Шахмардан есенов



бет102/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов

--Ал, сендер не бүлдіріп жүрсіңдер? Неге тыныш отырмайсыңдар осы?

Партиялықта, азаматтық мәдениеттің бой тұмарындай көріп, өнеге тұтатын азматтың бұлайша қатты кетуін бірінші көріуім. Таңырқап тұрдым да қалдым.

--Ол не, Димаш Ахметұлы? Ештеңе ұға алмай қалдым?

--Не ұқпайтыны бар?! Шахмардан Есенов «Алматы» ресторанын бір аптаға жалдап алып, қыз ұзатамын деп ағын-тегін той өткізеді. Тойға қырық телевизор, елудің үстінде кілем түседі. Оған Қызылорда облысы арнайы делегация жасақтап жібереді. Арасында өзің бар көрінесің.

--Димаш Ахметұлы, менің бір айлық демалыстан келе жатқан бетім осы. Барлық жағдайдан бейхабармын. Шынымен Қызылорда облысы сол тойға қатысқан болса, ақ-қарасын ашатын уақыт болар. Мен ешкімге де тойға адм жіберіңдер деп айтқан емеспін.

Димекең бұл сөзіме де тоқтай қойған жоқ. Ашу-ызасы Шахмарданның үстінде болғандықтан, қасындағы жігіттерге той жөнінде әңгімелеумен болды. Айтуына қарағанда той иесі қызын ұзату үшін «Алматы» ресторанын апталап жаптырып қойыпты. Оған бөгде біреулер жоламасын деп айналасын милициялармен қоршатқан көрінеді. Тойға жиналған халықтың есебі жоқ. Сый-сияпаттың түр-түрі бар. Осының бәрін сабақтай келе Димекең отырған орнында күйінді.

Кейінірек елге оралғасын еітіп жатырмыз, Мәскеуде Димекеңнің аузынан шыққан әңгіме қаңқуға айналды. Осы кісілерге өтіс-қатысым болмаса да , қосақ арасында бос кетіп, мен шет жағалап мен ауыр сөз естідім. Сол бір оқиғадан кейін-ақ бұл кісінің кәдімгі пендеміздей асығыс ойлап, байыбына бармай, шалт ашуланып, азаматтықтан айнып түсетін жерлері бар екенін тоқып қалдым. Бұдан да басқа ол кісі жөнінде айтылатын түрлі қауесеттен хабардармын. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды»-- деген дұрыс мақал, қауесет қаулаған сайын оның бәрін жел сөзге шығара алмайсың".

Шынымызды айтсақ біз дәл осы жерде той жасаймын деп басы шатылған Есеновті емес, ел басшысы Димекеңді аядық. Қисыны келмейтін қырық телевизор мен елу кілем түсті тойға дегенге сеніп, салиқалы ой ойлауға, байсалды мінез көрсететін ақсақалдық жасқа жеткенде балаша шәт-шәлекей болғаны несі? Бұл деген сөз, біріншіден, жүйкенің жұқарғанын, денсаулықтың болмай тұрғанын көрсетеді. Екіншіден, соған сендіріп отырған ортаның, оның ішінде өсекті жеткізген адамның «мықтылығын, шеберлігін» көрсетеді. Ол кезде бір айлыққа қарап отырғандар 40 телевизорды қайдан әкеле алсын. Әрі ол кезде телевизор қымбат тұратын. Біріншінің осал жерін, сенгіштігін әбден біліп алған орынбасарлар мен көмекшілердің асыра сілтеп жібергенінің ара жігін ажырата алмай қалып тұр ғой, Қонаев та. Аянышты, әрі күлкілі! Қартайған хатшыны қамырша илеуге көшкен-ау деп қаласың оларды. «Кемеңгер, ұлы» деп жұрт таныған басшы асықпай, байсалдылық танытып, ақ- қараны анықтап алып барып ашуланса да болар еді-ау деп, өз-өзіңнен ыңғайсызданасың. Бұның бәрі бір қызметте ұзақ-ұзақ басқарғаннан, шаршағаннан, өзіне-өзі сенбегеннен, менің орныма «қызығып» жүр-ау деген күдік пен күмәннан туындап жатқан әлсіздік еді, әрине. Ал, Есеновтің жаулары «Біріншінің» сенгіштігін ұтымды пайдаланды. Және олар оны «біріншіден» қатты қызғанды десе де болады. Өйткені алғашқыда Қонаевтың пейілі Есеновке деген өте жақсы болды. Білімді, алғыр, зерек екенін көрді де жастығына қарамай қиын іске салды. Сол кезде Орталық барлық рспубликаларда өндірісті дамыту керек деп, қаулылар шы,ғарып, қарбаласып жатқан. Кен көзі ашылмаса, ол өндірілмесе өнеркәсіп қайдан дамысын. Содан отыздың үшеуіндегі Шахмарданды Геология министрі етпеді ме?! Шахмардан да қажет кезде қажетіне жарады. Оның бәрі айтылды, қайталап жатпаймыз. Айтпағымыз, бәрінен асып бара жатқан Есеновтің абырой-беделі, Қонаевтың оған деген пейілін, ниетін қызғанды. Қызғаныш қарап қалдырмады, домалақ арыздарды жаздырды, сыбырлады-күбірледі, әйтеуір, Қонаевтың қабағын қырын қаратып қойды. Шахмардан оларға қолайсыз еді. Өйткені өзіндік пікірі бар ол олардың айтқанына көніп, айдауына жүрмейтінін түсінді. Есенов Шахмарданға жасылынған әділетсіздіктер мен «жазалардың» астары қырық қатпар, тамыры тереңде еді.

Қыздарын ұзату тойы туралы Кәмила апай мынаны айтты:

«--Шырағым, шақырған қонақтарымыздан ұят болды. Ертеңіне біртіндеп-біртіндеп бәрін КГБ-ға шақырып сұраған ғой... қандай сый-сияпат жасадыңдар... не іштіңдер, не жедіңдер.., --деген сияқты түкке тұрмайтын сұрақтарды қойып мазалаған. Рас, бір телевизорды күйеу балланың жолдастары жиналып әкелді, ауылдан келген ағайындар қолдан тоқылған бір кілем әкелді, олар одан басқа не әкеле алсын...жағдай бүгінгідей емес қой, шашылып-төгіліп жатқан...Әйтеуір ұят болды...».

Күйініп отырып айтқан Кәмила апайға біз: «қазақта «тиісерге қара таппай отыр» деген сөз бар. «Олар онсыз да Есеновке тиісудің сылтауын іздеп, жалақтап отырғанда қызыңыздың ұзату тойы дөп келіп, кінәні содан таппақ болған ғой» дейміз, ел басқарып отырған лауазымды адамдардың пендешілік, бейшара тірлігіне налып. Әйтпесе, олар қырық телевизордың болмағанын біліп отыр, біле тұрып әдейі жазды, сылтау тапты. Мақсаттары Шахмарданға қүйе жағып, сүріндіру. Сол кездің куәгері Асанов Мәдениет тағы да былай дейді:



«--... бір жамандықты сезгендей Шахаң маған қатаң тапсырма берді. Келген сый-сияпат болса залға кіргізбей-ақ машинаға салыңдар деді. Содан келген сыйлықтар болса ресторанның ішіне кіргізбей, бірден машинаға апардық. Сондай көп те сылық болған жоқ. Бірақ, арыз жазғандар қырық телевизор, елу кілем түсті деп жазыпты. Менің бір таң қалатыным бар, жарайды арыз жазғандардың мақсаты белгілі, Шахаңа қалай да қалай кір жағу ғой, олар мақсатына жетті. Ал, таң қалатыным Димекеңнің қалай соған сенгендігі. Ол кезде телевизор дегенді алу оңай емес, өзі қымбат және көп те емес еді ғой. Содан тура бір қылмыс жасаған адамдай болдық, тексеруден-тексеру, сұрақтан-сұрақ. Орталық Комитетке Шахаңды қайта-қайта шақырып мазасын әбден алды, жүйкесіне тиді..мені де шақырды».

Әрине, бұл Орталық Комитеттің «орныңда босат» деп бірден айта алмай, сол айтудың алдындағы атқарылған «жұмыстар», сынықтан сылтау іздеген әрекеттері еді. «Орныңды босат» деп тіке айта алмайтын себептері де бар, біріншіден, ол мемлекет адамы, атақ-абыройы бар адам. Екіншіден, Мәскеудегі басшылар Есеновтің іскерлігін, нағыз ғалым екенін білетін, оны қадір тұтатын. Бұлар мәскеуліктерден қарсылық көрсетіп қалар деп, аяқтарын тартып отыр, әйтпесе, оны баяғыда-ақ жүндей түтер еді.Сондықтан «өзі кінәлі» дейтіндей етіп, үлкен ортадан алстамақшы.

Бұл тіршіліктің сырын түсініп, шындығына көз жеткізу қандай қиын. Баяғыда ұстазы Қаныш Сәтбаевқа да 1952 жылы жоқтан өзгені кінә етіп тағып, президеттіктен түсіріп, 1954 жылы қайта сайламап па еді, осындай орта, партияның «қызық солдаттары» емес пе еді, олар да?!

Бірде академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов академик Ишанбай Қарақұловқа: «ғылым тоқырауға ұшырады, алайда ғылым ғана ма?! Ар-ождан, намыс, шындық пен әділет те тоқырауда. Ойпырмай, бұл сұмдық қашанға дейін созылар екен...» деп, ренжіпті. Есеновке көрсетіліп жатқан әрекет «тоқыраудың» тұрмыс-тіршілігімізден асып, ақыл- санамызды жайлағанын көрсетіп тұрған жоқ па? Кеше ғана өздері мақтап-мақтап екінші мерзімге сайлаған ғалымдар енді келіп, ұялмастан, беттері шімірікпей академик Есеновке қарсы дауыс берді. Ар-ождан да, ұят та, намыс та аяқ асты болды.

Ең өкініштісі, қоғам кемшілігін көре отырып сынауға, кемшлікті жоюға зиялы қауым ұмтылмады. Биліктегілерге зиялы қауымның бұл әлсіздігі, әділетсіздікке қарсы тұра алмайтын қауқарсыздығы, дәрменсіздігі ұнады және соған әбден бойларын үйретіп алғандығы сондай әділетсіздіктің сан түрін беттері шімірікпей тұрып жасай берді. Бірен саран ақ пейілді, ақ жүректі азаматтар шықса оны қасқыршы талап, жүндей түтті.

Адамның, жоқ адам емес пенденің осы бір осал, бишара тұсын қалай түсінеріңді білмейсің. Түсінуге де, түсіндіріуге де болар еді-ау, бірақ айтуға ұят. Қырық қатпарлы, сайқалдығы сұмдық бар әрекеттің астарында қолында билігі бар бір пенденің «менен басқа мықты жоқ!» деген өктемдігі, басқаның абыройын қызғану мен көре алмаушылығы жатыр. Әлгі «ақтар» келсе ақ қалпақ, «қызылдар» келсе қызыл қалпақ киіп, бір күнде мың құбылып отыратын, өзіндік принцпі жоқ, ортамызда әлі де жүрген Бейімбеттің «кейіпкерлерін» ол да ойыншықша ойнатып, пайдасына жұмсап, солардың қолымен от көсеуге әбден төселіп алған. Кімді кім алдап, кімді кім пайдаланып отыр, шешуі қиын бір жұмбақ. Қоғамның құлдырауына әкеп отырғандар да солар. Кеткен кемшілікті айта алмай, айтқан азаматтар болса шибөріше шуылдап соңына түсіп, мысалы, академиктер Ш.Есенов пен Е.Бөкетовті де құртқан солар. Ең болмаса біреуі шығып: «Димеке, бұл әділетсіздік қой!» дегенді айта алмады. Білім мен ғылымға кеш келсек те біз, қазақ халқы осындай азаматтардың арқасында дарынды, жабайы емес, жеке-дара құндылықтары бар ұлт екенімізді басқаларға аз ғана уақытта-ақ мойындаттық. Енді, не өкпе оларға?! Әлде, оларды түсініп, бағалайтын басшылардың бойында қазақтың қаны жоқ па?!

Бір қызығы Ш.Есеновті президенттіктен түсіретін кезде Бірінші хатшы ауылда болмапты, демалысқа кетіп қалыпты. Мұны бізге Есеновтің көмекшісі Асанов айтты. Сөйтсек, бұл ол кісінің әдеті көрінеді. Оны қазақтың болашағын әріден ойлап, іргелі-іргелі істер бітіріп, кесек-кесек зертеулер жазып кеткен, мемлекет қайраткері Жәнібеков Өзбекәлі айтады:

«--Орталық Комитеттің аппаратында қалыптасқан тәртіп бойынша, алдын ала қабылданған шешімді босатылатын қызметкерге көбіне бірінші хатшы жоқта, ол демалыста немесе шет елде жүргенде, онда да жұма күні естіртетін. Бәлкім, әрі-бері жүгіріп, Мәскеуге шағым айтып әуре болмай, сенбі, жексенбі күндері ентігін бассын дегені болар. Әрі даушыны «мен жоқта шешілген екен» деп, шығарып салуға қолайлы болса керек»-- дейді.

Өзі де солай. Алайда, Қонаевпен келіспей шешім шығаруға ешкімнің де құдіреті жетпейтін ол кезде, мұның бәрі алдын ала жазылған «сценарий» бойынша жүргізіліп отырғанын білсе де, «бұларың қалай?» деп айтуға дәрменсіз. Қорқатындары біреу—отырған креслоларынан, жалақысы жақсы, абыройы бар қызметтен айрылып қалмау.

Тағы да Қонаевпен, Есеновпен әріптес, қызметтес болған біраз адамдармен сөйлестік, біразымен кездестік, олар жазған естелік-мемуарлармен таныстық. «Есеновті не үшін қудалады?» деген сауалымызға сондағы алған жауабымыз, бәрініңде бергені бір-ақ жауап болды:—қызғаншақтық, «мен біріншімін!» деген өр кеуделілік. Бұл ол кісіге қайдан келді? Бұрын мұндай емес еді ғой? Өзі айтқандай: «көп мәселенің ішінен мемлекеттік күрделі, халыққа тиімді мәселені алға алып шығуды Үкімет басшысына орынбасар болып жүргенде үйрендім» деп, кішпейілділік танытқан ол, ел көсеміне айналған тұста өзінен кейін өсіп келе жатқан ізбасар інілерге , ел тұтқасын ұстайды деген азаматтарға азаматарға неге қырғидай тиді?

Өзіміз қойған сұрақтың жауабын біз де беріп көрелік. Біріншіден, сол кездегі хал-ахуал, экономикалық жағдай, айнала толған дефитцит-тапшылық, күн ұзақ бір кило май мен ет алу үшін кезекке тұратын халық та шаршап, жүйкесі жұқарып, әбден созылғаннан үзілуге тая тұрған жіптей жүйке жұқарып тұрған кез болатын. Бір күні болмаса бір күні халық бомба болып жарылар ма екен деген хауіп Мәскеудегі кәрі-құртаң «Біріншілер» мен политбюро мүшелерінде, министрлерінде, республика басшыларының бәрінде де болатын. Қарапайым ғана қағида, әлсіз, аш адам аяғында нық тұра алмайды ғой, Сол сияқты сондай қоғам орнатып алған сол кездің "қызыл коммунистері" өздеріне де сенмсіз еді, аяқтарының қара жерде нық тұрмағанын сезетін. Қайталап айтуға мәжбүрміз, олар—«қызыл коммунистердің» өзі құрып жатқан қоғамының болашағына өздері сенімсіз болады. Эйнштейн данышпан айтқандай-ақ барлық нәрсе салыстыру арқылы анықталады, ажыратылады. Қара халықтың аяғы жетпегенмен ол кездің бастықтарының бәрі капиталистік мемлекеттерге іс сапарға шығып, «іріп-шіріп бара жатыр» деп бізге өтірік айтып келгенмен, Европа мен Америкаңыздың гүлденіп бара жатқанын кздерімен көріп жүрді ғой. Салыстырды. Іріп-шіріп құрыйды деген капитализмнің күн сайын дамып бара жатқанының себебі жеке меншік пен базарлы эконмикада екенін көріп, түсініп тұрса да түк көрмеген, білмеген болып, бесжылдық жоспарларын қабылдап, жоспарлы экономикаларын қашан өзі қақырап, құлап түскенге дейін жүргізе берді. Ал, сенімсіз адам секемшіл келеді. Бұл сол кездегі басшылардың бірінші кемшілігі еді.

