1.2.Сабақ типтері және оның құрылымы
Оқытудың кең таралған сынып-сабақ жүйесінің негізін қалаған Ян Амос Коменский болды. Ол өзінен бұрын өткен және ағымдағы педагокикалық тәжірибелерді зерттеп , оқу ісін жүйелі ұйымдастыруды ұсынды.
1.Оқушыларды сыныпқа жас шамалары мен таным қабілеттері бойынша топтастыру.
2.Сыныптағы оқушылар құрамының әркезде тұрақты болуы.
3.Жеке пәндерді тұрақты оқу кестелері арқылы алмакезек оқыту.
4.Оқытуды оқу жоспарына, оқу бағдарламалары және оқулықтарға негіздеу.
5.Оқытуды жылдың тұрақты бір мезгілінде бастап, аяқтау.
6.Оқытуды ұйымдастыру тек мұғалімнің басшылығымен жүргізілуі.
Қорыта айтқанда, мұғалім бір мезгілде жас шамалары бірдей, құрамы әркезде тұрақты оқушылар тобымен жұмыс істейді.
Сынып – сабақ формасы оқыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі формасы ретінде күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Себебі, ол ең алдымен мұғалімге оқытатын пәннін мазмұнын жүйелі түрде баяндауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сабақ баланың оқу әрекетінің сыныптан тыс және үйдегі түрлеріне де бағыт-бағдар беріп, жетекшілік рөлін атқарады.
Сабақ – оқыту жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, ендігі жерде оның атқаратын қызметін оқыту процесінде алатын орны ерекше болды. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани адамгершілік қасиеттері мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді.
Сабақ – күрделі психологиялық және дидактикалық процесс. Онда оқушылармен педагогикалық қарым-қатынас жасау және тәрбиелеу міндеттері іске асырылады.
ХХ ғасырдың бас кезінде америка философы – идеалист АҚШ педагогикасына зор ықпал жасаған Джон Дьюи (1859-1952) келешекте мектеп болмайды деген болжам айтқан. Олай болса мектепрде оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы сабақта жойылады. Бірақ оның жорамал ойы орындалмады, керісінше сабақ бүкіл дүние жүзі елдеріндегі мектептерде бірте-бірте дамуда және заман тілектеріне сәйкес өзгеруде.
Сабақты мақсатқа бағытталған мұғалім мен оқушылардың ұжымдық, шығармашылық еңбегі деп қарастыру керек. Сабақта оқыту мен тәрбиенің мақсаттары, міндеттері жүзеге асырылады. Оқушылардың ой-өрісі кеңиді, қабілеті дамиды, көзқарасы, адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Сабақтың шын мақсаты тұлғаны, оның қабілеті мен дарындылығына сүйеніп дамыту. Әрбір сабақ логикалық, психологиялық және ұйымдастыру бірлігі болуы тиіс.
Логикалық бірлік – бұл сабақ бөліктерінің, яғни құрылым элементтерімен аралағындағы ішкі өзара байланыс заңдылығы. Мысалы, қайталау – қорытындылау сабағының бөліктері: қорытынды әңгіме немесе шолу лекциясы, жаппай сұрау, кейбір сұрақтарды анықтау: мұғалімнің сабақты қорытындылауы. Мұндай сабақта, біріншіден, игерілген білім еске түсіріледі және жүйеге келтіріледі: екіншіден, білімдегі, іскерліктегі, дағдыдағы кемістіктер толықтырылады: үшіншіден, оқылатын материалдардың маңызды идеялдары толық ашылады, төртіншіден, жаңа мен ескі салыстырылады, жаңа мысалдар ойластырылады, жаңа міндеттер шешіледі.
Психологиялық бірлік оқушылардың танымдық іс-әрекетіндегі белсенділігі, жинақтылығы. Танымдық іс-әрекеті түйсік, қабылдау, ойлау, зейін сияқты психологиялық процеспен байланысты. Психологиялық бірлік – бұл іс-әрекеттің мотивтерін жасау. Мысалы, тікелей талаптандыру, перспективті талаптандыру және ойдың талаптандыру мотивтері туралы жоғарыда айтылған болатын. Сабақтың психологиялық бірлігі оқушылардың дербес ерекшеліктерін (темперамент, мінез, қабілет, ынта т.б.) есепке алуды талап етеді, бұл жеке адамның дербес психологиялық ерекшеліктері.
Ұйымдастыру бірлігі – бұл сабақта алдын-ала жабдықтарды және оларды рет-ретімен пайдалануды, бүкіл сабақ бойында оқушылады белсенді, тиімді жұмысқа ұйымдастыру.
Сабақты оқушылар үшін тиімді және қызықты етіп өткізу үшін не керек?
Сабақты осы сияқты талаптарға сәйкес өткізу үшін кейбір ғылымдар, жаңашыл мұғалімдер (Н.Н.Скаткин, М.И.Махмутов, В.Ф.Шаталов, Е.Н.Ильин т.б.) белгілі жағдайлар керек дейді. Біріншіден әлеуметтік-педагогикалық жағдай, бұл мұғалімнің шығармашылық жұмысы, білімнің белгілі көлемі мен сапасының шындығы, ынтымақтастық, яғни мұғалім мен оқушылардың бірлескен шығармашылық еңбегі, лабораториялар мен кабинеттердің қазіргі
заманға лайық жабдықталуы. Екіншіден, дидактикалық жағдай – бұл оқыту процесінің принциптерінің және әдістерінің заңдылықтарын сақтау және тиімді етіп пайдалануды қамтамасыз ету, сонымен бірге жаңакшыл мұғалімдердің іс-тәжірибесін терең зерттеп, пайдалана білу, өйткені, олар оқыту әдісіне бірсыпыра жаңалықтар енгізді.
Сабақтың мақсаты айқын, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын ала белгілі болуы тиіс. Оқыту мақсаты дегеніміз жаңа білімді меңгеру, дағдының қалыптасуы, тәрбие мақсаты – жеке дамагершілік қаситтерді қалыптастыру (белсенділік, ұқыптылық, жинақылық, орындағыштық, өзін-өзі билеушілік т.б.). бұл мақсаттар оқыту және тәрбие процесі функциясының іске асырылуына байланысты.
Сабақ оқыту принциптерімен, ережелері мен талаптарына сәйкес болу қажет. Бұл орайда Жүсіпбек Аймауытовтың мұғалімге, сабаққа байланысты берген төмендегі бағалы нұсқауларын есте сақтаған жөн.
а) жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтармен ұштастыру;
ә) тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнын ынталандырып, ілтипат аудару;
б) сабақтың алдын-ала даярлайтын сұраулар қою арқылы ынтасын, ілтипатын сақтау;
в) қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың ілтипатын қоздыратын қызықты нәрселер ғана сөйлеп үйрету;
г) баланың ішін пыстыратын біргелкі мағлұматтардан сақтану: лайықты салыстыру, таныстыру, ұқсастыру, түрлі әдіс, оңтаймен оқытуды жандандыруға тырысу;
ғ) алғашқы кездегі оқыту деректі, көрнекі болу. Оған сай жобаларды дұрыс қолдану;
д) өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы үйрететін нәрсесіне өзі де ынталану, өзі де жақсы көру.
Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түйсікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.
Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.
Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түсіндіріп, көрнекі мен техникалық құралдарды, тиімді ойындарды тиімді қолдану керек. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытатын нәрседе бір жаңалық болуы керек»-деп Ж.Аймауытов жайдан-жай айтпағанын ескеру керек.
Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.
Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы керек. Педагогикалық қарым-қатынас мұғалімге оқушылармен рухани байланыс жасауға мүмкіндік береді. Білім арқылы қарым-қатынас жасау және қарым-қатынас арқылы білім алу керек деген қағиданы іске асыру пайдалы.
Сабақта оқушыларға білім берумен қатар оларды өздігімен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйрету міндет.
Сабақ оқытудың білім беру тәрбиелеу және дамыту қызметін біртұтастық принципке сай жүргізу тиіс.
Оқытудың ұтымды тәсілдерін таңдап алудың сабақ типтеріне, сабақтың әрбір кезеңіндегі оқу материалының мазмұнына сәйкестігі.
Сабақ типі
|
Сабақ кезеңдері
|
Оқыту әдістері
|
Жаңа білім игеру сабағы
|
І кезең баяндау
|
Лекция, әңгіме, әңгімелеу, кітаппен немесе басқа әдебиеттермен жұмыс
|
ІІ кезең алғашқы бекіту
|
Әңгіме, жазба жұмыс, есеп шығару, оқыту машинасымен жұмыс
|
ІІІ кезең үйге тапсырма беру консультациясы
|
Оқулықты, қосымша әдебиеттерді пайдалану, тапсырманы орындау әдістері
|
Оқушылардың білімді терең ұғуын, сонымен бірге сабақта олардың зейінін, есін, байқағыштығын, әуестілігін, елігушілігін үнемі бақылау, есепке алу.
Сабақты ұйымдастыруды ширақ, дер кезінде бастап, сабақ уақытын тиімді, нәтижелі пайдалану.
Сонымен, негізгі талаптарды кешенді түрде жүзеге асыру – оқыту процесін жақсы өткізудің, сабақтың сапасын арттырудың қажетті шарттарының бірі.
Осы талаптардың негізінде қарастырсақ. САБАҚ – бұл бір-бірімен өзара байланысқан тұтас жүйе, мақсат, оқу материалын ашу деңгейі, қолданатын әдістер, сабақтың құрылымы, оқытудың нәтижелері т.б.
Сабақ құрылымындағы басқа элементтердің бірі – жалпы дидактикалық мақсат. Оны үшке бөлуге болады:
а) білім (білім, іскерлік, дағды) жүйесін қалыптастыру;
ә) даму – оқушылардың өз бетімен танымын ынталандыру, олардың дидактикалық ойларын, шығармашылық қабілетін дамыту;
б) тәрбие – ғылыми дүниетаным, құнды құлықтық қасиеттерін, өмірге орайлық көзқарастырын қалыптастыру.
Сонымен сабақ оқушыларды білім жүйесімен қаруландырып қоймайды, ол тәрбиелеуші міндеттерін де атқарады.
Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланысты, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет.
Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалім мен сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды (оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының нақты қолда болуы, тұрақтылықты жердегі табиғат, өндіріс ресурстарын пайдалану т.с.с.) ескеріп отыруы шарт.
Сабақ – оқушыладың топқа ұйымдасқан, сынып деп аталатын тұрақты құрамымен мұғалімнің басшылығымен жүргізілетін оқу жұмысы.
Сабақтың мынандай ерекшеліктері бар:
тұрақты құраммен, шамамен бірдей жастағы, даярлық деңгейі біркелкі оқушылардың болуы;
әр сынып өзінің жылдық жоспарына сәйкес оқиды (оқытуды жоспарлау).
Оқу процесі бір ізділікпен жүретін жеке бір-бірімен байланысты бөліктерден (сабақтан) тұрады.
Әр сабақ бір ғана пәнге арналады.
Тұрақты сабақ кестесінің болуы.
Мұғалімнің жетекшілік рөлі (педагогикалық басқару).
Оқушылардың танымдық әрекетінің әр түрінің формаларының қолданылуы.
Сабақтың жемісті болуы мұғалімнен үлкен шеберлікті және өнерді керек етеді. Көптеген мәселелер мұғалімнің сабаққа қойылатын талаптарды түсінуіне, орындауына оқушылардың жеке мұқтажтықтарына, оқытуды мақсат, міндеттеріне, оқу процесінің заңдылықтары мен принциптеріне байланысты.
«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер»,-деп жазған Ж.Аймауытов.
В.А.Сухомлинский сабақтың атқаратын рөлін жоғары бағалаған. «Сабақ – мұғалім күнбе-күн оқушыларға білім, тәрбие беретін және жан-жақты дамытатын оқу-тәрбие процесінің негізгі саласы»-дейді ол. Сабақта мұғалімнің жеке басының үлгісі оқушылар үшін маңызды екені белгілі. Бұл туралы Сухомлинский былай деп жазған: «Сабақ мұғалімнің жалпы және педагогикалық мәдениетінің бет бейнесі, оның интеллектілік байлығының өлшемі, оның ой өрісінің эрудициясының көрсеткіші».
Қазіргі кездегі сабақты жетілдіру жұмысының ішіндегі негізгі мәселелерінің бірі – оның түрлері мен құрылымы.
Мектеп тәжірибесінде бір типті сабақтар болмайды. Сондықтан, оқыту жұмысын жүйелі әрі нәтижелі жүргізу үшін, оны топтастырудың мәні орасан зор. Сол себептен әрбір мұғалімнің сабақ классификациясын ойдағыдай білуі шарт.
Достарыңызбен бөлісу: |