Қирап қалған қиял
Бірде Насреддин он жұмыртқа сыйға алды. Ол қуанғаннан не істерін білмей, жұмыртқаларды бөркіне салып, оны баына киіп, үйіне алып-ұшып келе жатты.
Жолшыбай қиялға беріліп кетті:
-Бұл жұмыртқаларды ұя басардың астына апарып саламын. Балапандар шығады. Балапандар өсіп, шөже, одан соң тауықтарға айналады да, олардың әр қайсысы жүз жұмытқадан туады. Жүзді онға көбейтсем, мың жұмыртқа болады. Мың жұмыртқадан мың балапан жарып шығады, олар да тауыққа айналады. Мың тауық тағы жүзден жұмыртқа туады. Мыңды жүзге көбейтсем, жүз мың жұмыртқа... тіпті, тоқсан мың тауық қалады екен. Егер осы мың тауық жүзден жұмыртқа тапса, онда менде сатуға қанша қалады... тпу, сатуға қанша тауық. Қап, әбден шатастым-ау... оған дейін қаншасын сатып ем?
Әбден есептен шатасқан Насреддин қайтадан санауға кірісті. Бірақ, тағы жаңылысты. Қайыра есептей бергенінде лағып кетті. Ақыры, шыдамы таусылып:
Ойлан, ойлан дұрыстап,- деп өз басын жұдырығымен ұрып қалды.
Оқыс соққыдан басындағы бөркі ұшып кетіп ішіндегі жұмыртқалар жерге шашылып түсті. Насреддиннің тәтті қиялы тасқа соғылып, быт-шыты шыққан жұмыртқалармен бірге қирап, іске аспай қалды.
Астанадан келген сыйлық
Көкпекті қиян шеттегі ауыл. Қоныстаушылары аз. Бастауыш мектебі бар. Көбісі жұмыс іздеп қаланы сағалап кетті. Сол ауылдың бір мүшесі Ғабиден күзде мектепке барады.
Қатар-құрбылары сабаққа кеткенде ойнайтын бала таппай:
-Әже, мен мектепке қашан барамын?- деп қиғылық салумен болды.
Әжесінің де оған жауабы дайын:
-Қазір көктем, алдымыз жаз, сосын күз келеді. Сол кезде сен де мектепке барасың,- дейді.
-Сөмкем жоқ,- деп тағы бұртияды. Жоқ заттардың аттарын жаттап алған. Тізе жөнеледі. Сәті келіп Астанада тұратын жиені Жексен көнетоздау Әліппе кітабын ала келіпті.өткен жылы өзінің оқыған Әліппесі. Жақсы оқығаны үшін ескерткішке қалдырыпты. Беттері түгел. Әжесі әдемілеп сыртын матамен қаптап берді. Жексен келгеннен бері біраз әріптерді үйретті.
Ең алғашқы Ғабиденнің оқығаны Ана сөзі оқуға жеңіл, әрі ардақты есім. Жазуы да жіпке тізген моншақтай.
Қайырбай атасы қара үйдің көлеңкесіне шақырып алып екеуінен сынақ алды. Жексен қанша айтқанмен мектеп көргендігін байқатты. Жексеннің қайтатын кезі таяу. Астананы аузынан тастамайды. Мыс мүсіндегі Арыстанның аузынан атқылаған су, гүлзар бақ, цирк. Бәрі тамаша, бәрі қызық. Ғабиденді де сол қызықтарды көруге шақырды. Өзі бәрін аралатады.
Астанаға қайтатын күні:
Ғабиден, саған арнайы сыйлық дайындаймын, деді Жексен.
Ол не сыйлық?
Сөмке, дәптер, боуя қаламдар, фломастер бәрін – бәрін Қыдырбектің тәтесінен беріп жіберемін.
Айдан астам уақытта Жексеннің беріп жіберген сыйлығы Ғабиденнің қолына тиді. Енді оқу құралының бәрі түгел. Ғабиден күзді тағатсыздана асығып күтіп жүр.
Күшіктердің қулығы
Ерте кез. Ауылда бірнеше ит, бірнеше күшік бар еді. Алыпсоқ дейтін төбет солардың дәуі, қарулысы. Ит пен күшікке құйылған асты әй – шәйға қаратпай тартып ішеді.
Күшік біткенді талап, зәресін ала берген. Қайтіп құтылу күшіктердің қаперіне кірмейді. Бірде біреуі былай дейді: «Күшіктер, кішкентай болғанымызбен ас – су бізге де керек! Қарнымыз тоймай қалай жетілеміз? Егер төбеттің талағанынан кем – кетік бола қалсақ.... ол күшікті кім керек қып асырайды? ... Алыпсоқтың бетін қайтарар бірдеңе істейік!» Басқалар мұнысын қостайды.
Әлден соң күшіктер қаздай тізіліп Алыпсоқтың алдына келеді. Оның біреуі кәрі төбеттің кейпімен сөйлеп:
Иттер, күшіктер, түбіміз бір туыс емеспіз бе, итаяқты астарыңнан қарайлайсыңдар. Қартайдым, шамасызбын. Мықты иттер аузыма дым салғызар емес, өлер болдым, - дейді. Күшіктер таласы – тармаса:
- Өзіңді зор, өзгені қор санадың!
Бастан бағың таярын ойладың ба?
Өз қылғаның алдыңнан шықты ғой, кәрі төбет?!
Күшіктер шәуілдеп, құйрығын қайқаңдата, Алыпсоқтың қасынан өтеді. Ертеңгі күнін ойлаған Алыпсоқ ашу - ыза шақырмай, шалқиып жата берді.
Сол, сол-ақ екен, күшіктер әлімжеттіктен құтылады.
Ойыннан тыс
Көктемгі каникул балаларды әбден шаршатып жіберді. Күннің шуағында асық ойнаудан бұрылуға шамалары болмады. Міне, осындайдағы ойынның бірінен қайтқан екі баланың бірі біраздан кейін үйде отырып, ойда жоқта шу шығарсын.
Апа – а, бүлдірді, Тәнөс, - деді кішісі Төмпіс.
Ауызғы бөлмеде жүрген анасы:
Нені? ... – деді, алжапқышына қолын сүртіп тұрып.
Бәрін бүлдірді.
Ау, айтсайшы...
Мына Тәнөс – с ... – деп булығып жіберген кіші ұлына анасы:
Көз шығып, бас жарыла қоймаған шығар. Ер жігіт жылай ма екен? ... – деп сабасына түсіруге тырысты. Ал үлкені тым-тырыс.
Маған айтпа деген ұлына:
Ия – я – я! – деді бұл жолы даусын қатайыңқырап.
Мына «Мөлдір бұлақ» журналындағы сөзжұмбақты жалғыз өзі шешіп қойыпты...
Ой, балам – ау, сол – ақ па? Оның жарасы жеңіл ғой, қазір ... – деп екеуіне «Жыл он екі ай» альманағы мен «Балаларға базарлық» атты сөзжұмбақ, ойжұмбақ, сканвордтар жарияланған газетті ұстата берді.
Кенет сәл – пәл үнсіздікті үлкені Тәнөс бұзды.
Былай болсын ... – деген ұлына, анасы аңтарыла ал Төмпіс ұрлана көз қиықтарын тастады.
Мына сөзжұмбағы және ойжұмбағы барларды сен ал, ал «Жыл он екі айды» мен алайын.
Ақылды қоян
Баяғы заманда ағалы – қарындасты ағайындылар өмір сүріпті. Әке-шешесі қайтыс болған соң, олар мұра бөліспек болады. Әке-шешесінен қалған мұра-сиыр мен бұқа-тын. Ағасы бұқаны, ал қарындасы сиырды алады, осыған олар разы болады. Біраз уақыттан кейін сиыр бұзаулайды. Ағасына бұзау қатты ұнайды. Түнде ол бұзауды алып барып, бұқа бұзаулағандай етіп, бұқаның астына салып қояды. Ал таңертең жанжал басталады. Қарындасы: ”Бұл менің бұзауым!” - десе ағасы: ’’Жоқ, бұл менің бұзауым! ’’- деп айқайға басады. Сонымен олар сотқа бармақ болады. Ағасы қорғаушысы етіп құсты алады, ал қарындасы қоянға жүгіреді. Сот бұлардың ісін келесі күні, таңертең қарайтын болады.