Енді сіз бұған орысша айтқанда «возрасть», қазақша айтқанда қарттықты қосыңыз. Шынын айтқанда Мәскеуден бастап Одақтас республикалардың бәрінде, басшылық қызметте, партия мен Үкімет басында көбіне-көп нашар денсаулықпен жағаласып жүрген шалдар отырды. Табиғаттың заңы, жас ұлғайған соң сіз қанша жарден ышқынғаныңызбен отыз бен қырық жастағының ойлағанын ойлап, істегенін істей алмайсыз. Қыранның да қанаты талатын, тұлпардың да тұяғының тозатын кезі болады. Сол сияқты Қонаев та биологиялық, физиологиялық жағдайдан тұратын, табиғаттың бір бөлшегі. Ол да ақсақалдықтың аулына, қарттыққа келді. Бұл, ең әуелі өзіне деген сенімсіздікті тудырды. Ол елуінші-алпысыншы жылдардағы ойы сергек, жүрісі ширақ, шешімі тез, идеясы көп басшыдан көрі сақ, секемшіл басшыға айналдырды. Қанша жерден «кемеңгер» деп қомпитып, қоқиландырғанмен Қонаев та Сіз бен біз секілді ет пен сүйектен жаралған жан екенін көрсетті.

Халықтың сол кездегі жағдайы, экономиканың құлдырауы, саясаттың небір сұрқия тірлігі, адамдардың алауыздығы, маңайындағылардың мансап үшін бір-бірімен арандауы, қарттық, не керек, медицина тілімен айтқанда «истощение организма» болды да қойды. Жеке бастан ауысып қоғамдық құрылымға әсерін оңдырмай тигізді. Өзінің адамдарды тану «имунитеті» азайған Қонаев айналасындағы адамдардың сөзіне құлақ асты, тыңдады, бүгін берген уәдесін ертеңіне бұзды, қысқасы, Қазақстандай жер көлемі үлкен, байлығы шалқар, жерінің аты кенге, үсті астыққа толы және қырық рудан құралған, «достығы» жараспаған көп ұлтты у-шусыз басқару қиынға түсе бастады да, айналасындағы: С.Имашев, Б.Әшіміов, А.Асқаров, Меңлібаев, Бекежановтардың... пікірімен ел басқаратын болды. Осындайда ұл Абай қалай айтушы еді:

Қартаң тартқан адамнен от азаймық,

От азайса, әр істің бәрі тайғақ.

Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,

Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ.

Біздің, жеке басымыздың Дінмұхамед Қонаевта бес бересі, алты аласымыз жоқ. Біз де сол кезеңнің төл перзентіміз. Есімізде жақсы қалған сәттер, Қонаев атамыз трибунада Мәкеу басшыларының ортасында, олардан оқ бойы озық, маңдайы жарқырап тұрғанда ауылда жүрген біздерді мақтаныш сезімі кернейтін. Батыс ойшылы А.Шопенгауэрдің: «өлгендерді асыра құрметтеу үшін тірілерге жалған сөйлеу де—ауыр қылмыс» дегені бізді ойландырады. Сондықтан да жалған сөйлеп қылмыс жасағымыз келмейді. Ел айтады Қонаевтың Қазақстан экономикасына, мәдениетіне, өнеріне қосқан үлесі зор деп. Енді басшылықта 42 жыл, Бірінші хатшы болып 25 жыл отырған адам зор үлес қоспағанда не қоспақ. Жеке басымыз жақсылық та, жамандық та көрмеген біз, оның-- Дінмұхамед Қонаев атамыздың әруағының алдынан кешірім сұрай отырып, кездегі қоғамда кеткен кемшілктерге, жеке адамдарға тигізген қасіретін айтпай тағы да қала алмадық.

Қазақстан Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі болып, үлкен үйдегі ішкі жағдайды көзімен көріп жүрген Михаил Есенәлиев ойын ашық айтады Бұл пікір бәрімізге де құнды, қымбат:



«--Димаш Ахметұлында өзгелерге, әсіресе, өз бетінше ойлай білетін, жағымпаздық дегенді білмейтін өр кеуде тұлғаларға обьективті қараудан гөрі өзінің жеке басының мүддесін жоғарырақ қойып өктем бағалау басым болды. Турасын айтқанда, ол басшы адам үшін «лауазымың неғұрлым жоғары болған сайын қарамағыңдағыларға соғұрлым қайрымды және ізетті болу керек» дейтін ежелгі ұстанымды тәрік етті...Кездескен кедергілерді ол өз жолынан алып тастап отырды. Осыдан соң «оның зиялылығы мен демократизімі қайда?» деп, таң қаласың?!

Өкініш те сонда, Димаш Ахметұлының әруағын қастерлей отырып, сарай ішіндегі жекелеген «сүйіктілер», сыбырлақтар және «сұр кординалдар»» (қызметтен тыс кездегі ақылгөй кеңесшілер) айтқан ақпарға оның құлай сенгіштігін айтуымыз керек. Олар, әсіресе, кадр саясатын айқындауда трайболистік—аймақтық психология мен тар пайымдаудан аса алмады. Міне, тап сол кезде, 70-ші жылдары біздің сайқымазақшылар өмірімізді жайлаған сол бір қисық ұстанымды сын тезіне салып, «Биография жараса да географияң жарамайды...» деген әжуа нақыл шығарды. Өкінішті-ақ іс! Осы қағида бойынша кейбіреулерді үрдіс жоғарылатып, ал, енді біреулерді жылдар бойы «байлауда ұстап" , өсуіне кедергі келтірді. Әлдебірееулерге ұсақ-түйек кикілжің, түкке тұрмайтын дау-жанжал ұйымдастырды. Бұл, әрине, республиканың да, Димаш Ахметұлының да кәдесіне аспай, беделіне нұқсан келтіріп, тұтастай алғанда ұлттың бірігуіне үлкен зиян болып тиді...

Оған бір ғана мысал келтірейін, Қаныш Имантайұлының ғылым дүниесінде ғана емес, күллі Қазақстан қауымындағы беделі мен танымалдығы өте зор еді. Сырттай қарағанда Үкіметтің төрағасы, содан кейін ширек ғасыр бойы Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы болған қайраткер мұндай ғылыми және қоғамдық алып адам үшін өз халқымен бірге қуанып, мақтаныш тұтуы тиіс болатын. Алайда, бұлай болмады. Тіптен, Қ.Сәтбаев қайтыс болғаннан кейін де ол, мәймөңкесіз айтқанда, оның есімін әдебиетте, кинода, бейнелеу өнерінде мәңгі есте қалдыруға аса ықылас білдірмеді. «Қазақфильмде» жасалған деректі фильімді республика басшылығы бір көргеннен-ақ оның кәсіби нашарлығынан емес, Сәтбаевқа табыну басым деген желеумен жауып тастады. Тап осындай себеппен Мәскеуде, орыс тілінде, «ЖЗЛ» сериясында жарық көргеніне қарамастан Медеу Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев» кітабын Алматыда , қазақ тілінде жариялауға тиым салынды. Екінші бір талантты ғалым, шығармашылығы сан қырлы академик, көпшілікке танымал Е.Бөкетовке Д.А.Қонаевтың жақын көмекшілерініңи бірі баспасөзде дөрекі түрде жала жапты...»



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет