық (С:, D: т.с.с.) дискілерге бөлінеді.
Каталог (директорий) – белгілі бір ортақ қасиеттеріне қарай магниттік дискіде бір-бірімен қатар орналастырылған файлдар, ішкі каталогтар жиынына қойылған атау.
Түбірлі каталог деп – C:\, D:\ т.с.с. дискілерінде орналасқан, немесе басқа каталогтардың ішіне жатпайтын, ең жоғарғы деңгейдегі негізгі каталогты айтады.
Файлға жол — түбірлі каталогтан бастап тікелей файл сақталған каталогқа дейінгі «\» символымен бөлініп жазылған каталогтар атауларынан тұратын тізбек.
Мысалы, C:\SIMP\SET\REM.EXE жазуында REM.EXE файлы C: дискіде SIMP каталогындағы ішкі SET каталогында тұрғанын көрсетеді.
Файлдың толық аты – файл адресінің толық маршруты, яғни «\» символымен бөлініп жазылған дискінің аты, түпкі каталогтың аты, ішкі каталогтардың аты, ең соңында файлдың өзі атауы тұрады. Мысалы: D:\STUDENT\IF-11\Docum.doc.
Бір каталогқа аттары бірдей бірнеше файлдарды орналастыруға болмайды. Әртүрлі каталогта ондай болуы мүмкін.
Файлдар және каталогтармен жасалатын әрекеттер: жаңадан құру; көшірме жасау; орнын ауыстыру; атын өзгерту; өшіру, жою.
Каталогтар «ағашы» – бір каталогтың ішінде екінші, оның ішінде үшінші каталогтың сатылы, ағаш (ағаш және оның бұтақтары) түрінде орналасуы. Төменгі деңгейдегі каталог жоғарғысына бағынышты болады. Ағаш: дискідегі иерархиялық файлдық құрылымның графикалық бейнесі.
Пайдаланушының операциялық жүйемен жұмыс жасауы мына негізгі дағдыларды игеруге тіреледі:
-қажет бағдарламаны табу және оны орындауға жіберу;
-файлдармен негізгі амалдарды орындай білу, олар: көшірме жасау, орынын ауыстыру, жою, атауын өзгерту, мазмұнын қарау, сақтау, іздеу;
компьютердің жағдайы, дискілердің толуы, файлдардың типтері және өлшемі туралы анықтамалық ақпаратты ала білу.
Windows ОЖ ортасында жұмыс жасағанда оқушылардың Drag&Drop әдісін және мәнмәтіндік (орысш. – контекстное) мәзірін қолдану дағдысын қалыптастыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |