Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет30/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   47
Екінші эссе


  • Елуге келіпті.

  • Кім?

  • Серік Қирабаев.

  • Қойсаңшы.

  • Сенбей тұрсың ба?

  • Ойбай-ау, біз қырқыңды алқымдадық. Оған қайдағы елу?

  • Рас, елу.

  • Ей, білгіш, осыдан жиырма бес жыл бұрын мектепте оқулығын оқыдық емес пе?

  • Иә, оқыдық. Қазіргілер де оқып жатыр.

  • Ол кезде өзі жиырманың ішіндегі қылшылдаған жас жігіт екен-ау, ә?


ІІ
Революциядан бұрын алғашқы үлгілері көріне бастап, кейінгі дәуірде қалыптасқан қазақ әдебиеттану ғылымы елуінші жылдар ортасында жаңа белеске көтерілген болатын. Партияның ХХ съезінен кейін ерекше қажырмен еңбек еткен қазақ әдебиетшілері аға буынның өкілдері – Мұхаметжан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин негізгі, күрделі еңбектерін осы тұста жазса, сол кездегі жастар Айқын Нұрқатов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Баламер Сахариев, Мүсілім Базарбаев, Әнуар Дербісалин, Мырзабек Дүйсенов, Евгения Лизунова ғылымдағы алғашқы қадамдарын бастаған. Серік Қирабаев та осы кезде өнімді, жемісті, дарында буын қатарында зерттеушілік сапарға жол тартты.

Елуінші жылдардың ортасында жарияланған “Ғабиден Мұстафин” атты ғұмырнамалық очерк жас автордың ғылымдағы тырнақ алды еңбегі бола тұра, шалағай талапкердің шикілі-пісілі дүниесі емес, байсалды, білімді, ойлы әдебиетшінің дәл ашып, бажайлап талдаған еңбегі еді. Прозамыздың даңқты шебері Ғабиден Мұстафин туралы күні бүгінге дейін жазылған көлемді еңбек – осы ғана. Шынын айтқанда кемеліне келген ғалым қайта бір қарап, тереңдетіп, ұлғайтса, маңызды монография болайын деп тұрған дүние.

Қазақ мәдениетінің тарихында өшпес ізі бар, педагог жазушы Спандияр Көбеевтің әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан толық зерттеп, тартымды кітап жазу арқылы Серік Қирабаев архив материалдарын қарауға, сирек фактілерді табуға ерінбейтін, жаңа қорытындылар жасауға мол мүмкіндігі бар қабілеттерін көрсетті.

Сөйтіп, атақты қаламгерлер туралы екі монографиялық очерк кітаптарын шығарып, ысылып, қалыптасып, әдеби-ғылыми қауымға жақсы танылған зерттеушінің жаңа, күрделі тақырыпқа қауырт бет бұрып толысып, шығармашылық жағынан шеберлене түскенін дәлелдейді. Қазақша екі рет, орысша екі рет (бірі – Алматыда, екіншісі - Москвада) қайта басылған “Сәкен Сейфуллин” атты елеулі монографиясы тұңғыш жарияланғанда, Серік Қирабаев отыз бес жаста екен. Сәкеннің кітаптарын, газет, журнал беттеріндегі дүниелерін, Сәкен туралы жазылған материалдарды, проблемаға қатысты теориялық мәні бар ғылыми еңбектерді түгел оқып, сын көзімен ой елегінен өткізіп алып, он екі тарауға бөліп жазған монография көптеген әдеби құбылыстарға баға береді. Бірқыдыру мәдени, тарихи мәселелерді қайтадан, ғылыми объективті тұрғыдан түсіндіреді. Ғалым Сәкеннің шыққан ортасын, әлеуметтік қызметін, қаламгерлік сапарын тиянақты көрсете отырып, екінші орайда жалпы әдеби процесті, қоғамдық, көркемдік ойдың дамуын, қазақ әдебиетінде реализм принциптерінің орнығуын, жанрлық формалардың өзгеру жүйесін зерттейді.

СССР халықтары әдебиетіндегі Владимир Маяковский, Егише Чаренц, Хамза Хаким-заде Ниязи тәріздес өршіл шығармаларымен қатар, өнегелі революциялық өмірі бар Сәкен Сейфуллин туралы Серік Қирабаевтың еңбегі қазір жарияланған, жақсы бағаланған Есмағамбет Ысмайыловтың, Тұрсынбек Кәкішевтің белгілі кітаптарымен қатар әдебиет тануымыздың жаңа, әрі болашағы мол саласы, революция және әдебиет деген ұғымдармен өзектес – Сәкентанудың берік негізін қалады деуге толық хақымыз бар.

Тұңғыш әдеби-сын мақалалар жинағында (“Өрлеу жолында”, 1960) сыншы Қирабаев стилінің, зерттеушілік бағытының негізгі ерекшеліктері көрінген. Сол тұста шыға бастаған басқа да қаламгерлердің осы тақылеттес еңбектерімен теориялық, әдістемелік деңгейлестігінің үстіне, автор екі проблемаға айрықша мән берді. Бірінші – жалпылық, жинақтаушылық сипаттағы мақалалар, екінші – суреткерлік портрет үлгісіндегі материалдар. Алғашқы топтағы “Совет әдебиеті дүние жүзіндегі ең озық, идеялы алдыңғы қатарлы әдебиет”, “Әдеби сынның партиялық принциптілігі үшін” деген еңбектер кейін бір жүйеге айналса, Ж.Саин, М.Иманжанов, Х.Ерғалиев, Ә.Нұршайықов туралы мақалалар екінші арнаны құрайды. Араға сегіз жыл салып шыққан “Октябрь және қазақ әдебиеті” атты екінші сын кітабында автор “Әдебиеттің есею жылдары”, “Соғыс және әдебиет”, “Қазақ поэзиясының елу жылдығы”, “Уақыт және қаламгер”, “Сыншы еңбегі” деген проблемалық зерттеулерімен қоса, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев туралы монографиялық этюдтерін енгізген.

Сыншының “Өнер өрісі” (1971) кітабында В.И.Ленин және әдебиет мәселелері, әдебиеттегі Ленин бейнесі, орыс-қазақ әдеби байланыстары зерттелді. Мектепте әдебиетті оқытудың методикалық проблемалары да жан-жақты қаралды.

Қазіргі уақытта қазақ сыншыларының аға, орта, жас буыны қажырлы еңбек етіп келеді. Академик-сыншы Мұхаметжан Қаратаевтың таңдамалы үш томдығының шығуы одақтық көлемде ауызға алынған құбылыстардың бірі болды. Әдебиетшілердің бүгінгі әдеби процеске, әдебиеттің теориялық мәселелеріне кең ауқымда бет бұруы – қазіргі тенденция. Сыншы С.Қирабаевтың соңғы еңбектері – осы алуандас бағыттың жақсы дәлелі.

Аты дәл табылып қойылған “Әдебиет және дәуір талабы” (1976) кітабына енген мақалалар, зерттеулер бұрын газет-журналдарда басылған, әдеби процеске азды-көпті ықпал еткен, өзекті мәні бар еңбектер. Әсіресе, бірінші бөлімдегі материалдар бүгінгі қазақ әдебиеттануының эстетикалық талғамын, философиялық салмағын, әділ принциптілігін толық дәлелдей алады. Қазір шығып жатқан туындыларды, әсіресе аты мәлім болып қалған қаламдастар шығармаларын биік талаптар тұрғысынан талдау үстінде, сыншы ілгерілеу кепілі – ізденіс екендігін нақты мысалдармен дәлелдейді.

Серік Қирабаев өзінің сын кітаптарында классиктер М.Шолохов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, атақты жазушылар Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, белгілі қаламгерлер С.Бегалин, И.Байзақов, Қ.Аманжолов, сирек сөз етілетін Б.Бұлқышев, М.Дәулетбаев, С.Дайырбеков, С.Шәріпов, Н.Ахметбековтердің қаламгерлік портретін жасаған.

Қазақ жазушыларының арғы-бергі уақыттардағы көптеген өкілі алған білімі, істеген қызметі жөнінен келгенде – педагог, Ыбырай Алтынсарин, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, С.Торайғыров өз алдына, С.Сейфуллин, М.Әуезов ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында қызмет етті. Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев бүкіл қажырлы өмірлерін ұстаздық жолға арнады.

Қазір де бірқыдыру жазушы педагогика жұмысында жүр. Соның бірі – Серік Қирабаев. Оның ұстаздық, педагогтық еңбегіндегі орта мектепке, жоғары оқу орнына оқулық жазу жұмыстарын бір мағыналы сала десек, институтта лекция оқу, ғылыми жұмыстарға басшылық етулері – екінші арна.

Ұзақ жылдардан бері тұрақты оқулыққа айналған, оныншы класқа арналған қазақ әдебиетінің авторларының бірі Серік Қирабаев мектеп үшін тағы жақсы іс тындырды. Марқұм академик Қ.Жұмалиев авторлығымен шығып жүрген, енді жаңа талаптар деңгейінде жаңғырту керектігі байқала бастаған тоғызыншы класқа арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығын, негізгі материалдарды орынды пайдаланып, толықтырып, белгілі ғалымның авторлығын сақтай отырып, қайта жазып шықты.

Шәкірт ұстаз еңбегін осылай жалғастырса керек.


ІІІ


  • Елуге келіпті.

  • Кім?

  • Серік Қирабаев.

  • Ол кім?

  • Филология ғылымының докторы, профессор, ҚазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, сыншы, СССР Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, СССР Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ ССР-інің ғылымға еңбегі сіңген қайраткері.

  • Тал түсте осынша жерге келсе, сапары ұзақ жігіт екен, әрдайым жолы болып, айы оңынан тусын!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет