(А.Харисов, “Башқұрт
халқының әдеби мұрасы”,
Уфа, 1965, 74-бет).
Бұқар жыраудың әйгілі толғауынан үзінді:
Асқар таудың өлгені –
Басын мұнар шалғаны;
Көктегі бұлттың өлгені –
Аса алмай таудан қалғаны;
Ай мен күннің өлгені –
Еңкейіп барып батқаны;
Айдын шалқар өлгені –
Мұз болып тастай қатқаны;
Қара жердің өлгені –
Қар астында жатқаны...
(“Ежелгі әдебиет нұсқалары”,
Алматы, 1967, 133-бет).
Екі шығармаға да негіз болған көне үлгі бар дейміз бе, яки бір әдебиеттен екінші әдебиетке көшкен сарын дейміз бе, әлде ұқсас жағдайлардан туған ұқсас жырлар дейміз бе? Осы байламдардың бәрінің де жаны бар.
Көршілестіктен, тұрмыс, салттың ұқсастығынан, рухани жақындықтан болар, татар прогресшіл өнерінің түркі тілдес әдебиеттерге жасаған бірталай ықпалы бар еді.
Орыс тіліне жетік Абай, Ыбырайлар Европа айдынынан еркін сусындап, алысқа жүзды. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сынды жазушылардың шығармашылық кезеңнің алғашқы сапарында татар әдебиетінің ықпалында болып, оның жақсы үлгілерінен сабақ алғандығын зерттеушілер дәлелдеп көрсетіп жүр.
Тонның ішкі бауындай жақын халықтар әдебиетіндегі телқозыдай ыстық, қымбат, бойы биік көрінетін әсем дүние – Ғалымжан Ибраһимов туындылары.
Ғалымжан Ибраһимов 1887 жылы қазіргі Башқұртстандағы, Сұлтан-Мұрат деген жердегі татар шаруасының шаңырағында дүниеге келген.
Ол 1898-1905 жылдары Орынбор, кейін Уфа медреселерінде оқиды. Мәнсіз, миқата схоластика жаны сергек, көңілі ояу, көкірегі ашық Ғалымжанды түңілдіріп, ол өз бетімен төбеге шығып, оң мен солын қармана бастайды, төңірекке көз тастайды.
Мұсылмандық жоғары оқу орны болып табылатын “Ғалия” медресесінен кеткен Ибраһимов тұрмысының ауырлығына қарамастан, толарсақтан саз кешкен қиындыққа шыдап, ғылым, білім іздейді. Осы кезде жазылған “Зәки шәкірттің медреседен қуылуы” деген тырнақалды әңгімесінде дін туындыларына қарсылық айтады.
Бірінші орыс революциясы Ибраһимовтың жазушылық тағдырына қоғамдық-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына ерекше әсер етті. “Жастар өмірінің суреттері” (1909) әңгімесінде реакция кезіндегі татар интеллигенттерінің басындағы ой толқындары, ізденіс-қиналыстары көрсетіледі.
Ғалымжан Ибраһимов Октябрь революциясына дейін шығармашылық үлкен даму эволюциясын кешірді. Өзін қоршаған ортаны місе тұтпайтын ұрт мінезді, өрт қимылды жандар – оның сүйікті қаһармандары.
“Теңізде”, “Махаббат – бақыт” тәрізді романтикалық әуендегі әңгімелерден кейін, Ғалымжан татар әдебиетіндегі алғашқы психологиялық роман “Дос жүректерді” (1912) жазды.
Қуғын-сүргін, империалистік соғыс жылдарында көптеген суреткер күрестен шеттеп, жеміс бермес жат ағымдарға түсіп кеткенде, Ғалымжан өзінің демократтық бағытын берік ұстап қалған. “Қарт жалшы” (1912), “Бақташы мал” (1913) секілді шығармаларында өмірді реалистікпен бейнелеп, маңдай тер, табан ақысына сенген жандардың ауыр, азапты тірлігін суреттейді. Әр түрлі тақырыпқа мақала арнады. Қазанда шыққан “Аң” журналының 1916 жылғы бесінші санында: “Түркологтардың көпшілігі қазақтарды көне түркілердің шын сақталған жері деп біледі. Бұл күнгі қазақ халқы өзінің күн көрісі, өмір қалпымен басқа жұрттардан ерекше. Бұл халықтың рухында зор қуат-күш бар. Олардың халық әдебиеті ешбір түрік үлгілеріне ұқсамайтын орасан бай. Бізге қазақтарды татар тілі мен татар әдебиеті астына қарату қиялын былай тастап, қайта өз қазынамызды байыту үшін қазақ халқының әдебиетінен көп-көп үйренуіміз керек”, - деп жазды.
Октябрь революциясы күндерінде Ибраһимов әр түрлі саяси жұмыстар атқарады: Советтердің Одақтық ІІІ съезінің делегаты болды, ВЦИК-тің құрамына енді.
1920 жылы Ғалымжан “Біздің күндер” трилогиясының алғашқы кітабын жариялады. Шығармада бірінші орыс революциясы тұсындағы ұлттық интеллигенцияның тағдыры бейнеленген. Жазушының арман, идеал жолына өмірін бағыштаған, революция ардагерлерін көрсететін “Жаңа адамдар” пьесасы – татар драматургиясының кезеңдік шығармаларының бірі. Октябрь революциясына дейін қабырғалы суреткер, ойшыл ретінде қалыптасқан Ғ.Ибраһимов Совет өкіметі орнаған соң әр бағытта білек сыбанып, бел талдырып еңбек етіп, көп іс тындырды.
Коллективтендіру кезіндегі әлеуметтік-психологиялық қақтығыс татар әдебиетінде алғаш “Терең тамырлар” (1928) романында суреттелген. Бұл шығарма көп тілдерге аударылды.
Татар өмірінде Ибраһимов қалам тартпаған тақырып кем де кем. Әйел басындағы ауыр халді, шариғатты айыптап жазған. Соның ішінде “Татар қызының тағдыры” романының жөні бөлек.
Ибраһимов өнерге қатал талап қойған суреткер, оның қайта жазбаған, бірнеше рет өңдемеген шығармасы жоқтың қасы. Уақыт өтіп, мол тәжірибеге ие болған Ғалымжан “Татар қызының тағдыры” романына 1929 жылы қайта оралды.
Бұл шығармамен сарындас “Қазақ қызы” романы 1909-1911 жылдары жазылса да, түрлі себептермен талай уақыт басылмай, 1928 жылы бір-ақ жарық көрді.
Ғалымжанның филолог, тарихшы, ғалым ретінде мәдениет тарихында алатын орнын “Татар тілінің морфологиясы”, “Татар тілінің синтаксисі”, “Әдебиет теориясы”, “Татар арасындағы революциялық қозғалыс”, “Татарлар 1905 жылғы революцияда” дейтін еңбектері айқындап берсе керек.
СССР Көркемөнер Ғылымдар академиясының академигі, Еңбек Ері, В.И.Лениннің шығармаларын татар тіліне аударуға ат салысқан публицист, үлкен сөз зергері Ғалымжан Ибраһимов 1938 жылы репрессияға ұшырап, опат болды.
“Қазақ қызы” романында ХІХ ғасырдың басындағы қазақ елінің өмірі көрсетілген. Бұл бір белеңді қиракерзік, қилы заман: Қазақстан Ресей империясына бүтіндей қосылып, оның колониясына айналған, осыдан келіп кешегі ел заңы, ата салты дейтіндердің көбесі сөгіліп, қиюы қашты, құрығы ұзын чиновниктер отар елге өзгеше тәртіп орнатты.
Енді әкімдер сайланып қойылатын болған. Кімнің қолына мансап тисе, соның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, аузында май. Иықтас байларға көз аларту, сормаңдай кедейлерді бұрынғыдан бетер жаншудың құралы бір-ақ нәрсе: ол – билік екендігіне ақ сүйек атаулының көзі жеткен. Сондықтан билік үшін күрес олардың бар мақсат-нысанасына айналды, бұл жолда құрбан болмайтын ештеңе де жоқ: мал да, қазына-байлық та, ақша да, керек десеңіз, қыздарын да беруге бар. Ру-руға бөлінген феодалдық елдегі бұрынғы күрес күрес пе, отаршылар оған май құйып, қырық пышақ арпалыстың жалынын аспанға лаулатқан. Қызуы бет шарпитын бұл жұлқыласудан шет қалатын ру табылмас, күрес додасына бәрі тартылған.
Әлеуметтік санасы әлі балаң, тартыс тәсіліне шалағай кедей-кепшік, жарлы-жақыбай да мықтының алдау, арбауымен осы күреске қосылады, өз мұңы, өз тілегі емес, жаттың жоғын жоқтап, сойылын соқпақ. Қараңғыдан жол таба алмай басын тауға, тасқа ұрған есіл халық. Қолына бүкіл байлықты жиып, дүйім жұртты бір шыбықпен айдаушы үркердей аз топ. Ұлан-асыр атойдың, үлкен дүрбелеңнің алғашқы дүмпуіндей боп, анда-санда халықтың сұсты ажарын танытып, қанды қанжар көтеріледі.
Ибраһимов романы қазақ өмірінің осы дәуіріне арналған. Автор көтерген мәселе, оның көркемдік шешімі қандай? Роман эпикалық сарында басталып, Қарлығаш пен Қалтайдың атастырылу хикаясын баяндайды. Бұл құдалықтың ар жағында не жатқанын салған жерден сезіп қоясың. Найман, Төртқара руларынан шыққан Қарайғыр, Сарман тобы сүйек шатыстырып, қыз берісіп, құда болмақ.
Нөсер жауын алдында шоғырлана бастаған алғашқы қою бұлттар елестегендей. Сар төсек ауру, өлім алдында жатқан найман Байтөре өзін “Шыңғыс әулетіненбіз” дейтін, жетпіс жеті атасынан бері қарай дәулет арылмаған шынжыр балақ, шұбар төстің нағыз өзі. Бойында қайрат, қолында билік барда талайға қамшы сілтеген, батырған тізені. Көз жұмар алдында, соңғы сәтте қанды ауыз қасқыр соңғы байлам, ақырғы билігін айтып қалмақ. Дұшпан рудың күші өсіп, бел алып бара жатқанын көріп те, мойындап та отыр, бұрын оларды бақайына отырғызбаса, енді мәмлеге келуге дайын. Бұған бел байлаған Байтөре ғана, басқалар танауынан арғыны көрмейтін соқыр тауық, аруақ шақырып, кеуде қаққан бәзбаяғы бойлауық қалыпта. Тіпті қалай тазыға шалдырмаған қырдың алпыс алты айлалы түлкісі Әзімбай да, ә дегенде, Байтөренің бітімге келмек ойынан шоршып түскен.
Бұлардың қас-дұшпаны – Сарман руының бетке ұстар белдісі Сәрсенбай. Келе-келе түйесі, отар-отар қойы, үйір-үйір жылқысы бар мыңғырған бай, төрт құбыласы тең. Әттең дегізіп жүрген бір-ақ өкініші – қолы болыстыққа жетпей-ақ қойды.
Сірә, бұланқұйрық арман қолға түспес, өйткені Сәрсенбайдың Байтөреге қарағанда қапысы, олқылығы көп. Әсіресе, билік тұтқасын ұстаған чиновниктермен қолтықтасып, ауыз жаласып кете қоймаған, ет жеп еліріп, қымыз ішіп қызарған кеңбалақ байлардан айырмашылығы шамалы. Бірақ аузы күйген үріп ішеді, алдағы сайлауға Сәрсенбай бес қаруын дайындап, тас-түйін отыр.
Ел ішінде шашбау көтеріп, сойыл соғар топтың қарасын көбейтіп, ертерек талайлардың аузын алған, сондықтан дәл осы жолы болыстықтан дәмесі зор. Сәрсенбайға бұл сәт бас жарып, қол сындырған итжығыс күрестен кейін келді. Қарайғырлармен бел құда болғанда да жақтастар қатарын көбейтуді ойлаған. Қызы Қарлығаш ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу, бойжетіп сылқылдап отыр, құтты орнына қондыратын мезгіл де жеткен. Асыл ару еріксіз тұрмысқа шыққанша, өлгенді артық санайды. Татар романисі қазақ қыздарының өжет, асқақ тұлғасын Қарлығаш бейнесі арқылы сомдап жасаған. Арыстанбай болса өмірдің ыстық-суығына күйіп-піскен, жер аударылып барып, тескен таудан асып қайтқан жігіт. Махаббат жолында қабырғасы сөгілсе де, тайғанақтамайтын қайсар азамат.
Шығармадағы үлкен қақтығыс – билік үшін болып жатқан күреске тағы бір тартыс қосылады. Ол – бірін-бірі құлай ұнатып, айырылмастай боп сүйген жастар – Қарлығаш пен Арыстанбайдың махаббаты және оған қарсы тұрған қараңғылық пен етек алған ескілік моралы.
Ибраһимов шеберлікпен екіұдай тартысты қатар өрбітеді. Шынтуайттап келгенде, Қарлығаш пен Арыстанбай тағдырына мансап, билік таласын қырсығын тигізеді. Азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, надандық шырмауын үзу - сахарада белең алған осындай прогресті құбылыстарды, Арыстанбай мен Қарлығаштың салт, әдет дегендерге бойсұнбай, сүйген жүректерінің әмірімен азуы алты қарыс мықтылардан сескеніп, бұқпантайламай, ұрт қимыл жасап, шідер үзіп кетуін жазушы сенімді бейнелеген. Қатерлі өткел, көпірсіз өзенді кешкен жастар махаббаты әуезді тіл, көтеріңкі серпінмен романтикалық әуенде суреттеліп, толқынды сыр шертіледі.
Романдағы көңіл тоқтатар бір бейне – Бірімжан. Жасы сексеннен асып кеткен. Көзі кемтар болса да, көңілі ояу, ақылды, сөйлер сөзі орамды, уытты. Байтөре тұқымына: “Сарыарқаны саттың. Халық шөл дала, қу медиенге босып кетті” деп көптің көкірегінде жүрген сөзді, ызаны жеткізеді. Бірімжан - өмірден алынған, қайшылықты образ. Ол Сәрсенбайларды жақтап, Қарайғыр, Сармандарды татуластырғанда ру ақсақалы, жастардың құрық сүйретіп, өз бетімен кетуіне қарсы, қалың мал жолын құптайды. Ибраһимов ел сорған, пара жеген чиновниктерді шенеп, нәубетін, ырыздығын еңбекпен тапқаш шаруаларды жаны аши суреттеп, қазақтармен олардың қарым-қатынасын сенімді түрде, реалистік арнада бейнелейді. Бірімжанның бұл орайдағы көзқарасы, эволюциясы нанымды берілген. Әуелде орыс атаулыға оқ атып, қылыш суырған Бірімжан кейін, шаруалардың да кедейлер секілді қорғансыз, панасыз, жалаң аяқ екеніне көзі жетіп, оларды жақтап шығады.
Болыс сайлауы алдындағы дүрбелең, күш жинаған рулар, махаббат үшін күреске түскен жастар – романның сюжеті осы арналарда өрістеп, өрбиді. Байтөре дүние салған. Арыстанбай қалың малы беріліп қойған Қарлығаш сұлуды алып қашқан. Шиеленіс кемеліне келді.
Қарайғырлар мен Танабұға өзара шайнасса, Найман, Төртқаралар тағы бел алып кетпек. Бұл жолы ру арасындағы күрес толқыны Арыстанбай мен Қарлығашты үміт жағасына шығарып тастайды.
Мерейі өсіп, мәртебесі көтеріліп, Сәрсенбай болыс сайланды, төбесі көкке екі-ақ елі тимей тұрғандай еді. Ибраһимов қазақ өмірінің әлеуметтік шындығына тереңдей түседі. Сапты аяққа ас құйып, басынан қарауыл қараған патша чиновниктері өздеріне ауыз жаласып, ішек-қарны араласып кетпеген Сәрсенбайды көп ұзамай мансап тұғырынан ұшырып жібереді. Жер аударады. Жұлқынбай сияқты жалшыларға бостан-босқа тағы пәле жабылып, қуғындалады. Жанын шығарып, қанын сорған патша саясаты дегеніңіз осы. Қарлығаш пен Арыстанбай махаббаты не болды? Оларға дес бермейтін тегеурінді күш бұларды екі айырған. Роман аяқталды.
Ибраһимов – татар, ендеше, оның қазақтар өмірін көрсетуде қандай ерекшеліктері бар деген сұраудың жауабын іздеу керек. Кітапты шүу деп оқығанда-ақ оны басқа ұлттың өкілі жазғаны байқалады. Романист “әдеттері осы”, “қазақ айтқандай”, “салт бойынша” деген түсінік сөздерді қосып отырады. Немесе қазақ атаулыға бесенеден белгілі жайларды, тіпті ұсақ детальдарды тәптіштеп баяндайды. Осылардың өзінен қыр өмірімен татарларды таныстыру мақсаты көзделгені жақсы аңғарылады.
Қазақтардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, жүріс-тұрысы, киім киісі реалистік дәлдікпен бейнеленген. Той, ас беру, ат үйрету, көш, үй тігу, киіз басу, тамақ ішу көріністері әсерлі де нанымды. Және бұлардың баршасы экзотикаға соқпай, шын қалыпта, сахара сырын ашатын, әлеуметтік күрестерді айқындайтын жағдайлар, бейнелер арқылы суреттеледі.
Ибраһимов – дала табиғатын жүрегімен сезініп, тебірене толғаған суреткер, ол пейзажды кейіпкерлерінің қабылдауы арқылы, көңіл күйіне байланыстыра, сюжетке қабыстыра алады. Бұл картиналар – шығармадан өшіруге болмайтын, жанды дүниелер. Ибраһимов романының айтылмыш сипаттары осы дәуірді көрсететін революциядан бұрынғы қазақтың өз жазушыларының туындыларымен салыстырғанда өте анық көрінеді.
Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамал”, Спандияр Көбеевтің “Қалың мал”, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлуы” секілді туындыларда әйел теңдігі мәселесі бірінші орынға қойылып, қалың мал айыпталып, әділетсіз заманға лағынет айтылады. Кезең талабы қазақ жазушыларының алдына жаңағыдай көкейкесті мәселені тартты. Содан шығар, олар тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа ат-үсті ғана тоқталады, тіпті сараң суреттейді.
Ал Ғалымжан Ибраһимов басқа ұлттың өкілі болғандықтан, көшпелі елдің өзгешеліктеріне кең тоқталып, әдейі тәптіштей жазады. Әрине, татар, қазақ халықтары жақын, бауыр дегенімізбен, олардың психологиясында өзгешеліктер мол. Сол даралықты Ибраһимов кейіпкерлердің мінезі, іс-әрекеті, сөздік сипаттамасы арқылы жақсы аша білген.
Портрет Ибраһимов үшін жеке-дара мақсат емес, ол психологиялық мінездеудің құрамына еніп кетеді. Қазақы оралымдардың, мақал-мәтелдердің, шешендік сөздердің романда жиі қолданылуы ұлттық колоритті айқындай түсу үшін көп ықпал жасаған.
Задында, кейін “Татар қызының тағдыры”, “Терең тамырлар” романдарында жарқырап көрінген Ибраһимовтың шеберлігі, стиль сұлулығы осы шығармадан басталған. “Қазақ қызы” романының, асылында, шиыршық атқан сюжеті жоқ болса да, композициясы жіптіктей. Ғалымжан қосалқы кейіпкерлердің тебіреніс сәттерін жақсы пайдаланады. Дуана кемпір Меңдінің, Байтөре тоқалының бейнелері бұл айтқанымызға жақсы айғақ. Романдағы көпшілік көріністерінің бояуы есте қаларлықтай анық. Рас, халық өкілдерінің жан дүниесін тереңірек ашып, рухани эволюцияға, таптық сана-сезімнің ояну процесіне жете көңіл аударылғанда, шығарманың әлеуметтік тынысы кеңи түсетіні сөзсіз еді.
“Қазақ қызы” романы Ғалымжан Ибарһимовтың берік идеялық позициясын, өмір құбылыстарын жіті көріп, екшеп бейнелейтін сырбаз шеберлігін, халық өмірін, тұрмыс-салтын жақсы білетіндігін көрсетеді. Бұл шығарма – түркі тілдес әдебиеттердегі жанр шарттарына жауап берген, европалық деңгейден шыққан ең алғашқы романдардың бірі.
Өздері өмір сүріп отырған ортаны танып білуде, құбылыстардың терең мәнін түсініп, адамдардың әлеуметтік психологиясын көрсету үшін бейнелі тіл, дара стильді меңгеруде қазақ жазушыларына Ибраһимов шығармалары жемісті ықпал жасады. Бейімбет Майлин “Төңкерістен бұрынғы татар жазушыларының көрнектісі Ғалымжан болып келді. Сөзге шеберлігі, ұтқырлығы, кітабының шын тұрмыс айнасы болғандығы оқушыларды маңына үйірілтумен келді”, - деп жазды. Ғабит Мүсірепов өзіне әсер еткендер “Орыс жазушылары мен Ғалымжан Ибраһим ұлы шығар деп ойлаймын”, - деп жазды.
Ғалымжан Ибраһимов қазақ мәдениетінің төрінен сыйлы орын алуға лайық суреткер деген тұжырымның ақиқатына шәк жоқ.
ІІ
Қазақ әдебиетінде қоғамдық қызметі мен әдеби шығармашылығы қатар алатын жазушылардың бірі – Сабыр Шарипов. Мазмұнды өмір кешкен революционер көптеген әңгіме, очерк, әр түрлі тақырыптарға арналған мақалалар, мұнай өндірісі туралы ғылыми-зерттеу, повестер жазып, артына бағалы мұра қалдырып кетті. Оның туындылары сан алуан өмір көріністерін елестетіп, қазақ халқының тұрмысын, салтын, ғұрыптарын баяндайды. Сабырдың:
“Құлындарым, бір сәт мына суретті көз алдарыңа әкеліңдерші: Варзай деревнясы, аш-жалаңаш, шаңырақ астында дүниеге келген сорлы сәби ата-анадан бірдей айрылып, тақыр жетім қалған, қу тағдырдың текпісінде қалған. Сорды арылтпаған, бірінен-бірі қатыгез сұм жылдар өтіп жатыр. Сәби – бозбала, бәрібір жоқшылық, бозбала – жігіт, бәрібір сүргін, ержетті – бәрі-бір азап. Тірлік талғажауын табу үшін арпалысқан жылдар. Революция күндері жетті! Ол күрескерлер қатарында. Міне, губисполком председателі. Пұшайман, бейбақ, сорлы жетімек губисполком председателі болғанша қаншама азапты, тозақы жылдарды бастан кешірді, десеңізші”, - деп балаларына арнап жазған сөздерінде көп сырдың ұшығы жатыр. (Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының архивы, фонд 841, ед.хр. 2033, л. 28-29).
Шарипов шығармашылығын сөз еткенде бір жайды естен шығармау жөн. Оның шыққан ұлты – татар. Сабыр жоқшылық айдап, он бес жасында қазақ еліне келген. Содан өмірі осы ортада өтеді. Көрген-білгенді, ақындық кеудесіне әсер еткен күйлерді сыртқа шығарудың құралы ол үшін қазақ тілі болған. Шарипов шығармаларын татарша, орысша да жазғанмен, қазақ әдебиетінің тарихында қалды.
Сабыр Шариповтың тырнақалдысы – “Алтыбасар” туралы кезінде Сәкен Сейфуллин:
“Алтыбасар” – қазақ тұрмысынан алынып жазылған әңгімелердің ішіндегі шебер жазылған кітап. Қазақ тұрмысынан, қазақ крестьян тіршілігінен нұсқа, үлгі. Мысал болатын кітап, тілі таза, түсінікті. Сөз қалаулары әдемі. Суреттері айқын, толық. Бояулары ашық. Жазушының қазақ тұрмысын жақсы білетіндігі айқын көрінеді” – деп жазып қаламгердің тұңғыш қадамы сәтті басталғанына қуанып, оқырманға таныстырып еді.
Бұдан кейінгі шығармаларында Сабыр қазақ елін, оның экономикалық-әлеуметтік тіршілігін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын жан-жақты бейнелеуге ұмтылған. Революциялық қозғалыс, ұлт-азаттық көтерілісі, азамат соғысы туралы бірнеше әңгіме жазады. “Бекболат” повесі солардың жиынтық қорытындысындай.
Тұтастай алғанда, Шариповтың барлық шығармасын тақырыбы жағынан екі топқа бөліп қараған дұрыс, бірі – қазақ тұрмысы, екіншісі – шетел тұрмысы.
Қазақ әдебиеті қашан да томаға-тұйық күйде қалып қойған жоқ. Оның қамтитын мәселесі, көтеретін тақырыптары әр уақта кеңдігімен көзге түскен. Интернационалдық рух – эпосымыздан бастап бүгінгі әдебиетіміздің ұзына бойына тартылып жатқан тамаша желілердің бірі. Шетел тақырыбына бағыштап шығарма жазу дәстүрін сөз еткенде, Абайды, оның ұлдары Мағауия, Ақылбайларды еске аламыз. Философиялық ойлар айтылатын “Ескендір”, “Масғұт” поэмалары шығыстық дәстүрде, назиралық арнада келеді. Бұл шығармаларда басқа ұлт өкілінің сезім-мінез, психологиясынан гөрі, қазақ топырағына лайықтап айтылған жайттар басым.
Мағауия, Ақылбай туындылары – назира, белгілі тақырып-сарындарды қайта жырлау емес, шын мағынасында басқа халықтардың өмірінен елес беретін дүниелер.
Өткен ғасырдағы әдебиетіміздің интернационалдық дәстүрі кейінгі заманда жаңа бір қуатпен көрінді. Басқа халықтар өміріндегі әр түрлі белеңді жәйттарға ақын-жазушыларымыздың әр кез үн қатып отырғанын, шығармаларда жиі кездесетін өзге ұлт өкілінің бейнелерін былай қойғанда, шетел тақырыбына арналып жазылған роман, повесть, өлең, поэма, очерк, әңгімелердің өзі бір төбе.
Қазақ әдебиетіндегі сондай ерекше мәнді шығарманың бірі – “Рузи Иран” 1935 жылы “Әдебиет майданы” журналында жарияланып, кейінірек біраз өңделіп, өзгертіліп кітап болып басылған.
Зерттеушілер бірде мұны әңгімелер, бірде очерктер жинағы дейді. Асылы, бұл очерктер жинағы деп аталғаны жөн секілді, өйткені, очерк жанрына тән зерттеу – этнографиялық мәліметтер мұнда көп және әңгімеден гөрі очеркке лайық публицистикалық сарын кітаптың өн бойын алып жатыр.
Сабыр Шариповтың өзі “Ләйлә” хикаятын “Рузи Иранның” жалғасы деп көрсеткен.
Екі шығармада да бейнеленетін парсы тұрмысы болғанымен, тарихи мезгіл жағынан көп айырма бар, біріндегі кейіпкерлер екіншісінде жоқ. Бұл екеуі екі бөлек мақсаты бар жеке-жеке туындылар. Жақсы шығармаға жанр талғамайтындығына ешкім дау айтпаса керек. “Рузи Иранды” очерктер жинағы деп атаудан безіну ретсіз. Г.Успенксийдің очерктері туралы И.Тургеневтің сөзін еске алайық: “Бұл поэзия емес, мүмкін поэзиядан артық шығар-ау”.
Сабыр Шарипов Иранда совет мұнай өкілдігінде қызмет істеп, “Шах-наманы” жазған Фирдоуси елінде, үлкен өнер, көне мәдениет елінде, батыс жазушылары көрсететін “сүйкімді бай, сұлу әйел, қоңыраулы керуен, шарап” өлкесінде болып, басқа жайларды аңғарған. Әлеуметтік құлашы кең қоғам қайраткері, таптар жігін анық барлайтын жазушы Сабыр Шарипов отызыншы жылдардағы Иран өмірін нанымды бейнелейді.
“Рузи Иранда” Шарипов көрген-білген, қорытқанын Балбек деген кейіпкер арқылы суреттейді.
Барлық очерктегі көптеген этнографиялық мәліметтерді, Иран елінің тарихына, салт-санасына байланысты жайттарды ескере отырып, тақырыптық жағынан “Рузи Иранды” екіге бөлуге болады: бірі – Совет өлкесінен шетелге қашқан ақ эмигранттар өмірі, екіншісі – Иранның жергілікті халқының тіршілігі.
“Рузи Иран” жүріп өткен жолдағы ой-қиял ұстап қалған нәрселерді ғана тізіп көрсететін дүние емес, бұл – біраз уақыт елдің тұрмысымен жете танысып барып, ойланып-толғанудан кейін туған еңбек.
Жазушы этнография, экзотикадан гөрі кейіпкер тұлғасына мән берген. Үш-төрт бөлім демесек, қалғанында адамдар мінезі, тағдыры бар. Тағы бір ескеретін жай әр бейне жеке очеркке арқау болғанмен, лейтмотив, негізгі сарын үзілмейді. Иран халқының өмірі мен босқындар тұрмысы тығыз байланысты, бірінің көрген күні екіншісінікі екенін іштей сезіп отырасың.
Шетелге қашып барғандар өмірі әр түрлі бояумен берілген.
Заманында патша гимназиясын алтын медальмен бітірген, қызылдарға қарсы оқ атқан, қазір Парижде швейцар боп істейтін генерал Некрасовтың қызы Татьяна Иран жерінде осал соғар емес. Ол жезөкшелер делдалы, мерез іс арқылы тамағы тоқ, үлде мен бүлдеге оранған. Сатылып кеткен опасыз Безруков те осындаймен тамақ асырайды. Инженер Айрапетян шыт-шырпы сатып, Тегеран көшесінде зыр жүгіріп жүр. Қызық оқиғаларды, жанды суреттерді таңдап алып, жазушы көлеңкелі өмірдің астарларын ашып көрсеткен.
Бір жағынан Шариповтың әшкерелей, айыптай, екінші жағынан іш тарта бейнелейтіні кеше азамат, бүгін отансыз, алыста қаңғырып қалған, алданғандар тағдыры. Олар Ираннан жер ұйық, шаттық, рақат табамыз деп келіп, аяусыз қанды шеңгел қыспағына түскен, мал-мүліктен, жиған-тергеннен айырылған. Осы қайырсыз қадамды суреттеу арқылы жазушы көп ащы сырлар шертеді.
Тұрмыстың зіл-батпан салмағы еңсесін басып, есінен тандырған Марсованың түрі мынау: “Енді аштан өліп бара жатқан соң, емшектегі баламды аман алып қалайын деп, әрі күйеуімді аяп... әр байдың әйелі боп тамақ асырап жүрміз. Сізден несін жасырайын, ертең өліп қалатын маған ұяттың керегі қанша?.. Түн болса қонақтардың көңілін табу... Әрқайсысының мінездері әр түрлі, бәрінің де бабын табу керек. Сырттары жылттырап тұрған байлардың біреуі сасық, біреуі пасық, біреуі мас, ұнатпаймын деуге болмайды, амал жоқ, соның бәріне де көз жұмып, көне беремін”.
Сорлы әйелдің шыны осы. Бұл сөздерде тапталған өмір, көздің жасы, жүректің қаны, ауыр шер жатыр. Қайыршылық, жәбір-жапа жанышқан, қайырсыз, азапты жолға түскен отансыз Марсов өлімі күллі босқындар күйреуін елестеткендей. Оның аузынан сұм тірлікке лағынет айтылған. Шығарманың өн бойында өткір пафос бар. Өмірдегі етене жағдайларды сұрыптап алу кейіпкерлердің әлеуметтік болмысын сенімді суреттеуге мүмкіндік тудырған.
Әрине, шығарманың қадір-қасиетін жалғыз сюжет төңірегінен іздеу - әбестік, бірақ сюжет, Горький айтқандай, адам характерінің тарихын құрайтынын, бейне динамикасын көрсетуге мұрсат беретінін ұмытпау шарт. Көркемдіктің бұл талабын Сабыр Шарипов ескеріп отырған.
Жоқшылық пен қорлық астында жүрген Иран жұмысышының бірі – Хәбип. Чемодан жасап сататын дүкенде жалданып іс қылады. Күндіз-түні танауынан шаншылғанда тапқаны талғажауға әрең жетеді. Өмірі қарызбен шырмалған Хәбип: “Егер бұл тұрмыстағы адам жалғыз мен болсам әлдеқашан отқа түсіп, не суға батып, өзімді өлтірген болар едім, мен секілді нашар халдегі адам жүздің тоқсан тоғызы, қайта аз да болса, өнер білеміз, иә енді түк өнер білмей, жұмыс таба алмай, қайыр сұрап, тамақ асырап жүргендер неше мың? Соларды көріп, бәріне қанағат қылып жүре береміз!.. Жарық дүниеде адамның бір күн болса да тұрғысы келеді”, - дейді.
Хабиптердің философиясы. Өздерінің бақытсыз, қараңғы өмірін, теңсіздігін көріп-біле тұра, әлі бас көтеру – азаттық күрес идеясынан аулақ.
Ертең-ақ Нью-Йорк пен Лондонға, Париж бен Берлинге жіберілетін әйгілі парсы кілемдерінің қалай тоқылатынын, кімдер тоқитынын білгіңіз келе ме? Сол атақты кілем, әсем кілемде шиеттей балалардың көз жасы, өмірінің бөлшегі бар, азапты жұмыс бейшаралардың денсаулығын бұзып, болашағын үзіп алып қалып жатыр.
“Мастерлердің үлкендері он екі-он үш шамасында болса, қалғандары одан көп кіші. Бес-алты жастағы балалар да бар. Бәрінің үстіне киген киімдері жалғыз жейде мен дамбал, жалаң бас, жалаң аяқ, әйтеуір көпшіліктің лебімен үй ысыған. Балалар тоңатын емес. Жер еден, таңтопырақ терезелері кішкене, үйдің іші қараңғы, әрі сасық, әрі шаң балаларды мүлде жүдеткен, түрлері бірдей сұп-сұр, көрден шыққан не болмаса құрт ауруынан өлейін деп жатқан адамдар секілді құр сүлдері тұр. Бәрі бірдей жүдеу болғанмен, бірінен-бірін айырып алуға болады: мына бір баланың көзі қып-қызыл, іріңдеп, кірпіктері жабысқан, ана біреуінің бет-аузы қотыр, біреуі шикі таз, біреуінің құлағынан бұлақ аққан, біреуінің қол аяқтары қылдай жіңішке, біреуінің мойны қисық... Түрлері өкпелеп жылап жатқан балалар секілді”.
Осындай сорлының бірі – он төрт жасар Әли. Бес жасында оған жоқшылық азап қамытын кигізген, ауру әке-шешесі, қарындасы енді соның қолына қарайды. Үш жыл үйренуші болып, ақыры кілемді өзі тоқып шығаратын дәрежеге жеткен. Қолы жетік, өзі іскер Әлиді енді бір байдан екінші бай сатып алып жүреді. Сұм тірлік оны кілем тоқитын машинаға айналдырып жіберген. Әли тағдыры арқылы қуаныш, бақыт дегеннің не екенін білмейтін, өксік пен зарға толы аянышты жас тірлік көрсетілген. Иран өмірінің сұрқай, қараңғы жақтарын ашатын Кәшәпи бейнесі.
Петербург, Париж, Лондонда оқып білім алған Кәшәпи өз елі туралы былай дейді: “Ғылымның қадірін жұрт білмейді. Біздің Иран мемлекетінде оның қадірін білетін адам шамалы болады. Мұнда мал қадірлі, ақша қадірлі, ақшасы болса, ақылы шала, тілі сақау болса да, оны мұндағы жұрт қадірлей береді. Күллі министрлердің арасында менің оқуымдай оқуы бар адам жалғыз ақ кісі”. Сөйткен Кәшәпи талайдың қанын сорып жатқан көкжалдың нақ өзі.
Саудагерлік жолына түскен Кәшәпи білімсіз озбырлардан асып түскен.
Ежелден ертегі мен аңыздың ұясы болған Иранды көптеген жазушылар жарқыратып, бояп көрсетіп, жалаңаш фактілерге бой ұрған. Осындай шығармалармен салыстырғанда, Шарипов туындысының қадір-қасиеті арта түспек. Немістің атақты жазушысы Б.Келлерманның “Парсының керуен жолдарымен” деген шығармасын алайық. Күнделік ретінде жазылған кітаптағы көрген естіген жайттар, этнографиялық, тарихи мәліметтер, тартымды портрет, қызық пейзаж, сұлу стиль оқушы көкейіне оп-оңай қона кетеді. Автордың иран халқының тағдыры туралы жан ашыр ойлары бар. Дегенмен, Келлерман кітабы Иран елінің әлеуметтік өмірін бейнелейтін шығарма емес.
Шарипов тілінің бейнелілігі стильдік бедері авторлық баяндаудан да, кейіпкерлерінің портреттік, сөздік сипаттамаларынан да, көпшілік сценасын беруден де аңғарылып тұрады.
“Қайсы көйлекшең, қайсы жалаңаш, денелері күйе-күйе, көздері үңірейген, желке сүйектері көтерем малдыкі секілді терілеріне жабысқан, шалбарлары жұлым-жұлым” қолөнершілер, “мсье, мен апарайын, а, мсье, тамақ аш, бала көп, қызметіңді берсеңші, құдай ризалығы үшін, қиналмаңыз, мен апарайын” деп зар қағып жүрген жүк тасушылар, “көшесіне адам сыймаған, дүкеннің алдында ылғи бақыр шәйнек, құман, біреуінде аяқ-табағы, ыдыс, біреуінде қазан-ошақ, біреуінде пышақ-балта, күрек, шалғы-орақ секілді нәрселер бар, енді біреуінде ылғи ғана жібек, масаты, барқыттың асылдарын сатып отырған” Тегеран – Иран көріністері әр түрлі бояумен суреттелген.
Сабыр адам портретін ішкі-сыртқы қалпымен, ортамен байланыста алады. “Үстіне кигенін көйлек десе де болады, қалай болса солай мың жамаулы шүберекті іле салған десе де болады. Көк матадан тіккен шалбарының жыртығы жоқ, бірақ жиырылып тізесінен аз-ақ төмен түсіп тұр, өзі жалаң аяқ, басында пәхләуи қалпақ. Сақал-мұртын қырған, шашына недәуір ақ кірген, өзі өте жүдеу, бірақ көзінің оты әлі сөнбеген”. Хәбип кескінінің қалған штрихтарын оқушы қиялы толтырады.
“Рузи Ирандағы” оқиғалар кейіпкердің көбіне өз атынан баяндалып, сөздік сипаттамалар арқылы олардың бейнесі ашылған. Мұндай әдіс бір очеркте қолайлы болғанмен, ылғи қайталану композицияны әлсіреткен, диалогтың дені Балбек пен кейіпкерлер арасындағы сұрақ-жауап боп келу де оқушыны жалықтырады.
Парсы елінің өмірінен жазған Шариповтың екінші шығармасы – “Ләйлә”. Хикаятта 1896-1905 жылдар арасындағы иран халқының өмірі бейнеленген. Бұл дәуірде капитализмнің империализмге айналуы әлемдік аренада жаңа жағдайлар туғызды. Шығыстың Қытай, Түркия, Иран секілді елдері алпауыт державалардың талапайына түсіп, қыспақта қалды. Саяси жағынан ерікті болып көрінгенмен, бұлар экономикалық жағынан тәуелденіп, жартылай колонияға айналған. Өз мүддесі, қара бастың қамы үшін жергілікті феодалдар басқыншылармен ауыз жаласып, қалың бұқара екі жақты қанаудың астына түсті. Осының салдарынан Шығыста империализмге қарсы көтерілістер күшейді.
ХХ ғасырдың басы, Азияның оянуы, азаттық-бостандық үшін күрестің басталуы еді. Елу жыл ішінде Иранда өкіметке қарсы көптеген толқу болды, ақыры сол ұшқындар 1905-1911 жылдардың буржуазиялық-демократиялық революциясына алып келген еді.
Империализм тепкісінде қайыршыланған иран халқының азапты тұрмысын, азаттық үшін күресін Шарипов повесіне арқау еткен. Шығармадағы оқиғалар тар көлемде алынбай, сол дәуірдегі халықаралық жағдайлармен, әсіресе Ресейдегі революциялық қозғалыстармен байланыста берілген.
Жазушы тарихи шындықтан алшақ кетпейді. Кейіпкерлер әлеуметтік-саяси ортаға біртіндеп тартылып, психологиялық қақтығыс үстінде ашылады. Өз дамуы, өз заңы бар таптық шайқас кейіпкерлердің тағдырына әсер етеді. Хикаятта көрсетілген оқиғалар дәуір тынысын дұрыс танытады.
Шығармада үлкен жүк арқалаған кейіпкердің бірі – Ғабдолла. Кедей жігіт. Жолдастары Наурыз, Шұғбандармен селбесіп бірге тұрады. Үш жігіттің арасында ұлтарақтай жер бар, оның өзі тауда. Ғабдолла қаршадайынан жоқшылық дәмін татып өссе де, тауқыметке мойымайды, өнерлі жас. Бала оқытады. Тар заманда, ескілік қылышынан қан тамған Иран сияқты қараңғы елде өзіне тең жар іздейді, табады. Ол – Ләйлә. Жастығының гүліндей боп көрінген махаббаты бар енді, өзін бақытты санайды. Ғабдолла – қолы ашық, көңілі сергек жігіт. Ертең, бүгін үйленем деп жүргенінде өтіріктен-өтірік пәле жабылып, Ғабдолла абақтыға қамалады.
Оның өмірінің жаңа беті сол түрмеден басталған. Бұрынғы кішкене ортадағы, махаббат аясындағы жігітті әлеуметтік күрес құшағына алады. Ұстаған бағыты әбден айқын болмаса да, азаттық үшін бел буған Мұхаммед Риза соңына ереді. Зұлымдық оғы Ғабдолланың кеудесін тесіп өткендей, ол Ләйләсінен – махаббатынан айрылса да, тағдыр соққысына жаншылып қалмайды. Иран халқының ауыр өмірін, табиғат суреттерін, әр түрлі оқиғаларды автор Ғабдолланың сезіну-түйсінуі арқылы берген. Ғабдолла басындағы сыр халықтың сыры болып әсер етеді.
Кейіпкерін әр түрлі әлеуметтік ортадан өткізе отырып, жазушы оның шындық ауылын іздеуін заңды түрде суреттеуді мақсат еткен. Автор ойында Ғабдолла әлеуметтік құлашы кең қайраткер, сондықтан оның Ресейге кетуі – іштей өсіп, марқаюынан туған қадам.
1904 жыл қарсаңында Баку жұмысшыларының қатарында парсылар болғаны мәлім. Закавказье мен Иран арасындағы ежелгі байланыс ХХ ғасырдың басында бұрынғыдан күшейе түскен. Жұмысшылар арасында саяси іс жүргізу үшін М.Азизбеков, А.Джапаридзелер құрған социал-демократиялық “Гуммет” ұйымына қатысқан көптеген ирандықтар большевиктердің тікелей көмегімен, революциялық іске тартылды. Осындай тарихи шындықты жазушы Ғабдолла бейнесі арқылы көрсетпек болған.
Қоғамдағы прогресс дәрежесі әйелдер жағдайынан көрінеді дейтін пікірді еске алсақ, күні кешеге дейін парсы әйелінің бетіне перде жамылып жүруі масқара сұмдық еді.
Хикаят кейіпкері – Ләйлә сол орта сырын ашатын жан. Ол жоқшылықта өмірі өткен қара сирақ кедей қызы. Кәрі әкесі мен шешесі тамақ асырау үшін әркімнің есігінде тепкі көрген. Өзі де сол азапты татып өсті. Ғабдоллаға Ләйләнің пәк, таза жүрегі шыншыл махаббатпен берілген. Тірлік қанша ауыр болғанмен, әлі қайғы қажытпаған, алыс-жұлыстан тысқары. Көкейінде жалғыз-ақ арманы бар – Ғабдолламен көңіл қосу.
Қиял соңында жүрген жас қыз өмірінің аз уақыт ішінде астан-кестеңі шыққан. Хасан губернатор ұзын құрығын салып, Ләйләні зорлықпен Тегеранға жөнелтеді. Еліктей таза жан енді қорқаулар қоршауында. Губернатор ниеті – Ләйләні тоқал ету.
Торға түскен сұлу өлсе де, арын таза ұстап өлмек. Маңына жан жуытпайды. Біртіндеп дүниенің шын мәнін сезе бастайды. “Мейлің осы жерде басымды кесіп ал! Зорлық біткеннің бәрін істе, әйтеуір мен саған қатын болмаймын”, - дейді.
Басына күн туған қыз жүнжіп, жеңілмейді, абақтыдай болған қоршау-тордан ақыры қашады-ау. Құтылып, Ғабдолласына енді жеткен шақта тағы алданады, ойда жоқта пәлеге кездеседі – жезөкшелер ордасы. “Жалғыз сенің басындағы жұмыс емес, бұл жерге келіп жиналған қыздардың бәрі де өзіндей біреудің қадірлі баласы. Біреуі де өз ықтиярымен қалап келіп отырған жоқ. Қарындары ашқан соң келіп отыр. Алғашқыда бәрі де сендей тулаған; ақыр аяғында барар жері болмаған соң, осыған көнген” деген сөзді естіген Ләйләнің адамдық қасиеттері сынға түсіп, өмірі қатерге іліккен.
Автор кейде орынсыз бояуларға, жалған патетикаға ұрынады. “Кегімді алмай қоймаймын залымдардан. Мен әзер құтылып отырмын, мен секілді неше мың әйелдер тап осы сағатта, осы минутта менің басымнан кешкен қорлықта жүр. Менің де, олардың да болашағы қараңғы! Күресем!” Ләйлә кітаптан-кітап қоймай оқиды. Жер үстіндегі елдің, олардың патшаларының тарихын бір оқып шықса, жатқа айтып беретін болды, бәрінің аттарын, істеген істерін жатқа біледі”, - деп келетін жерлердің көркемдікке де, шындыққа да қатысы шамалы.
Күндеме жұмыспен тамағын асырайтын Наурызды саяси іске оятқан туысы Шұғбанның ажалы. Ашынған Наурыз арқылы Ирандағы қозғалыстың діни формасы тереңірек ашылады.
Парсы елінің әлеуметтік өмірін тануда Хасан губернатор, Кәбири, Ыдырыс бейнелерінің мәні мол. Хасанның ата-бабасынан бері қарай қолынан билік кетпеген. Әкесі кешегі бабидтер көтерілісін жанышқан, Курдстан халқын қырғынға ұшыратқан. Ал баласы мезгілінде салық бермегені үшін қала халқын сусыз қатырады. Хасан нысаптан жұрдай: бес-алты әйелі, қырық-елу жариясы бар осының үстіне Ләйләға қол салмақ.
Хикаяттағы жуандар өкілі әуелде кесек әрекеттерімен суреттелсе, кейін Ғабдоллалар әлеумет ісіне бел шеше араласқан шақта көрінбей қалады. ХХ ғасырда жартылай колонияға айналған Иранды жазып отырып, жазушының бірде-бір отаршы бейнесін кіргізбеуі өкінішті.
Көлемі шағын хикаятта әр салалы өмір көріністерін қамтитын бірнеше оқиға қатар өрбиді.
Шығармада публицистикалық элемент мол, тіпті кейде осы сарынның дендеп кетуінен көркемдікке нұқсан келгенін көреміз.
Табиғатқа жан бітіре суреттеу:
“Кетіп бара жатқандарды ұзатуға, келе жатқандарды қарсы алуға жиналған құмырсқадай қыбырлаған ұшы-қиыры жоқ жыласқан, ой бауырымдаған, жер бауырлап өкіріп жылап жатқан қатын-бала, кемпір-шал не сан! Жер үстіндегі шөптер, ағаштар, құстар, тау-тастар бәрі жылаған секілді, күңіреніп тұрған бір ғаламат”.
Селт еткізердей қызық теңеу: “Теңіздің үстінде жүз шамалы қайық, жусаған жылқыша әр жерде бытырап жүр”, “Күн жылы, тынық, теңіздің үсті шайқалмаған қаймақтай”, “Аспанда ине шаншар бұлт жоқ”.
Шарипов шығармасында парсы халқының жаңа ойлы, жаңа сипаты перзенттерінің ұнамды бейнесін жасау талабы бар. ХХ ғасырдың басын бейнелейтін парсының әйгілі жазушысы Каземирдің “Қауіпті Тегеран” романы да бұл жөнінде ақсап жатыр. Каземир кейіпкерлері әлеуметтік қозғалыстың мәнін түсінбейді, олар әлеуметтік майдан палуандары емес, жеке бастың, сезім-мұңның жоқшысы. Кедей жігіт Фаррохтың сановниктің қызы Махинға махаббаты, осы жолдағы әр түрлі кедергілер шығармаға арқау болған. Күрес бәрібір нәтижесіз деген идеядағы Махин қаза табады. Ал Фаррохтың ендігі мақсаты – ұлын тәрбиелеу.
Бүгінгі парсы жазушылары әлеуметтік мәнді тақырыптарға қалам тарта бастады. Олар қайшылықтың негізі – надандықта, барлық бақытсыздық – мәдениетсіздікте деп ұғады. Көп шығармаларда әйелдер қорлық, жапа көруші ретінде алынған. С.Хедаяттың “Тірі жесір” әңгімесі, Б.Алявидің “Оның көзі” романы, А.Омидтің “Көкжиектің сызығы” повесіндегі кейіпкерлер осындай жандар. Ал “Рузи Иран”, “Ләйлә” жазылған жылдарда парсы жазушылары Иредж-мырзаның:
Құдай-ау, күн туар ма ұйқы қашпақ,
Әйелдің перде жапқан жүзін ашпақ? –
деп келетін өлеңіндегі сарыннан аса алмаған.
Сабыр Шарипов отызыншы жылдардың өзінде-ақ парсы өмірін реалистікпен бейнелеуге ден қойып, халықтың азаттық, бостандық үшін күрескен ұл-қыздарын жыр етті.
ІІІ
Үлкен талант – мейлі қайраткер, мейлі суреткер, мейлі санаткер болсын – бір ұлттың шаңырағында туса да, тек сол елдің шеңберінде қалмаса керек. Өйткені, тіл дін, сенім әр түрлі болғанымен сезім, әсемдікке құштарлық, арман адам баласына ортақ.
Орыс әдебиетінің алтын ғасыры жаһан өнеріне орасан зор ықпал жасаған қалың шоғыр жазушыларды берді. Ал қазақ-орыс әдебиеттерінің тарихи байланысы сонау қыпшақ заманында басталған терең тамырлы, әзірге білімпаздарымыз ХІХ ғасырдан бергі қарым-қатынастарды ғана талғажау етіп жүр. Сөз көбіне тәржіме төңірегінде.
Данышпан Абай саф таза, мінсіз сұлу қазақша сөйлеткен Пушкин, Лермонтов, Крылов сахарадан көп достарын тапқан болатын. Бұл бастама көрбілтеленіп қалмай, жаңа әдебиеттің жемісті ізденістер арнасының біріне айналып, қазақ топырағында реалистік аударма мектебі қалыптасты. “Капитан қызы” 1903 жылы, “Қажымұрат” 1923 жылы батырлар жырымен қатар жатты. ХХ ғасыр басында Г.Мопассан, Д.Лондон қазақша сөйледі.
Шөл далада өскен жалғыз бәйтерек емес-тін Абай, оның өзі баулып өсірген шәкірттері, өнерінен қуат алып, қанаттанған ізбасарлары өнімді дәстүрді ілгері апарып, Тұрағұл М.Горькийдің “Челкаш” әңгімесін Семейде шығатын “Таң” журналында бастырса, Шәкәрім “Дубровскийді” өлеңмен еркін жыр еткен.
Революция алдындағы қазақ әдебиеті мен әсем стиль сұлу өрнек иесі Иван Сергеевич Тургенев шығармашылығы арасында қандай байланыс бар деген сұрауға жауап боларлық фактілер сирек. Рас, семинария, гимназия, университеттерде оқып, орыс тілін жетік игерген ат төбеліндей қазақ жастары ұлы суреткер туындыларынан нәр алып өскені хақ.
Өмірлік материалды пайдалану, сюжетке сүйек боларлық оқиғаларды сұрыптап таңдай білу кездейсоқ нәрсе емес, талант қуатына, дүниетаным шеңберіне сабақтас процесс екендігі белгілі. Абай Құнанбаев пен Иван Тургеневтің өзара байланыссыз бір сюжетке шығарма жазулары екі алыптың іштей туыстығын аңғартса керек. Біз “Масғұт” поэмасы мен “Шығыс аңызы” әңгімесін айтып отырмыз. Екі туынды арқауы да “Мың бір түндегі” Хасен шебер басындағы оқиғадан алынғаны анық. Тургенев қысқа ғана әңгіме жазса, Абай поэма шығарған.
Қазақ әдебиеті өрлеу, өсу процесін басынан өткеріп, сан бағдарлы ізденістерге түсті. Соның бірі – шеберліктің үлкен жолы – классиканы аудару. Шекспирдің “Гамлет”, “Отелло”, “Асауға тұсауы”, “Сервантестің “Дон-Кихоты”, Рабленің романы тәржіма етілді.
1934 жылы “Әдебиет майданы” журналында “Әкелер мен балалар” романының кейбір тараулары басылды, “Льгов”, “Бирюк”, “Бежин шабындығы”, “Хор мен Калиныч” сияқты әңгімелер қазақшаланды.
Аз уақыт ішінде Тургеневтің негізгі шығармалары, “Рудин” (1952), “Әкелер мен балалар” (1953), “Дворян ұясы” (1954), “Түтін” (1966) секілді романдары, повестері қазақ тілінде сөйледі. Әрине, бұлардың бәрі де ұлы суреткер туындыларының түпнұсқадағы күш-қуатын сақтаған, төрт аяғынан тік тұрған көркем өреде дей алмаймыз. Кейбір шығармаларды қайта аудару шарт. Сөзге ұста тәржімашы Ісләм Жарылғапов аудармасын қарап көрейік.
Достарыңызбен бөлісу: |