Фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдердің арақатынасы
Екі немесе одан да көп сөздің тіркесуі арқылы жасалатын, құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға келмейтін, бәрі тұтасып бір мағынаға ие болатын, бір сөйлем мүшесінің қызметін атқаратын тіркестер – тұрақты тіркестер – фразеологизм деп аталады. Мысалы, Екі иығына екі кісі мінгендей деген тұрақты сөз тіркесі денелі, тұлғалы, иықты деген бір ғана мағынаны білдірсе, Аяғы аяғына жұқпады тұрақты тіркесі шапшаң, тез жүрді деген ұғымда қолданылып тұр.
Бір-біріне антоним болатын тұрақты сөз тіркестер:Бетінен оты шықты (ұялды) – Беті бүлк етпеді (ұялмады).Ажары сынды (мұңайды) – Қуанышы қойнына сыймады (қуанды).Ит терісін басына қаптады; жерден алып, жерге салды – ұрысты, сөкті, балағаттады.Қолы қолына жұқпады (тез қимылдады) – Саусағының ұшын қимылдатпады (қозғалмады, еш нәрсе істемеді).
Бір-біріне синоним болатын тұрақты сөз тіркестер:Үріп ауызға салғандай; қыздың жиған жүгіндей – сұлу, әдемі, көрікті, келбетті, әсем, т.б.Ит өлген жер; ит арқасы қиянда – алыс, қашық, шалғай;
Мақал-мәтелдер де тұрақталған, қалыптасқан сөздер тобы болып саналады. Мақал-мәтелдердегі сөздердің де орнын басқа сөздермен алмастыруға келмейді. Бірге айтылғанымен, мақал мен мәтелдің бір-бірінен өзіндік ерекшелігі, айырмашылығы болады:
1. Мақалдың мазмұнында істің себебі мен салдары бірге айтылып, шарты мен нәтижесі қатар беріледі. Мысалы, (Егер) ісім өнсін десең, (онда) еңбек ет. Ал мәтелде істің салдары айтылып, себебі айтылмайды. Мысалы, Сабыр түбі – сары алтын.
2. Мақал құрылысы жағынан көбіне құрмалас сөйлем болып келеді. Мысалы, Еңбек етпесең, елге өкпелеме; егін екпесең, жерге өкпелеме. Ал мәтел құрылысы жағынан көбінесе жай сөйлемге құрылады. Мысалы, Көп түкірсе – көл. Басқа пәле тілден. т.б.
Мақал мен мәтелдің айырмашылығы
Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |