117-бап. Салықтардың және бюджетке төленетiн төлемдердiң мерзiмiнде төленбеген сомасына өсiмпұл
1. Осы баптың 2-тармағында белгiленген, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің мерзiмiнде төленбеген сомасына есепке жазылатын мөлшер өсiмпұл деп танылады.
2. Өсімпұл:
1) салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің басқа да тәсілдерін, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін өзге де жауаптылық шараларын қолдануға қарамастан;
2) егер осы тармақтың 2-1) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, салықты және бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемді төлеу мерзімі күнінен кейінгі күннен бастап, бюджетке төлеген күнді қоса алғанда, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындаудың мерзімі өткен әрбір күні үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мерзімі өткен әрбір күнге белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде;
2-1) төлеу мерзімі күнінен кейінгі күннен бастап, бюджетке төлеген күнді қоса алғанда, есепті салықтық кезең үшін төмендегі салық түрлері бойынша қосымша декларацияны есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұсынған жағдайда туындаған, осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелетін корпоративтік табыс салығын және осы Кодекстің 366-бабына сәйкес айқындалған салық салынатын кірістен есептелетін жеке табыс салығын төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындаудың мерзімі өткен әрбір күні үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мерзімі өткен әрбір күнге белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 0,65 еселенген мөлшерінде;
3) салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімі өзгерген, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі ұзартылған, қосымша салықтық есептілік ұсынылған кезде;
4) мыналарды:
екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар салық төлеушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығарған;
салық төлеуші банкоматтар немесе электрондық терминалдар арқылы төлемді жүзеге асырған;
салық төлеуші, уәкілетті мемлекеттік орган көрсетілген сомаларды екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға енгізген;
салықтың, бюджетке төленетін төлемнің артық төленген сомасын есепке жатқызу жүргізілген;
инкассалық өкім орындалған күнді қоса алғанда, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің сомаларын төлеу кезінде;
5) салықтық және (немесе) кедендік тексеруді жүргізу кезінде – мұндай тексеру аяқталған күнге дейін өсімпұл есепке жазылады.
Салық төлеушінің жеке шотында тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген, есепке жазылған (есептелген) сомалар көрсетілгеннен кейін – төлеу күнін қоса алғанда, салықтық және (немесе) кедендік тексеру аяқталған күннен бастап;
6) екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға:
банктік шоттардан сомаларды есептен шығару кезектілігін сақтамағаны үшін;
оларды бюджетке аудармағаны (есепке жатқызбағаны) үшін;
мыналарды:
салық төлеушілердің банктік шоттарынан есептен шығарылған сомаларды;
салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдерді, өсімпұлды, айыппұлдарды төлеу есебіне, екінші деңгейдегі банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кассаларына салынған қолма-қол ақшаны;
есепке жазылған банктік сыйақыларды бюджетке уақтылы аудармағаны үшін өсімпұл есепке жазылады.
3. Өсімпұл:
егер салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің мерзімінде төленбеген сомасының түзілуінің бiрден-бiр себебi қызмет көрсететiн екінші деңгейдегі банктің таратылуы болып табылса, мәжбүрлеп таратылатын екінші деңгейдегі банктердің кредиторларына – соттың екінші деңгейдегі банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешiмі заңды күшiне енген күннен бастап;
соттың жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы шешімі күшіне енген кезде – жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы сотқа талап арыз берілген күннен бастап және оларды орналастыру аяқталғанға дейiн;
соттың жеке тұлғаны хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы шешiмi күшiне енген кезде – сот шешімі күшіне енген күннен бастап оның күшi жойылғанға дейiн;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық анықталған күнтізбелік жылға дейінгі бес салықтық кезеңнің алдындағы кезең үшін үстеме пайда салығы бойынша;
салық органдары жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығының, жер салығының және көлік құралдары салығының есептелген сомаларын тиісті салықтық кезеңде осы салықтарды төлеу мерзімі басталғаннан кейін қайта қараған кезде;
салық төлеушіге қатысты "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі қолданылған жағдайда, салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімі өзгерген кезде;
сот банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған кезде – мұндай ұйғарым шығарылған күннен бастап;
оңалту рәсімі қолданылған кезде – соттың мұндай рәсімді қолдану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі қолданылған кезде – сот мұндай рәсімді қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап;
бұрын белгісіз болған мән-жайларды анықтауды қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) алынған алдын ала түсіндірмеге сәйкес салықтық міндеттемелерді орындауы нәтижесінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзған кезде туындаған, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің есептелген (есепке жазылған) сомасына өсімпұл есепке жазылмайды.
Осы баптың мақсаты үшін бұрын белгісіз болған мән-жайлар деп салық органының берген алдын ала түсіндірмеде көрсетілген ұстанымына әсер ететін, алдында:
салық төлеушінің (салық агентінің) алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуында салық органдарының назарына жеткізілмеген;
салық төлеушінің (салық агентінің) алдын ала түсіндірме беру туралы сұрау салуын қарау шеңберінде салық органының немесе оның лауазымды адамдарының сұрау салуларына жазбаша түсіндірулерде жеткізілмеген мән-жайлар танылады.
4. Мынадай:
1) соттың салық төлеушіні банкрот деп танудан бас тарту туралы шешімі заңды күшіне енген жағдайда – сот банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап;
2) соттың оңалту жоспарын бекітуден бас тарту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген жағдайда – соттың оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
3) салық төлеуші "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімде төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді жасаспаған не сот осындай келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда – сот төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап өсімпұлды есепке жазу қайта басталады.
Ескерту. 117-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |