Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
Шағын жинақты мектептің біріктірілген
сыныптарында бірпәндік оқыту принциптері
Әдістемелік құрал
Астана
2013
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылды (2013 жылғы 15 сәуірдегі № 2 хаттама).
Шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында бірпәндік оқыту принциптері. Әдістемелік құрал – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013. – 48 бет.
Әдістемелік құралда шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарына арналған сабақтардың дидактикалық принциптері, олардың құрылымы және оқытудың әдіс-тәсілдері мен ұйымдастыру әдістемесі ұсынылған. Сондай-ақ шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарына арналған бірпәндік сабақ жоспарларының үлгілері берілген.
Бұл әдістемелік құрал шағын жинақты мектеп мұғалімдеріне, білім саласы мамандарына, әдіскерлеріне, осы саланы зерттеушілерге, студенттерге арналған.
© Ы. Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясы, 2013
Алғысөз
Қазақстан Республикасындағы Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі – еліміздегі шағын жинақты мектептер қызметін дамыту болып отыр [1].
Бүгінгі таңда еліміздегі мектептердің басым көпшілігін шағын жинақты мектептер құрайды. Бұл мектептердің ерекшелігі – мұғалім бір мезгілде екі сыныппен қатар жұмыс істейді. Осы орайда шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарындағы сабақты тиімді ұйымдастыруда бірдей жастағы немесе білім саласы бойынша пәнаралық байланыстары бар пәндерді біріктірген тиімді. Мұндай ұстаным балалардың ерекшелігіне сай әртүрлі жастағы ұжымда бейімделуіне мүмкіндік береді.
Біріктірілген сыныптарда оқу үрдісі екі, тіпті үш сыныпта қатар ұйымдастырылатындықтан, мұғалім әр сыныпқа сабақ уақытының жартысын ғана жұмсайды. Бұл, көбінесе, негізгі пәндерді (әдебиет, қазақ тілі, математика, тарих, география, химия, физика, т.б.) оқытуда қиындық туғызады. Өйткені, тақырыптар өте ауқымды, уақыт жетіспейтіндіктен, біріктірілген сыныптарда сабақты тиімді ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр.
Шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарындағы сабақты тиімді ұйымдастыру бірпәндік оқыту принциптері негізінде құрылып, пәнішілік кіріктіре оқыту жүзеге асырылады. Бірпәндік оқыту принциптері белгілі бір пән мазмұнындағы тақырыптарды (мазмұны ұқсас немесе мазмұны әр тектес) кіріктіре оқытуға негізделген. Мұндай сабақтарда мұғалім, алдымен, оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарын, оның түрін, оған кететін уақытты және басқа сыныпта мұғалім басшылығымен жүргізілетін жұмыстарды анықтап алуы керек. Сондай-ақ мұндай сабақтар жоғары сынып оқушыларының өздігінен жұмыс істеуіне, мұғалімнің төменгі сынып оқушыларына көп көңіл бөлуіне, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Біріктірілген сыныптарда бірпәндік оқыту принциптеріне негізделген бірпәндік сабақтарды ұйымдастырудың өзектілігі:
бір пән ішіндегі тақырыптарды бірнеше сыныпқа бірдей, бір мезгілде түсіндіруге қолайлы жағдай жасалады;
оқушылардың назары бір пәннің аясына шоғырланып, басқа пәнге алаңдатушылық туғызбайды;
оқушылар екі сыныпта оқығанмен, олардың назарын бір пәннің мазмұнына аударуға мүмкіндік жасалады;
әр оқушы білім деңгейіне қарай өзіндік жұмыс түрлерін орындайды;
өзіндік жұмыстарды оқушылардың жас ерекшелігіне қарай деңгейлеп беруге жағдай жасалады;
оқушылардың бір-біріне көмектесіп, ұжымдық қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік беріледі;
жоғары сынып оқушысы төменгі сынып жұмысын тексеріп бағалау арқылы өз білімін іс жүзінде қолданады;
оқушылардың бірін-бірі, өзін-өзі тексеруі және бағалауы жүзеге асады.
Шағын жинақты мектепте бірпәндік сабақтарды өткізу оқу үдерісінің тиімділігін арттырады. Біріктірілген сыныптарда бірпәндік оқытуды ұйымдастыру оқушының оқу әрекетін жан-жақты қалыптастыруға және оқуға деген қызығушылығын дамытуға мүмкіндік береді. Ал әрбір сабақты өткізудің тиімді әдіс-тәсілдерін таңдау – ұстаздан кәсіби шеберлік пен ізденімпаздықты талап етеді.
Әдістемелік құралда шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарына арналған бірпәндік сабақтардың дидактикалық принциптері, құрылымы, оқытудың әдіс-тәсілдері және бірпәндік сабақтарды ұйымдастыру мен өткізудің әдістемесі ұсынылып отыр. Сонымен қатар шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарына арналған бірпәндік сабақ жоспарларының үлгілері берілген. Еңбек шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарындағы сабақты өткізуде мұғалімге көмекші құрал ретінде ұсынылады.
1 Шағын жинақты мектептегі бірпәндік сабақтардың дидактикалық принциптері
Қазіргі білім беруді дамытудың жаңаша бағыттарын философиялық тұрғыда талдау шағын жинақты мектепте мынадай дидактикалық ерекшеліктердің: семантикалық, философиялық, психологиялық, әдіснамалық, технологиялық, әдістемелік және практикалық тәсілдердің бірлігін талап етеді (1-кесте).
Семантикалық тәсіл негізгі ұғымдардың мазмұнын нақтылауда қолданылады.
Философиялық тәсіл субъектінің қоршаған ортамен өзара қатынасын реттейді.
Синергетикалық тәсіл өзіндік белсенділікті арттыруды мақсат етеді.
Психологиялық тәсіл оқушылардың ішкі сезімін тұрақтандырумен қатар қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруіне ықпалын тигізеді.
Рефлексиялық тәсіл тұлға қалыптасу барысында туындаған қарама-қайшылықтарды анықтауға, өзін-өзі тану мен өзін-өзі бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Рефлексиялық тәсіл негізінде педагогикалық үрдісте өз мінез-құлқына талдау жүргізуге дағдыланады.
Іс-әрекеттік тәсіл тұлғаның шығармашылық бағдарына (қызығушылығы, қажеттілігі, бейімділігі, т.б.) сай анықталатын тұлғалық сапасы мен қызметті орындаушылық қабілетін дамытуға бағытталады.
Тұлғаға бағдарланған тәсіл тұлғаның жоғары субъективтілігін дамыту қажеттілігі негізінде қолданылады.
Жүйелілік тәсіл әлеуметтік-мәдени (жалпыадамзаттық және кәсіби мақсаттар, құндылықтар жүйесі), психологиялық (шығармашылық, интеллектуалдық дамудың белгілі бір деңгейі, іс-әрекет пен қарым-қатынас стилін меңгерту жүйесі) қабілеттерді дамытуға бағытталады.
Технологиялық тәсіл мазмұндық ұйымдастырушылық, әдістемелік және рейтингілік жүйелерден құралады.
Андрагогикалық тәсіл мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру үрдісін әдістемелік қамтамасыз етумен қатар нәтижені тиімді бағалауға және мұғалімдердің өзіндік әрекетін белсендендіруге оң әсерін тигізеді.
1-кесте – Шағын жинақты мектепте білім беруді дамыту бағыттары
Бұрынғы және қазіргі
|
Жаңа бағыт
|
Жас ұрпаққа білім мен тәжірибені меңгерту.
|
Оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру, дамыту.
|
Оқушыларды болашақ өмірге даярлау.
|
Нақты жағдайда басқаларға кедергі келтірмей өмір сүруге баулу.
|
Өскелең ұрпақты болашақ өмірге дайындау.
|
Өзгермелі өмірде инновациялық қажеттіліктерді сезінуге баулу.
|
Оқытудың мақсаты – білімді меңгерту.
|
Оқытудың мақсаты – өзін-өзі дамыту және өзін-өзі жетілдіруге үйрету.
|
Қалыптасқан білім негіздерін меңгерту.
|
Нақты жағдайға сай жүйелі және сын тұрғысынан ойлауды меңгерту.
|
Білім мазмұнында сабақтастық байқалмайды.
|
Білім мазмұны кәсіби бағдармен сабақтаса беріледі, іс-әрекет барысында меңгертіледі.
|
Оқыту барысында білімді дамытуға бағытталған репродуктивті әдістер қолданылады.
|
Нәтижелі іс-әрекетке бағытталған әдістер қолданылады.
|
Білім мазмұны өмірмен байла-ныстырылмайды.
|
Білім мазмұны қоғамның немесе жекелеген адамның алдына қойылған нақты проблемаларды шешу жолдарымен байланыстырылады.
|
Білім мазмұны оқушыларға дайын күйінде беріледі.
|
Өзіндік мақсатты анықтау үшін оған қол жеткізетін жолдарды белгілеу.
|
Оқушылар бақылау болмағанын қалайды.
|
Оқушылар объективті түрде және уақытында бағаланғанын қалайды.
|
Мұғалім таңдалмайды.
|
Оқушылар мұғалімді таңдау мүмкіндігіне ие.
|
Синергетикалық тәсіл педагогикада қолданылатын өзін-өзі ұйымдастыру, өз білімін толықтыру және өзін-өзі жетілдіру әдістерін меңгертуге негізделген. Синергетика («синергия» – бірлесіп әрекет ету, ынтымақтасу) өзін-өзі жетілдіру үрдісін коммуникативтік тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді. Синергетикалық тәсіл негізінде ұйымдастырылған оқу үрдісі ашық диалог пен кері байланысқа негізделуі шарт [2].
Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру мақсатында синергетикалық тәсіл өзара ынтымақтастық қатынасты жетілдіре отырып, өзін-өзі тану, анықтау, басқару және жүзеге асыру үрдісінің тиімділігін арттыруға, мұғалімдердің педагогикалық және әлеуметтік-мәдени қызметін оңтайлы ұйымдастыруға бағытталады.
Өзіндік таным – өте күрделі, әрі субъективті маңызды сапа. Өзіндік танымның күрделілігі төмендегі себептермен түсіндіріледі:
біріншіден, тұлға өзінің танымдық қабілетін дамытуы үшін қажетті әдіс-тәсілдерді жинақтауы және оны қолдана білуі шарт;
екіншіден, өзінің танымын кеңейту үшін қажетті материалдарды жинақтай білуі қажет;
үшіншіден, адамның өзі туралы білімі оның дамуына әсерін тигізеді.
Сондықтан, «өзіндік таным» міндеті әр тұлға үшін субьективті маңызды сипатқа ие: осы бағыттағы кез келген ілгерілеушілік адамның өзін-өзі дамытудағы жаңа қадам болып саналады.
Табиғи және әлеуметтік ортамен қарым-қатынас жүйесінде оқушы өзін түрлі рөлде ұстайды, түрлі сапалық қасиеттерін танытып, түрлі іс-әрекет субьектісі болуы мүмкін, қарым-қатынастың әр түрінде өзіндік «менін» танытады. Өзіндік талдау үрдісінде өз «мені» туралы білімнің ішкі және сыртқы психологиялық ерекшеліктері талқыланып, негізгі құндылықтар анықталады. Соның нәтижесінде оқушының өзіндік «мені» жаңа сапалық өзгерістерді сезініп, жинақталған жалпылама «мен» бейнесі, өз болмысы туралы пікір мен қоғамдық құндылықтар қалыптасады.
Осыған байланысты шағын жинақты мектепте оқытудың жаңа жүйелерін зерттеу қажеттілігі күннен-күнге өзекті бола түсуде. Өйткені сапалы оқытудың және шағын жинақты мектеп оқушыларының шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытудың басты құралы пән мазмұны мен оны оқыту әдістемесіне тікелей байланысты.
Шағын жинақты мектеп оқушысының тұлғасын қалыптастыру мен дамытуда педагогикалық қарым-қатынасты ізгілендіру, демократияландыру, іс-әрекет, әлемнің тұтас бейнесі туралы, үздіксіздік, минимакс, психологиялық жайлылық, вариативтік принциптерінің рөлі зор.
Ізгілендіру – оқушының жеке тұлға ретінде дамуына, оның қабілеттерін ашуға жағдай жасау, мейірім мен бақытты тілейтін ішкі жан дүниесіне үңіле білу. Ал оларға ізгілік тұрғысынан қарау дегеніміз – ұстаздың оқушыларға деген сүйіспеншілігі, олардың тағдырына, келешегіне алаңдау, қабілеттеріне сену, оқушылармен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату, ынталандыру, шыдамды болу, дер кезінде көмек беру.
Шағын жинақты мектепте білім беруді ізгілендіру принципі төмендегі жағдайлар арқылы жүзеге асады:
педагогикалық үдерісте, ең алдымен, оқушының жеке тұлғасын қою, оқытуды тұлғаға бағыттау, өздігінен даму және өзін-өзі көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ету;
білімді орталықтандыру жолынан бас тартып, білім берудің дамытушылық, жүйелі-әрекеттік тәсілін қарастыру;
пәндік және фрагменталды білімнен пәнаралық, мазмұндық-ақпараттық, ұйымдастырушылық-әдістемелік кіріктірілген білімге көшу;
ШЖМ-те білім беру процесінің ерекшеліктерін және оқушылардың жеке дара қабілеттерін ескеретін оқыту технологиясын таңдау;
педагогикалық үдерісті психологиялық тұрғыдан сүйемелдеу, т.б.;
тұлғаны жан-жақты дамыту үдерісіне барлық әлеуметтік институттарды енгізіп, оларды әлеуметтік серіктестікке шақыра отырып, әлеует пен тұлғаның өзара іс-әрекетін оңтайландыру;
мұғалімнің озық гуманистік дайындығы: оқушылармен қарым-қатынас пен диалогке түсу дайындығын қалыптастыру; шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсету қажеттілігі.
Ізгілендіру табиғи және мәдени үйлесімдік принциптерін сәйкестендіріп, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды, тұрақты даму құндылықтарының арақатынасын белгілеп, өңірлік және тұлғалық компоненттерді ескеріп, негіздейді.
Демократияландыру – мұғалім мен оқушының тең құқықтығы, оқу үдерісін оқушылармен бірге басқару, ұйымдастыру, оқушылардың оқыту формаларын еркін таңдауы, олардың өзіндік көзқарасының болуы. Ғалым П.И.Пидкасистый: «демократияландыру – оқушымен санасу» деп пайымдайды [3].
Синергетикалық тәсілге сәйкес, ШЖМ әлеует үшін, басқа ұйымдармен әлеуметтік серіктестік, өндірістік құрылымдар және жергілікті тұрғындармен ашық жүйе ретінде қарастырылады және ауылдың мәдени үйлесімдік орталығы қызметін атқарады. Өзара қарым-қатынас, ашықтық, қарқындылық, өзін-өзі реттеу және ұйымдастыру осындай жүйенің функционалдық сипатын анықтайды.
Ынтымақтастық – балалар мен үлкендердің өзара түсіністігі, бір-бірінің ішкі жан дүниесіне үңілу негізіндегі біріккен дамыту іс-әрекетінің барысы мен нәтижелерін ұжымды түрде талдау жүргізудің гуманистік идеясы. Осының негізінде мектептің барлық іс-әрекеті жеке тұлғаға – оқушыға қызмет етуге бағытталады.
Ынтымақтастық педагогикасы оқушыны өзара тығыз байланыстағы әртүрлі іс-әрекеттердің, ең алдымен, оқу-білім, қоғамдық пайдалы еңбек, ақыл-ой, шығармашылық, т.б. іс-әрекеттердің субъектісі ретінде түсіндіріледі.
Соңғы жылдардағы психологиялық-педагогикалық зерттеулердегі негізгі қорытынды бойынша оқушы тұлғасын қалыптастыру және оны әрі қарай дамыту дайын білімді қабылдаудан ғана емес, жаңа білім «алуға» бағытталған өзіндік іс-әрекет процесінде көрінеді.
Осы орайда дамыта оқытудың негізгі мақсаты баланы оқу-танымдық іс-әрекетке тарту болып табылады. Ресейде бастауын Л.С.Выготскийден алып, оның бер жағында А.Н.Леонтьев идеясына сүйенетін және Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов жасаған дамыта оқыту теориясы мен Н.Ж.Құрманованың нақты қазақ тілін қазақ мектебінде оқытуда дамыта оқыту технологиясын қолданудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеген еңбегі осы жұмысымызға ғылыми және практикалық жағынан негізгі басшылыққа алынды.
Н.Ж.Құрманова «дамыта оқыту технологиясының» жалпы болмысын танытатын белгілер деп мынадай белгілерді атай келе, «дамыта оқыту» - оқыту, жалпы білім беру, ізгіліктендіруші жүйе деп қарастырып, оқытуды іс-әрекеттік принципке негіздейді [4].
Іс-әрекет принципі, міне, осыған саяды. Іс-әрекет принципін іске асыратын оқыту іс-әрекеттік тәсіл деп аталады.
Баланы іс-әрекетке тарту дәстүрлі дайын білім беруден түбегейлі ерекшеленетіні сөзсіз. Жаңа материалды өткенде, мұғалім тек көрнекі құралдарды қолданып, құрғақ баяндап берумен шектелмей, оқушылардың ізденушілік жұмысын ұйымдастыра білу қажет. Сабақтың басты мәселесін шешпес бұрын оқушылар ойланып, жаңа жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін өздері түсінуі тиіс. Іс-әрекет тәсілі сабақты ұйымдастырып, жүргізудегі көптеген қалыптасқан ескі дағдыларды жандандырып, «мұғалім-оқушы» арасындағы өзара қарым-қатынас жүйесін өзгертеді. Осыдан келіп, мынадай сұрақтар туындайды:
Сабақтың құрылымы қандай болуы тиіс?
Оны қалай дайындау керек?
Мұғалімнің түсіндіруін күтпей, оқушыларды іс-әрекетке өз бетінше жұмылдыру үшін не істеу қажет?
Бұл сұрақтарға сабақты ұйымдастырып жүргізуде нақты құрал ретінде қызмет атқаратын В.В. Давыдовтың құрған оқу әрекеті жауап береді. Бұл төмендегідей компоненттерден тұрады.
Кез келген іс-әрекет, ең алдымен, осы іс-әрекетті жүргізетін адамның саналы мақсаты болуымен сипатталады, бұл әртүрлі сұраныстар мен қызығушылықтар арқылы туады. Дәл осы секілді оқу әрекеті де, оқыту мақсаты да оқушылар үшін маңызы болғанда ғана туындауы мүмкін. Сондықтан оқу әрекетінің алғашқы басты элементі оқу міндеті болып табылады.
Оқу міндеті – оқушыны жаңа материалды игеруге ынталандыратын мақсат. Оқу міндеті оқушының алдына проблемалы жағдаят түрінде қойылуы мүмкін. Бұл, бір жағынан, жаңа түсінікті енгізудің дұрыстығына көз жеткізеді, екінші жағынан, оқу әрекеті процесін белсендендіріп, түсінікті етеді. Оқу міндетін қою кезінде төмендегі талаптарды орындау қажет:
оқу міндеті оқушылар үшін маңызды және іс-әрекеттің жаңа тәсілін іздеуге бейімдеу;
оқу міндеті іс-әрекеттің белгілі тәсілдерін шығармашылық тұрғыдан қолдану нәтижесінде шешілуі мүмкін жаңашылдықтан тұруы.
Сабақтың міндеті тақырыпты жай баяндаудан тұрмауы тиіс, өйткені бұл кезде танымдық мотивтердің оқушылар үшін маңызы болмайды. Танымдық қызығушылық тудыру үшін «қиындықтарды жеңу» мәселелерімен ұшырастыру керек (яғни мұғалім оқушылардың алдына «мәселені ұсынады», ал оқушылар осы мәселені шешуде әртүрлі шешімдер (нұсқалар) іздейді). Мұғалім оқушыларға арнайы сұрақтар мен тапсырмалар жүйесін құрып, осындай ізденіске жетелеп отырады. Олар сұрақтарға жауап бере отырып, оқу әрекеттері деп аталатын пәндік және ойлау әрекеттерін орындайды. Осыған орай оқу әрекеті дегеніміз – оқу міндеттерін шешуге және жаңа білім «ашуға» бағытталған оқушылардың пәндік және ойлау әрекеттері.
Үшіншіден, оқу әрекетіне қажетті компонент өзін-өзі бақылау және өзін- өзі бағалау әрекеті болып табылады. Бала өз іс-әрекетінің нәтижелерін бағалап, алға жылжу мүмкіндігін сезінеді. Бұл кезеңде әрбір балаға табысқа жету жағдаятын құрудың маңызы зор, бұл таным жолында әрі қарай жылжуына ынталандырады.
Жоғарыда аталған әрбір кезеңдегі жұмыстың тәсілдері мен әдістері педагогикалық теорияда, сондай-ақ оқыту тәжірибесінде де жаңалық емес. Бұлар оқушыларды сабақта «белсендендіруге» арналған педагогикалық зерттеулерде жеткілікті сипатталған. Осыған байланысты жалпы білім беретін мектеп жұмысының тәжірибесінде іс-әрекеттік тәсілдің іргетасы жақсы қаланған.
Бұл жердегі жаңалық – оқу әрекетінің барлық үш кезеңін жүйелі, кешенді жүргізу қажеттігі. В.В.Давыдовтың идеясы кез келген адамның іс-әрекет құрылымын (А.Н.Леонтьев құрған) оқушылардың оқу іс-әрекетіне ауыстыруға негізделген.
Я.А.Коменскийдің өзі «құбылысты шашыраңқы емес, өзара байланысты меңгерту қажет» деген. Қазіргі кезде бұл тезис үлкен мағынаға ие. Бұл балада әлем туралы (табиғат-қоғам-өзі туралы), ғылым жүйесіндегі әрбір ғылымның рөлі мен орны туралы жинақталған, тұтас түсінік қалыптасуы керектігін білдіреді. Әрине, оқушыларда қалыптасатын білім ғылыми білімнің тілі мен құрылымын көрсетуі керек.
Әлемнің тұтас бейнесі туралы принцип дәстүрлі жүйедегі ғылымилықтың дидактикалық принципімен тығыз байланысты, десе де оған қарағанда тереңірек. Бұл жерде тек әлемнің ғылыми бейнесінің қалыптасуы ғана емес, сонымен қатар оқушылардың алған біліміне тұлғалық қатысы, сондай-ақ оны тәжірибеде қолдану білігіне де қатысты. Мысалы, экологиялық білім туралы тақырыпта оқушылар шөпті жұлмау, өзінен кейін қоқыс қалдырмау керектігін жай біліп қана қоймай, осы мәселелерге қатысты өзінің жеке шешімі болуы қажет.
Үздіксіздік принципі әдіснама, мазмұн мен әдістеме деңгейіндегі оқытудың барлық деңгейлері арасындағы сабақтастықты қарастырады. Сабақтастық идеясы педагогика үшін жаңалық емес, дегенмен әлі күнге дейін жүйелі шешілмегендіктен, «пропедевтикамен» шектеледі. Әртүрлі бағдарламалар мен түрлі педагогикалық жүйенің пайда болуына байланысты сабақтастық мәселесі өзекті бола түсуде. Соңғы жылдары «Мектепке дейінгі – бастауыш мектеп – орта мектеп – жоғарғы оқу орны» үлгісіндегі үздіксіздік принципін іске асырудың теориялық негізін В.Н. Просвиркин әзірледі. Оның тәсілдері бойынша оқушылардың үйренген деңгейіне уақытында түзету жүргізуге ғана емес, психологиялық-физиологиялық күйіне де көмектеседі. Балалардың бәрі әртүрлі және олардың әрқайсысы өз қарқынымен дамиды. Сонымен қатар әлсіз оқушыларға өте жоғары деңгейге бағдарланған материалды оқыту дұрыс емес. Бұл мықты оқушылармен қатар әлсіз оқушылардың да дамуын кешеуілдетеді.
Минимакс принципі мектеп оқушыға білім мазмұнын барынша жоғары деңгей бойынша ұсынуға, ал оқушы осы ұсынылған мазмұнды барынша төмен деңгейде игеруге негізделген (А.А. Леонтьев) [5].
Минимакс жүйесі жеке өзін-өзі реттейтін жүйе болғандықтан, жеке тәсілді іске асыру үшін оңтайлы жүйе болып табылады.
Әлсіз оқушы барынша төмен біліммен шектеледі, ал мықты оқушы білімін әрі қарай жетілдіреді. Қалған оқушылар өз қабілеттері, мүмкіндіктері мен танымдық әрекеттеріне қарай екі деңгей арасындағы аралықта орналасады, яғни олар өз мүмкіндіктеріне сәйкес келетін деңгейді таңдап алады.
Жұмыс күрделіліктің жоғары деңгейінде жүргізіледі, бірақ тек міндетті нәтиже мен табыс бағаланады. Бұл оқушылардың табысқа жету мүмкіндігін қалыптастыруға көмектеседі.
Сонымен, оқытудың кез келген процесінің міндеті – оқушыларға білім негізін беру, сол білімді талап ету.
Психологиялық жайлылық принципі оқу процесіндегі барлық стресс тудыратын мүмкіндіктерден қашуға, сыныпта жағымды атмосфера құруға, оқушылардың оқудағы жетістіктерін көрсетуге жол ашады.
Оқу үдерісінде балаларды қорқытпай, қысымшылық жасамай, керісінше олармен жылы қарым-қатынас орнату керек. Егер оқушылар үлкендер алдында қорқып үрейленсе, оқу ешқандай табысқа әкелмейді. Дегенмен психологиялық жайлылық баланы дамыту үшін ғана емес, сондай-ақ білімді меңгеру үшін де өте қажет. Оған оқушылардың физиологиялық жай-күйі де байланысты. Нақты жағдайларға, нақты білім мен әлеуметтік ортаға бейімдеу, жақсы жағдай құру оқушылардың денсаулығына кері әсері бар жүйкеге түсетін қысымды түсіруге көмектеседі. Оқушылардың бойында өзіне деген сенімсіздіктің пайда болмауын үнемі қадағалау қажет. Сыныпты «жақсы» мен «жаман», «ақылды» мен «ақымақ» оқушыға бөлуге болмайды. Әрбір бала мұғалімге және өзіне деген сенімді сезінуі керек. Жаңа білімді игеру кезіндегі табыстар (менің қолымнан келеді!) оқушының өзіне деген сенімін қалыптастырады, қиындықтарды жеңуге көмектеседі. А.С.Макаренко, Л.В.Занков, А.А.Леонтьев және т.б. ғалымдар айтып өткендей, бұл оқудың тұлғалық-маңызды мотивтерін қалыптастыру үшін өте қажет, сондықтан тұлғалық-бағдарлық педагогиканың басты талаптарының бірі.
Қазіргі таңда әрбір адамнан тауар мен қызмет көрсетуден бастап достар мен өмірлік жолына дейінгі таңдау білігін талап етеді.
Вариативтік принцип оқушылардың вариативтік ойлау қабілетін дамытуды көздейді, яғни тапсырманы орындаудың әртүрлі нұсқаларын табу, нұсқаларды іріктеу, оларды салыстырып, тиімді нұсқаны табу мүмкіндіктері. Білімді дайын түрде бермей, оқушылардан ізденуін, дербестігін, шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға бағытталады.
Вариативтік принципте іске асатын оқыту оқушылардың бойындағы үрейді сейілтеді, сәтсіздікті трагедия ретінде емес, оның тек сәтсіз нұсқалардың бірі екендігін, сондықтан келесі нұсқасын іздеуге жол береді, қатесін жөндеуге үйретеді. Мәселені осылайша шешу, әсіресе қиын жағдайға тап болғанда, өмірде өте қажет; сәтсіздікке ұшыраған кезде қамықпай, одан шығудың жолын іздестіру керек. Екінші жағынан, вариативтік принцип мұғалімге оқу әдебиеттерін, жұмыс түрі мен әдістерін және оларды оқу процесіне бейімдеу деңгейін таңдауға құқық береді. Дегенмен, мұндай құқық мұғалімге өзі іс-әрекетінің соңғы нәтижесіне – оқыту сапасына үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Жоғарыда аталған принциптер дидактиканың дамуындағы сабақтастық пен үздіксіздіктің нәтижесі болып табылады. Бұлар дәстүрлі дидактикадан бас тартпай, керісінше оны сапалы жаңа деңгейге шығарып, дамытады.
Шындығына келгенде, баланың өзі «ашқан» білімі көрнекі, жеткілікті әрі саналы меңгерілген болады. Дегенмен баланы іс-әрекетке тартудың дәстүрлі көрнекі оқытудан ерекшелігі оның ойлау қабілетін белсендендіреді, өзін-өзі дамытуға қалыптастырады (В.В. Давыдов) [6].
Минимакс жүйесі тұлғалық қабілеттерді дамытуға көмектеседі. Бұл жерде барлық баланың (мықты және әлсіз) дамуына мүмкіндік беретін әртүрлі деңгейлік оқыту мәселесі шешіледі (Л.В.Занков) [7].
Психологиялық жайлылықты талап ету оқушының психологиялық-физиологиялық жай-күйін ескеруді қамтамасыз етеді, жағымды эмоционалды орта құрады (Л.В.Занков, Ш.А.Амонашвили) [8].
Әлемнің тұтас бейнесі туралы принципті іске асыратын оқыту ғылымилыққа қойылатын талаптарға жауап береді, сонымен бірге жаңа тәсілдерді де іске асырады: барлық курстың гуманитарлық бағыты, олардың пәнаралық байланысы, әлем және тұлғаның әлемге көзқарасы туралы жалпы түсінігі (А.А.Леонтьев).
Үздіксіздік принцип сабақтастық мәселелерді шешуде жүйелі сипат алады (В.Н.Просвиркин). Шығармашылық және вариативтік принцип қазіргі қоғамдық өмірге тұлғаның табысты кірігуі жағдайын бейнелейді (Д.Б.Богоявленская).
Аталған дидактикалық принциптер дәстүрлі дидактиканың идеясын дамыта отырып, жинақталған түрде қазіргі ғалымдар, психологтар, әдіскерлердің дамыта оқыту туралы дидактикалық идеяларын көрсетеді. Тұтастай алғанда, жалпы білім беретін шағын жинақты мектептердегі дамыта оқытудың қазіргі талаптарын шешуді қамтамасыз етеді.
Осы дидактикалық принциптер жүйесін вариативтік тұлғалық-әрекеттік тәсіл деп атауға болады.
Оқытудың қазіргі әдістемесі мен тәжірибесінде осы принциптерді практикалық тұрғыдан іске асыру құралдары айтарлықтай жинақталған десе де, оларды қолдану жүйелі емес, үзік-үзік сипатқа ие. Сондықтан жаңа дидактикалық жүйелерді қолдану мұғалімнен оқытудың қазіргі мақсаты мен міндеттерін, жоғарыда аталған принциптердің рөлі мен мәнін терең саналы сезінуді талап етеді.
Жаңа дидактикалық жүйеге тәжірибелік бейімделу дәстүрлі оқытудың әдіс-тәсілдерін жаңартуды, жаңа білім мазмұнын жасауды талап етеді.
Біріктірілген сыныптардағы бірпәндік сабақтардың құрылымы
Шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарындағы сабақты тиімді ұйымдастыру бірпәндік оқыту принциптері негізінде құрылып, пәнішілік кіріктіре оқыту жүзеге асырылады. Бірпәндік оқыту принциптері – белгілі бір пән мазмұнындағы тақырыптарды (мазмұны ұқсас немесе мазмұны әр тектес) кіріктіре оқыту.
Бірпәндік оқыту принциптері бірпәндік сабақтарды ұйымдастыруда қолданылады. Ал бірпәндік сабақ дегеніміз – біріктірілген сыныптарда бір ғана пән бойынша (мысалы, екі сыныпта да қазақ тілі сабағы) өткізілетін сабақ. Бір саладағы сабақты өткізетіндіктен, мұғалім назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай аударады.
Бірпәндік сабақтарды тиімді ұйымдастыру үшін сабақ кестесін дұрыс құру керек. Ол үшін мұғалім пәндерді біріктіргенде, оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыруға барынша мүмкіндік беретін принципті ескеруі керек.
Бірпәндік сабақ кестесін құрастырғанда, төмендегі сабақ кестесінің үлгілерін басшылыққа алуға болады (2-кесте).
2-кесте – Сабақ кестесінің үлгілері
Күні
|
Реті
|
2-сынып
|
4-сынып
|
Дүйсенбі
|
1
2
3
4
5
|
Қазақ тілі
Математика
Әдебиеттік оқу
Еңбекке баулу
Сынып сағаты
|
Қазақ тілі
Математика
Әдебиеттік оқу
Еңбекке баулу
Сынып сағаты
|
Сейсенбі
|
1
2
3
4
5
|
Қазақ тілі
Математика
Әдебиеттік оқу
Дене шынықтыру
Дүниетану
|
Қазақ тілі
Математика
Әдебиеттік оқу
Дене шынықтыру
Дүниетану
|
Сәрсенбі
|
1
2
3
4
|
Математика
Әдебиеттік оқу
Бейнелеу өнері
Қазақ тілі
|
Математика
Әдебиеттік оқу
Бейнелеу өнері
Қазақ тілі
|
Бейсенбі
|
1
2
3
4
5
|
Қазақ тілі
Математика
Әдебиеттік оқу
Дене шынықтыру
Дүниетану
|
Қазақ тілі
Математика
Әдебиеттік оқу
Дене шынықтыру
Дүниетану
|
Жұма
|
1
2
3
4
5
|
Қызықты математика
Тіл дамыту
Музыка
|
Орыс тілі
Математика
Тіл дамыту
Музыка
Қызықты математика
|
Сенбі
|
1
2
3
4
|
Еңбек
Қозғалмалы ойындар
Дене шынықтыру
|
Орыс тілі
Еңбек
Қозғалмалы ойындар
Дене шынықтыру
|
Достарыңызбен бөлісу: |