3. Тіл дыбыстарының жасалу жолдары. Тіл дыбыстары сөйлеу мүшелері арқылы жасалады. Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жақтарын түсіну үшін сөйлеу мүшелері мен олардың әрқайсысының қызметін жете білу қажет.
Тіл дыбыстарын шығарудағы, жасаудағы дыбыстаушы мүшелердің қызметін артикуляция дейді. Белгілі халықтың сөйлеу мүшелерінің дыбыс шығарудағы атқаратын қызметінің қалыптасқан дағдысын сол тілдің артикуляциялық базасы деп атайды.
Тіл дыбыстары тәуелсіз үш: артикуляциялық (физиологиялық), акустикалық (физикалық) және функционалдық (лингвистикалық) тапқа бөлініп, жасалым, айтылым, естілім және қолданылым тұрғыларында қарастырылады.
Кез келген тіл дыбыстарының нышандарын анықтайтын мынадай шарттар бар:
- бірмәнділік - тіл дыбыстарының бірмәнді анықталатындығын талап етеді;
- тұлғалылық – артикуляциялық орында пайда болу сапасының табиғи тұрақтылығын, әрі баламасыз жеке даралығын байқатады;
- тіркесімділік – тіл дыбыстарының тіркесе алатындығын, әрі тіркесе келе үздікті тізбек құрайтындығын көрсетеді;
- ықпалдылық - туынды мәннің пайда болу ықтималдығын қамтамасыз етеді;
- түрлендірімділік – туынды мәннің пайда болуы сөз тұлғасын түрлендіруге ықпал ететіндігін көрсетеді;
- сапалылық – тіл дыбыстарының лингвистикалық қолданбалылығын көрсетеді.
Тіл дыбыстары дауысты және дауыссыз дыбыстар болып екіге бөлінеді.
Дыбыс ырғағы, күші.
Дыбыс ырғағы белгілі бір уақыт мөлшері (1 сек.) ішіндегі жиілік (16 Гц. – 20000 Гц. аралығында) саны. Жиілік саны неғұрлым көбейе берсе, дыбыстың ырғағы соғұрлым өсіп күшейе береді, керісінше, жиілік саны азайған сайын дыбыстың ырғағы солғындап әлсірей береді. Сөйлеу тілінде айтылатын дыбыстардың ырғағы фразалардың түрлеріне және олардың эмоциялық бояуы мен экспрессивті қызметіне қарай өзгеріп отырады. Дыбыс ырғағының өзгеруі екпінге қатысты құбылыстарда (интонация, мелодика т.б.) айрықша маңызды қызмет атқарады.
Дыбыс күші дірілдің қарқынынан шығады. Егер дірілдің амплитудасы (амплитуда – латын тілінің amplitude «кеңдік», «көлемділік» деген мағынадағы сөзінен алынған), яғни қарқыны, неғұрлым көбейе түссе, дыбыс күші де соғұрлым ұлғайып, күшейе береді.
Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен, қарым-қатынасқа түседі. Дыбыс күшінің динамикалық екпінге ие тілдерге қатысты, атқаратын қызметі басым болады.