742-бап. Салықты есептеу тәртібі
1. Бюджетке төленуге жататын пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасы салық салу объектілерінің, салықтық база мен мөлшерлеменің негізінде айқындалады.
2. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу үшін жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік жыл ішінде осы Кодекстің 743-бабында келтірілген шәкілге сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жекелеген келісімшарт бойынша ағымдағы салықтық жылға арналған өндірудің жоспарланған көлеміне сәйкес келетін мөлшерлемені қолданады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарттың шеңберінде жер қойнауын пайдалану құқығы берілген (ауыстырылған) жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарт бойынша өндірудің жалпы мәлімделген жылдық көлеміне сәйкес келетін пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі, жер қойнауын пайдалану құқығын беру (ауыстыру) фактісіне қарамастан, қолданылады.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеудің дұрыстығын және бюджетке толық төленуін қамтамасыз ету мақсатында көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жекелеген келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылар бөлінісінде көмірсутектерді өндірудің алдағы жылға жоспарланатын көлемдері туралы мәліметтерді салық органына ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 қаңтарына дейін ұсынады.
3. Егер есепті күнтізбелік жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша өндірілген көмірсутектердің нақты көлемі осындай келісімшарт бойынша жоспарланған көлемге сәйкес келмесе және пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемелерінің өзгеруіне алып келсе, жер қойнауын пайдаланушы есепті жыл үшін есептелген пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасын түзетуді жүргізуге міндетті.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасын түзету есепті салықтық жылдың соңғы салықтық кезең үшін декларацияда осы Кодекстің 743-бабына сәйкес айқындалған өндірілген көмірсутектердің нақты көлеміне сәйкес келетін пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесін есепті салықтық жылдың 1 – 3-тоқсандары үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша декларацияларда есептелген салықтық базаға қолдану арқылы жүргізіледі.
Жүргізілген түзетулер ескерілетін пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасы есепті жылдың соңғы салықтық кезеңде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттеме болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |