С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Банк операциялары туралы көрінеу жалған



бет13/29
Дата31.12.2019
өлшемі1,81 Mb.
#55020
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29

Банк операциялары туралы көрінеу жалған

мәліметтер беру (219-бап)
Банк қызметкерлерінің заңды немесе жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер беруі, сондай-ақ осы банктің іс жүзіндегі қаржы жағдайымен көрінеу қамтамасыз етілмеген кепілдемелер, кепілдіктер және өзге де міндеттемелер беруі, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе немесе келтіруі мүмкін болса Қылмыстық кодекстің 219-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды. Қылмыстың объектісі-банк операцияларын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан мынадай белгілермен сипатталады: 1) белсенді әрекет арқылы; 2) заңда көрсетілген зардапты келтіру;

3) әрекет пен келтірілген зардаптың арасындағы себепті байланыс.

Әрекет: 1) заңды немесе жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер беруі;

2) банктің іс жүзіндегі қаржы жағдайымен көрінеу қамтамасыз етілмеген кепілдемелер, кепілдіктер және өзге де міндеттемелер беруі;

3)осы әрекеттердің азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтіруі немесе келтіру мүмкіндігін тудыруы арқылы жүзеге асырылады.

Қылмыс құрамы материалдық-формальдық. Ол заңда көрсетілген іс-әрекеттерді істеу арқылы зиян келтірілсе немесе зиян келтірілу мүмкіндігі болса аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі арнаулы-банк операцияларын жүргізуге құқылы банк қызметкері.


Банктың ақша қаражатын заңсыз пайдалану (220-бап)
Банк қызметкерлерінің банктің өз қаражатын және банктің тартылған қаражатын көпе-көрінеу қайтымсыз несие беру немесе банкке көпе-көрінеу пайдасыз мәмілелер жасау үшін пайдалануы, сондай-ақ банк клиенттеріне не басқа адамдарға негізсіз банк кепілін немесе негізсіз жеңілдік шарттарын беруі, егер осы әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе ҚК 220-бабы бойынша жауаптылық туындайды. Қылмыстың объектісі, субъективтік белгісі және субъектісі ҚК 219-бабындағы қылмыс құрамымен ұқсас. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс құрамының белгілері төмендегідей: 1) банк қаражатын немесе банкке тартылған қаражатты көпе-көрінеу қайтарымсыз несие беру немесе банкке көпе-көрінеу пайдасыз мәмілелер жасау үшін пайдалану. Банк туралы заңдарға байланысты несие белгілі бір уақытқа қайтарылатын және банкке пайда түсіретін жағдайда берілуі қажет. Заң талаптарын сақтамау қылмыстық құқық нормасына қайшы болып табылады. 2)Банк клиенттеріне не басқадай адамдарға негізсіз банк кепілін немесе негізсіз жеңілдік шарттарын беру. Клиенттерге не басқадай адамдарға оны негізсіз беру заңға қайшы әрекет болып табылады. Қылмыс материалдық құрамға жатады.
Азаматтың салық төлеуден жалтаруы (221-бап)
Азаматтың декларация табыс етуі міндетті болып табылатын жағдайларда табыстары туралы декларацияны табыс етпеуі арқылы не декларацияға немесе салықтарда немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді есептеу немесе төлеуге байланысты өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы не салық салынуға тиісті мүлік туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу арқылы салық немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы, егер бұл әрекет ірі мөлшерде салық немесе міндетті төлемдерді төлемеуге әкеп соқса Қылмыстық кодекстің 221-бабының 1-тармағы бойынша жауаптылық туындайды. Қылмыстың тікелей объектісі-мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру және мемлекеттік салық салу саласын реттейтін қоғамдық қатынастар. 2001 жылы 12 маусымда қабылдаған, 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген қылмыстың заты-табыс туралы декларация.

Табыс туралы декларацияда азаматтың жыл бойы тапқан барлық табыстары көрсетіледі. Осы құжат арқылы азаматқа салынатын табыс салығының көлемі анықталады. Азаматтардың қандай ретте декларация тапсыруға міндетті болатыны заңда арнайы көрсетілген. Бұл қылмыстық жауаптылықтың негізгі шарты болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан әрекет немесе әрекетсіздік нысанда жүзеге асырылады. Әрекетсіздік-салық төлеуден жалтару арқылы көрініс табады. Бұл салық органдарына заң бойынша міндетті болып табылатын, белгіленген мерзімге табыстары туралы декларацияны бермеу салық салынуға тиісті мүлік туралы көрінеу бұрмаланған деректер енгізу арқылы салық не мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де төлемдерді төлеуден жалтару, не декларацияға немесе салықтарды, мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді есептеу мен төлеуге байланысты бұрмалау арқылы жасалады. Қылмыстық жазаланатын әрекет кінәлы адамның көрінеу жалған декларациялар жасап, оған шындыққа жатпайтын деректерді табыс көзі туралы деректерді көрсетпеу; табыс көлемін аз көрсету; шығыс туралы көбірек көрсету мемлекеттік салық органына табыс етуі арқылы іске асырылады. Қылмыс құрамы материалдық және қылмыстық жауапқа тартудың шарты-азаматтың ірі мөлшердегі салық төлеуден жалтаруы болып табылады. Қылмыстың субъективтік жағы-тікелей қасақаналық. Қылмыстың субъектісі-арнаулы: табыс туралы декларацияны салық органдарына тапсыруға міндетті салық төлеуші адам. Бұлар ҚР азаматтары, шет елдіктер немесе азаматтығы жоқтар болуы мүмкін.


Ұйымдарға салынатын салықты

төлеуден жалтару (222-бап)
Декларация табыс ету міндетті болып табылатын жағдайларда жиынтық жылдық табыс туралы декларацияны табыс етпеу не декларацияға немесе салықты немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді есептемеу немесе төлеуге байланысты өзге де құжаттарға кірістер мен шығыстар арқылы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу арқылы, не салық салынатын басқа да объектілерді немесе өзге де міндетті төлемдерді немесе ұйымның нақты тұрған жерін жасыру арқылы ұйымдарға салынатын салықтар-ды немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді төлеу ден жалтару, егер бұл әрекет салық немесе өзге де міндетті төлемдерді ірі мөлшерде төлемеуге әкеп соқса Қылмыстық кодекстің 292-бабының 1-тармағы бойынша жауаптылық туындайды. Қылмыстың заты-табыс туралы деклара-ция, бухгалтерлік құжат немесе салық салынатын басқа объектілер. Қылмыс объективтік жағынан әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады.

Әрекетсіздік-декларация беру міндетті жағдайында жылдық табыс туралы декларацияны бермеу, сөйтіп салынатын салықты төлеуден жалтару арқылы көрініс табады. Әрекет-декларацияға немесе бухгалтерлік құжаттарға бұрмаланған деректерді енгізу арқылы, не салық салынатын басқа объектілер-ді жасыру жолымен ұйымдарға салынатын салықтарды немесе өзге де төлем-дерді төлеуден жалтару арқылы іске асырылады. Қылмыс құрылысы жағынан материалдық құрамға жатады. Қылмыс салық немесе өзге де төлемдерді ірі мөлшерде төлемеген жағдайда аяқталған деп танылады. Осыған орай» салықты төлеуден жалтару іс-әрекеттері мен одан туындаған зардаптың арасын бай-ланыстыратын себепті байланыста бар. Субъективтік жағынан қылмыс-тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыс субъектісі арнаулы-ұйым жетекшісі немесе басқадай басқару қызметін атқаратын адам.
Тұтынушыларды алдау (223-бап)
Меншік нысанына қарамастан тауарлар сататын немесе халыққа қызмет көрсететін дүкендерде немесе басқа кәсіпорындарда не сауда саласында кәсіпкерлер ретінде тіркелген азаматтардың кем өлшеу, кем тарту, кем санауы, тауардың тұтынушылық қасиеттері немесе сапасына қатысты шатастыруы немесе тұтынушыларды өзгедей алдауы, егер бұл іс-әрекеттер елеулі мөлшерде жасалған болса-тұтынушыларды алдау деп бағаланып, кінәлы адам жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі тұтынушылардың мүддесі мен құқығын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қосымша тікелей объект-тұтынушы-лардың материалдық мүддесі. Қылмыстың заты-тауар немесе қызмет. Қылмыстың объективтік жағы тұтынушыларды алдауға байланысты іс әрекеттерді істеумен сипатталады.Алдау тәсілдері сан алуан және олар заңда көрсетілген. Бұлар кем өлшеу, кем тарту, кем санау, тауардың тұтынушылық қасиеттері немесе сапасына қатысты шатастыру немесе тұтынушыларды өзгедей алдау. Қылмыстың жасалу орны-меншік нысанына қарамастан тауарлар сататын немесе халыққа қызмет көрсететін дүкендер немесе басқа кәсіпорындар немесе сауда саласында кәсіпкерлік қызметті атқару орындары. Кем өлшеу, кем тартуда тұтынушы толық ақы төлеп тауарды аз көлемде алады. Мұндай алдау тұтынушыға тауарды тікелей өлшеп беру процесінде немесе тауарды қосалқы жайдан босату кезінде жүзеге асырылады. Кем санау дегеніміз-тұтынушыға берілетін тауардың немесе көрсетілетін қызметтің толық бағасын ала отырып, оны шатастырып, тағы да ақы алу немесе есеп айырысуда тұтынушының өзіне қайтарылуға тиісті ақша қаражатын кем беру болып табылады. Сатушы, дайындаушы немесе орындаушы тұтынушыға тауар жөніндегі бағдарламаға, келісім-шартқа, стандарттық талаптарға сай келетін сапалы тауар сатуға немесе қызмет көрсетуге міндетті. Егер сапасы талапқа сай келмейтін тауарлар сатылса не қызмет көрсетілсе, ол жөнінде тұтынушыға хабарланбаса, онда мұндай әрекеттер тұтынушыларды шатастыру деп танылады. Тұтынушыларды өзгедей алдау деп оларға төменгі сортты тауарды жоғарғы сортты тауар бағасымен сату, тауар немесе қызмет көрсетудің шын бағасын көтеріңкі қою, қаймақтың орнына сүт сату; сарымайдың орнына басқа соған ұқсас затты сату т.б. жатады.Қылмыс құрамы жағынан материалдық.

Субъективтік жағынан тұтынушыларды алдау тек тікелей қасақаналықпен істеледі және пайдакүнемдік мақсат басшылыққа алына отырылып жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі тауарлар сататын немесе халыққа қызмет көрсететін дүниелердің, кәсіпорындардың қызметкерлері немесе сауда саласы-нда кәсіпкерлер ретінде тіркелген адамдар, сондай-ақ осындай кәсіпкерлерде шарт бойынша жалданып істейтін-сатушылар, жүргізуші-экспедиторлар. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс адам.


Заңсыз сыйақы алу (224-бап)
Лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттік ұйым қызметшісінің, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымның басқару қызметтерін атқармайтын қызметкерінің өз міндеттері шеңберіндегі жұмысты орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетулерді заңсыз алуы, егер бұл әрекеттер қорқытып алумен байланысты болмаса, заңсыз сыйақы деп танылып, кінәлы адам Қылмыстық кодекстің 224-бабымен жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі-жұмысты орындау немесе қызмет көрсету сапасын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан әрекет арқылы-меншік нысанына қарамастан лауазым адамы болып табылмайтын қызметкердің өз міндеттері шеңберіндегі жұмысты орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетуді заңсыз алу арқылы жүзеге асырылады. Заңсыз алу дегеніміз-жұмыс немесе қызмет көрсетудің белгіленген бағасынан тыс ақы алуы немесе материалдық зат алуы я болмаса клиенттің есебінен басқа жеңілдіктерді көруі т.б. жатады. Мысалы, шаштараздың қызмет көрсету ақысын асыра алуы, тоназытқыш жөндегіштің жөндеу ақысына қоса материалдық зат талап етуі, оқу орнында сырттай оқитын сағат жөндегіштің қызмет көрсеткені үшін ұстазынан жөндеу ақысын ала отырып, емтихан бағасын сұрамай-ақ қойдырып алуы т.б. әрекеттер.Қылмыс құрамы материалдық. Жәбірленушіге материалдық залал келтіріле отырып заңсыз сыйақы алған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Заңсыз сыйақы алу қорқытып алумен байланыссыз болуы керек.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен, пайдакүнемдік ниетпен жасалады. Қылмыстың субъектісі-жасы 16-ға толған, есі дұрыс лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттік ұйым қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымның басқару қызметтерін атқармайтын қызметкерлері.


Табиғат пайдалану жөніндегі заңсыз мәмілелерді тіркеу (225-бап)
Табиғат пайдалану жөніндегі көрінеу заңсыз мәмілелерді тіркеу, табиғат ресурстарын мемлекеттік есепке алу мен мемлекеттік жер кадастраларының деректерін бұрмалау, сондай-ақ табиғат ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын қорғап, молықтырғаны үшін төлемді қасақана төмендету, егер бұл әрекеттерді лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүддесі үшін жасаса Қылмыстық кодекстің 225-бабымен жауапқа тартылады. Қылмыстың объектісі-табиғат пайдалану жөніндегі заңда белгіленген мәмілелерді реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан: а) табиғат пайдалану жөніндегі көрінеу заңсыз мәмілелерді тіркеу; б)табиғат ресурстарын мемлекеттік есепке алу және мемлекеттік жер кадастраларының деректерін бұрмалау; в) табиғат ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын қорғап, молықтырғаны үшін төлемді қасақана төмендету әрекеттерін істеу арқылы жүзеге асырылады. Заңсыз мәмілелер деп азаматтық құқық нормасында көрсетілген талапқа сай емес, заңға көрінеу қарама қайшы мәмілелерді айтамыз. Табиғат ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын қорғап, молықтырғаны үшін төлемді қасақана төмен-детуге-осы мәселелерге арналған арнаулы нормативтік және басқадай ережелер мен нұсқауларда көрсетілген төлем ставкаларын әдейі төмендетіп, кінәлының жағдайын жақсарту әрекеттері жатады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделік сипатта істеледі. Кінәлы адам табиғат пайдалану жөніндегі заңсыз мәмілелерді тіркеудің қоғамға қауіпті екенін сезеді, бірақ пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделік жағдайы оны жүзеге асыра отырып, заңсыз әрекеттерге тіккелей жол береді. Қылмыстың субъектісі-арнаулы лауазымды адам.
Мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету 226-бап)
Күш қолданамын деп, бөтеннің мүлкін жоямын немесе бүлдіремін деп, сондай-ақ жәбірленуші мен оның жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне едәуір зиян тигізуі мүмкін мәліметтерді таратамын деп қорқыту арқылы мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу, қорқытып алу белгілері болмаса, мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету деп танылып жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі мәміле жасаудың немесе мәміле жасаудан бас тартудың заңда белгіленген тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-әр түрлі мәмілелер. Объективтік жағынан қылмыс мынадай әрекеттерді жасау арқылы жүзеге асырылады.

  1. күш қолданамын деп, бөтеннің мүлкін жоямын немесе бүлдіремін деп;

  2. жәбірленуші мен оның жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне едәуір зиян тигізуі мүмкін мәліметтерді таратамын деп қорқыту арқылы мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу.

Кінәлы адам жәбірленушінің мүдделерін елеулі зиян тигізуі мүмкін жағдайда мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр еткен ретте ғана қылмыстық жауапқа тартылады. Елеулі зиян тигізу мүмкіндігі болмаса іс-әрекет қылмыс болып табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі жасы 16-ға толған, есі дұрыс кез келген адам.

Компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату (227-бап)
Компьютерлік ақпаратты қылмыстық-құқықтық нормамен қорғау ҚР жаңа Қылмыстық кодексінде тұңғыш рет көрсетіліп отыр. Бұрынғы Қылмыстық кодексте мұндай арнаулы норма болмаған. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің компьютерлік ақпарат саласындағы қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында ҚР Қылмыстық кодексінің 227-бабына елеулі өзгерістер енгізіп, осы тұрғыдағы қылмыстарды жасағаны үшін жауаптылық күшейтіледі. Компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату негізінен қоғамның экономикалық саладағы қоғамдық қатынастарында орын алады. Заңмен қорғалатын компьютерлік ақпаратқа, яғни машиналық сақтағыштағы, электронды есептеу машинасындағы ЭЕМ жүйесіндегі немесе олардың желісіндегі ақпаратқа заңсыз кіру, сол сияқты ЭЕМ-ге ЭЕМ-жүйесіне немесе олардың желісіне кіре алатын адамның ЭЕМ-ді, ЭЕМ жүйесін немесе олардың желілерін пайдалану ережелерін бұзуы, егер бұл әрекет ақпаратты жоюға, бөгеуге, жаңартуға не көшіруге, ЭЕМ жұмысын, ЭЕМ жүйесін немесе олардың желісін бұзуға әкеп соқса-компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату деп танылып, жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі компьютерлік ақпаратты қорғау саласындағы қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс мынадай әрекеттермен сипатталады. Компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру деп-заңмен қорғалатын ақпаратты оның заңды меншік иесінің немесе оның иеленушісінің рұқсатынсыз өз бетімен алуды айтамыз. Ақпарат ресурстарының, жүйелерінің, технологияларының меншік иесі болып осы объектілерге толық көлемде иелену, пайдалану және билеу құқығын жүзеге асыруға құқылы субъектілер танылады. Ақпарат ресурстарының, жүйелерінің, технологияларының иеленушілері болып осы объектілерге иелену және пайдалану және заңда белгіленген шекте билеу құқығын жүзеге асыруға құқылы субъектілер танылады. Ақпаратты жою- ақпарат көздерін құрту, файлды, дискілер мен басқадай машиналық жазу деректерін мүлдем жою, сөйтіп ақпаратты қайта қалпына келтіру мүмкіндігін толық істен шығару болып табылады. Ақпаратты бөгеу деп ақпарат көздері толық сақталғанымен оны пайдалану және оған еркін кіруге кедергі келтірушілікті айтамыз. Ақпаратты жаңарту деп меншік немесе заңды иеленушінің билігінде болған ақпаратқа олардың келісімінсіз кез келген тұрғыдағы өзгерістер енгізуді айтамыз. Ақпаратты көшіру деп-ақпарат көздерінің түп-нұсқасын сақтай отырып, ондағы файлдардың немесе диск жүйелерінің көшірмесін алу арқылы немесе басқадай тәсілдермен көбейтуді, немесе оның мазмұнын жариялауды айтамыз. Қылмыс компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, егер бұл әрекет ақпаратты жоюға, бөгеуге, жаңартуға немесе көшіруге, ЭЕМ жұмысын, ЭЕМ жүйесін немесе олардың желісін бұзуға әкеп соққан уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет пайдакүнемдік немесе бұзақылық, кек алу немесе көреалмаушылық және тағы басқалары болуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс адам болып табылады. Сондай-ақ, ЭЕМ-ге, ЭЕМ жүйесіне немесе олардың желісіне кіре алатын адам (арнаулы субъект) болып табылады.
Тоғызыншы тарау. Коммерциялық және өзге ұйымдарға қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар. Өкілеттіктерді асыра пайдалану (228-бап)
Қазақстан Республикасында іске асырылып жатқан нарықтық қатынастар белгілі бір талаптарға сай жүзеге асырылады. Нарықтық қатынастардағы мұндай талаптарға нарыққа қатысушыларды құқықтық ережелермен қамтамасыз ету, оларға шешім қабылдауға еріктілік беру, оның нәтижесі үшін жауаптылық белгілеу жатады. Мұның мысалы коммерциялық және өзге ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар үшін, оның ішінде өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі-коммерциялық немесе өзге ұйымдардың бірқалыпты дұрыс басқару қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі-азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделері болып табылады. Өкілеттіктерді асыра пайдаланудың объективтік жағының мына төмендегідей бірнеше белгілері болады: басқару қызметін атқаратын адамның өз өкілеттіктерін осы ұйымның заңды мүдделеріне қарсы пайдалануы; іс-әрекет арқылы азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекет-тің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру. Істелген іс-әрекеттер мен заңда көрсетілген зиянды зардаптың арасында себепті байланыстың болуы.

«Ұйымның заңды мүдделеріне қарсы» деген термин заңмен немесе құрылтайшы құжаттармен белгіленген белгілі бір ұйым қызметінің міндеттеріне қайшы іс-әрекеттерді жасау болып табылады. Мұндай ұйымдарды заң коммерциялық немесе өзге де ұйымдар деп жалпылама көрсетіп отыр. Коммерциялық ұйымдарға өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіруді көздейтін заңды тұлғалар жатады. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктестік, өндірістік кооператив нысандарында құрылады. Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіре алмайтын және алынған пайдасына қатысушыларына үлестірмейтін ұйым коммерциялық емес өзге заңды тұлға болып табылады. Коммерциялық немесе өзге ұйым болып табылатын заңды тұлғаға мекеме, қоғамдық бірлестік, тұтыну кооперативі, қоғамдық қор, діни бірлестік нысаны-нда және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін. Елеулі зиян-моральдық, мүліктік, ұйымдастырушылық залалдардың жиынтығы.

Елеулі зиян азаматтардың; ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделеріне, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілуі мүмкін. Келтірілген зиянның елеулілігі қылмысты іс-әрекеттің жасалу ерекше-ліктеріне, мәніне, одан туындаған зардаптың көлеміне, жәбірленушілердің санына, олардың экономикалық жағдайларының нашарлауына байланысты нақты жағдайларға қарап тергеу, сот органдары арқылы дербес анықталады. Істелген іс-әрекет пен келтірілген елеулі зиянның арасын жалғастыратын себепті байланыс болуы шарт. Себепті байланыстың болмауы қылмыс құрамының орын алмауын көрсетеді. Қылмыс құрамы материалдық. Мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірген уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-арнаулы субъект.
Жеке нотариустардың және аудиториялардың өкілеттіктерді теріс пайдалануы (228-бап)
Жеке нотариустар мен жекеше аудиторларға кәсіпкерлік қызметпен шұғыл-дану құқығын беру қылмыстың мүлдем жаңа құрамы пайда болуына әкеп соғады. Бұл қылмыс құрамының қоғамға қауіптілігі-жекеше нотариус немесе жекеше аудитор заң бойынша өздеріне берілген өкілеттіктерді өз қызметінің міндеттеріне қайшы және өздері немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда табу және артықшылық алу үшін немесе оларға зиян келтіру мақсатында пайдаланып, өздерінің заңсыз әрекеттері арқылы азамат-тардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне немесе қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруінде болып табылады. Қылмыстың негізгі тікелей объектісі-жекеше нотариустар мен жекеше аудиторлардың кәсіптік функцияларын заңға сыйымды атқаруын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі болып-азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғайтын мүдделері болып табылады. Осы қылмыс құрамының объективтік жағының белгілеріне:

1) жекеше нотариустардың, жекеше аудиторлардың өз өкілеттіктерін өз қызметінің міндеттеріне қайшы пайдалануы;

2) азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен мүдделеріне немесе қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру;

3) іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс. Жеке нотариус өзіне заң бойынша берілген құзырет шеңберінде әрекет етеді. Жекеше нотариус немесе жекеше аудиторлық кәсіпкерлік қызмет болып табылады және заң бойынша мұндай қызмет міндетті түрде лицензияландырылуы қажет. Жекеше нотариустардың, жекеше аудиторлардың өзіне берілген өкілеттіктерді теріс пайдалануы заң арқылы, сондай-ақ олардың қызметін айқындайтын басқа да құрылтайшы құжаттар арқылы анықталады. Осы қылмыс құрамыны объективтік жағының тағы бір белгісі елеулі зиян келтірілу болып табылады. Елеулі зиян бұл бағалау категориясы болып табылады. Келтірілген зиянның елеулі зиянға жату жатпайтынын тергеу, прокуратура, сот органдары нақты жағдайларға, келтірілген зиянның көлеміне, ерекшеліктеріне, зиян шеккен жәбірленушілердің санына, материалдық ерекшеліктеріне, зиян шеккен жәбірленушілердің санына, материалдық жағдайына байланысты анықтайды. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыс жекеше нотариустар мен жекеше аудиторлардың өздеріне берілген өкілеттіктерді теріс пайдалануы нәтижесінде азаматтардың, ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірілген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен істеледі. Қылмыстың мақсаты пайда табу немесе артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру. Қылмыстың субъектісі-жекеше нотариус, жекеше аудитор. Мұндай кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануға лицензия алған адамдар ғана жекеше нотариус, жекеше аудитор лауазымына ие бола алады.

Кәмелетке толмаған деп 14-тен 18-ге дейінгілер саналады. Әрекет қабілеті жоқ адамдарға жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан, өте жастығ-ына байланысты өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтіндер жатады.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет