Психологиялық сананың тұжырымдамасы. Сана-сезім. Психика жануарларға да, адамдарға да бірдей тән әрекет болғанымен олардың психикалық әрекеттерінің арасында жалғыз сан жағынан да ғана емес, сапа жағынан да көп айырмашылықтар да бар. Адамның психикасының айрықша өзгешелігі адамда сананың болуымен байланысты. Адамның жануарлардан айырмашылығы ойлау қабілетімен және өзінің өткені туралы ойлану, оны бағалау және келешек туралы ойлау, оған жоспар жасау және бағдарлай алуынан тұрады. Бұлардың барлығы адам санасының кеңістігімен байланысты. Жануарларда сана жоқ, олардың өздерінің биологиялық мұқтаждықтарымен байланысты соқыр сезім әрекеттері және туысынан кейін тіршілік ету үшін күресінде пайда болатын санасыз дағдылану әрекеттері ғана бар.
Сана психиканың дамуында ең жоғары сатыға шыққан, сапа жағынан айрықша өзгешеліктері бар, адамға ғана тән нәрсе. Сана деп – еңбек арқылы пайда болып, адамның жаратылысқа және басқа адамдарға мақсатты түрде бет алып қатысуында орын алатын психикалық әрекетті айтамыз. Адамның санасы тек қана тұрмыстың нәтижесі болып қоймай, сол тұрмыстың өзін қайта құрып өзгерте алады. Адам белгілі, нақты тарихи қоғамдық жағдайларда өмір сүріп, тіршілік ететіндіктен, оның санасы қоғамның тұрмысының ықпалында болып, сол тұрмысты сәулелендіріп отырады. Сондықтан таптық қоғамда адамдардың санасы таптық сана болады. Қоғамдық эксперименттің өзгеруімен бірге адамның санасы да өзгеріп отырады.
Сананың негізгі қасиеттері. Сана психика дамуының жоғары сатысы ретінде, ең алдымен, жалпыны және болмыстағы елеуліні тану қабілеті сияқты қасиетімен ерекшеленеді. Жалпыны білу адамның болмыста мейлінше дұрыс бағдар ұстауын қамтамасыз етеді, істі біліп әрекет жасауына, өзін дұрыс алып жүруге мүмкіндік береді. Жалпыны біле отырып адам әрбір жеке міндетті практикалық тұрғыдан шеше алады. Заңдылықтарды біле отырып, белгілі бір оқиғаның болатынын алдын ала болжай да аласыз. Жалпы мен елеулі жайындағы білімдерді жинақтау ғылымды И.П.Павловтың сөзімен айтқанда, "болмысты және өз басымызды дұрыс алып жүруге жоғары бағдарлылықты" қалыптастырады. Ғылым, өнер, мәдениет (сөздің кең мағынасында) қоғамдық сананы құрайды.
Тұлғаның санасы мен қоғамдық сана диалектикалық бірлікте болады. Тұлға санасы оның болмысын ғана бейнелеп қоймайды, сонымен қатар адамзат жинақтаған білімді меңгеру нәтижесі де болып табылады. Екінші жағынан, қоғамдық сана тұлғалар мен бұқара көпшіліктің шығармашылық іс-әрекетінің нәтижесінде қалыптасады.
Сана объективтік болмыс жайында қорытылған білімнен ғана емес, сондай-ақ сол болмысқа белгілі түрдегі қатынастардан да көрініп отырады. Демек, адам өзін табиғаттан бөліп алады, белгілі автономия танытады, белгілі дәрежеде бағалай отырып, оқиғаларға байқастап жанасады. Адам қатынастары интеллектуалды (бағалау арқылы) және эмоционалды (сүю, ұнату, өшпенділік, жек көру, жирену түрінде көрінеді) сипатта болуы мүмкін. Көп жағдайларда саналы қатынастар интеллектуалды-эмоционалды сипатта, екеуі аралас келеді. Сана адамның шығармашылық қабілеттілігінен көрінеді. "Адамның санасы 1 объективті дүниені бейнелеп қана қоймайды, сонымен қатар оны жасайды". Хайуан еш нәрсені де орната алмайды. Егер ол өзі мекендеген жердің жағдайын өзгертсе оны саналы түрде түсініп істемейді, оның тіршілік етуі соған жеткізеді. Адам дүниені саналы түрде өзгертуге талаптанады, оны өз қажетіне бейімдегісі келеді, тіпті ол табиғаттың жеке элементттерінен табиғатта кездеспейтін жаңа заттар жасайды. Шығармашылық адамның бүкіл Жерді мекендеуіне және ғарышқа да жол табуына мүмкіндік береді.
Сананың аса маңызды қасиеті оның есеп беруі болып табылады. Адам өзінің ниеті мен күйзелісі, ойы мен түйсігі туралы өзіне-өзі есеп береді, демек, сана тек қана сыртқы білімді емес, өзін білуді де қамтамасыз етеді, яғни сана өзіндік сана-сезім түрінде де көрініс табады. Адам есеп беруінің арқасында өз күшін реттей алады, өзін түзетіп және дамытып отырады.
Білім негізінде тұлғаның. іс-әрекетіндегі және мінез-құлқындағы саналылық мөлшерін анықтауға болады. Тұлға мінезі мен іс-әрекетінде білімге сүйенеді, ол өткендегіні ескеріп және болашақты болжай отырып, неғұрлым тиімді тәсілді таңдап алады. Бұл ретте адам өзін-өзі бақылайды және өз күшін жоспарына қарай реттеп отырады.
Адамның жануарлардан айырмашылығы - ол өзін танитын және білетін, өзін түзетіп және жетілдіріп отыруға қабілетті тіршілік иесі. Өзіндік сана-сезім - сананың өзіңді білу мен өзіңе қатынастың бірлігі ретінде көрінетін бір түрі. Өзіндік сана-сезім сыртқы ортаны және өзіңді өзің танудың бейнелеуінен біртіндеп қалыптасады.