Ерекше атап өтетін бір жайт, итальян тарихшыларының гуманистерге деген көзқарастары әртүрлі болып келеді. Италияның өткен тарихына көз жүгіртетін болсақ, Ренессанс дәуірі бұл елдің өзара қақтығыстар мен соғыстарға толы кезеңімен сайма-сай келеді. Тарихи деректерге жүгінсек, дүние жүзіне атағы шыққан кейбір гуманистер Италияның бостандығын тұншықтырушы мейірімсіз билеушілерге қызмет еткен, тіпті шетел басқыншылығы кезінде патриоттық сезімін көрсете алмай дәрменсіздік танытқан. Бірақ бұл келеңсіз көріністерге қарап біржақты көзқарас тумауы керек, өйткені дүниежүзілік көлемде гуманистер жаңа қоғамдық күш болды. Олардың табиғи дарыны, ұшқыр ойлары текке кеткен жоқ, өйткені осы бір ұлы ойшыл даналардың арқасында ғана Қайта жаңғыру дәуірінің мәдениеті Жаңа заман мәдениетінің жаршысы, бастамасы болды.