Сабақтың әдіс-тәсілдері. Күй тыңдату, көріністер көрсету, сұрақ-жауаптар алу, билету. Көрнекілігі



Дата02.07.2018
өлшемі39,12 Kb.
#45387
түріСабақ
Тақырыбы: «Абыз Қорқыттан-аңыз Қорқытқа дейін»

Мақсаты: Қобыз атасы- Қорқыттың тарихы тұлға екенін, болашақты болжағыш ақылгөй екенін, жер үстіндегі ән-күй атаулының атасы екенін дәріптеу. Қорқытқа аңыз ретінде емес, таза тарихи дерек ретінде қарауға бағыттау.

Қобыз күйлерін тыңдату, тарихымен таныстыру. Өткен заман мен қазіргі заманды сабақтастыра отырып, өмірге қөзқарасты қалыптастыру.

Сабақтың әдіс-тәсілдері.

Күй тыңдату, көріністер көрсету, сұрақ-жауаптар алу, билету.

Көрнекілігі:



  1. Қорқыт бабаны бейнелейтін кейіпкер қуыршақ. («Қуыршақ» театрынан)

  2. Желмая («Қуыршақ» театр. Түйе)

  3. Кілем

  4. Қорқыт қобызы (Қолдан жасалған)

  5. Қорқыт күйлерінің дискісі.

  6. Қобыз түрлерінің слайдтары. («Қыл қобыз», «Прима қобыз»)

  7. Ермексаздан жасалған қобыздар (өздері)

  8. Видеоклиптер. «Қорқыттың ескерткіш кешені»

  9. Суреттер: 1. Қорқыт суреттері(1-нешеу)

2. Г.Оразымбетова

3. С.Ақмолда

4. Ә.Науаи

5. Ш.Уәлиханов

6. М.Әуезов

7. А.Жұбанов

8. Ә.Кекілбай

9. Ө.Күмісбаев

10. Тұрахан Сыздықова

11. М.Жұмабаев

10) Бесік

Қорқыт дүниеге келген күн

Көрініс: Сахнада қараңғылық. Фонариктерден жарықтар түсіру. Желдеткіштер қосу. Жылаған бала даусы. Бір студент шығып, зор дауыспен сөйлейді.( « Қорқыт» күйі қойылады.)

Қорқыт туған кезінде

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған

Ол туарда ел қорқып

Туғаннан соң қуанған!

Ол күні алай-түлей боран соққан еді, жауын жауып, күн тұтылғандай айналаны қара түнек басып, үш күн күннің көзі ашылмай қойды. Қаратауды қаптаған қалың бұлттан күн күркіреп жұрттың құтын қашырып, зәресін ұшырды. Қорқыттың анасы тоғыз күн бойы қатты толғатып, аса қорқынышты жағдайда нәресте өмірге келді. Ол туыларда дүниені басқан қара түнектен қорыққан халық жаңа туған балаға «Қорқыт» деп ат қояды.

Қорқыт туғаннан сөйлеп туады. Қорқыттың қашан туғаны, қанша жыл өмір сүргені жөнінде пікірлер де сан алуан.

Кейбір деректер «VII-VIII ғасырларда өмір сүрген» десе, енді біреулері «VIII-IХ ғасырларда жасаған» деген пікір ұстанады. Кейбір деректерде 95 жас жасаған десе, кейде 300-400 жыл жасаған деп келтіреді. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Қорқыт» сөзінің мағынасы «құтты адам, құт әкелетін адам» деп көрсетеді. Не десек те есейген Қорқыт Оғыз жұртының ұлы көсемі деңгейіне көтерілді.

Қорқыт тарихта болған ба?

(Қорқыт суреті ілулі тұрады.)

Қорқыт – тарихи адам. Ол VII-VIII ғасырда билік құрған оғыз ханмен замандас. Оғыз да, Қорқытта Қаңлы ұлысынан өскен. Қорқыт –бір кездегі қауым тіршілігінде белгілі орын алған атақты адамның бірі.

Қорқыт VII-Х ғасырларда Сыр бойын мекендеген Қаңлы ұлысының бір табы –Оғыз руы Қияттардан шыққан. Сырдария жағасындағы «Қорқыт моласы» оның Сырдария, Арал теңізі бойында Жанкент қаласында жасағанын көрсетеді. Қорқыт Тәңірге бас ұрып, бақсы болып өткен. Бақсылардың пірі, пайғамбары еді.

Академик В.В. Бартольд пен В.М.Жирмунский «Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мың жылдық өнегесі бар» - деген екен. Қорқыт – қобыздың атасы. Қобызды қарағай ағашынан өзі жасаған.

Түсінде періште аян беріп: «Қорқыт, қобызың алты жасар атанның жілігіндей екен. Оған нар түйенің терісінен шанақ, ортекенің мүйізінен алып ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек керек.Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр» деген екен. Осы айтылғандарды жасағанда қобыз сайрап қоя берген дейді.

(Үнтаспадан күй. «Ұшардың ұлуы»)



Қорқыт туралы аңыздар

Көрініс: Желмаяға мінген Қорқыт (қуыршақ театры)

Ес білген соң Қорқыт нағашы жұртынын бір ботаны сыйға алады. Оны өсіріп, тек өз жетегінде жүретін етіп үйретеді. Ол бір керемет көлік, желмая деп аталады.

( Желмая күйі үнтаспадан тартылады)

Қорқыттың 40 жыл ғана өмір сүретіні аян болады.

Ол желмаясын желдей ұшырып өлімнен қашады. Қайда барса жаналғыш төңіректеп жүреді Қорқытқа арнап көр қаздырып жатады. Жаналғыш Қорқытқа «Кір мына сандыққа» - дейді. Қорқыт: «Өзің кіріп көрсет» - дейді. Сандыққа кірген жаналгышты бекітіп суга ағызып жібереді. Бірнеше жыл уайымсыз өмір сүреді. Бір балықшы жүзген сандықты ұстап, ашып жіберсе Жаналғыш шығып кетеді.

Тағы Қорқыттың ізіне түседі. Қорқыт «аңдыған жау алмай қоймас» деп, көңіл күйін қобызға салған екен.

(Қорқыт күйі үнтаспадан тартылады)

Тағы бірде Жаналғыш жанын алмақ болғанда өзінен аумайтын қырық сурет салдырып, 41 – ші болып өзі қатарында отырады. Жаналғыш айыра алмай, амалы таусылады.

(күй жалғасады)

Бірде Қорқыт қобызын бебеулетіп тартып отырса, ұшып бара жатқан бір топ аққу есітіп, қайрылып, қара қобызға үн қосып, бірге сыңсып, Қорқытпен бірге мұңайған екен. Осы күй «Аққу» күйі болып халық есінде сақталыпты. Қобыздың пішімінің өзі Аққуға ұқсайды емес пе?

(«Аққу» күйі үнтаспадан тартылады. Аққу биін билейді 2 - қыз)

Қорқыт желмаясын бұрып, қай қырға беттесе де, көр қазушыларға кездеседі. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген сөз осыдан шыққан. Болмаған соң Қорқыт Желмаяның жабынын Сыр суының бетіне жайып, күй тартып Сыр суы үстінде 100 жыл өмір сүрген екен дейді.

(Кілем үстіндегі Қорқыт күй тартып отырады)



Желмая 1, Қорқыт 1, Қобыз 1, кілемге 2, қорқыт 1. 6-оқушы

Қорқыттың киелі сөздері.

Көрініс: Кілем үстінде күй тартып отырған Қорқыт. (қуыршақ театрының қуыршағы) Күй тартылып тұралы, қорқыт сөйлейді.



  1. Өлген қайта тірілмес,

Шыққан жан қайта оралмас.

  1. Көп қорқытады,

Терең батырады.

  1. Ат жемейтін ащы шөптің біткеннінен бітпегені игі,

Адам ішетін ащы судың аққанынан ақпағаны игі. Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың туғанынан тумағаны игі, Жалған сөздің болғанынан болмағаны игі.

  1. Күл – төбе болмас,

Күйеу бала – ұл болмас.

  1. Ананың хақы – Құдайдың хақы.

  2. Адам баласы керуен

Көшті де кетті.

  1. Инабатты болса - әйел көрікті,

Ақ сақал жарасса – шал көрікті,

Үлкен шаңырақтың жанында отау көрікті,

Жібек шаңырақтын жібі көрікті

Өнегелі болса – бала көрікті.



  1. Қыз ақылды ескермес –

Ана үлгісін кормесе.

Ұл жарылқап ас бермес –

Әке үлгісін алмаса.


  1. Тәкаппарлықты

Тәңір сүймес.

  1. Тәңірі пендесінің пешенесіне не жазса, сол болады.

  2. Өтірік сөз өрге баспас.

  3. Бас алмақ болса, бөрік табылады.

  4. Ауырған жерің ауру біледі.

  5. Шіріген мақтадан мата шықпайды,

Ескілікті жаудан дос шықпайды.

  1. Ажал жетпей өлмек жоқ.

Қорқыт күйлерінің аттары: «Қорқыт», «Желмая», «Аққу», «Сарын», «Башпай», «Әуппай», «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Елім – ай, халқым - ай»
1 – оқушы оқиды


Қорқыт –қобыз

Қазақ аңызында Қорқыт баба қобызымен неше түрлі кереметтер жасаған, бақсылық арқылы кісі емдеген. Қобыз шайтандарды қуатын аспап болған. Қобыз пішімі Аққу тәрізді, ысқыш садақтың жебесі тәрізді. Қорқыт пен қобызға қатысты аңыздар «әзірбайжан әспанасында», «Дәдә Қорқыт» кітабы арқылы танымал.

Қорқыт – зерек, көреген кісі. Қорқыт күйлері біздің заманымызға толық жетті дей аламыз, ол әзірге белгісіз. Қорқыт қобыз ойнағанда ұшқан құс, жүгірген аң, барлық тіршілік иесі үн – түнсіз тыңдайды екен. Қобыздың бір тал шегесіз жасалатынының өзі ерекше ғой. Әзірге Қорқыттың 11 – дей күйі белгілі екен. Оның әрқайысына байланысты аңыздар бар. Өзінің отбасына да байланысты күйі бар.

Ол Қорқыттың «Әуппай» күйі. Арқадан Ақсақ кыз іздеп келіп, Қорқыттан балалы болады. Бірақ Қорқыт үнемі су ортасында отырғандықтан, баласын иіскей де, қолына да ала алмайды. Осы күйіне назаланып, баласын алыстан күймен жұбатқан. Ол күйін «Әуппай» күйі деп атаған екен.

(«Әуппай» күйі үнтаспадан естіледі.)

(Кішкене бесік тербеліп тұрады) 1 – оқу.

Бесік ішінде қуыршақ бала болады.

Көп жылдар үнсіз күй тартқан Қорқыт әлсіреп қалғып кеткенде, ізіне түскен ажал, қайрақ жылан болып шығып өлтірген екен дейді. Қорқыт өлгенмен ажалдан жеңілген жоқ. Оның күйлері әлемге тарап, өшпес қасиетке ие болды.

Ол ажалмен айқасқан алып тұлға. Яғни Қорқыт философиясының мәні зор. Қорқыт пен қобыз туралы Қызылордалық компазитор Рамазан Тайманов «Қорқыт - қобыз» әнін шығарған. Оны белгілі әнші Гүлнұр Оразымбетова орындайды. («Қорқыт - қобыз» әні.)

Қорқытқа арналған ескерткіш – кешен

Аңыз бойынша Қорқыт өлген соң ақсақ қыз қобызды әкеліп, дарияның жағасына қояды. Жел соққанда оның ішектері азалы үн шығарып тұрады. Міне осы аңыз негізінде Қорқыт ата басына белгі тұрғызуда идея пайда болды. «Қорқыт ата» ескерткіш – кешенінің авторы, сәулетші Бек Ыбыраев. Жалпы Қорқыт ата мазары дария жиегінде болып, су шайып кеткен.

Қорқыт бейітінде ешқандай жазу болмаған. Жан – жағындағы көк тастардың жазуын ешкім оқи алмаған. Қорқыт мазары туралы алғаш әнгіме қозғаған Әлкей Марғұлан болатын. Қорқыт атаға ескерткіш – кешен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы, Қорқыт стансиясынан 3 км жерде биікке орналасқан. Ескерткіш – кешенді жоғарыдан қарасың, қобыз пішімін береді. Кешенде «Қорқыт ата» мұражайы бар. Онда үлкен қобыз үнтаспасы арқылы күй тартып тұрады. Мұражайда Қорқыт заманынан бері қарай қазақтың не бір заттары бар. Ескерткіш ерекше күмбездерден тұрады. Ортасында желмен қобыз үнін шығаратын түтіктер реттеліп орналасқан. Кешен жанынан ЭКСПО -2017 көрмесі қарсаңында бітетін бірнеше құрлыстар салуда. Қонақ үй, мешіт т.б. қамтылуда. Кешенді көгалдандыруда жергілікті жерге лайық жыңғыл өсімдігімен көмкермек. Кешенде түбінде тұрып салған ән жаңғырып естілетіндей халық отыратын аланқай бар. Ол қобыз тесігін бейнелейді. Осы кешен салынып біткенше ғажайып жағдайсыз уақиғалар болыпты. Жұмысқа қатысқандар отбасынан 11 адам қайтыс болған. Сәулетші кішкене бақсы қызға барады. ОЛ: «Бір әжені көріп тұрмын, аяғы ақсақ, сол кісі назалы, ажал себепшісі де – сол» депті. Содан Ақсақ қыз мұнарасын тұрғызып, тынышталыпты.

Міне, құдірет!

(Суреттер, видиоклип,қобыз үні көрсетіледі.)

Қорқыт ата туралы асыл сөздер

(суреттері,жәй күй тартылып тұрады.)



  1. Қорқыт – күй атасы,жер бетіндегі ән – күй атаулының атасы. Ә.Науаи

  2. Түркі ұлысының арасында Қорқыт атадан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Ә.Науаи

  3. Қорқыт – қазақтарды алғаш қобыз тартуға үйреткен ең бірінші шаман Ш.Уалиханов

  4. Өмірде арманым жоқ –Қорқытқа ерсем,

Қорқыттай жанды жаспен жуа берсем,

Жас төгіп, сұм өмірде зарлап – сарнап,

Құшақтап қобызымды көрге кірсем

М.Жұмабаев

5. Қорқыт күйі тым әсерлі. Ол көлемі тұрғысынан кішкене әрі қысқа болғанымен, музыкалық мазмұны жағынан өте терең.



А.Жұбанов

6. Қорқыт – таптырмайтын орталық қаһарман. Мына дүниенің бақилығын, фәнилігін зерттеп кеткен кісі.



Ә.Кекілбай

7. Қорқыт - сәуегей емес, зерек көреген кісі.



Ө.Күмәсбаев 1-оқу.

Қорытынды

Қорқытты зеріттеушілер аз емес. Қазақстанда «Қорқыт ата» кітабы М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, т.б. еңбектерінде зерттелді.

Кітаптың 1300 жылдығы 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан Халықаралық деңгейде өтті. «Қорқыт ата» энциклопедия жинағы 1999 жылы жарыққа шықты. Қорқыт ата әлемдік деңгейне зеріттелуде.

Қорқыт күйлерін бізге жеткізген Ысмайыл деген қобызшы екен. Ол Қорқыттың 11 күйін аңыз әңгімелерімен қосып,шығу тарихымен баяндап жеткізген. Оның су қараңғы «Нышан қобызшы» атанған нағашысы болған. 1975 жылы Мардан Байділдаев пен Әлкей Марғұлан жазып алған. Әрине Қорқыттан кейін де қобызшылар болған. Ықылас, Қойлыбай т.б. атақтылары болған. Қазірде біз білетін Бекболат Тілеуханов, Ақерке Әжібиева, Саян Ақмолда т.б. қобызшылар бар. Олар Қорқытты пір тұтады мысалы Саян Ақмолда былай дейді: «мектеп бітіретін жылы Қорқыт ата түсіме еніп,қолыма қобыз ұстатып кетті. Осы аяннан кейін бар ықыласым қобызға ауды. Екінші рет түсімде аяқ – қолым байлаулы жатқанда, киіз үйге Қорқыт бабам кіріп келді. Менің сол – аяғымдағы арқан өз - өзінен шешіліп кетті. Мен бұны жаұсылыққа жорыдым. Көп ұзамай «Қауышу» фильмінде Қорқыт бейнесін сомдадым»

Тағы бір қызық дерек қобызшы,актриса Тұрахан Садықова: «Мендегі Қорқыттың нарқобызы. Түркістан қаласындағы біреудің сандығындағы 100 жыл бұрын жасалған қобызды алғанмын. Жыл сайын Қорқыт бейітіне барып қобыз тартамын» - дейді.

Қорқыт - ұлы тұлға. Қорқыт – күй атасы, жер бетіндегі ән – күй атаулының атасы. Қорқыт ата туралы зерттеулер тоқтамайды.Айтар нәрсе де көп. 2 – оқушы

Енді Қорқыт ата туралы білген мағұлматтартарыңа байланыстырып «психологиялық тренинг» өткізейік (мұғалім өткізеді) ( өз атарыңның бас әріптеріне алфабит бойынша өткізу қажет)

А - Абыз - әулие қорқыт, Ақсақ қыз, «Аққу» күйі

Ә - «Әуппай» күйі

Б - Бақсылардың пайғамбары Қорқыт «Башпай» күйі,Бек Ыбырааев сәулетші.

Г - Гүлнұр Оразымбетова «Қорқыт - қобыз» әні

Ғ - Ғажайып күйші Қорқыт.

Д - «Дәдә Қорқыт» (Әзірбайжандар осылай атаған)

Е - «Ескілікті жаудан дос шықпайды», «Елім – ай, Халқым - ай» (Қорқыт сөзі)

Ж – «Желмая» түйесі болған, Жаналғыш іздеп жүрген.

З – Залым жаналғыш ізіне түсті.

И – «Инабатты болса - әйел көрікті» (Қорқыт сөзі)

К – Кілем үстінде отырып күй тартқан.

Қ – «Қорқыт» станциясына 3 км кешен орналасқан, «Қорқыт» күйі

Л – Лажсыздан Сырдария бетіне Желмая жабуын жайып отырады.

М – Мағжан Жұмабаев «Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем»

Н – Нарқобызы болған, өзі жасаған

О – Оғыз руы Қияттардан шыққан

Ө - «Өтірік сөз өрге баспас» (Қорқыт сөзі)

П – Періштелер түсінде қобыз жаса деп аян берген

Р – Рамазан Таймановтвың «Қорқыт - қобыз» әні

С – Сырдария ортасында отырған, Саян Ақмолда пір тұтқан, «Сарын» күйі

Т – Тұрахан Сыздықовада нарқобыз бар, «Тарғыл тана» күйі

У – Улы «Қайрақ жылан» шағып алған

Ұ – «Ұшардың ұлуы» күйі

Ү – «Үлкен шаңырақ жанында отау көрікті » (Қорқыт сөзі)

Ф – «Философ деп қарайық Қорқытты» Т.Кәкішов

Х – Халықаралық деңгейде 1999 ж «Қорқыт ата» кітабынаың 1300 жылдығы аталды

Ш – Шоқан Уәлиханов «Қорқыт қазақты қобыз тартуға үйреткен бірінші шаман»

Ы – Ықылас ізін қуған шәкірті.

І – Ісламға дейінгі ұлы тұлға

Э – «ЭКСПО - 2017» дейін кешен толық бітеді, энциклопедия бар.

Ю – «ЮНЕСКО» тарапынан қолдау болып 1300ж «Қорқыт ата» кітабы тойланды.

Я – Я, Қорқыт – қобыз атасы. (мұғалім жүргізеді)

Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Кітап «Қорқыт ата». Алматы «Қақақсан» 1993ж

  2. Интернеттен «Қорқыт ата» деректер 2014ж

  3. Ә.Мұхамеджан «Абыздан қалған асылдар» Алматы,Алаш, 2006ж

  4. Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті, Алматы «Ана тілі» 1991ж

  5. «Қорқыт ата» кітабы. Жырлар, Астана, «Фолиант», 1975ж

  6. А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі» Алматы «Жазушы» 1975ж

  7. Журнал «Аңыз адам», «Қорқыт ата», №6,№3, 2011ж

3 мектеп интернат




Тақырыбы:
ЭКСПО-2017

«ҚОРҚЫТ АТА КЕСЕНЕСІ»


Пән мұғалімдері: Әбілхайыр С

Баймаханова М

2016-2017 оқу жылы
Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет