география ғылымының әр саласын зерттеу үшін табиғат пен адамзаттың дамуындағы қандай проблемалар маңызды (мәселелер және түпнұсқалық мәтіндер арқылы) екенін;
географиялық деректерді қалай визуалдауға (көзбен шолуға) болатынын білуіміз керек.
Географиядағы жіктеу (дифференциация) 7-сыныпта сендер география ғылым ретінде адам, қоғам, мемлекет және адамзаттың географиялық білімге деген қажеттілігіне байланысты пайда болғанын білдіңдер. Жіктеу (дифференциация) үдерісі географияда ерте заманда-ақ, екі үлкен салаға: физикалық және қоғамдық (әлеуметтік-экономикалық) географияға бөлініп жүре бастаған. Географиялық қабық, халық, оның тұрмысын ұйымдастыру мен шаруашылық іс-әрекеті құрылымы жағынан күрделі. Олардың құрылымындағы барлық элементтерді зерттеп шығу бір ғана зерттеушінің қолынан келмейді. Сол себепті физикалық география мен экономикалық географияда бұлардың әр саласын жекелеген компоненттері бойынша бөлек-бөлек ғылыми бағыттарға бөлу жалғасын тапты. Физикалық география – Жердің географиялық қабығын зерделейтін ғылымдар жүйесі. Ол географиялық қабықтың ерекшеліктерін және жер бетіндегі түрлі табиғи құбылыстардың арасында болатын өзара байланыстарды зерттейді. Қоғамдық (әлеуметтік-экономикалық) география халықты және оның шаруашылығын зерттеумен айналысады.