Шах Зада Есалы Шежірелер шындығы



бет1/11
Дата28.01.2018
өлшемі7,18 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Шах Зада Есалы


Шежірелер шындығы

Шежірелер шындығы
Өзіңнің шыққан тегіңді біл, бұл туыстарды жақындастыра түседі. Араласып тұрмасаң жақын туысың да жат болмақ. Араласып журсең алыстағың жаныңа келеді. (133-хадис)

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)
Сөз басы
Алтайдан Атырау – Еділге дейін, терістігі ібір-сібір орман жұрты, түстігі асқар шыңды ақбас алып тауларға дейін көсіліп жатқан байтақ жер, «Қазақ елі» – бұрынғы ұлы Тұран, түркілердің түп отаны еді. Сол ұлы мемлекет, ұлы одақты уысында ұстап өткен, билік жүргізген қасиетті бабаларымыз – Афрасиаб патша (Арыстан баб әулие ), одан бергі ұлы билеушілердің түп атасы Боданчар – мунхақ (Қамбар батыр) араб емес, нағыз түрік әулеттері болатын. Кейінгі ұрпақтары аруақтарына сиынып, дерттеріне шипа, жан жарасына медет тілеп бастарына зиарат етеді. Сол Алланың разылығымен болған ерекше қасиеттерін кейінгі дін уағыздаушы миссионерлер, олар араб әулиелері деп өз мақсат мүдделері үшін пайдаланып келді де.

Бұдан 30-35 ғасыр бұрын, тіпті одан да арыдан бастау алатын Қазақтың тегін, төркін жұртын, елімізді, жерімізді иемдену мақсатындағы сыртқы күштер «хабарсыз қараңғылыққа сүйреп», оз пайдаларына жаратып келді. Бүл қаскөйлік үрдіс ашық болмаса да, күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

Кешегі «Қазақ ордасының» туын қайта көтерген Керей мен Жәнібектен бастап ақылы асқан Абылай ханға дейін «бірде өліп, бірде тірілген» қазақ халқы ХХ-ғасырдың соңғы он жылдығында «Қазақстан» деген тәуелсіз республика құрып әлемге танылды. Сол тәуелсіздіктің арқасында «өшкен жанды, өлген тірілді». Еңсесін көтерген ел ұландары өткен тарихын, ата- баба есімдерін іздей бастады. Әр рудың азаматтары өз ру-тайпаларының шежіресін жинап, бастырып, ата-тегін ұмытқан бүгінгі буын мен келер ұрпаққа ұсынды. «Жеті атасын білмейтін жетесіз» атандырмаумен қоса жеті атаға толмағандарды некелестірмей қан тазалығын сақтау – Әз Жәнібек хан жарғылап кеткен қазақтың бұлжытпай орындауға тиісті қасиетті қатал заңы еді.

Шежіре жинап, оны бастыру еріккеннің ермегі емес. Алқалы топ болсын, жеке хаттаптар болсын, аталар тізбесін тарихта шын болған оқиғалармен өріп, үйлестіре білсе оқырман қауымның талғам таразысына дәп берері хақ.

Бұны айтып отырған себебіміз: біздің «Байжігіт» шежірелерінде Байжігіттің акесі Тоқтар қожа, оның әкесі Сайбек хан, оның әкесі Тоқтамыс хан, оның әкесі Тоқты хан деп, одан ары қарай: Орақ батыр, Айдынды батыр, Құралы батыр, Торалы батыр, Едіге батыр, Шашты Әзиз әулие, Бабай өмір, Енисин, Зейнелғаби, Хазрет Құсайын, Хазрет Ғали (р.ғ) деп тізбелеп апарып арабқа бірақ тірейді.

Осы жерде, Хакім Абайдың: «біздің қазақтың ықыласы атасын ғарабтан шықты дегенді ұнатқандай. Онысы ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып...хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған іс. Хаммаға мәлім, сол маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ» - дегені еріксіз ойға оралады.

Ауыздан ауызға айтылып келіп-келіп, кейінде ғана қағазға түсірілген шежірелердің шындық шеңберінен шығандап кететіндігін былай қойғанда, қазіргі білім, ғылымның толысқан, тарихи мәдениетіміздің кемелденген шағының өзінде аттары әйгілі ғалымдарымыздың алқалы кеңесімен екшеліп, жүйеге келтіріліп шықты деген «Қазақтың ұлттық энциклопедиясы» мен «Қазақтың тарихы» және «Елтұтқа» сияқты басылымдардағы көпе-көрнеу қисынсыздықтарға не деп баға берерімізді білмей қаламыз.. Неге олай?

Сол бір тарихаттарды ұлтжанды азаматтар, этнос пен тарихымызды зерделеуге ынталы жандар анау кеткен қателіктерге терең үңіліп, теріске шығарып түңіліп жатса, онда сол бір басылымдардың ұрпақ үшін қандай қажеті бар деп ойлайсыз ба, ойламайсыз ба?!

Мен қарапайым ғана ауылшаруашылығы саласының қызметкерімін. Балалық шағымда жазған бір-екі өлеңім өзіміздің аудандық газетте шыққаны болмаса, былай жазумен айналысып көрген жан емеспін. Көркем әдебиетке тарихи тартысты, шырғалаң сюжетті шығармаларға жасымнан-ақ құмар едім. Жақсы шығармаларға жаным сүйініп, олпы-солпысы шыққан көтерем туындыларға көңілім сұйылып, сын тезінен өткізіп оқып өскен адаммын. Біздің артымызда ұлы прогрессті жалғастырушы, одан ары өркендетуші ұрпақ тұр. Солардың бірі болмаса бірі, аталардың жазып кеткендері, «бос былшыл, өтірікке толы сандырақ» деп белінен бірақ сызса не болады?

«Жетпіс деген жерге» де жағалап келе жатырмын. Көзбен көріп оқып, көңілге түйген ойларымды ортаға салуды борышым деп есептедім. Шама шарқымызша «Шежірелер шындығына» қалам тарттық. Ойыңызға ұялап, көңіліңізге қонып жатса мақсатымызға жеткеніміз.



Ерте-ерте, ертеден бері ауызша айтылып, келе-келе кейіннен хатқа түсіріліп, баспа бетін көрген Байжігіт туралы шежірелерді оқи отырып, оның түп-тұқияны кім деген ойға қаларыңыз белгілі. Біз білетін шежірелер Сайбек ханнан ары қарай терең қазбалап таратуға «жүректері дауаламайды». Неге? Себеп жоқ. Кейбіреулер тарихты қазбалап, көз майымды тауысып қайтемін, жүйкені жұқартқанша жұрт айтса болды емес пе дей ме екен...

* * *
Біздің шежірелеріміздің келтіретін мезгілінен алдеқайда бұрын болған түпкі ата-тегіміз, түбі түркі аталатын Наймандармен байланыс араластығы, кейінгі ұрпақтар сабақтастығында да мәңгі жалғасын тауып отырған екен. «Тоғыз таңбалы сегіз арыс» дейтін Наймандар тарихы сонау ертедегі Қытай жылнамаларында сақталып, олар Төре Найман, Бетеге Найман, Көшеуіт Найман, Дүрмен Найман, Ақсауыт Найман, Барлас Найман, Қаңлы Найман, Керей Найман деген сегіз топқа бөлініп көрсетілген дейді.

Қазіргі Шыңғыстау (Найманкөк), Орда да Сартауылға жасар жорық алдында Шыңғыс ханның тоғыз түмен әскері тұрыпты. Соның көбі Найман, Керей, Арғын руларынан жасақталған сарбаздар еді де, бұның сыртында сегіз мыңдай араттар (малшы-жалшылар) болған екен. Одан бергі ХІІІ-ғасыр ортасында Бату хан інісі Шайбанға ел мен жер бөліп бергенде де Найман ұлысын Шайбанға берді. Наймандардың түп атасы атанған Ақсопы мырзаны «Дәулет Шайх баласы Әбілхайыр хан батыс сібірде хандық қурғанда, сіңірген еңбегіне разы болып, Шыңға тура, қазіргі Тюмень аймағына даруға әкім етіп қойған» деп жазылған шежіреде. Ал «Әбілхайыр немересі Шайбани хан Орта Азияны жаулап алуға аттанғанда Қаракерей, Шайхы, Сопыбек, Сүйініш, Қытай және Жүсіпқожа, Өкреш Наймандар бірге аттанған. Қаракерей, ханның мықты әмірлерінің бірі. Қысқасы, Ақсопы баба сүйегі қазіргі Тюмень облысының жерінде жатса, Өкіреш Найман бабаныкі ескі Сығанақ шаhары маңында екен. Өйткені ол осы шаhарды алу үшін Шайбанимен бірге соғысыпты» дейді. Ақиқаты бір Аллаға аян.

Әуелінде Ақсопының, оның ұлы Белгібайдың (Өкіреш атанған) бірнеше туыстары мен балалары болса керек. Олар Шайбани қолымен бірге Орта Азияға тарап кеткен.

«Әбілғазы Бахадұр хан бір сөзінде Әбілхайырдың замандасы Шайбақ Темірші өлгенде наймандар одан ұрпақ қалмағанына көздері жетіп басқа жаққа көшіп кетеді, бірақ Темірші өлген соң алты айдан кейін мұрагері Жәдігер дүниеге келеді. Ұйғырлар наймандарға хабар жібереді, олар хабаршыга сүйінші ретінде ең жүйрік күрең қасқа сәйгүлігін сыйға тартады. Наймандар қайтып келеді, ұйғырлар той жасайды, және қақ төрге наймандарды отырғызады. Содан бері наймандар ұйғырлардан жоғары отырады. Бұл жан жақты сипаттаудан наймандардың Шайбақ тектілердің қарамағында 50-70 жылға тарта болғаны байқалады.

Жошы ұлысының (Алтын Орда) батыс бөлігін Батудың ұрпақтары, шығыс бөлігін Ертіс пен Балқаш көлінен Қаратауға дейінгі аралықты (Ақ Орда) Орда Ежен ұрпақтары, ал орта бөлігін Арал немесе Көк теңізден солтүстікке дейінгі аралықты (Көк Орда) Шайбахтың ұрпақтары биледі десек, онда наймандар шамасы қазіргі Атбасар, Ырғыз өңірлерін мекендеп, Амудария мен Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген Хорезмдік ұйғырлармен көршілес тұрса керек».

Мұхаммед Салықтың «Шайбанинамасында» жазылғандай, «Мұхаммед Шайбани Түркістанды алғанда наймандар сонымен бірге болған. 1508 жылы Шайбани басып алған жерлерінен үлес таратқанда, Қобыз Найман деген кісі Мары қаласы мен оның төңірегіне ие болған» - деп жазады өзінің «Қазақ тарихына материалдар» еңбегінде, қазақтың біртуар ұлы Мұхамеджан Тынышбаев.

Сонымен, сайып келгендегі айтарымыз: Тоқтар қожа атамыздан бері қарайғы наймандармен хан араластығы аталар көші ауысқан сайында жалғасы үзілмей келе жатқандығы.

Аталар арасында бірді-екілі (қан тазалығы) деп ойрат қыздарына үйленіп отырғаны болмаса, негізінен нағашыларымыз тек наймандар екен-дағы.

Қазақстандағы 17 миллионнан астам халықтың негізін құраған 3 миллион наймандар үлесі қазіргі ел ұйытқысы екен-ау.

Қазақ деген ұлтқа біріккен саны аз болсын, көп болсын азды көпті халықтың бірлігі, ынтымағы мәңгілік болғай, Амин!
Ендігі шежірелер не дейді, соған келейік.
* * *
Бірінші шежіре «Тоғыз таңбалы наймандар» Астана. 2008.

Ертеректе Шинжияң уалаятынан Шайбек есімді хан өкпелесіп ірге аударыпты, біраз уақыт бойы Зайсан көлі маңын мекендепті. Ханның бәйбішесінің аты Жұпар екен. Сол ханның қонған жұрты әлі күнге «Жұпар қорығы» атанса керек. Аз заман өткен соң Шайбек хан өз елімен татуласып қайта көшеді. Ел қауырт көшкен болғанға тиіс, малда жүрген Тоқтар қожа, Толым қожа есімді екі бозбала жігіт елеусіз қалып қойыпты. Бұрыннан таныс Байыс байға келіп паналапты олар. Толым қожаның одан кейінгі тағдыры белгісіз. Ал Тоқтар қожа Байысқа бас жылқышы болып тұрып қалған...

Шежіреде Байжігіттен туған үшеу: Мәмбет, Жұмық, Тоғас. Әуелде бұларға қоса Қарақұрсақ, Арыс деген аталары болған екен, бірақ олар қырғыз шапқыншылығында құрып кеткен.

Екінші шежіре (Жәрке молла жазған қолжазба, Туматай Айткүнде ұстаған).

Сайбек хан жеті атасынан бері қарай жалғыздан хандық үзілмей келіпті. Тоғас ханның баласы Бекзат хан екен. Бекзаттан Сайбек хан. Сайбек алғаш Жұпарға ұрын барғанда Жұпар Сайбектен сұрапты: Неше ағайындысың Сайбек: Жеті атадан бері хан тұқымымын, жалғыздан келемін депті. Сен тағы бір қыз айттырып кел, әзірше маған жолама дейді, Сайбек бір қыз айттырып келсе, Жұпар: Тағы да бір қыз айттырып кел, бірақ менен бұрын ешқайсысына жолама дейді. Осы үш қатынынан отыз ұл туады. Сайбек жерін аударып (?) келіп бір Қалмақ (?) жеріне қоныпты. Қалмақ Сайбекті шауып аламын деп келе жатқанда Жұпар отыз ұлын аттандырып жіберіп, Қалмақ ордаға (?) келген соң он оннан үш бөлек болып ұлдары келіп үйге түседі. Сонда қалмақ мынау отыз кім деп сұрапты. Жұпар ол өзімнің балаларым дейді. Қалмақ бәрін өзің таптың ба депті. Жоқ, оны өзімнен, қалған жиырмасы екі әйелден дейді, сонда Қалмақ озіңнің келбетін мынау, он ұлың анау, неге зар болып екі тоқал алдырдың дейді. Сонда Жұпар Ханның жаманы жер қориды, қатынның жаманы ер қориды. Он ұлды өзім тапсам да, жиырма ұлды маған кім береді. Сөзден жеңілген қалмақ қорығын Жұпарға тастап кетіпті. Жұпар қорығы қазір де бар дейді. Сол отыз ұлдың біреуі Тоқтар қожа екен...



________________
Жақша ішінде сұрақ белгілерін қойып, қосымша түсініктеме берген біз Ш.Е.

Үшінші шежіре. Тұрысбек Құдайбергенұлының Байжігіттен тараған Мәмбет елінің шежіресі. Новосибирск.2002.

Біздің үш Байжігіт елінің атадан балаға айтылып келе жатқан ауызша тарихи деректерінде Тоқтар қожаны еш уақытта «сарт» немесе «қожа» еді деп көрмеген, олар оның тегі Төре – Сайбек ханның баласы еді дейді және оны таратады. Бұл дерек бойынша Сайбек хан әйгілі Жошы ханның баласы Тоқты ханның (?) ұлы (Тоқты темір) деп те айтады. Тоқты хан Ақ орданы 21 жыл билеген адам. 1380 жылдары дәшті Қыпшақты билеген Тоқтамыс ханның немересі Тоқтар қожа Сайбек хан баласы екенін, филология ғылымының кандидаты Болатжан Әбілқасымов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991жылғы 9 мамырдағы санында «Хан батыр Қабанбай» деген мақаласында жариялаған болатын деп сілтеме жасай келіп, енді Сыбан Ақтайлақ бидің шежіресіндегі деректі келтіремін дейді. (Тұрысбек Құдайберген ұлы 1992 жылы басылған «Ақтайлақ би» кітабындағы 95-беттен бастап берілген «Байжігіттің тарихы», Ақтайлақ би заманынан кейін бертінде ғана толықтырылғанына мән бермейді Ш.Е).

Сайбектің екі әйелінен 30 ұл болыпты. Сайбектің елін қалмақ шауып, содан жерінен ауған Сайбек хан Әз Жәнібек ханның қорығына келіп қонады. Оны ханның жер қорушы жасақтары көреді. «Рұқсатсыз ханның жеріне қалай қондыңдар, ханға айтсақ бастарыңды алады» деп жасақтар ажыраңдаған соң, «елімізді қалмақ шауып, жерімізден ауған мүсәпір адамдармыз, кешіріңдер, үйге түсіп дәм татыңдар» дейді. Жағдайды айтқан соң жасақтар қаhарынан қайтады. Олардың қатарына кісі қосып Әз Жәнібек ханды қонаққа шақырады. Сайбекке Жұпар ханым айтады: «Хан алды қаhарлы болар, сен үйде болмай аң аулап кетіп қал, ханды балаларыммен бірге қарсы алып, күтеміз» дейді. Әз Жәнібек хан нөкерлерімен келе жатқанда Сайбектің отыз ұлы алдарынан шығып, қарсы алып, тағзым етіп үйге түсіреді. Хан да жылы шырай білдіріп, бәйбішеден: «Мынау жүрген көп жасөспірім бозбала жігіттер кім» деп сұрайды. Бәйбіше бәрі де өз балам, отыз ұлым бар дейді. Сонда хан «ойпырым-ай, отыз ұлдың бәрі өзіңнен бе» дейді. «Он бесі өзімнен, он бесі кіші әйелден» дегенді айтады. «Өзің осынша кемеңгер бәйбіше екенсің, қалайша үстіңізге тоқал алдырдыңыз» дейді.

Сонда Жұпар ханым:

Қатында бақ болмайды, ер қорыған,

Ханда ақыл болмайды жер қорыған,

Кеңшіліктен кемшілік болмас деген

Тараң болса таймайды кім жолынан,

Алдырмасам он бес ұл қайдан келер?

Әркім зиян шекпей ме оз сорынан, - деп өлеңмен жауап берген соң, Жәнібек хан жеңіліп, «Бәйбіше, осы қорық сіздікі болсын! Жұпар қорығы аталсын!» деп рұқсат беріпті.

Сол жерде мекендеп тұрғанда Сайбек те, Жұпар да қайтыс болады. Елін тағы да қалмақ шауып отыз ұлдың көбі өліп, бірнешеуі қолға түсіп кетеді де, үш ұл аман қалады. Қойшы аға Матайға, Толым қожа Керейдің Жантеей руына тиянақтапты. Кейін ұрпағы Меркіт (?) атаныпты. Тоқтар қожа найман Қаракерей Байыс байға келіп жылқысын бағады...

Төртінші шежіре. Лен (Лұқман) Зиядаұлы «Дүниенің екі жолы бар».

...Сайбек ханның Жұпар ханымнан екі-ақ ұл, қалған әйелдерінен 28 ұл туған дейді. Сайбек хан өлген соң, бар билік Жұпар ханымда болады. Жиырма сегіз ұлдың аналары да өліп, отыз ұлмен қалған Жұпар ана ең үлкендері өзінен туған екі ұлды үйлендірейін десе, тоқалдан туған ұлдарды алалаған боламын деп алдымен тоқалдардан туған екі ұлды үйлендірген екен. Алайда бұған риза болмаған өзінен туған екі ұл Тоқтар қожа мен Толым қожа «Сайбек ханның бойдақ ұлдары дегізбей, көзімізді жоғалтайық деп бір керуенге ілесіп үйден кетіп қалған дейді. Содан барып бірі Матайға, бірі Байысқа сіңісті болған екен».

Бесінші шежіре. Азанғали Тұрар «Қарақұрсақ шежіресі» Семей.2012.

Тоқтар қожанын тарихын қысқаша таратайық. Тоқтар қожаның үш атасы Тоқты хан, Тоқтамыс хан, одан Сайбек хан. Сайбектің үш әйелінен отыз ұл болған екен. Сайәбек хан өліп, баласы Тоқпан (?) хандық құрып тұрған кезде жас ханды Ақсақ Темір баласы Ерболат (?) жаулап басын алып, өлтіріп, Ақсақ Темір әулеті басқарады. Бәйбішенің қалған тоғыз ұлының күші келмей жан жаққа қашып кетеді. Үшеуі Ұлы жүзге, төртеуі Орта жүзге, екеуі Кіші жүзге кетеді. Жұпар ханым екі әйелдің жиырма ұлы мен өзінің «Жұпар қорығында» мекендеп қалады.

...Тоқтар қожа хан баласы болғандықтан, жасында ұстаз көріп, сан салалы ғылымнан хабар тапқан, әр түрлі жұрттың тілін біліп, ислам дінін жете меңгерген... Тоқтар деген атына «қожа» (ұстаз деген сөз) қосылып, Байыстың молдасы деген сөз содан қалған.
Алтыншы дерек. Қазыбек Бек Тауасар ұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін».

...Қабанбайдың ең түптегі бабасы Сайбек деген хан болыпты. Сіздер хан дегенде неге бұрын естілмеген демеңіздер. Өйткені бұл кезде Шыңғыс заманынан кейін қазақта бір жылдың өзінде хан атанған жүздей адам болған. Қазір де хан жетерлік... Сайбек те сол қазақтағы көп ханның бірі болса керек-ті. Ләкин қалайда «тегін кісі таз бола ма» дегендей бекер кісі хан атала қоймаған шығар. Мейлі Сайбек хан болсын, болмасын, бірнәрсе анық, әйтеуір Қабанбай қалайда жақсы тұқымнан шыққан. Сол Сайбектің тұқымы екі жігіт Тоқтар қожа, Толым қожа екеуі Найманның Қаракерейі ішіндегі Байыс деген байға сіңеді. Бұл жерде бір нәрсенің басын аша кеткен жөн. Адам нысыпысының аяғына қожа жалғана қалса, кейде кейбір шала молдалар ол қожа тұқымы дей салатыны бар. Ал, Тоқтар қожа деген оның қожа болғандығынан емес, атасы азан шақырып қойған аты екен.

...Жігіт байға қатты ұнаған соң өзінің қызы Мактаны қосып, біржола бала қылып алады. Міне Қабанбай бабалары осылай «қаракерей» болады. Тоқтар қожа Байжігіт, Жанжігіт деген екі балалы болған соң, Байжігіт осында қала береді де, Тоқтар қожа Жанжігітті алып еліне қайтып кетеді. Қабанбай жанжігіт ұрпағынан ешбір хабары жоғын айтады. Ал Байжігіттен Мәмбет, Жұмық, Тоғас деген балалар болады. Қаракерей ішіндегі «үш байжігіт » деген аталар міне, осылар!

Енді Камал Абдырахманов дегеннің жазғыштығына қарап «таң тамаша ойға қалып» көріңіз: «...әлі де ата жұрттан енді тайсалма, жолын тап та елге жет, Шайбанилар бізге дәнеңе істей алмайды деген хабар жетті ме екен». Бұл да мүмкін . ... «Атамыз Тоқтар қожа Шайбек ханнан» дегенде дастан, жырлардың не айтқысы келетіні құлақ қылтитады. «Ол Тоқтарқожа бабамыздың арғы жағы хан ордасында тәлім алған» дегенге саяды. Оның үстіне «найман бала» сөз жоқ тұтас Найманның, не найманның бір бұтағын ұстаған ел ағасының ұлы.

...Шайбанилардың соңғы ханы Пір Мұхамбет 1598жылы майдан даласында мерт болды. Олардың әулетін де, хандығын да талқандаған Аштархан ұрпағы-тын... Шайбан ханның ұлысында аманатта болған найман баладан тараған Тоқтар қожа (?) Сыр бойында, Түркістанда отырған аталарын іздеп келген. Атадан осындай өсиет айтылуы да ғажап емес. Ал найман баланың жеке басына келсек, оның қалай десек те, қалың найманның сөзін ұстаған шаңырақтан екені шүбаландырмайды. Манадан бері саралап отырған фактілердің басын қоссақ, таң тамаша ой келеді.

Найман бала Байбұқа (Таян), Бұйрық, Күшлік хандардың ұрпағы сияқты. Қайсысынан екенін нақ бүгін қолда бар аңыздардан ажыратып алу аса қиын. Ең өкініштісі тура осылай дейтіндей нақты дерек жоқ.

...Тоғас пен қаракерей Қабанбайдың да хан сайлануы тектен тек емес. Осылай десек найман бала Инаных Білге Бұқа ханның кіндігінен өскен кейінгі тармағы болуы әбден мүмкін. Өз басым осы пікірге келдім және біраз шежіре білетін ақсақалдар мен ғалымдармен ақылдастым – ешқайсысы жоққа шығармайды» дейді.



Тоқтар қожаны Найман деген баладан туғызып, құлағынан сүйреп әкеліп, Найманға телимін деген Камал өзінің не айтып, не қойғанын өзі де сезбесе керек?!

Оқырманға түсініктірек болу үшін біз төменде Сайбек ханнан Тоқтар қожаға дейінгі шежіре-деректерді бөліп алып, Байжігіт туралы жазылған жерінен жеке жіктеп талдадық. Сонымен бірге, Сайбектен арғы аталарға анықтама бердік.

«Тоғыз таңбалы Наймандар» кітабында шежіредегі ата санын санап келсек те, уақыты Абылқайыр мен Шайбани заманына орайлас деген мүлдем қисынға келмейді екен. Ата санымен қуалайық. (Келесі бетте көрсетілген кестеге қараңыз). Ақсопы – Найман, 21-сатыда тұр. Шыңғыс хан - 25-сатыда.

Найманнан кейін Белгібай - 20, Сүгірші – 19, Төлегетай – 18, Қытай – 17, Қаракерей -16, Байторы – 15, Мейрам – 14, Байыс -13, Сарымырза мен Мақта апай – 12-сатыда тұр.

Ал Шыңғыс әулеті: Жошы -24, Шайбан – 23, Бахадұр – 22, Жошы Бұқа -21, Бадығұл – 20, Мыңтемір -19, Болат -18, Ибраhим -17, Дәулет шайх – 16, Абылқайыр – 15, Шах Бұтақ – 14, Шах Мұхаммед – 13, Тоқтар – 12-сатыда тұрғанын көреміз. Ақсопы 21-сатыда тұрса, 15-сатыдағы Абылқайырмен, 13-сатыдағы Мұхаммед Шайбанимен қалай заманы орайлас болады?

Абылқайыр 1412-1469 жылдары өмір сүрді. Ал Ақсопы – Найман атаны ата санымен есептесеңіз Абылқайырдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген болып шығады. Ақсопыға 1430 жылы Шыңға Тура аймағына әкімдік лауазым берді дегенге қалай сенуге болады?! Абылқайыр Ақсопының 6-ұрпағы Байторымен тұстас. Орташа бір ғасырда үш ата өмірге келеді. Кесте бойынша Шах Мұхаммедтен (1-сатыдағы, 1951жылы туылған). Шыңғыстың туған жылы – 1155-ті шегеріп тастасақ, 796 жыл. Осы 796-ны 25 атаға бөлсек, 32 жыл шығады. Демек бір ғасырда үш ата жасайды деудің растығы дәлелденіп тұр. Тоқтар атамыз да, Мақта апамыз да аталар тізбесінің 12-сатысында тұр. Демек, екеуінің заманы бір.

Атамыз Тоқтар қожа Шайбан ханнан,

Уағында озған екен мыңмен саннан.

Опасыз бұл дүние қандай hаяр

Кезекпен қалып жатыр талай жаннан.


Мағлұм Байжігіттен үш ұл туған

Жұмық, Тоғас, hәм Мәмбет күнде думан,

Бұлардан неше түрлі жақсы шығып

Батырлық, жомарттықпен белін буған


«Қабанбайдың жаралмыш» жырынан.

Соқпақ
Қылышынан қан сорғалаған кеңестік жүйе коммунистік құрылымның қысымымен қасақана бұрмаланған Қазақ халқының тарихы, ономастикасы қайта қалпына келтірілуі үшін орыс отаршылығының 19-20ғасырлардағы сорақылықтарын кейінгі ұрпақ санасына боямасыз жеткізу үшін алдыңғы буын мен қазіргі толқынның мойнында қаншама қарыз бен парыз жатыр десеңізші. Ұлт пен ұлтты былай қойғанда, ру мен ру арасына ши жүгіртіп, біріне бірін келеке қылып кемсітуге дейін жеткізетін арамза пасықтардың көмейіне құм құя отырып, жалпы Қазақтың ұлттық шежіресін – ұлы шежіресін бір ғана жүйеге келтіріп, жарыққа шығару керек-ау.

Шежіре дегеніміз тарих. Бұрмалаусыз жазылған тарих- шындық. Ал шынның жүзі жарық. Осы орайда Мұқанның (Мұхтар Мағауин) мына бір жүрекжарды сөзін еске сала кеткім келеді: «Біздің өткен тарихты тану жолындағы ең үлкен дертіміз – ақтаңдақтар емес, қолдан жасалған бояма бозтаңдақтар. Біз шын болған, тарихта бар батырларымыздың көбінің есімін ғана білеміз, немесе мүлдем білмейміз, керісінше өмірде болған-болмағаны күманды, болса ол кезде жасамаған, жасаса жау шапқан ерлігі де жұрт ұстаған билігі де болмаған кездейсоқ біреулерді ұлт батыры деңгейіне шығарамыз деп арамтер болып жатқан жағдайымыз да бар. Бұрынғы жалтақ тарихтың орнына енді жалған тарих келе жатыр... ».

Тап басып дәл айтылған сөзге бас шұлғып, қол қоймасқа лаж жоқ.


Шөліркеген жолаушы алдынан сылдыр аққан бұлақтың суы лайланыңқырап жатса, тұнығын іздеп бастау көзіне қарай барады..

* * *

Шайбан (кей деректерде Шибан) Жошы ханның бесінші ұлы. Өтеміс қажының «Шыңғыс нәме» еңбегіндегі мәліметтер бойынша Жошыхан өлген соң оның он тоғыз ұлы аталары Шыңғыс ханға келеді.

Шыңғыс хан он тоғыз ұлдың үшеуіне Батиға, Орда Еженге және Шайбанға ғана әкелері Жошының ұлысынан иеліктер береді. Алтын босағалы ақ орда тіккізіп, оны Батиға, күміс босағалы көк орда тіккізіп оны Орда Еженге, болат босағалы боз орда тіккізіп оған Шайбанды кірігізіп, немерелерін қонақ етеді. Қалған ұлдарын аталған үш немересінің жанына бөліп қоныстандырады. Осылайша дештік Қыпшақ жері үш ұлысқа бөлінеді – дейді Қазақстан тарихының 5-томында. 2009ж.

Бати батысқа жасаған ұлы жорық сапарынан сәтті оралған соң деп жазады кейіннен Шайбан тұқымы Әбілғазы – інісі Шайбанға он бес мың үйлік ел берді. Тағы байырғы елдерден Құсшы, Найман, Қарлық, Бүйрек деген төрт рулы елді берді. Және оған Отырар жерің ағам Елші мен менің арамда болсын. Жазда Ырғыз, Ор, Електен Орал тауына дейін, Жайықтың күншығыс тарапын жайла. Қыста – Аралқұм, Сыр суының бойы, Шу, Сарысудың аяғын қыста деді.

Шайбанның он екі ұлы бар еді. ХІІІ-ғасырдың 40-жылдары қалыптасқан Шайбан ұлысы ХҮ-ғасырдың 20-жылдарына дейін осы аймақта болады. Шайбан ұлысы үнемі Алтын Ордаға бағынып отырды. Шайбан ханның он екі ұлының екіншісі Бахадұр әке орнына отырып, ел басқарды.

Бахадұрдың екі ұлының үлкені Жошы Бұқа, оның үлкен ұлы Бадақұл, кейін оның ұлы Мыңтемір хан Шайбан ұлысында ұлыс билеушілер болды. Мыңтемірден алты ұл қалып, оның бірі Болат мұрагер болды. Болаттың Ибраhим, Арабшах атты екі ұлы болды. Ұлысты Ибраhим биледі. Ал оның немересі 1428-1468 жылдары дешті Қыпшақта 40жыл билік құрған Әбілқайыр хан).

Ибраим ұлы Дәулет Шайхтың баласы Әбілқайыр 1412 жылы туып, он алты жасында таққа отырды. Елу жеті жыл өмір сүрді.

«1428 жылы Ақ Орданың ханы Барақ ішкі қырқыста қаза болды. Ақ Орда билігінде Әбілқайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. 1409-1428 жылдардағы Ақ Орда ханы Барақ өлген соң балалары Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп барды. Шағатайдан тараған Есен Бұға хан оларды құшақ жая қарсы алды. Шу мен Құзыбасы айақтарынан қоныс берді. Алайда Әбілқайыр хан дүние салысымен небір шырғалаң шиеленістерден кейін Әбілқайырға бағынышты жұрт Керей мен Жәнібекке барып қосылды. Сол жылдары жалпы саны 200 мыңға жеткен халық атауы қазақтар деп атала бастады – деп жазды Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди. 46-бет».

Тақ үшін, жер үшін талас пен бәсекелестік, өктемдік жүргізу үшін жасалған қанды қырғындар Абылқайыр ұрпақтары үшін де, Ақсақ Темір ұрпақтары үшін де, жаңа құрылған Қазақ хандығы үшін де жақсылық әкелген жоқ. Осы қырқыста Абылқайыр баласы мұрагер Шайх Хайдар өлтірілді. Абылқайырхан ұлы Шах Бұтақтан туған Шах Бақыт – Шах Мұхаммед Шайбани (Шайбах) хан деген атпен билік басына келді. Абылқайыр немересі Шах Мұхаммед негізін қалаған «шайбанилар» билігі күшейіп, 1480-жылдан 1511 (1513) жылға дейін «Қазақ хандығы» аталған Қазақ ордасына да қауіп төндірумен болды. Ақыры Сырдария бойындағы қалалар: Отырар, Түркістан (Яссы), Бозкентпен бірге Түркістан аймағының талай бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады.

Мұхаммед Шайбаниға бағынып Мауренахрға келген бұрынғы көшпенділер отырықшы тайпаларға қосылып кетті. Жергілікті халықтың тіл, әдет-ғұрыптарын қабылдап, өздерінің бұрынғы дешті қыпшақтағы «өзбек» деген атаулары мен халық болып қалыптасты, Өзбек ұлты болып мәңгілікке қалды.

Сол кездегі сарай хатшысы Розбехан Исфахани «Михмани Бұхара» атты еңбегінде: Дешті Қыпшақ хандарының (қазақ хандарын айтады. Ш.Е.) қызғаныш тамырлары бүлкілдеп соға бастады. Шынында оларға бір анық керек болған нәрсе киім-кешекке қатты мұқтаждық болуының салдарынан.

Мұның негізі кербас (мақта) болғандықтан. Ал киім мен кебін жұртқа керек нәрсе ғой, олардың ұлы мәртебелі ханның (Мұхаммед Шайбаниді айтады. Ш.Е.) иеліктеріне басып кіру керек болды» деп жазады.

Мұхаммед Шайбанидің (Шайбақ хан) бүкіл өмірі жаугершілік алыс-жұлыспен өтті. Ақсақ темір ұрпағы Бабырды Индияға дейін ығыстырып, оның билігіндегі иеліктерді өзіне қаратып алды. Тоқтаусыз жорықтардың түбі қайырсыз болды. 1511 (кейбір деректе 1513)жылы Иран шахы Исмаил-1 мен әскерлері санының тең емес болған шайқасында Мерв қаласының түбінде Мұхаммед Шайбани – Шайбақ хан мәңгілікке көз жұмды. ( ол кейіннен Қазақ шежіресінде Шайбан, Шайбақ, Шайбек, Сайбек хан деген атпен қалды).

Ата жөнімен таратсақ: Шыңғыс хан – Жошы хан – Шайбан хан – Бахадұр – Жошы Бұқа – Бадығұл – Мыңтемір – Болат – Ибраим – Дәулет Шайх – Абылқайыр – Шах Бұтақ, одан Шах Мұхаммед (Сайбек), одан Тоқтар қожа.




Шежірелер шындығы
Бабалар буыны тұқиян
Советтер елінде
Жылжып жеткен жетпіс екінші жыл.
Анаң жүр жылауменен таң атырып,

Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет