1.2 Телефон қолданысындағы қателіктер
Қазіргі кезеңде телефон ең сенімді серігімізге айналды. Ал тіптен жастар арасында түнді таңға жалғап телефонда сөйлесетін әдет те пайда бола бастады. Алдыңғы ұрпақта қалтафонның қолдану аясы мұнша кең болмағандықтан, қартайған кездегі душар ететін дертін біз біле бермейміз.
Ең бастысы техникалық құрылғылардың адам өміріне алып келер зардабы біздің замандастарымызға бұйырған шығар. Мамандар оның радиациясының адам денесіне тигізер орасан зор зиянын айтып, күн сайын дабыл қағуда. Дегенмен оны елеп-ескеріп жатқан пенде жоқ. Техника біздің айрылмас бөлшегімізге айналып қалғандай. Сол үшін де оны қолданба деп айту «заманнан тыс қалып қой» дегенмен бірдей. Дегенмен, оның зияны туралы да біле жүргеніміз жөн. Біз төменде мамандардың ұсынысын ескерту ретінде беріп отырмыз.
Қалтафоныңызбен сөйлесу кезінде бір орыннан қозғалмай, байланыс желісі жақсы ұстайтын жерде тұрып сөйлесуге тырысыңыз. Нашар желі мен арлы-берлі қозғалыс барысы одан бөлінетін радиацияны күшейтіп жіберетіндіктен, оның адам денесіне, жүйке жүйесіне кері әсері арта түседі. Ал лифт ішінде ең жақсысы телефон пайдаланбаған абзал.
Ал телефон нөмірін терген сәтіңізде қарсы жақ көтермейінше телефонды құлағыңызға апара көрмеңіз. Бұл кезде де оның радиациясы барынша артады. Ал қарсы жақ телефон тұтқасын көтергенге дейін барынша бас бөліміңізден аулақ ұстаңыз.
Ал телефонды беліңіз бен мойныңыздан аулақ ұстаңыз. Адамның кейбір әлсіз жүйелері оның болмашы радиациясынан да зардап шегеді. Жүктілік мезгілінде телефон қолданудан тіпті аулақ болыңыз.
Әдеттегі жағдайда телефоныңыздың блютуз жүйесін сөндіріп қойыңыз.
Ұзақ уақыт радиация әсері үлкен мида пайда болатын әртүрлі аурулардың себепшісі. Сондықтан барынша сақтану үшін құлаққап пайдаланғаныңыз жөн.
Көлік ішінде телефон пайдалану жол апатына жолықтырудан тыс, адам денесіне орасан зор әсер етеді. Ондай жағдайда көлігіңіздегі магнитофонды өшіріп барып, телефон қабылдаңыз. Ал көлікпен жүрген кезіңізде телефоныңызды сөндіріп қойсаңыз, тіптен жақсы.
Телефон қолданудың адам денесіне тигізер қандай зардаптары барын, қандай аурулар мен дертке душар ететінін алда да айтатын боламыз.
Ұялы телефон арақтан да қауіпті
Алғашқы қауымдық құрылысты жабайы, артта қалған қоғамға балаушы едік. Бүгінгі өркениетті тіршілігіміздің де оңып тұрғаны шамалы екен. Адамзат бір қадам алға басқан сайын, екі қадам кері кетіп барады
Өндірісті өркендеттік, есесіне, улы газ бен зиянды қалдыққа қарық болдық. Ғарышты игеріп ек, озон қабатын шұрқ тесік етіп, жұқартып тастадық. Мұхит-теңіздің түбін ұңғып алған мұнайымыз сыртқа ағып, ихтиофаунаны ластап бітірді.
Күні бүгін дүниежүзінде түрлі қажеттіліктер үшін табиғи қазба байлықтарының ондаған түрі мен 60-тан аса химиялық элементтер қолданылады. Жыл сайын жер қойнауынан алынған 44 млрд тонна байлықты жұтып жатырмыз. Жан басына шаққанда жылына 8 тонна шикізатты тұтынамыз. Соңғы бір ғасырда бұл көрсеткіш төрт есеге өскен. Табиғат қазынасына бұлайша қомағайлықпен қол салу күндердің күнінде адамзатқа кері әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Адамның ашкөз іс-әрекетінің нәтижесінде жаңа, бұрын-соңды болмаған техногендік аурулар пайда бола бастады. Атап айтқанда, қорғасынмен уланудан сатуризм, кадмийден «ита-ита», сынап қосылыстарынан минамата секілді дерт түрлері басымызға бәле болып жабысты. Бұған дейін экология сөзін табиғатқа қатысты қолданатынбыз. Енді кезек өзімізге келіп, «адам экологиясы» деген ұғым пайда бола бастады. Өркендейміз деп жүргенде өзімізге өзіміз ор қазып жатқандаймыз.
«Техникалық прогрестің төресіндей көрінген теледидар, компьютер, қалтафондар аса қауіпті сәуле таратады, соқыр, саңырау қылады, мида қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етеді» дейді мамандар. Таңның атысы, күннің батысы «көк жәшіктің» алдында көсіліп жататын жас-кәрі Қазақстанда да аз емес. Оларда қимыл-қозғалыс аз. Сондықтан семіздік, жүрек-қан тамыр дерті, көру қабілетінің төмендеуі, ми қызметінің бұзылуы жиі кездеседі. Зерттеулерге сәйкес, үш пен алты жас аралығындағы баланың басым бөлігі тәулігіне 8-10 сағат бойы тапжылмай теледидар көреді екен. Оларды таза ауаға шығарып, спортпен шұғылдануға икемдейтін ата-аналар саны онша көп емес. Қайта өздерімен бірге сериал қаратып, «жыламаса, шу шығармаса болды, теледидардың алдында отыра берсін» дейтіндерін қайтерсің.
Достарыңызбен бөлісу: |