Ал мәтін формасы бойынша рефлексия жасау және бағалау бойынша күтілетін нәтижелер:
сөйлеу стилі тұрғысынан мәтіннің сапасына баға беру (ауызекі, көркем әдебиет, ғылыми, публицистикалық, ресми);
жанр тұрғысынан мәтін сапасына баға беру (диалог, монолог, эссе, мақала, блог, хабарлама);
әдеби жанр тұрғысынан мәтін сапасына баға беру (мысал, әңгіме, ертегі және т.б.);
мәтін типі тұрғысынан мәтін сапасына баға беру (баяндау, сипаттау, пайымдау).
Бұл деңгейге арналған тапсырмаларды құрастыру үшін келесідей ұсыныстарды назарға алған жөн:
Мәтін формасы бойынша рефлексия жасау және оған баға беру бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Бұл деңгейдің тапсырмалары оқушылардың мәтін мазмұнын бағалауын ғана талап етпейді, олар оның формасын, стилін, автордың жазу шеберлігін де бағалайды. Оқушылар жанрлық, стильдік ерекшеліктер; мәтіндегі стильдік фигуралар мен көркемдегіш-айшықтау құралдары туралы білімдерін көрсетулері керек әрі детальдардың мәтіндегі рөлін түсінулері қажет. Оқушылар мәтінде айтылған оқиға бойынша автордың позициясын түсініп, сипатталған оқиғаға берген авторлық бағаны анықтай алулары керек. Бұлардың барлығы жоғары деңгейдегі сын тұрғысынан ойлау дағдыларын талап етеді.