Гүлді өсімдіктердің алуан түрлілігі таңқаларлықтай. Дүние жүзі ботаниктерінің жүргізген зерттеулері нәтижесінде, гүлді өсімдіктердің шамамен 250 мыңдай сан алуан түрі белгілі. Сонымен бірге ботаник-ғалымдар ғылымға бұрын белгісіз болып келген өсімдіктердің жаңа түрлерін тауып, оларды сипаттап жазуда. Құрылысы жағынан ұқсас түрлер туысқа біріктіріледі. Мысалы, ермен жусан мен дермене жусан бір туыстық — жусанның түрлері. Бұл туысқа тағы да көптеген басқа түрлер жатады. Әр тілде бір өсімдіктің өзін әр түрлі атайды. Соған байланысты ғалымдар өсімдіктердің латын тіліндегі ғылыми аттарын енгізді. Өсімдіктердің латын тіліндегі аттары дүние жүзі ботаниктерінің барлығына түсінікті. Жақын туыстар бір тұқымдасқа жатқызылады. Мысалы, бидай туысы, қарабидай туысы, арпа туысы және оларға жақын көптеген туыстар бір үлкен астық тұқымдасына біріктіріледі. Гүлді өсімдіктерді дара жарнақтылар класы және қос жарнақтылар класы деп екіге бөледі. Өсімдіктің қай класқа жататынын оның ұрығының, тұқым жарнағының санына қарай анықтайды. Бірқатар өсімдіктердің жапырақтарының жүйкеленуі мен пішіні, тамыр жүйесінің типтері де негізгі белгілерге жатады.