Құрметті Тілеуғазы Рымбекұлы! Келіп жатқан 80 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Сіздің ұлтымыздың мәдениетіне жасаған сан жылдық қалтқысыз қызметіңіз, сүбелі үлесіңіз аласармайтын асқардың, таусылмайтын дарияның өзіндей десек артық айтқанымыз емес.
Сонау Алатаудың баурайындағы ұлт өнерінің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік өнер институтында Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Еркеғали Рахмадиев сияқты алыптардан алған біліміңіз сізді қазақ халқының мәдениеті үшін қызмет етуге тәрбиеледі. Ұлтым деген өзіңіздей ұлдар әрдайым заманның сынына, қиыншылықтың тезіне шыдайды.
Еселі еңбек пен ұшқыр білімді ұштастыра отырып қаламыңыздан шығарған «Қыңыр лақ», «Евтерпаның құпиясы», «Күрсінбе, жүрек, дүрсілде» жыр жинақтарыңыз, «Шамғон Қажығалиев» атты монографияңыз, «Өнер саңлақтары», «Арқадағы ән кештері» зерттеулеріңіз сіздің жазушылық қырыңызды паш етті. Ал, «Өлкеміздің әуендері» фольклорлық жинағыңыз, «Махаббатым - Астана» атты опера либреттоңыз, симфониялық оркестрге арналған «Балдәурен» циклыңыз отандық музыка әлемінен орнын алған қымбат қазынаға айналды. Бұдан басқа да сіз тудырған ғажайып туындылар жетерлік.
Құрметті Тілеуғазы Рымбекұлы!
Аймағымыздың мәдениет саласы үшін сіздің есіміңіз аса үлкен құрметке ие. Ұрпаққа үлгі боларлық өзіңіздей азаматпен әрқашан да мақтанамыз. Әрдайым ортамызда аман-есен жүре беріңіз. Өзіңізге зор денсаулық, жанұяңызға амандық тілеймін. Мерейтойыңыз құтты болсын!