Бәрі келіскен уақытта жиналады, тек қарындасы қорғаушысы қоян уақытында келмей кешіккендіктен қалғандарына күтуге тура келеді. Міне, ақырында қоян да келеді.
Сен, қоян, уақытты бағаламайды екенсің, соңына қарамай қорғаушы болмақшысың! – деп сот оны кекетеді.
Қойыңыз, мәртебелі тақсыр, мен уақытты бағалаймын. Бірақ аса бір маңызды шаруамен шұғылданып қалып едім, - деп қоян ақтала бастайды.
Бұл істен де маңыздырақ па еді? – деп сұрайды сот.
Иә, мырза, - деді қоян.
Бір үйден өрт шығып, оның тұрғындарына жаным ашығандықтан, әрлі – берлі мұхитқа жүгіріп, өртті сөндіру үшін себетпен су тасыдым. Сондықтан да кешігіп қалдым.
Сот қарқылдап күледі.
Егер өрт шықса, біз де білген болар едік қой, сосын, суды себетпен қалай тасуға болады? Байқаймын, сен қоян, есіңнен адасқан боларсың, сандырақтауың жаман!
Сонда қоян тұрып: Егер бұл сандырақ болса, онда бүгінгі іс одан да асып түскені ғой: бұқа бұзаулады дегенді қайдан көрдіңіз?
Сен қоян, ақылды екенсің! – деп сот оны мақтап, істі қыздың пайдасына шешеді.
Балапан баққан Батыр
Батырдың үйі аудан орталығында. Қала тәрізді поселкенің шет жағында бір қабатты пәтерде тұрады. Бірде көкесі ауылдағы ата – анасына барған асапарында мотоциклдың қорабына салып үйректің сегіз кішкентай балапанын алып келді. Есік алдындағы гараждың қасынан шағындау шұңқыр қазды. Су құйды. Балапандар жем жеп тойған соң, рахаттанып суға түседі. Шиқылдап, бытырап үй маңында жүреді. Күнге шуақтайды. Кейде бір-біріне тығылып, ұйлығысып жатады.
Осының бәрін қызықтаудан жалықпайды Батыр.
Балапандар үлкейгенше өзім бағам. Ешкімге тигізбеймін, - деп қояды.
Өсті деген осы. Сөзіңде тұрсаң, күзде велосипед сатып әперем, - деді көкесі.
Төрт жастағы Батырды бұл сөз керемет қуантты. Ертеден қара кешке дейін балапандарға қарап, үйден ұзамайтын болды. Бірақ ойын баласы емес пе. Бір күні ұмытып, достарына қосылып кетті. Екі – үш сағат алаңсыз ойнады. Кенет балапандары есіне түсіп, үйге қарай үкідей ұшты. Анадайдан байқады, көршінің көк күшігі балапандарды қуып жүр. Адымы қысқа кішкентай балапандар шиқ – шиқ етіп қашады.
Кет былай! Тиіспе! ... – деп айқайлап, жүгіріп келеді Батыр.
Көк күшік сол мезет бір балапанды бас салып, ауызды салып жіберді. Апаш-құпаш жәукімдеп, жеп қойды.
Ебіл-дебіл жылады-ай Батыр. «Бәлем ..., сені мен ... сені ме... кө-ке-ме айтып-п... ұрғызбасам-м...» - дейді өксігін баса алмай.
Балам – ау, не болды? Біреу тиісті ме? – Батырдың жылаған даусын естіп үйден мамасы шықты.
Күшік – к ... ба – ла – пан – ды-ы ... же-еп қой-ды ... – деді Батыр кемсеңдеп.
Туһ, зәремнің ұшқанын қарашы! Мен ... өзіне бірдеңе болды ма деп... Қой құлыным , жылама. Балапанды аяған, жаны ашыған жүрегіңнен айналдым! Қой, енді, қоя ғой. Ол күшікті ме?! Қазір байлатып тастаймын.
Қорқып қалған жеті кішкентай балапан Батыр мен мамасының қасына келіп, топталып қалыпты.
Қараңғы бөлменің құпиясы
Бүгін армансыз ойнадым. Балалармен бірге Түйемойнақтың тоғайына барып, қарақатқа әбден тойдық. Көкем мен апам болса қанша жалынсам да жібермес еді. Олар таңда тұрып аудан орталығына кеткен. Ертең бір – ақ қайтады. Ал әжем өте жақсы адам. «Бірдеңеге ұрынып қалмасаңдар болды. Барсаң барып кел» деген. Күні бойы байқамаппын, үйге әбден шаршап қайттым. Әжем алдыма әкеліп қойған асты ішуге шамам келмей, отырған жерімдегі көрпешеге қисая кетіппін. Әжем мені қалай көтерсін. Тек басымның астына жастық салып, үстіме көрпе жауыпты.
Түннің бір уағында шырт ұйқыдан оянып кеттім. Кешке дейін жеген қарақаттан болса керек, тілім аузыма симай шөлдеп жатыр екенмін. Бөлме тастай қараңғы, көзге түртсе көргісіз. Ашық терезеден салқын самал есіп тұр. Біздің үйдің жанынан ағатын кішкентай арықтың суы сылдырап жатыр.
Сусын ішіп келейін деп орнымнан көтерілгенім сол еді, еденге бірдеңе жалп етіп қалғандай болды. Қорқып қалдым. Көрпешеге жүрелей отырып алып, тың тыңдай бастадым. Ас үйден әжем жатқөан бөлмеге барайын десем, орнымнан тұруға батылым жетпеді. Тіпті шөлдегенімді де ұмытып кеттім. Ойыма ертегілердегі құбыжықтар орала береді. Ойламайын десем болмайды. Біреу түртіп қалса, баж ете қалайын деп отырмын. Әйтеуір не керек, көрпешеге көміліп, таңды да атырдым.
Ат қою
Ежелден халқымыздың бойына сіңген сан алуан сән – салтанатқа толы ырым, рәсімдері, салт – дәстүрлері, әдет – ғұрыптарының ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі мен мән – мағынасы зор. Нәресте көзін ашып, жарық дүниеге келгеннн бастап, көңілі жақынтума – туыстары бір – бірінен ат арытып, сүйінші сұрап, сұрасады. Содан соң шілдехана шашуы, ат қою, бесікке салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа мінгізу, тағы – тағылар болып жалғаса береді.
Міне соның бірі нәрестеге ат қою рәсімі. Бала дегенде жаны қалмайтын ата – ана ауыл – үй, көрші – көлемді шақырып, бұрын ат шаптырып, шашу шашып, азан шақыртып ат қойған. Шынашақтай нәрестеге «еліміздің болашақ ел қорғайтын ері, ел тізгінін қолға алар биі» деп қарап, ең тәуір деген ат қоюға тырысқан.
Нәрестеге ат қою құрметіне жиналған арасынан ұлағатты да инабатты адам ие болған. Сөйтіп, ол нәрестенің екі құлағына үш дүркін кезекпе – кезек айқайлап, таңдаған атын атап, азан шақырып ат қойған. Осы бір жақсы дәстүріміз заманына орай, мүмкіндігінше, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Әрине, баласына кімнің қандай ат қоямыз десе де өз еркі. Дегенмен, өмірде көріп жүргеніміздей, естір құлаққа ерсілеу кейбір атты қоймас бұрын ойланған жөн дегіміз келеді.
Түлкі мен қасқыр
Бір шаруаның үйінде су құятын үлкен бөшкесі бар екен. Келе-келе құдық қазып алыпты да, әлгіні пайдаланбай қойыпты. Қу түлкі оны сырттай бақылап, қауіп жоқ екенін біліп алады.
Бір күні кешке ақырын келіп, бөшкеге түсіп, жасырынып отырады. Үй-іші ұйқыға батқан кезде, бөшкеден шығып, бар тауықты қапқа салып, түнделетіп ізін жасырады. Олжаға қарық болған түлкі, әкелгенін жеп, інінен шықпай жата береді. Ақыры іші пысқан соң шыдамай орманды аралауға шығады. жылтылдап, құйрығы күлтеленіп, құлпырып кеткен түлкіні көрген қасқыр аялдап:
- Түке, әдемі болып кетіпсіз, қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк еенін көріп, қайран қалып тұрғаным. Сыр бөлісейік, - дейді. Әңгімеге тартып, арсалаңдап. Түлкі болған жағдайдың бәрін түгелімен жасырмай айтып береді. Қасқырдың көзі жайнап, қуанғанынан «Енді мен барайыншы»- деп жабысады түлкіге. Сол күні кешке қыстаққа қасқыр келеді. Үй іші ұйқыға батқан кезде, бөшкеден шығып, бір тоқтыны атып ұрады. Қарнының тойғаны сонша, жүгіруге шамасы келмей, бөшкенің ішіне қайта түсіп, ұйқыға кетеді. Жәй ұйықтаса мейлі ғой, қорылға басады. Бөшкенің ішінен шыққан қорыл, ауланы басына көтереді. Үйдің иесі бөшкеге жақын келіп сығалап қараса, қасқырдың ұйықтап жатқанын көріп, шошып кетеді. Ақырын көршілерді шақырып келіп қасқырды соғып алады. Ақымақ қасқыр осылай өзі келіп қолға түседі.
Сүйкімді көжек
Дана өте зерек қыз. Демалысқа шыға салысымен нағашы ата – әжесіне мейменшылап барғанды жақсы көреді.
Ауыл балаларымен араласып асыр салып ойнағанды, суға түсуді, қайықпен жүзуді, атқа мінуді ұнатады. Кішкентай қозы – лақты көргенде тіпті қуанышы қойнына сыймай кетеді.
Бірде үй сыртындағы жыңғыл маңында екі – үш иттің бір нәрсеге үдірейе үріп тұрғанын байқайды. Айдос екеуі жүгіріп барды. Кәдімгі зообақтан көріп жүрген қоянның көжегі. Қорыққаннан бір уыс болып бүрісіп қалыпты.
Қандай сүйкімді? Үйге апарып, асырайықшы, - деді Дана қызығып.
Жоқ асырамаймыз! – деді Айдос.
Неге?
Өйткені ол да қояны. Үйге үйрене қоймас, - деді атасының тәрбиесін алған Айдос нық сеніммен.
Ол неге дірілдейді?
Білмеймін, атамнан сұрап көрелік.
Аталары өмірден жинағаны көп зерделі, еңбекқор, мейірімді адам болатын. Екеуі жүгіріп сол кісіге барды.
Ата, ол қорқып тұр емес пе?!
-Қояндар көжектерін осылай тастап кетеді. Өздері өмірге икемделеді. Адасып ауылға келген. Мына иттерден қорқып жыңғыл түбіне тығылған. Көргендерің жақсы болған, болмаса иттер талап тастағандай екен. Асырауға болады, бірақ өз еркімен өскені оң болар еді. Ол да көбейіп өз ұрпақтарын әкеледі. Осылай ұрпақ жалғасады, - деп ұзақ түсіндірді, аталары.
Дананың есіне дүниетану сабағында өткен «Ұрпақ жалғасады» тақырыбы түсе кетті. Айдос пен Дана көжекті өз еркіне жіберді. Ол секең – секең етіп, жортып барып, отыра қалды. Артына қарап қояды.
Дана оны көжектің өзіне айтқан «рахметі» деп қабылдады. Атасының мөзіне айтқан өнегелі сөзіне мұқият тыңдап, табиғатқа, қоршаған ортаға титтей де болса өз үлесін қосқанына риза болды.
