Республика күніне арналған диктант Мақсат, міндеттері: Мемлекеттің құндылықтары мен қағидаттарын құрметтеу, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту.
Мемлекет құндылықтарын, рәміздерін құрметтеуге үйрету.
5-8 сыныптар Диктант Қыран елім - Қазақстаным Адам шыр етіп дүниеге келгенде, кіндік қаны тамған жерін – Отан дейді. Әрбір адам үшін ең асыл қазына - Отанын, туған елін сүю. Халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған» - деген екен.
1990 жылы қазан айының 25-і күні «Қазақстанның егемендігі туралы» декларация қабылданған сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл декларация ел тәуелсіздігінің іргетасы болды. Өзінің жеке территориясы мен діні, тілі, азаматтығы бар дербес елге айналды.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген болатын.
Республика күні – ұлттық мереке. Бұл күні елде мерекелік көңіл-күй орнап, халық шад-шадыман күйде жүреді. Қазақстан өзге елдермен терезесі теңесіп, шекарасы анықталып, өзіндік туы мен әнұраны бар жеке-дара ел болып әлем картасында орын алды. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
(161 сөз)
9-11 сыныптар Диктант Қыран елім - Қазақстаным Адам шыр етіп дүниеге келгенде, кіндік қаны тамған жерін – Отан дейді. Әрбір адам үшін ең асыл қазына - Отанын, туған елін сүю. 1990 жылы қазан айының 25-і күні «Қазақстанның егемендігі туралы» декларация қабылданған сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл декларация ел тәуелсіздігінің іргетасы болды. Өзінің жеке территориясы мен діні, тілі, азаматтығы бар дербес елге айналды.
Бейбітшілігіміздің, жақсылығымыздың, махаббатымыздың да ұясы – Қазақстан. Осынау құдіретті сөзді әрбір қазақ баласы асқақ сезіммен, керемет мақтанышпен сан рет айта алары хақ. Еліміздің туы тігілген үлкен үйіміз де, алтын әрі биік шаңырағымыз да – осында.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген болатын.
Қазақстан өзге елдермен терезесі теңесіп, шекарасы анықталып, өзіндік туы мен әнұраны бар жеке-дара ел болып әлем картасында орын алды. Мына алтын күн алаулаған зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті - қазақтың қыран көңілін, дарқан, бітімшіл бейбіт көңілін шырқау биікке алып шыққандай. Қазақ өмірінің ұлы белгісі - шаңырақтан тараған таң шапағындай уықтар аясындағы ай мүйізді, алтын қанатты ғажайып пырақтар халқымыздың болашаққа ұмтылған асқақ арманының бейнесіндей болып көрінеді. Қос пырақтың ортақ шаңырақты қанатымен қорғап тұрғаны да көп ой салады. Елтаңбадағы ұлы идея - Еркіндік идеясы. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
( 220 сөз)