СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН
(1894-1938)
XX ғасырдың басында қазақ жазба әдебиетінде Абайдың ағартушылық, демократтық бағытын, ақындық өнерде ашқан соны сүрлеуін әрі қарай жаңғырта, замана талабымен үйлестіре жалғастырушы қаламгерлердің А. Байтұрсынов ұйытқы болған аса қуатты шоғыры қалыптасты. Соған өзіндік таным-түсінік, керкемдік қолтаңбасымен келіп қосылған жас талант Сәкен Сейфуллин не бары 4—5 жылда әдебиеттегі төңкерісшіл бағытты бастаушы әрі көрнекті мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Оның шығармашылық және азаматтық тағдырында халықтың бостандығы мен жарқын болашағын социализммен байланыстыра қарауы шешуші рөл атқарады. Осы жолда аянбай еңбектенген әмбебап талант барлық жанрда тамаша туындылар беріп, әдебиетке жаңа образдар, тың тақырыптар, түр мен өрнектер әкелді. Сөйтіп, ол қазақтың кеңес дәуіріндегі әдебиетінің негізін салушы және сол платформаға кірген қаламгерлердің серкесі болды.
Өмірбаяны. XX ғасырдағы қазақ поэзиясын жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан ақиық ақын, ірі мемлекет қайраткері, сарабдал жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі, республика каламгерлерінің бетке ұстар беделді серкесі, осыларға сал-серілігі мен сирек ұшырасатын сымбаттылығы қосылып, көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған Сәкен Сейфуллин — қоғамдык ой-пікір, әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын жарқын тұлға. Сәкен Сейфуллин кейін өзі сұлу табиғатын талай рет тебірене жырлаған өлкеде — Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы) орташа ауқатты кісінің отбасында дүниеге келеді. Әкесі Сейфолла серілігі бар домбырашы, саятшы, сөзге шешен кісі екен де, шешесі Жамал әңгіме, аңыз-ертекті көп білетін әрі нәшіне келтіріп айтатын салиқалы ана болыпты. Сәкен әке мінезін, өнерін бойға жұқтырып, ана әңгімелерін жалықпай тыңдап, зердесіне түйіп өседі. Айналасына абайшыл, қылтың-сылтыңы жоқ біртоға бала болады, Ұғымтал Сәкен ауыл молдасынан оңай хат танып, қолына түскен ескілі-жаңалы кітаптарды бас алмай оқиды. Әкесі тоғыз жасар Сәкенді тіл үйренсін деп Нілдідегі таныс орысының үйіне тұрғызады. Сәкен әлгі үйдің таусылмайтын қара жұмысын тиянақты атқара жүріп, кемпірінен бір жыл орыс тілін үйренеді. Одан кейін екі жыл зауыт мектебінде оқиды. Болашақ күрескер ақын кенішті қаладағы зауыт, шахта жұмысшыларының аянышты өмірімен танысып, ереуілдерін көріп, соларға бүйрегі бұрады. Одан кейін бес жылдай Ақмолада оқьш, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер даярлайтьш семинарияға түседі, оны 1916 жылы бітіріп шығады. Ол осы жылдары орыс және Еуропа әдебиетін ден қоя оқиды. Абайды сан қайталап, ауыз әдебиеті мен фольклордан мол хабардар болады. Сөйте жүріп, өлең жазуды машық қылады. Алғашқы өлең жинағы 1914 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Қазақта ол кезге дейін, Мағжанды айтпағанда, Сәкен сияқты 20 жасында өлең кітабы шыққан ешкім болған емес.
Оқу бітірген соң, елге келіп, ауылда мұғалім болады. Көп ұзамай, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түскенде, ақын халық жағына шығады. Оған іле-шала патшаны тақтан түсірген ақпан революциясын ақын қуана қарсы алады, қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенеді. Ол дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шешіп араласады. Өршіл ақын, екі тілге бірдей жүйрік жалынды насихатшы, алғыр да жігерлі, оның үстіне тұр-тұрпаты да айта қаларлықтай келісті бұла жігіт тез көзге түсіп, көрнекті тұлғаға айналады. Коммунистік партияның бастауымен халық бостандық альш, кедей-кепшік қалың бұқара теңдікке жетеді, әділдік орнайды деп сенген Сәкен бірден социализмді, кеңес өкіметін жақтап шығады. Ақмолада кеңес өкіметі уақытша құлап, қамауға алынған Сәкен атаман Анненковтің "азап вагонында" көрмегенді көріп, 9 ай дегенде әрең қашып шығады. Кектемгі лайсаңда аш-арық, ауру ақын 500 шақырым жерді жаяу өтіп, еліне келеді, онда тұрақтай алмай, ол кезде кеңес өкіметі орын тепкен Жетісуға келіп, партия, кеңес органдарының жұмысына көмектеседі. Қым-қуыт, дүрбелеңді заман шындығы мен романтикасын көрсеткен "Асығып тез аттандық", "Далада", "Кел, жігіттер", "Сағындым", "Қамаудан", "Біздің жақта", "Қашқынның аулы", "Жас қазақ марсельезасы", т.б. әсерлі өлеңдері мен "Бақыт жолында" драмасы — сол кезең жемісі.
Тар жол, тайғақ кешу, тайталас күресте шынығып, кемелденген азамат ақын 20-жылдардың 1 -жартысында ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде көрінді. 28 жасында Қазақстан үкіметінің басшысы, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Сонымен қатар өршіл ақын жаңа дәуірді жаңаша жырлаған, қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен түрлер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдебиетке көшбасшы болды. Кілең мақтауға ұрынбай, қоғамдық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. "Ауыл байғұс, мінеки", "Келіншек ойы", "Ақсақ киік", "Сыр сандық", т.б. тамаша жырлары мен "Аққудың айырылуы" атты символикалық көркем поэмасы — осындай дүниелер. Сәкен өз кезінің тақырыбына арналған поэмаларымен қатар, туған жер сұлулығын, аңыздары мен тарихын зор шабытпен әсерлі суреттеген атақты "Көкшетау" дастанын жазды. Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезең шежіресі іспеттес өмірбаяндық "Тар жол, тайғақ кешу" романы оның црозалық кесек туындысы болып табылады. Өмірінің соңғы он шақты жылында ғылыми-зерттеу, оқытушылық жұмыстарымен айналысты, Қазақстан Жазушылар одағында, газет-журнал редакцияларында алқа мүшесі болды. 1933 жылы Қазақстан басшылығына Леон Мирзоян келген соң, мәдени-ағарту саласында түрлі өзгерістер байқалады. 1936 жылы республикада қазақ қаламгерлері арасында тұңғыш рет С. Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтіліп, ақын Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Бірақ кеп ұзамай 37 жылдың нәубетінде өзі құрған Кеңес үкіметінің түрмесінде жан түршігерлік қинау мен қорлық көріп, есіл ер 44 жасында опат болды. Ақын 1956 жылы толығынан ақталды.
Достарыңызбен бөлісу: |