Күн. Жер. Ай.
Жер – аспан әлеміндегі сансыз көптеген ғаламшардың бірі. Көлемі жағынан одан үлкен де, кіші де мыңдаған ғаламшарлар бар. Ең бастысы, солардың ішінде Жерде ғана тіршілік етуге болады. Жердің пішіні кәдімгі допқа ұқсайды.
Жер өз кіндігін өзі айналады. Толық бір айналым 24 сағатқа тең. Яғни бір сөтке. Сондай – ақ, Жер Күнді айналып та қозғалады. Күнді бір айналып шығуға 365 күн 6 сағат, 9 минут, 9,5 секунд уақыт кетеді. Бұл 1 деген сөз.
Жердің күнді айналуы кезінде жылдың мезгілдері өзгеріп отырады. Жердің бір бөлігі Күн жаққа қараған кезде оған Күн шуағы мол түседі. Бұл жаз мезгіліне сай келеді. Ал енді бұл бөлік айналыс кезінде күннен алыстаған сайын Жерге түсетін күннің шуағы азаяды. Яғни, қыс түседі. Көктем мен күз кезінде Күн шуағының қызуы орташа мөлшерде болады.
Күнді де кәдімгі үрленген шар сияқты қарауға болады. Оның радиусы 696 000 шақырымды. Яғни, жердің радиусынан 109 есе ұзын. Ал көлемі Жердің көлемінен 1300 000 есе үлкен. Салмағы Жердің салмағынан 333 000 есе ауыр. Күннің сыртқы қабатының қызуы 100 0000С градусқа дейін жетеді.
Ай – Жердің жалғыз серігі болып саналады. Ол Жерден 382 000 шақырым қашықтықта орналасқан. Айдың диаметрі 3450 шақырым. Ай да өз кіндігін өзі және Жерді айналады. Айдың Жерді айналып шығуы 27 күн, 7 сағат, 43 минутты құрайды. Айда тіршілік етуге қажетті жер асты, жер үсті сулары жоққа тән. Сондықтан Айда тұрып, өмір сүру мүмкін емес.
Осы беттегі суреттерге зер салып қарасаңдар, жоғарыда жазылған жайлар туралы түсініктерің молая түседі.
Қараторғай
Қараторғайдың көңілді ән шырқауы, бақтағы бунақденелілерді теріп жеуі ертеден – ақ адамдардың назарын аударған. Оларға ұя жасап, үй маңына үйір болуға үйреткен. Қараторғай – әнші құс. Міне, сол ата – бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлі іс, күні бүгінге дейін жалғасып, әр жылы көктемде қанатты достарымыз – қараторғайдың келуін асыға күтіп, ұя жасап, қарсы аламыз. Қараторғай Қазақстанның көп жерлерінде кездеседі. Ол жыл құстарының қатарына жатады. Демек, суық түсе бастаған кезде – ақ оңтүстік аймаққа ұшып кетеді де, көктемде туған еліне бірінші болып қайтып оралады.
Олар бірте – бірте топ – топ болып ұшып келе бастайды. Ең алдымен ұя салатын жерге еркектері ұшып келеді. Сәуірдің басында ұя салатын жерді ыңғайластырады. Бау – бақша ішіндегі ескі ағаштардың қуысын, өздеріне арнап жасалған ұяларды меншіктейді. Ұяны таңдап алғаннан кейін оны күзетіп, үнемі байқап жүреді. Көп кешікпей ұяда 5-6 ақшыл – көк жұмыртқалар пайда болады. Жұмыртқаны қараторғайдың ұябасары басады да, еркегі ұяның жанында отырып, неше түрлі ән салады. Балапан шыққан кезде олардың ән салып отыруға уақыты болмайды. Жалаңаш, соқыр, әлсіз балапандарын тамақтандырып, жетілдіруі оңайға түспейді. Балапандары өте қомағай келеді. Ата – енесі оларға таңертеңнен күн батып, қараңғы түскенге дейін дамылсыз тамақ тасиды. Бір ұябасар күніне 200 реттен артық қорек тасиды. Ол балапандарын қоңыз немесе оның дернәсілдері, шылауын т.б., ауыл шаруашылығына зиянды жәндіктермен қоректендіреді. Сонда қараторғайдың бір ғана ұядағылары күніне 2 мыңнан артық түрлі зиянкестерді құртады екен. Қараторғайлар егіншілердің сенімді, жәрдемшісі.
Бунақденелілер
Қай жаққа барсаң да, бақ, орман, тоғай, шалғында бәрінде де бунақденелілерді кездестіресің. Шөпке қоңыз жорғалайды, гүлге ара қонады, шегірткелер шырылдап, инеліктердің қанаты судырайды. Көлге келсең, онда да сол. Жан – жағыңның бәрінде – біздің кішкентай, елеусіз көршілеріміз.
Оларды елеусіз деуге де болмайды. Ертеде оңтүстік мемлекеттерінде мынандай бір жағдай болыпты. Көктемгі есепсіз көп құмырсқалар пайда болады. Олар алғашында шөп арасынан көріне қоймайды. Бір – екі аптада қаптаған құмырсқалар бүкіл шөпті жеп бітіреді. Тамақ іздеген олар енді таудан түсіп, өзенге, ауылға келіп, бауға, егінге түсе бастайды.
Іріленіп, оларға қанат бітеді. Сөйтіп ұсақ, елеусіз құмырсқа шегірткеге айналады. Олар топталып ұшқанда, қалың бұлтқа ұқсайды. Қонған жерлерінің түгін қалдырмай жалмайды. Халыққа ашаршылық әкеледі. «Шегірткедей жалмаған» деген мақал сонан қалған екен.
Бір қоңызға байланысты да осыған ұқсас оқиға бар.Бұл қоңыз Америкадағы Колларада тауларында тіршілік етіп, шөптің жапырағымен қоректенген. Адамдар тау беткейлеріне картоп егеді. Қоңыздар шөп жапырақтарын қойып, картоптың жапырағын жеуге көшкен. Жапырағынан айрылған картоптың сабақтары сидиып қалады да, түйнек салмайды. Сөйтіп халық бұл қоңызға қарсы күреске шыққан.
Бір қызығы: бұрын адамдар зиянды бунақденелілермен күресудің жолын білмеген. Өсімдікті жеп құртатын не екенін де түсінбеген. Бұл бір құпия, кішкентай адамдар ма екен деп те ойлаған. Мүмкін олар адам тілін түсінетін шығар деп жорамалдады.
Нан туралы аңыз
Ертеде бір дәруіш адам ел аралап күн көреді екен. Ол өзі білмейтін қаға берістеу жолға түсіп, бірнеше күндер бойы адасып елді мекенге жолықпаған екен. Оның дорбасындағы тағамдары таусылып, қатты ашығады. Сөйтіп келе жатып алдындағы орманның шетіндегі үйді көреді. Есігі ашық тұрған үйдің ішіне енсе, шағын ғана үстел мен орындықтан басқа жиһаз жоқ. Орындықтың үстінде ашулы жатқан кітапты аударыстырып қараса, кәдімгі қалыңдығы қарыс сүйемдей «Құран» кітабы екен. Қасиетті кітапты алақанымен бірнеше қайталап сипайды. Бірақ шұрқырап тұрған қарны үйгекіргеннен кейін, тіпті жалап әкетіп бара жатқан керек. Айналаға қарап, ештеңе де таба алмайды. ОЛ не істерін білмей мұайып, шалқалай түсіп үйдің төбесіне көз жібереді. Қараса, сонау биік бұрышта бір таба нанның тұрғанын көреді. Дереу қалай алудың жөнін іздестіреді. Үстелді апарып үстіне шығып еді, қолы жетер емес. Оның үстіне орындықты қойып көрсе де ештеңе шықпады. Әлі де нан қарыс сүйем биіктікте тұр. Содан ол не істерін білмей тұрғанда, жанындағы жатқан «Құран» кітапқа көзі түседі. Әрі ойланып, бері ойланып, қасиетті кітапты аяғының астына қойып, төбеде тұрған нанды алуға бекінеді. Діндар адам ең әуелі «Аллаға жалбарынып» құран оқып, мінәжат етеді. Сөйтіп, үстелдің үстіндегі тұрған орындыққа кітапты қойып, еш қиналмастан бөлке нанды қолына алып жерге түседі. Нанды сол күйінде енді асай беремін дегенінде:
Тоқта! – деген бұйрық естіледі. Еңгезердей денесіндегі қару – жарақтары жарқыраған ер адам:
Сен әуелі мынаны айт! Бұл дүниеде ... нанның жолы үлкен бе? Жоқ әлде, құранның жолы үлкен бе? – дейді.
Сасқалақтап қалған дәруіш:
Е – е, қайырымы мол адам ... сен саған аса қиын сұрақ қойып тұрсың?! Әйтсе де нанның жолы ... құраннан үлкен болса керек, - депті.
Пайдаланылған әдебиеттер
Балдырған журналдары
Қ. Тұрсынқұлов «Қазығұрт баурайында»
Әдеби өмір шежіресі
Жыл он екі ай журналдары
Ұлан газеттері
Қызғылықты кітаптар «Әділ Балта»
С.Карин «Өмір иірімдері»
Ана тілі хрестоматиясы «Атамұра»
Дүниетану хрестоматиясы «Атамұра»
Бала би журналдары
Айгөлек журналдары
Тіл дамыту құрастырмалар
Қазақ ертегілері
Қазақтың күйшілері
Қазақстан таулары
Мазмұны
Алғы сөз
Оқу машығын тексеру картасы
1-сынып
Ақша жоқ дейсің
Қар
Қорықпайсың ба?
Киіз басу
Тұскиіз
Уыз
Өзара келісіп келіңдер
Ақындар да тамақ жей ме?
Бүркіт пен Тазқара
Жалқаулық пен қиыншылық
Менің Қазақстаным
Сыралғы байлау
Базарлық
Ерулік
Кеусен
Ірімшік
Қымыз
Жент
Сүйінші
Құрт
2-сынып
Алғы сөз
Оқу машығын тексеру картасы
Бесікке салу
Қарлығаш аулие
Қарлығаш
Жыландар
Тұсаум кесу
Ізгі ниет
Бұл да бір біткен шаруа
Әбунасыр әл- Фараби
Кептер естіп қояды
Әжесінің қайсысы жақсы көреді
Қалтадағы бал
Сараңның төбеті де тазы болар
Балталы қорқақ
Мейірімді қыз
Күшік пен қыз
Ақ боран
Бөздің қанатты достарымыз
Ешкі емер ешкі ембейді
Өсімдік жауы- өсімдік
Құстардың қоректенуі
3-сынып
Әметтің әдеті
Егіздер
Бесік
Ат қою
Қыс
«Сымбатты» сиыр жайлы хикая
Мейірбан қыз
Әдемі көйлек
Бабалардан қалған сөз
Жарқанат
Сараңдық пен жинақтылық
Өлең жаттау
Бұғының мүйізі
Торғай мен көбелек
Жайлау
Лұқпан әкім
Данышпан көжек
Тұңғыш қазақ ғарышкері
Улы жәндіктерден сақтан
4-сынып
«Біріншідегідей» әжей
Бәтеңке
Қолды болған көк шыбық
Пісте
Білезік
Қирап қалған қиял
Астанадан келген сыйлық
Күшіктердің қулығы
Ойыннан тыс
Ақылды қоян
Балапан баққан Батыр
Қараңғы бөлменің құпиясы
Ат қою
Түлкі мен қасқыр
Сүйкімді көжек
Күн, Жер, Ай
Қараторғай
Бунақденелілер
Нан туралы аңыз
Достарыңызбен бөлісу: |