84-бап Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
VIII бөлім. ЖЕРГІЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ
85-бап
Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.
86-бап
Жергілікті өкілді органдар — мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.
Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды.
Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады.